Акжүніс бейнесі

Автор: Пользователь скрыл имя, 12 Марта 2012 в 16:34, реферат

Описание работы

Қазақта ежелден жерін жаудан, елін езгіден, қызын күңдіктен, ұлын құлдықтан қорғап, ел қорғаны болған ерлер көп. Батырлық – қазақтың қанына біткен қасиет. «Малын – жанының, жанын арының садағасы» санаған қазақ қай кезде де жауға қасқайып қарсы тұрған. Ұлан-ғайыр атырап сол арда азаматтардың арқасында бүгінгі ұрпаққа мұра болды. Сол қаһармандардың басынан өткерген қилы-қилы оқиғалар бізге «Батырлар жыры» арқылы жетті. Соның бірі – «Ер Тарғын» жыры. Ендеше, елден ерен туған Тарғын жайлы біз не білеміз?

Работа содержит 1 файл

Акжунис.doc

— 43.92 Кб (Скачать)


Қазақта ежелден жерін жаудан, елін езгіден, қызын күңдіктен, ұлын құлдықтан қорғап, ел қорғаны болған ерлер көп. Батырлық – қазақтың қанына біткен қасиет. «Малын – жанының, жанын арының садағасы» санаған қазақ қай кезде де жауға қасқайып қарсы тұрған. Ұлан-ғайыр атырап сол арда азаматтардың арқасында бүгінгі ұрпаққа мұра болды. Сол қаһармандардың басынан өткерген қилы-қилы оқиғалар бізге «Батырлар жыры» арқылы жетті. Соның бірі – «Ер Тарғын» жыры. Ендеше, елден ерен туған Тарғын жайлы біз не білеміз?  

 

Батырлар жырының ішіндегі айрықша айдарлы жырдың бірі – «Ер Тарғын». Сол жырдағы бас қаһарманның әманда жанынан табылып, оның күрделі де сан қырлы образын ашуға септесетін кейіпкер, әрі жағымды образдың жиынтығы – Ақжүніс сұлу десек те болады. Әрине, жырдағы Ақжүністің өзі де тісқаққан зерттеуші яки оқырман болмаса, сыдыртып бір қарағанға оп-оңай ашыла салатын «әлем» емес. Қазіргі заман тілімен айтқанда, оның психологиялық типі, мәдени-әлеуметтік болмысы терең талдауды қажет етеді. Ендеше, біз де шама-шарқымызша оған өз дәуіріміздің түсінік-танымы тұрғысынан қарап көрелік.

Ең әуелі «Ер Тарғын» жырының басқа жырлардан айырмашылығын айта кеткен жөн. Мысалы, Н.И.Ильминский, М.Әуезов, К.Сейдаханов сынды және т.б отан­дық және Ресейлік ғалымдар атап көрсеткен­дей-ақ, мұнда басқа жырлардағыдай ата-ана­ның бала зарын тартуы, қартайғанда пер­зент көруі, болашақ батырдың тез ер жетіп өсуі, қалыңдық іздеп жолға шығуы баяндалып жатпайды. Жырдың «біссімі­ләсі» Тарғынның Қырым жұртының арғы жағындағы он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт – Олалай мен Бұлалайдың елінде алынбас қамал алып, ерлік көрсетуімен бас­талады. Онда да ол бұл соғыста өз елінің емес, өзі қашып келген жаңа жұрты – Ақшахан халқының мүддесін көздейді. Онан соң кәдуілгі сюжет желісіне тән штрих – Ақшахан үкім жүргізіп, оны әскербасы қылады. Міне, осы жерде әміршінің жалғыз қызы Ақжүніс барша айшығымен айдай толып көрініс береді десек артық айтқандық емес. Жырдағы жолдармен келтірсек:

Шашын дынданменен тараған,

Бектер мінген бедеудей,

Бауырынан жараған,

Бет-ажарын қарасаң,

Жазғы түскен сағымдай,

Ет ажарын байқасаң,

Терісінен айырған,

Арпа-бидай ақ ұндай.

Қасы сары жаздай керілген,

Кірпігі оқтай тігілген,

Бұралып белі бүгілген,

Қараған кісі үңілген,

Қолаң шашты, қой көзді,

Аялдағы бір сөзді,

Ақжүніс атты ару еді, – деп хан қызын әдепкі эпикалық жырлар сүрлеуіне салады. Бірақ қашан да «ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» емес пе? Өз кезегінде Ақжүніс те әкесінің оң тізесін басқан және де ел аузына ілінген жігіттің ақылын, қайратын білген соң, бұйығы қарап жатпай, өзі танысудың қамын жасайды. Бұл оның «Жігіттің де жігіті бар, азаматы бір бөлек» демекші, жас та болса, бөрі алатын жігітті бөрігінен танып, тағдырын байлайтын өмірлік жардың асылдан болғандығына бағдарланғандығы еді.

 

Біз бұл жерде оның батылдығын, сезімталдығын, парасаттылық сипатын танығандай боламыз. Екінші жағынан жігіттің де ондай асқан аруға «кет әрі» дей алмайтыны бесенеден белгілі.

Сөйтіп жүргенде Ақжүністі айттырып көрші елдің ханынан жаушы да жетеді, баяғы. Көзі қарақты оқырман дәл осы жағдаятта Ақжүністің тағы бір қырынан таниды. Бұл орайда сұлудың өз әкесінен үш күн мұрсат алып, уақыт ұта отыра, Тарғынды қайрап айтқан сөздері де назар аударарлық. «Мен ондай хан баласына таңсық емеспін, өзім де хан баласымын, сұлуға таңсық емеспін, өзім де сұлумын. Мен кімнің бақыты зор болса, соған барамын. Мені осындай кісіге қор қылғанша, егер де батыр екенің рас болса, сен мені ал да қаш, мен саған тиемін, сенен басқа ешкімге тимеймін, көңілім саған ауды. Егер де маған келмесең, мен шыдап тұра алмаймын, сенің қайғыңнан өлемін», – дейді ол. Мынандай отты сөздерден соң, мігіт болмаса, қандай жігіт шыдап тұрсын? Жырдың өз сөзімен айтқанда, «Ер Тарғын бұл қызды Ақшаханның қанатты қара дейтұғын жорғасына мінгізіп алып қашады». Егер Ақжүністің аталмыш ситуациядағы қабылдаған шешімін заманауи психология форматында талдасақ, әсіресе аты мәшһүр Юнг тұғырнамасы бойынша, бұл нағыз «серпінді» экстраверттің ісі. Яғни экстраверттер жеңіл ойлы және жалаң көрінгенімен, бастамашылдық пен белсенділіктің көзі. Олар әуелі қимыл-істің адамы, сосын ғана барып содан туындаған салдарын ескеретіндер. Бұлардың мықты жері де, осал жері де осы» деседі ол саланың мамандары.

Жыр желісіне қайта келсек. Әлқисса, бұл уақытта қашқындардың ісіне долданған Ақшахан ашу үстінде: «Сол қызымды кім қуып жетіп, айыр­са, сол кісі алсын. Құй бай болсын, құй жарлы болсын, құй қарт болсын, тек кім айырса, сол алсын», – деп асығыс жарлық қылады. Қыздан дәмелілер көп болғанымен, Тарғын мен Ақжүністі ноғайлының аға батыры Қарт Қожақ қана қуып жетеді. Бұл тұста да, яғни жазатайым Қарт батырдың қолына пенде болып түскенде арудың ойлау ұшқырлығы тағы көрінеді. Қалай десе де нақ осынау – Ақжүністің батырға ой саларлық толғамдар айтып, Қожаққа бес жасынан алпыс бес жасына дейінгі өмірін суреттеп беріп тұрған сәті аса ұтымды. Қала берді, «Қызды бақтың біркезек, Қане шыққан мүйізің?!» деп обал-сауапты ойлатады, оның сақал-шашы қуарғанын есіне салады…

Жылап тұрған көзім бар,

Жалынып тұрған сөзім бар,

Өксіп тұрған жасым бар,

Әуре болған басым бар,

Алғанымнан айырма,

Мені өзіңе қайырма!

Батыр Қожақ мен дейсің,

Біз сықылды бейшара,

Жылап тілек еткен соң,

Тілекті бермес болар ма,

Сіз сықылды асылдар…

«Әкеңнің: кім қуып жетіп айырса, сол алсын, егер өлтірсе – құны жоқ, деген уәдесі бар. Көп жылай берсең, басыңды қылышпен кесіп жүре беремін», – деп гүрілдеп тұрған әруақты ерге бұлай деу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әрине, Ақжүністің мұнысынан да қас экстравертке тән батылдығын, өжеттігін, өз бақыты үшін күресе білетін қайсар жанның бейнесін көргендей боламыз. Сонымен қатар қарсы алдындағы кісінің ең жанды жерлерін, жан пернелерін дөп басқан адам жанын танығыштығы да таңдай қақтырарлық. Ақжүністе психологиялық типі жағынан сонымен бірге экстравертті «интуитивті тип» деп айдарласа да болады. Интуитивті типтің ерекшелігі сол, шығармашылық арқылы жүрегін қозғаған мұң шерді яки дірілдерді образдар арқылы жеткізудің нағыз майталмандары. Мәселенки, Біржан салмен айтысатын ақын Сара да осы аядан қарастыруды талап етеді. Сондықтан да ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұрған олжадан Қарт Қожақты неге бас тартты деуге болмайды. Ақылды ару оны адамшылығына салмақ сала, батырлық кодексінің ережелеріне шақыра отырып аластайды.

Ендігі жердегі оның тағы бір айтулы болмыстық нұсқасы Тарғынның белінен мертігіп, екіжүзді Ханзада ханның уәдесіне сеніп, Ақжүніс, Тарлан аты үшеуі Бұлғар таудағы қаңыраған жұртта қалғанда елес береді. Азығы таусылып, әрі ауруы да жанына батқан батырдың сонда қатты қамығып, үмітсіздікке салынатыны бар. Тіптен қызды-қыздымен:

Қастауыш қасты, Ақжүніс,

Айттым сені құдай жолына.

Кешегі ноғай жұртына тастап кеткенде,

Көкіректе шыбындай жан үшін, – деп те қалады. Ақжүніс болса, оған жалма-жан, титтей де кінә қоймастан:

Кетемін деп шыныңды айт,

Артыңда қалып нетемін,

Алдыңда сенің кетемін!

Арыстан кетіп, мен қалсам,

Артыңда қалған бейбағың,

Құрсаулы шелек қолға алып,

Қай шаһарда тіленер?!

Сүйіп мінген Тарланың,

Басын көкке қаратып,

Қай батырдан кем едің,

Өлерде болдың қара жер!, – дейді.

«Бақа жарығы суменен, әйел жарығы ерменен» демей ме? Әйелінің өлсе өзімен қоса қабат кеткелі отырған жанкештілігіне қайран қалып һәм қайрақты сөзіне шамданып, Ер Тарғын да «бүйтіп жатқанша біржолата өлейін» деп белінің аурулы тұсын қолымен басып қалады. Құдайдың құдіреті, пірлердің қолдауы, сарт етіп бел омыртқасы да орнына түсіп кетеді. Мұнан соң Тарғын батыр «жөнімді табайын» деп атының басын еліне бұрғысы келеді. Ол бұл шақта басының абыройын, артында қалар дықты сөзді ойлап тұрған жоқ еді. Сонда Ақжүніс тағы да тұрып: «Бұлай етпеңіз, беліңнің жазылғандығын білдіріп, сол тастап кеткен ноғайдың ішіне барып, хан, халқына көрініп, жақсысына ой салып, жамандарын қорқытып қайтыңыз. Егер де бармай қайтып кетсеңіз, Қырым халқынан – Ақшаханның қоластынан бір Тарғын деген батыр келіп, бір омыртқасы сынған соң, қайтып бұйымға аспай, қарға, құзғынға жем болып, Бұлғар таудың бұлағында өліп қалды дер» дегенді айтады.

Иә, «Жігіттің құны жүз жылқы, ары мың жылқы». «Жақсы әйел жігітке біткен бақ, теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» деген осы да. Бұлар қайтқанда, қызық болғанда алдамшы Ханзада ханның елін кешегі Шаған бойынан Тарғынның қуып жіберген көп қалмағы келіп, қамап, «шабамын» деп шаба алмай жатады. Шаба аламай жатқаны – ханның бір сұлу қызы бар екен. Олар бұрнағы кегінің өтеуіне соны сұрайды, сонда ғана «бейбіт бітісеміз» дейді. Ал мұнда, аспаннан түскендей, ел аумағына ойда жоқта сап ете қалған Тарғынға Ханзада хан тағы да құрдай жорғаласын кеп. Онысымен тұрмай, жауды түріп беретін болса, қалмаққа атағалы жатқан қызын Ақжүністің үстінен беруге уәде қылады. Әйткенімен «батыр аңғал» деген ғой. Ер Тарғын және бір жаудың қырғанын қырып, қашырғанын қашырғанда, Ханзада «қара сүйексің» деп сылтауратып, уағдасынан таяды. Бірақ біздің айтпағымыз, осы оқиғаларға деген Ақжүністің пайымы, оның сол баяғы ұстанған ұстанымынан танбауы десек те болғандай. «Ерін баққан әйел, елін де бағады. Ерге жаққан әйел, елге де жағады». Қазақ әйеліне тән сабырлылықпен қыңқ демейді. «Жақсы әйелдің ішінде алтын бесікті ұл жатады» демеуші ме еді, халқымыздың көне даналығы. Қайта онан кейін Тарғынмен ханның арасындағы дүрдараздық шешілгесін, «Ардаби» деген болашақта қара ноғайлыны билеген, елдің сөзі мен тізгінін қолға ұстаған ұл табады. Сөйтіп, Тарғынмен бірге қартайып, мұрат-мақсатына жетеді.

***

Ақжүністей ару егерде қазіргі заманда жасаған болса, онда ол етегін ұстаған жігіт көп жетістікке жеткен болар ма еді? Ал ондай қыздар арамызда жоқ па? Бар. Бірақ мақаламыздың тақырыбына айналдырғанымыздай, хан қызы Ақжүніс шашын тараған «дындан» секілді олар да ілуде біреуге бұйыра ма дейміз. «Дындан» – піл сүйегінен жасалған тарақ. Одан жасалған тарақты айтпағанда, піл сүйегінің өзі бұрын да, әзір де, әрі қымбат, әрі тапшы, қолға келтірілуі қиын зат. Олай болса, атам қазақ айта беретін «жаман еркекті ер қылатын» әйелдің бір үлгісі һәм «дынданы» осы Ақжүніс сұлу. Сондай-ақ жақсы еркекті одан сайын жақсы қылатын да осындай алымды, өршіл психологияның арулары, әлбетте.

«Әрбір ұлы адамның артында әйел тұрады» дейді батыс тәмсілі. Бұл сөзбен келіспеске шарамыз жоқ. Еліміздің ұлттық сана ерекшелігінің эталоны – батырлар жыры деңге­йінде де аталмыш ақиқат көзге ұрып тұр. Ұлтымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов батырлар жырындағы қаһармандардың жан жарлары туралы айтқанда, «Қобыланды батыр» жырындағы Құртқаны меңзеп: «Егер жастығынан батырдың ақылы толысып жетпесе, оның жары – дана, ақылды болып шығады» деген екен. Ал Тарғын мен Ақжүніс хақында «егер батыр аршыл, намысқой болмаса, оның жары нағыз ар-намыс жоқшысы болып шығады» деп топшылапты. Қалай десе де Ақжүніс ата даңқымен өтер қыз емес. Өзі де ерге қараса да, жерге қарап қалмаған, күрестің адамы. Мұны біз жырдың өнебойынан бірнеше рет байқаймыз. Және бір ерекшелігі, үлкен құрбандықтардан да қорықпайды. Сүйген жігітіне қосылу үшін, батырдың адал жары болу үшін бар байлықты, хан сарайын тастап шығуының өзі неге тұрады?! Сол себепті де Ер Тарғынның жарына арнап, жырдағы мына бір айтқан лебізі сөзімізге қорытынды бола алады деген ойдамыз:

Ақжүністей жолдасым,

Қыз да болсаң мұңдасым,

Қолаң шашты, қой көзді,

Әйелде ару сен едің!

Аш арыстан жүректі,

Балуан жолбарыс білекті,

Жігіттің мәрті мен едім.



Информация о работе Акжүніс бейнесі