Әлем және Қазақстан

Автор: Пользователь скрыл имя, 22 Февраля 2012 в 20:12, реферат

Описание работы

Осыған орай М. Әуезовтің «Абай» ро­манындағы Қодар мен Қамқаның өлім­деріне байланысты көріністі еске түсі­рейікші. Бөкеншіге кірме саналатын Борсақ руының кедей азаматы Қодар­дың жалғыз ұлы дүние салып, Қамқа келіні екеуі жатақта қалады. Жайлауға көшуге көлігі жоқ байғұстар жұртта қалады.

Работа содержит 1 файл

Әлем және Қазақстан.docx

— 43.22 Кб (Скачать)

 

Қоғамда демоқратияның басқа түрлерін де қолдайтындар бар. Оларға қандай демократия керек? Ондаған мың адам қолға күрек, шот-сайман алып, көшеге шығып, ғимаратқа шабуыл жасап, машина, магазиндерді өртеп, адамдар бірінің бірі мұрнын бұзып, бетін қан жуғызып, немесе қол-аяғын, қабырғасын сындырып, тіпті мертіктіріп, өлтіруге жол беретін ереуіл-бүлік жасауды демократия деп түсінетіндер де бар. Мәскеудің Манеж алаңындағы, кейін басқа көшелеріндегі кав­каздықтар мен ұлтшыл-патриоттардың жүгенсіздігін қандай демократиямен ақтауға болады? Бұл шектен шыққан вандализм, барып тұрған қылмыс, қоғамның тыныштығын шайқауға бағытталған заңсыз әрекет болып табылады. Сөзге, ескертуге құлақ аспайтын бұл жүгенсіз топқа ерік беріп, күш қолданбау демократия ма? Оларға қарсы күш қолдануды бостандықты, еркіндікті аяққа басу деп түсінуге бола ма? Әрине, жоқ. Елдің тыныштығын алып, қоғамдық тәртіпті бұзу – ауыр қылмыс ретінде қатаң жазалануға тиіс. Мұны демократиялық үдерістерге шабуыл деп түсінуге болмайды.

 

Бұл қылмыстар демократиямен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Соған қарамас­тан, бұл бүлікшіл топқа қала көшелерінде қырғын төбелес ұйымдастыру, тұр­ғындардың берекесін алу не үшін керек? Билікке қыр көрсету үшін бе, әлде қоғамдағы жөнсіздіктерге биліктің көзін жеткізу үшін бе? Саяси қозғалыстар үшін билікпен келісім-мәмілеге келудің, заңсыздықтардың алдын кесудің басқа әдіс-амалдары жоқ па?

 

Рас, қоғамда қиянат жасаушылық, әділетсіздік жетіп артылады. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Жемқорлық тыйылар емес, биліктегілер өзіне тапсырылған іске жауапсыздықпен қарап, өз қызметтерін формальді түрде атқарады, жұмыстың нәтижелілігіне көңіл аудармайды. Жәбір көргендерге, әлсіздерге, қорғансыздарға жаны ашымайды. Азаматтардың арыз-шағымдарына атүсті қарайды. Жәбір көргендердің жан ашуын жеңілдетуге, олардың қайғы-қасіретін түсінуге мән бермейді, тоғышарлық мінез танытады.

 

Д. Мережковскийдің әкесі оны бала кезінде Ф.Достоевскийге ертіп апарып, осы баламнан ақын шыға ма, деп сұрағанда, ол мынадай жауап алады: «Бұл үшін ұлыңыз азап шегіп, қиналысты бастан кешіруі керек», деген. Сонда ақынның әке­сі: «Балам ақын болмай-ақ қойсын, бірақ өмірде азап шекпей-ақ өтсін», деген екен. Сондай-ақ шенеуніктерден алдына өтініш жасап барғандармен бірге жан азабын қоса тартсын демейміз, бірақ адамдардың, әсіресе, мүгедек қарттардың жан күйзелісін сезіне біліп, оған қолұшын беруге ынталы болса екен дейміз. Сонда ғана олардың еңбегі нәтижелі болады, көптің көңілінен шығады.

 

Демократияны дамытуға өзін-өзі басқаруды жақсартудың көп маңызы бар. Өйткені, адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті жайлардың бәрі жергілікті жерлерде шешіледі. Осыған орай Елбасының ауыл-селоны жаңғырту үшін жоғары білімді жас мамандарды көптен жіберіп, оларға барлық жағдайды жасауды ұсынуы жер-жерде кеңінен қолдау таба бастады. Өйткені, жастарсыз ауыл-село өркендей алмайды. Жастар ауылға жастық жалын әкеледі, спортты дамытуға мүмкіндік туады. Шағын қалалар типтес ауылдар пайда болады. Газ, электр, мәдениет ошағы, емхана, мектептер мен клубтар пайда болады. Ауыл дамудың осы заманғы жолына түседі. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасады.

 

Ауыл-селодағы басшылыққа жастар араласады, демократиялық үрдісті дамы­тады, әділеттік пен адамгершілік нышандар көбірек өріс алады.

 

Посткеңестік кеңістікте демократиялық үрдіс дамудың қиын, бұралаң жолдарын бастан кешіруде. Демократияны малданған қырғыз ағайындар екі революцияны бастан өткізді. Елдегі дүрбелең, ұзаққа созылған қақтығыстар саяси ахуалды қиындатып, экономикасын тұралата түсті. Жасампаз еңбектен гөрі көшеге ереуілге шығу, кландық топтарға бөліну Қырғызстанды да саяси дағдарысқа ұшыратып, мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруда түрлі қиындықтарға кезіктіріп отыр.

 

Белоруссиядағы сайлау қорытындысы халықтың көшеге шығуына себепші болды. Жеңілген кандидаттар өз сайлаушыларын қоғамдық тәртіпті ширықтыруға өздері бас болып барды. Үкімет ғимараттарын басып алу үшін әрекет жасады. Түрлі саймандарды іске қосып, үйлердің есік-терезесін қиратты. Үкіметтің құқық қорғау органдары тиісті шара қолданып, ереуілшілердің бетін қайтарды. Қоғамдық тәртіпті бұзған, соған ұйытқы болған 600-дей адам ұсталды, ішінде президенттікке кандидаттар да бар. Демократияның осындай күйкі көріністерін көргенде Эрих Фромның сөзі еске түседі. Ол мұны «еркіндіктен безу» деп атағаны белгілі.

 

Елдің бұрынғы президенті басым дауыспен жеңіп шықты, байқаушылар сайлау ережесін бұзудың өрескел фактілерін тіркемеді, сайлау дұрыс өтті деп бағалады. Ал жеңілген кандидаттар мұны мойындауға батылы бармады, өз сайлаушыларын арандатып бақты. Бұдан кім ұтты? Бұл елдің конституциясындағы президент болып сайлануға мерзімдік шектеу алынып тасталған. Осыған орай Александр Лукашенконың төртінші рет сайлауға түсуге құқығы бар екен. Дауыс беру әділ өтсе, бұған неге қарсы боламыз? Сайлауда кімге дауыс беру азаматтардың өз еркі. Күштеп дауыс бергізуге жол жоқ.

 

Ал рұхсат етілмеген митингі жасау, ереуіл ұйымдастыруға заң тыйым салады. Сонда билік кінәлі ме, әлде жеңілген кандидаттар жауапкершілік көтере ме? Мәселе – осында.

 

ТМД елдерінде ереуілге шығу жиілей түсті. Бұл үрдістің зияндылығы сонда – ұлттар арасындағы кикілжің бой көрсете бастады. Ұлттық мүддені қорғау ниетімен саясатқа әсіре ұлтшылдар мен ұлттық киім киюшілер араласатын болды. Ұлт мәселесі – өте нәзік дүние. Оны әрдайым назарда ұстап, ағымдағы жағдайға терең талдау жасап отырмаса, мұның аяғы өртке ұласып кетуі ықтимал.

 

Ұлт саясатын, халықтар достығы мен бірлігін түсінуде біржақтылық, жаңсақтық жоқ емес. Бұл екіұшты пікірлер жауапты саясаткерлер тарапынан да кездеседі. Мә­селен, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Е. Тоғжанов былай деп жазды. Автордың пікірін дәл жеткізу үшін сол қалпында келтірейік. «Перед Казахстаном стоят фундаментальные задачи национального строительства: интегрировать этнический и культурно отличающие народы в единую нацию выработать приемлемые для всех ценности и цели национального развития» («Казахстанская правда», 25.11.10).

 

Шындығына келсек, Ассамблеяның міндеті бір ұлт жасау емес. Ұлтты қалып­тастыру жеке институттың, жеке тұлғаның құзіретіне жатпайды. Ұлтты қалыптас­тыру ғимарат салу емес, ол – ұзақ мерзімді талап ететін тарихи үдеріс. Оны ешкім де күшпен жеделдете, шапшаңдата алмайды. Ол – объективтік тарихи құбылыс. Ұзақ мерзім өткен соң кейбір ұлттардың қалыптасуы мүмкін. Бірақ бүгінгі ұрпақ тұсында Қазақстанда жаңа бір ұлт қалыптасады деу ұшқары пікір.

 

Ассамблеяның міндеті әр этностың рухани сұраныстарын қанағаттандыру, тілін, дінін, мәдениетін, дәстүрін, әдет-ғұрпын жоғалтпай дамытуға қамқорлық жасау, әртүрлі ұлт өкілдерін өзара жақындастырып, ұлт пен ұлттың достығына дәнекерлік ету болып табылады. Ассамблея – осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыратын, бір ұлт жасауға ұмтылмайтын қоғамдық институт. Өйткені, 2001 жылы қабылданған ЮНЕСКО-ның жалпыға ортақ декларациясында атап көрсетіл­геніндей, мәдениеттің, халықтың бірлігі, тұтастығы саналуандықты жүзеге асыру арқылы қалыптасады.

 

Ұлт саясатында ең алдымен демократия көрініс табуы керек. Ұлттық ар-намысты қоздыру – қылмыстың нағыз өзі. Әр ұлттың өкіліне ең алдымен адам ретінде қарауымыз керек. Адам – табиғаттың ең басты құндылығы, бұл туралы бүкіл елдің конституцияларында арнайы бап бар. Ал содан кейін барып оған белгілі бір мәдениеттің, ұлттың, ұлыстың өкілі деп қарауымыз керек. Бұл екінші жағдайда олардың ұлттық дәстүріне, мәдениеті мен өнеріне, діні мен діліне құрмет көр­сетілуі керек. Мұнсыз халықтар арасындағы сыйластықты, татулықты, бірлікті қамтамасыз ету мүмкін емес.

 

Демократиялық үрдіс әрбір ұлттың, ұлыстың өкілдерін өз елінде тең құқықпен пайдалануына, сайлау не сайлану құқығын жүзеге асыруға жағдай жасайды. Демократияны дамытуға бағытталған әрбір қадам еліміздегі тәуелсіздікті баянды етуге, оны түбегейлі орнықтыруға қызмет етеді.

 

Тәуелсіздік қатып қалған жансыз дүние, ескерткіш биік мұнара емес, ол – үнемі даму үстіндегі жасампаз үдеріс. Осы үдеріс үстінде тәуелсіздік тамырын тереңге жібереді, жапырақтары көкке бой созып, қанатын кеңге жаяды. Бұл бәйтеректің бой түзеуі асқақ, оның тамыры жуан әрі мықты, анау-мынау желге былқ етпейді, желмен бірге жапырағы жайқалып, кербездене түседі.

 

Биылғы қоян жылы – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы. Елбасымыз айтқандай, бұл – біз үшін тек мерейтойлық оқиға ғана емес, жетістігімізді де, кемшілігімізді де саралайтын, болашақты бағдарлайтын кез.

 

Алда алынбаған қамалдар жеткілікті. Шешуін күтіп тұрған өзекті мәселелер де көп. Сондықтан да еліміздің әрбір азаматы бәрін тындырдық деп масаттанбай, тәуелсіз елдің күш-қуатын, экономикалық және қорғаныстық әлеуетін еселеп арттыра беру үшін аянбай еңбек  етуі тиіс. Бұл біздің алға жылжуымыздың, өркениетті елдердің алдыңғы шебінде болуымыздың бірден-бір шарты болып табылады.

 

Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.

 Принтерден шығару


Информация о работе Әлем және Қазақстан