Жерге орнластыру

Автор: i***********@yandex.ru, 27 Ноября 2011 в 16:48, доклад

Описание работы

Жерге орналастыру — мемлекеттегі жер қатынастарын, жерді пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған іс-шаралар жүйесі.

Работа содержит 1 файл

Жерге орналастыру.docx

— 16.69 Кб (Скачать)

Жерге орналастыру  — мемлекеттегі жер қатынастарын, жерді пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған іс-шаралар жүйесі. Жерге орналастыру жұмыстары: жерді аймаққа бөлудің республикалық, облыстық, және аймақтық жобалары мен жер ресурстарын пайдалану, жақсарту және қорғау бағдарламаларын әзірлеуді; жер пайдалану ісін жолға қою мен ретке келтіру жөнінде шаруашылықаралық жобалар жасауды; жер учаскесіне меншік құқығына және жер пайдалану құқығына құжаттар дайындауды; орналасқан жерінде елді мекендердің шекарасын анықтау мен белгілеуді; әкімшілік-аумақтық құрылымдардың, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және жерді пайдалану мен қорғаудың ерекше жағдайлары бар басқа да жер учаскелерінің шекараларын белгілеуді; бүлінген жерлерді жаңғырту мен жаңа жерді игеру жобалары жатады. Сондай-ақ, жерді пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да жобаларды әзірлеуді; жерді есепке алу ісін жүргізуді, пайдаланылмай жатқан, ұтымды пайдаланылмай жүрген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай отырған жерді анықтауды; топографиялық, геодезиялық, картографиялық, топырақтық, геоботаникалық және басқа да зерттеу мен іздестіру жұмыстарын жүргізуді; жер кадастры мен жер мониторингін жүргізуді; жер ресурстарының жай-күйі мен пайдаланудың кадастрлық және тақырыптық карталары мен атластарын жасауды; жер-бағалау жұмыстарын жүргізуді қамтиды. Жерге орналастыру атқарушы органдардың шешімі не меншік иесінің, жер пайдаланушылардың өтініші бойынша жүргізіледі. Мемлекеттік меншіктегі жерден жеке меншікке немесе жер пайдалануға жер учаскелерін бөлуге, сатуға және бағалауға байланысты жерге орналастыру жұмыстары, сондай-ақ, әкімшілік құрылымдардың шекараларын белгілеу, жер кадастрын жүргізу және жерді есепке алу жөніндегі жұмыстар мемлекет тарапынан ғана жүзеге асырылады. 

Жерге меншік құқығы — жер қатынастары субъектілерінің өздеріне тиесілі жер учаскесін заң актілерінде белгіленген негіздерде, жағдайлар мен шектерде иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы. Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттік меншік және жеке меншік нысандары заң жүзінде танылған және олар тең дәрежеде қорғалады. Жерге мемлекеттік меншіктің субъектісі мемлекет, яғни Қазақстан Республикасының өзі. Жердің меншік иесі ретіндегі мемлекеттің құқықтарын заң актілерінде белгіленген ережелерге сәйкес оның атынан мемлекеттік басқару органдары жүзеге асырады. Жер учаскесіне жеке меншік құқығы бар субъектілер өздеріне тиесілі құқықтарды заң актілерінде көзделген негіздерде, жағдайлар мен шектерде қалаулары бойынша жүзеге асырады. Олардың қатарына азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар жатады; 

Жер құқығы — құқықтың мемлекеттегі жер қатынастарын реттейтін саласы. Жер құқығы Қазақстан Республикасында дербес құқық саласы болып табылады. Оның негізгі міндеттері: жер учаскесіне меншікті құқығы мен жер пайдалану құқығының пайда болуын анықтау және оның дамуына жағдай жасау; жер учаскесіне меншік құқығы мен жер пайдалану құқығының өзгертілуі мен тоқтатылуы негіздерін анықтау; жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру тәртібін белгілеу; жерді ұтымды пайдалану мен қорғау; топырақ құнарлылығын ұдайы қалпына келтіру; табиғи ортаны сақтау мен жақсарту мақсатында жер қатынастарын реттеу; шаруашылық жүргізудің барлық нысандарын тең құқықпен дамыту үшін жағдайлар жасау; жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттің жерге тиісті құқықтарын қорғау; жерге байланысты жылжымайтын мүлік нарығын жасау және оны белгілі деңгейде дамыту; жер қатынастар саласында заңдылықты нығайту. Қазақстандағы барлық жерге байланысты мәселелер Қазақстан Республикасының “Жер туралы” (2001) Заңымен реттеледі. 

Жер — қоғамдық байлықтың аса маңызды бөлігі, мемлекет тәуелсіздігінің негізі, барлық байлықтың жиынтығы. Жер ауыл шаруашылығында басты өндіріс құралы, ал басқа кез келген өндіріс процестерінің ең қажетті шарты болып табылады. Жердің табиғи, шаруашылық және құқықтық жағдайлары туралы мәліметтер әр елдің жер кадастрында жүйеге келтіріледі. 
 

Жер кадастры– мемлекет аумағындағы жер ресурстарының табиғи және шаруашылық жағдайы мен оларды бағалау туралы мәліметтер жүйесі. Жер телімдерінің орналасқан жері, нысаны, пайдаланылуы, ауданы мен шекарасы, сапалық сипаттамасы, жер пайдалану есебі мен жер телімдерін бағалау Жер кадастрының мәліметтері жүйесіне кіреді. Мемлекеттік Жер кадастрының деректері жерді пайдалану мен қорғауды жоспарлаған, жерге орналастырған, шаруашылық қызметін бағалаған, жерді пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да шараларды жүзеге асырған кезде сүйенетін негіз болып табылады. Ол деректер жер үшін төлем мөлшерін анықтау кезінде, құқықтық және басқа кадастрды жүргізген кезде пайдаланылуы мүмкін. Жер кадастрын жүргізу мемлекеттік тапсырыспен бюджет есебінен жүзеге асырылады. Жер кадастрының мәліметтеріне әркімнің қолы жете алады, ол мүдделі тұлғаларға ақылы түрде беріледі. Мемлекеттік органдарға Жер кадастры мәліметтерін беру тегін жүзеге асырылады. Мемлекеттік Жер кадастрын жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Информация о работе Жерге орнластыру