Суармалы жерлер

Автор: Пользователь скрыл имя, 08 Декабря 2012 в 16:29, реферат

Описание работы

Қазіргі кезде әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан көптеген мемлекеттер өздерінің ауыл шаруашылығында әртараптандыру жұмысын жүргізуде. Оған себеп тағы бірқатар факторлар - жер бетінде өмір сүріп жатқан халық санының өсуі, ғаламдық жылыну деңгейінің жоғарылауы нәтижесінде көптеген ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігінің төмендеп, азық-түлік бағасының артуы және т.б.

Работа содержит 1 файл

суармалы жерлер.docx

— 48.55 Кб (Скачать)

№ 38 (216) от 28.09.2012 г.

 

ОҢТҮСТІКТЕГІ СУАРМАЛЫ ЖЕР  – МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ АЛТЫН ҚОРЫ


27.09.11 07:10

Ырыстың көзі - суды үнемдеудің жолдарын қарастыратын және ендіретін кез жетті 
 
Қазіргі кезде әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан көптеген мемлекеттер өздерінің ауыл шаруашылығында әртараптандыру жұмысын жүргізуде. Оған себеп тағы бірқатар факторлар - жер бетінде өмір сүріп жатқан халық санының өсуі, ғаламдық жылыну деңгейінің жоғарылауы нәтижесінде көптеген ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігінің төмендеп, азық-түлік бағасының артуы және т.б. 
Әлемде етек ала бастаған мәселелердің алдын-алу мақсатында Елбасы мемлекетіміздің агроөнеркәсіп кешенін инвестициялау арқылы халқымызды уақтылы, арзан азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ету мәселесін Үкіметімізге жүктеді.

 
Ибадулла ҮМБЕТАЕВ,  
Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы

 
Мемлекет басшысының биылғы жолдауында бүкіл әлемдегі қаржы дағдарысынан кейінгі жағдайға байланысты міндеттер  белгіленді, индустриялық-инновациялық дамудың бағдарламасын жүзеге асыруға  айрықша мән берілді. Әсіресе, агроөнеркәсіп  кешенін өркендету үшін озық технологиялар  мен құрал-жабдықтарды, ғылым жетістіктерін  жедел енгізіп, еңбек өнімділігін  екі есеге арттыру міндеті  қойылып отыр. 
Елбасы жүктеген міндеттердің ойдағыдай орындалуы тек агроөнеркәсіп кешені ғана емес, бүкіл мемлекетіміздің экономикасына оң ықпал етері анық. Мемлекет тарапынан қаржылай қолдау арқасында, Ауыл шаруашылығы министрлігінің негізгі іс-қимылы саланың үш бағытында топтастырылған: бірінші бағыт - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, екінші бағыт - экспортқа тауар шығаратын өндіріс түрлерін дамыту және экспортты әртараптандыру, үшінші бағыт - аралас және ілеспе өндіріс түрлерін дамыту. 
Еліміздің оңтүстігіндегі әлі күнге дейін мүмкіндігі толық пайдаланылмай жүрген суармалы жерлердің осы бағыттар аясындағы маңызы айрықша. Оңтүстік Қазақстан өңірінің табиғи-климаттық жағдайы ауыл шаруашылық дақылдарының барлық түрін өсіріп, жоғары сапалы мол өнім алуға өте қолайлы. Облыста суармалы егіншілік жүйесін қалыптастыру топырақ және ауа райы ерекшеліктеріне байланысты егін шаруашылығын, мақта шаруашылығын дамытуға, әсіресе көкөніс өсіруге, бау-бақша дақылдарын, жүзім, дәрілік өсімдіктер және сапалы жемшөп қорын молайтуға табиғи қолайлы.Ел халқын ерте көктем және қыс мезгілдерінде көкөніс өнімдерінің бірқатар түрлерімен қамтамасыз ету мәселелерін де оңтүстіктегі суармалы жерлерді дұрыс пайдалану арқылы шешудің мүмкіндіктері мол.

 
Жеріне  қарай астығы

 
Мамандардың 2010 жылғы мәліметтері  бойынша, оңтүстікте 525,3 мың гектар суармалы жер бар, ал оның қолданыстағысы 435,2 мың гектар. Түрлі себептермен 83,5 мың гектар суармалы жер пайдаланылмайды, негізінен оның ішінде: тұздануға  байланысты 11,2 мың гектар, жер асты суының көтерілуіне байланысты 18,9 мың  гектар, су жетіспеуіне байланысты 15,4 мың гектар және басқа түрлі  себептерге байланысты 37,4 мың гектар. Бұл 83,5 мың гектар келешекте іске қосылса, одан алынатын жеміс 125-130 мың  адамның азығына айналар еді.  
Дегенмен, қолданыстағы 435 мың гектар суармалы жерден алынатын өнімнің диқандарды да, ауыл шаруашылығы мамандарын да қанағаттандырмай отырғаны жасырын емес.

 
Ынта  болса адамда - қиын іс жоқ ғаламда

 
Бұл мәселе жергілікті әкімдердің ғылыми-зерттеу  институттары, су шаруашылығы, қайта  өңдеу зауыттары, шаруа шаруашылықтары, басқа да ауыл шаруашылығына қызмет көрсететін мекемелердің басын біріктіруін  қажет етеді.  
Біздің Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында соңғы жылдары уақыт талабына сай тек қана мақта емес, басқа да мақталық ауыспалы егіс дақылдарының агротехнологиясын жергілікті жағдайға бейімдеп ұсыныс беріп жүрміз, әсіресе жемшөп (жоңышқа) дақылдарының селекциясымен жоспардан тыс айналысып келеміз. Бүгінгі күнге дейінгі институт ғалымдары шығарған мақтаның бәсекеге қабілетті жаңа отандық сорттарын, қысқа танапты ауыспалы егіс тізбегін қолданса, институтта жасалған ресурстарды үнемдейтін жаңа технологияларды, жаңа агротехниканы диқандар толық өндіріске ендіріп тиімді қолданса үлкен табысқа жетіп, суармалы жердің де тиімділігі артар еді. 
Қазір институт ғалымдары облыс әкімінің тапсырмасына сай жергілікті жерлерде инновациялық технологияларды ендіру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. 
Оңтүстік өңірінде қойылғалы жатқан Көксарай су реттегіші - су шаруашылығын дамыту барысындағы еліміздегі ғасыр құрылысы. Өткен жылы Көксарай қарсы су реттегішімен танысу үшін Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы келген Елбасы «Көксарай қарсы су реттегіші халық қажеттілігі үшін салынып жатыр, бұл шешіміміз дұрыс болды» дап атап өтті. Шынында да Қызылорда облысы үшін, Оңтүстік Қазақстан облысы үшін Шардара су қоймасы арқылы Өзбекстанның Арнасай су қоймасына бекер ағып жатқан 3 миллиардтан астам текше метр суды, өз жерімізге топтап ретімен пайдалану әрине ғасыр жаңалығы. Су реттегіш іске толық қосылған соң облыста қосымша 60 мың гектар жер суландырылады, мұның өзі 100-110 мың халықты асырауға мүмкіндік туғызады.  
Оңтүстіктегі 525,3 мың гектар суармалы жердің 45 пайызы, яғни 232 мың гектар Сырдария өзенінен, 12%, яғни 63 мың га Шарбақ су қоймасынан, қалған 43% - 223,7 мың га жергілікті аумақтарда бастау алатын өзендерден қамтамасыз етіледі. 
Мақта шаруашылығына тікелей байланысы бар ең маңызды мемлекетаралық орталық пайдаланыстағы Достық, Зах, Ханым, Үлкен Келес және ауданаралық Қызылқұм, Арыс-Түркістан су жүйелері облыстың оңтүстігінде орналасқан. 
Облыстағы ауа райына, егістік жерлердің құрамына сәйкес әр егістің су қабылдау мөлшері ғылыми тұрғыда есептеліп, нәтижесінде барлығы 5,8 млрд. текше метр ағын су болды, сонда орта есеппен әр гектарға 11 мың 200 текше метр су сіңген. Бірақ су тапшылығына байланысты соңғы жылдары су беру мөлшері 3,5-3,8 млрд. текше метрге дейін төмендеді, яғни әр гектарға 7 330 текше метрден келеді. 
Егерде облыста бүгінгі таңда 525,3 мың гектардың 435,2 мың га ғана пайдаланып жүргенін ескерсек, қазіргі қолда бар су әр гектарға орта есеппен 8 700 текше метрден келеді - бұл өте жақсы көрсеткіш, үнемдеп пайдалана білсек, осы судың арқасында да жоғары өнім алуға толық мүмкіндік бар. Енді су және ресурс үнемдеу технологияларын кеңінен енгізіп, өндірісті әртараптандыру кезеңінде аймақтың аумақтық ерекшеліктерін, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және топырақтың құнарлылығын арттыру мақсатына сәйкес келетін дақылдарды көптеп егудің мүмкіндіктерін қарастыру қажет болады.

 
Судың да сұрауы бар

 
Суармалы жерлерден өнімді еселеу енді тек диқандардың өздеріне байланысты. Өкінішке орай еліміздің алтын қоры болып есептелетін суармалы жерлер тиімді пайдаланылмайды. Суды ғылыми негізделген  шектен артық пайдаланудың салдарынан суармалы жерлердің қайтарымы өте  аз, тұздануы жоғары, суды пайдалану  коэффициенті өте төмен, ал егін суаруда  су үнемдеудің прогрессивті технологиялары аз қолданылады. Былтыр Қазақ мақта  шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан  облыстарының диқандары, Ауыл шаруашылығы  министрлігі өкілдерінің қатысуымен өткен семинар-кеңесте саланың  қордаланып қалған мәселелер қаралып, оны шешуге септігі тиер нақты  іс-шаралардың ауаны қаралған болатын. 
Семинар-кеңесте жасалған ұсыныс бойынша, мақталықты тамшылатып суару, жаңбырлатып суару, жүйектеп суару, жүйек тастап суару, лоток арқылы суару, сифон арқылы суару, түрлі тәсілдермен ылғал сақтау сияқты жаңа технологиялар кеңінен қолданылуы тиіс. 
Тұтынатын су қорларының мөлшері 20-25%-ға төмендегеніне қарамастан, су үнемдеуші жаңа технологияларды ендіру арқылы өнімділік жоғарылауының есебінен оған жұмсалатын қаржыны 2 жыл көлемінде қайтарып алуға болатынын институт ғалымдары дәлелдеп отыр. Суармалы жердің тиімділігін арттыру бағытында Сарыағаш, Мақтаарал, Шардара, жалпы мақта өсірумен айналысатын аудандарда мүмкіндік өте мол. Сол үшін суармалы жер интенсивті бағытта пайдаланылу қажет, яғни бір жылда екі өнім, екі жылда бес өнім алып, жердің құнарлылығын арттырып отырса, бір облыс халқына емес, бүкіл республикаға жыл бойы жететін көкөніс, бақша, ет, сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндік туар еді. 
Бұл орайда Мақтаарал ауданына Елбасының тікелей тапсырмасымен Үкімет тарапынан қомақты қолдау көрсетілуде. Су тапшылығын жою мақсатында ауданның 90 мың гектар жеріне Шардара су қоймасынан сусорғыш арқылы жылдың кез келген мерзімінде су алуға мүмкіндік беретін жағдай туады. 
Суды үнемдеп пайдалану мәселесі күн тәртібінен түспей отырса да, көптеген шаруашылықтар оған жеткілікті назарын салмай келеді. Мәселен, біздің ҒЗИ әр гектар мақтаға 800 текше метр су қажет екенін есептеп шығарды, ал сор шаюға 1500-2000 текше метрдей су керек. Соған қарамастан диқандар мақтаны суаруға 3-4 мың, сор шаюға 5-6 мың текше метр су жұмсайды. Бұл төзуге болмайтын жағдай. Жерді көп суару - бос әуре, өйткені мұндай әрекет азот, фосфор және басқа да тыңайтқыштарды өсімдіктің тамыры деңгейінен төмен түсіріп жібереді. Судың көптігі жердің құнарын қашырады.  
Диқандар Оңтүстікке Достық каналы арқылы Өзбекстан, Тәжікстан арқылы Қырғызстаннан шыққан әрбір текше метр су қандай қиындықпен келетінін толық түсінсе, су мұнша ысырап болмас па еді деген ой келеді. 
Жалпы мемлекетіміздің «алтын қоры» суармалы егіншілікте әлі шешілмеген мәселелер өте көп. Үкімет соңғы жылдары ауыл шаруашылығына, оның ішінде суармалы егіншілікке табысты жұмыс жүргізу үшін барлық мүмкіндіктерді жасап отыр. Сондықтан жаңа технологияларды өндіріске батыл ендіру бүгінгі күннің талабы. Ғылыми негізделген жаңалықтарды, жаңа технологияларды жалтақтамай өндіріске енгізу - мол және бәсекеге қабілетті өнім өндірудің кепілі екенін тәжірибе дәлелдеп отыр.

 
Қаржымыз  ауылды гүлдендіруге жұмсалуы қажет

 
Әрбір гектар суармалы жерді игеріп жүйеге қосу үшін мемлекет қаншама  қаржы жұмсады десеңізші? Мырзашөлде 1924 жылдан бастап канал қазу, жерді  тегістеу, қашыртқы жүйелерін жасау, горизонталды және тік дренаждарды  жасау, оларды жүргізу, жөндеу үшін қаржы  бөлу сияқты жұмыстар үшін 85 жылда әр гектар суармалы жерге орта есеппен  бірнеше жүздеген миллион теңге  жұмсалды. Тек соңғы 7-8 жыл көлемінде  Мақтаарал ауданында тік дренажды скважиналарды, су жүйесін, қашыртқыларды  қалпына келтіру үшін 55 миллионнан астам АҚШ доллары жұмсалды. 
Міне, бұл жұмсалған қаржы мемлекетіміздің алтын қоры емес пе? Мұнша ақша жұмсалған әрбір гектар суармалы жер халқымызға азық-түлік, әлеуметтік мәселесін оңды шешу үшін ғасырлар бойы біздің ұрпақтарымызға жұмыс істеу керек. 
Мемлекеттің банктегі алтын қоры экономикамыз жақсы жылдары көбейіп, әлемдік қаржы дағдарысында азаюы мүмкін, ал суармалы жер түріндегі алтын қорымыз қандай жағдай, қандай қиыншылық болса да елімізді қиналдырмай, аш қалдырмай қызмет ету керек. Ал еліміздің алтын қоры болып есептелетін суармалы жердің тиімділігін арттыру өз қолымызда! 
Үкімет атқарып отырған жұмысты түсіндіріп, қай дақылды қандай аумақта егу керек, ең маңызды мәселе сол қиыншылықпен өндірілген көкөніс, бау-бақша, мақта өнімдерін тиімді бағаға сату мүмкіндіктері жергілікті атқарушы биліктің бүгінгі күн тәртібіндегі ең негізгі мәселеге айналса, елдің күтіп отырған ертеңгі толағай табысқа жетелейтін үмітін ақтаса керек. 
Осындай негізгі мәселелерге жергілікті атқару органдары мен шаруашылықтар түсіністікпен қарап, құлшыныс танытса, халқымыздың ауылдық жердегі бөлігінің тіршілігіне таяныш болып отырған әлеуеті мықты сала - ауыл шаруашылығы дамып, алға жылжиды.  



Информация о работе Суармалы жерлер