ХІХ ғасырдағы шетел әдебиетінің тарихы

Автор: Пользователь скрыл имя, 13 Мая 2012 в 08:53, реферат

Описание работы

Франциядағы романтизм тағдырының өзіндік ерекшелігі аталмыш жалпыеуропалық қозғалыстың XVІІІ-ХІХ ғасырлар тоғысында пайда болуына және дамуына қоғамдық және рухани алғышарттар қалыптастырған осы елде өзге ірі еуропалық әдебиеттерден, атап айтқанда, неміс және ағылшын әдебиеттеріне қарағанда романтизмнің дүниетанымдық-көркемдік жүйе ретінде толыққанды түрлеріне кейінірек қол жеткізуіне байланысты. Демек, Франциядағы романтизмнің ұлттық тағдырының ерекшеліктерінің түп-тамыры осында жатыр.

Работа содержит 1 файл

Француз романтизмі.doc

— 50.00 Кб (Скачать)

ХІХ ғасырдағы  шетел  әдебиетінің тарихы 

Романтизм дәуірі

                                                      

                                                 Француз романтизмі 

    Франциядағы романтизм тағдырының өзіндік ерекшелігі аталмыш жалпыеуропалық қозғалыстың XVІІІ-ХІХ ғасырлар тоғысында пайда болуына және дамуына қоғамдық және рухани алғышарттар қалыптастырған осы елде өзге ірі еуропалық әдебиеттерден, атап айтқанда, неміс және ағылшын әдебиеттеріне қарағанда романтизмнің дүниетанымдық-көркемдік жүйе ретінде толыққанды түрлеріне кейінірек қол жеткізуіне байланысты. Демек, Франциядағы романтизмнің ұлттық тағдырының ерекшеліктерінің түп-тамыры осында жатыр.

    Француз романтизмінің даму барысының өзіне  ғана тән сипатын терең ұғыну  үшін мәселенің екінші жағы да аса маңызды. Романтизм «сыртқы шындық пен жалпы дүниеге» (Гегель) жеке адамды қарсы қоятын таным ретінде француз буржуазиялық революциясының басталуы қарсаңындағы дәуірде кездейсоқ пайда бола қойған жоқ. Оның революциялық рухы романтиктерге қанат бітірсе, буржуазиялық астары олардың көңіліне сезік ұялатты, ал рухани «арақашық жақындығы» шешуші міндет атқарды. Германияда, әсіресе, Англиядағы романтикалық қиялшылдық белгілі дәрежеде уақыттық және кеңістік тұрғыдан алғанда сол тұстағы өмірден біршама тыс тұрды. Ал француз романтизмінің құрылымы, ең алдымен, өз уақыт кезеңінің тезінен өтіп, заманымен үндестік тауып отырды. Тіпті онда өзін қоғамға қарсы қойған тұлғаның типтік бейнесі жасалғанның өзінде, сол қоғамның өз уақытының адамы туралы сөз қозғалады.

    ХХ  ғасырдың 30-шы жылдарында француз әдебиеті мен рухани өмірінің аса қуатты бөлігінің  біріне айналған реализм өз кезегінде  көптеген романтиктер шығармашылығының дамуына игі әсерін тигізді, атап айтқанда, ол кемелденген Мюссе, Жорж Санд, Гюго шығармашылықтарынан көрініс тапты.

    Енді  француз романтизмінің жаңа заманы, романтикалық идеялар мен түрлердің  тазалану, жаңғыру, түрлену, түрлеу, яғни қайта өрлеу дәуірі келіп жетті. Табиғаты терең, мазмұны сан алуан, пішіндік болмысының қыры көп осы  дәуірдің көркемдік келбетін, эстетикалық сырын танытатын шығармалар қатарынан Альфонс Ламартин, Виктор Гюго туындыларын айрықша атап көрсетуге болатыны даусыз. Француз романтизмінің айрықша белгілері, өзіндік бітім-болмысы аталмыш ақын-жазушылардың шығармашылығымен тығыз байланысты. 

Альфонс Ламартин (1790 – 1869)

       

           Шығармашылық ғұмырнамасы.  Альфонс Ламартин Франция поэзия көкжиегінде ХІХ ғ. 20 жылғы ең жарық жұлдызының бірі ретінде көзге түсті. Ламартинның танымал өлең жинақтары “поэтикалық ойлар” (1820),  “Жаңа толғаныстар” (1823), “Поэтикалық және діни үндестік” (1830). Бұл жинақтарда Жозеф де Мэстрға, Шатобрианға, Бональдқа арналған одалар болғандықтан және оның поэзиясында діни өлеңдерге көп орын берлігендіктен, қайта жаңғыртушылар оны бірден  өзінікі деп танып, әдеби ғана емес, саяси сый-сияпатқа да бөлеп тастады. Ол әдеби салондарда да, дипломатиялық істерде де жарқырап көзге түсті. Бірақ Июль революциясы қарсаңында Ламартин күтпеген жерден өзінің Бурбондар сарайының ресми саясатымен  келіспейтіні туралы мәлімдеме жасап, қызметінен кетілді де, Июль революциясына ұстамды болса да қолдау танытып, либералдар партиясына кетеді.

          Француз жұртшылығы әу бастан-ақ  Ламартиннің әуезді де мұңға толы өлең-  жырларынан тек діни және монархистік сарындарды ғана емес, басқа да өз жүректеріне тым жақын ырғақтарды сезініп, соларды бағалай білген еді. Ламартин өзінің ең жақсы өлеңдерінде ерекше бір ойшыл, сезімтал, даңғазасыз, оқшаулығы басым ақын ретінде көрінді. Оның ең сүйікті жанры лирикалық элегиялардың өзі сол кезеңде жоғары классикалық үнді одаларының немесе рококо дәуіріндегі сезімтал өлеңдердің дәстүрінде қалыптасқан француз поэзиясы үшін жаңалық еді.

          Алайда бұл өлеңдердегі жанға  жайлы әуез шын мәнінде мәнерлі  дәстүрлі сөз саптауларын жоққа  шығармайды, тек оны өзгеше бір сезімталдық өріске бағыттайды                                               

Пьер  Жан Беранже (19.8.1780 – 16.7.1857) 

        Француз ақыны. 1798 жылдан бастап  өлең жаза бастаған. Беранже ода,  гимн, дифирамб сияқты көтеріңкі жанрларды жасаушылардың бірі. Оның өлеңдері марш әні, үндеу әні, памфлет әні, сатиралық ән, публицистика, элегия болып келеді. Реставрация дәуірінде Беранже өзінің уытты сатираларында король өкілетін («Шексіз аз»), эмиграцияда жүрген топас дворяндарды («Маркиз де Караба», «Ақ кокарда»), католик дін иелері мен иезуиттерді («Әулие әкелер», «Албастының ажалы»), реставрация дәуірінің барлық қайшоқпарын селтіре сынады. Оларға қарсы Наполеон солдаттарының («Қарт сержант», «Қарт капрал») ұнамды бейнелерін жасайды және оларды отанның нағыз адал ұлдары деп есептейді. Осындай еркін байлылығы мен саяси сатиралылығы Беранже екі рет сотталып, абақтыда отырады. Беранже 1830 жылғы шілде революциясына қатысты, оның жеңісін жырлады. Ақын халықты бақытқа жеткізудің жолын утопиялық социализм идеяларынан іздеді. Солардың басшыларын мадақтады. 1840 жылы халық наразылығы оның «Топан су» атты өлеңінен айқын сезіледі. К.Маркс Беранжені «өлмейтін ақын» деп атады. В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский, Н.П.Добролюбов оның әдеби мұраларын жоғары бағалады. Беранже өлеңдерін алғаш рет орыс тіліне аударғандар Н.И.Дмитриев пен А.А.Дельвиг болды. 1850 ж. В.С.Курочкин мен М.М.Михайлов аударған өлеңдері халық арасына кең тарады. Совет ақындары П.Антокольский, В.Дмитриев, В.Левик, Вс.Рождественский де Беранже өлеңдерінен тамаша аудармалар жасады. Беранженің бірен-сараң өлеңдері қазақ тіліне аударылды. 

                                                      Виктор Гюго (1802 - 1885) 

    Француз романтизмі тарихының Қайта жаңғыру  дәуірінде Виктор Гюго шығармашылығының алғашқы кезеңі маңызды орын алады. Біріншіден, Гюгоның есімі 20-шы жылдардың аяғында Франциядағы романтикалық қозғалыстың символына айналды. Оның «Кромвель» драмасына жазған алғысөзі романтизмнің басты манифестерінің бірі деп қабылданды, ал «Эрнани» драмасының қойылымы әдебиетке романтизмнің түпкілікті жеңісі ретінде енді. Өз бойына таусылмас қажыр-қайрат пен табиғи талантты біріктірген Гюго француз әдебиетін өзінің даңқымен аспандатып жіберді. Ол бірден барлық жанрларда дерлік жаза бастады десе болғандай. Алғашқы одалар жинағы (1822), кейінірек балладалармен толықтырылып отырып, 1828 жылға дейін қатарынан төрт рет басылып шықты. «Кромвельге» және өлеңдер жинағына жазылған алғысөздер, 1819 жылы өзі шығарған «Conservateur litteraire» («Әдеби консерватор») журналында және басқа да басылымдарда жарық көрген әдеби-сын мақалалары оны жаңа әдеби қозғалыстың ең танымал теоретиктерінің біріне айналдырды.

    Гюго  романтизмі – жазушының дүние-болмысты қабылдауымен, суреткердің өмірдегі орны туралы түсінігімен тығыз байланысты. Басқа да романтиктер тәрізді Гюго да суреткер-жаратушының пайғамбарлық роліне кәміл сенеді. Өзгелер сияқты ол да қоршаған орта шындығының кемшіліктерін көре білді. Бірақ әлемдік тәртіптің негізіне қарсы бағытталған максималистік романтикалық бүлікшілік Гюгоны өзіне тартпайды. Жеке адамның әлемге жазмыштық қарсылығы ол үшін шектеулі емес. Романтикалық «екі дүниенің» бірізділігінің шешімін таба алмау да, жалпы оған жат. Гюго үнемі адам трагедиясын көрсетеді, бірақ олардың қашанда жалғаспалы (сериялы) қатерлі кездейсоқтықтар мен сәйкестіктердің қоршауында жүруі тегіннен тегін емес. Бұл кездейсоқтықтар сырт қарағанда ғана жазмыштық боп көрінеді. Мұның артында өркениетпен жетілудің игілікті жалпы ұлы заңдарының кездейсоқтық еместігіне деген сенім тұр. Гюго әрбір сәтте, адамзат пен қоғам дамуының нақты қай жерінде трагедияға соқтырған кемшілік кеткенін және оны қалай түзетуге болатынын өте жақсы біледі. Өзінің 20-шы жылдардың басындағы сыни жазбаларында ол жазушының парызы туралы «көркем шығармада пайдасы тиетін ақиқатты айту» («Вальтер Скотт туралы», 1823), жазушының шығармасы «пайдасын тигізу қажет» және «болашақ қоғамға сабақ болуы керек» (1823) деген ойларын айтқан болатын. Гюго өзінің бұл сеніміне өмірінің соңына дейін берік болды. Ол осы бір сын мақалаларында өз бойындағы ерте кездегі монархизмнің әсерімен ағартушыларды қатты сынап, «философтарды» жоққа шығарғанымен, жоғарыдағы ойлары оны ағартушылық дәстүрлермен тікелей байланыстырады.

    Гюго  шығармашылығының бәрін түгел қамтуға, уақыт кезеңіндегі әдеби пікірталастардан жоғары тұруға деген ұмтылысы және жаңа ағымдар лебіне құшақ ашу  мен дәстүрге адалдықты біріктіре білуі – осының бәрі өз романтизмінің  негізі етіп дүниені жоққа шығаруды (мироотрицание) емес, әлемді бар күйінде қабылдауды (мироприятие) көздеген тілекпен тығыз байланысты. «Кромвельдің» алғысөзінде Гюго жаңа дәуір өнерінің драмалық сипатын кеңінен дәлелдеп, ал эпопея антик заманының табысы деп бағалады. Оның өзінің де барлық жанрлардағы шығармашылығына, соның ішінде лирикаларына да буырқанған драматизм тән. Бірақ осы драматизмнен бәрін – әлемді, ғасырды түгел қамтысам деген мақсаттан туған эпикалық ынта жоғары тұрады. Бұл тұрғыдан алғанда, Гюгоның роман-эпопеясы «Париж құдайана соборынан» («Собор Парижской богоматери») бастап және лиро-эпикалық топтамаларға «Жаза» («Возмездие»), «Ғасырлар аңызы» («Легенда веков»), «Қаһарлы жыл» («Грозный год») дейінгі жалпы қозғалысында белгілі бір заңдылық бар. Гюго романтизмінің түп негізінде эпикалық кеңдік жатыр.

    Гюгоның алғашқы одаларынан классицистік эпика  дәстүрлер айрықша сезіледі.  Гюго романтизмді толықтай қабылдады. Нәтижесінде классикалық үлгіден өнеге алған ақын романтикалық поэтиканың мүмкіндіктерін қуатты түрде сынақтан өткізе бастайды. Көтеріңкі сарындағы одалар классицизмнің ең бір жексұрындық (одиозные) бедер-белгілерінен арыла бастады. Одаларға, көбіне, орта ғасырлық тақырыптағы қиял-ғажайып әуендері басым, көне аңыздар мен халықтық наным-сенімдерге құрылған балладалар келіп қосылады («Сильф», «Перизат», «Фея»). «Бюг Жаргаль», «Исландық Ган» романдарында «жергілікті айқын көрініс» («местный колорит») поэтикасы маңызды роль атқарды. «Шығыс әуендері» («Восточные мотивы») өлеңдер жинағында романтикалық экзотизм салтанат құрады. Ақын классикалық өлеңнің формалық қаңқасын жүрексінбей босаңсыта бастайды. Ол ритм мен шумаққа түрлі тәжірибелерді беріле жасай отырып, ой мен оқиғаның қозғалысын ырғақтың өзімен беруге ұмтылады. «Аспан оты» («Небесный огонь»), «Диюлар» («Джинны»). Сонымен қатар, жас Гюгоның ең жемісті поэтикалық жаңалығы – оның өлеңді «азат етуінде» болып табылады. Ламартин мен Виньеге қарағанда, оның көп өлеңдері еркін және еріктілеу болып келеді. Бұл француз лирикасының ырғақтық байлығының кейіңгі кезеңдерде де сақталуына (Мюссе, Готье, Гюгоның кемелденген шақтағы өз лирикасы) жол ашты.

    Романтикалық  қозғалыстың жалпы арнасында  Гюгоның тарихқа деген керемет  қызығушылығы болған еді. Атап айтқанда, жазушының дүниетанымы, «адам және әлем», «адам және тарих» мәселелеріне қатынасы осы арнада қалыптаса бастады.

    Жазушының санасына халық тарихтың шынайы күші деген ой орын тебеді. «Бюг Жаргальда» ол әзірше бойға үрей мен діріл  ұялататын бүлікшіл стихияны Гюго бұл көтерілістің салдары – қысымшылық, қатыгездікке қатыгездікпен жауап беру деп түсіндіреді. Ал кен қазушы-бүлікшілерді суреттеген «Исландық Ганда» бүлікшіл үн одан гөрі айқынырақ естіледі. «Шығыс әуендеріндегі» көптеген өлең-жырлар түрік езгісіне қарсы грек халқының ерлік күресіне арналған.

    Тарих тақырыбы мен халық тақырыбы «Париж құдайана соборы» (1831) романында бір-бірімен  аса кеңінен тоғысады. Әрине, мұнда  алғашқысы, яғни тарихи өркениет тақырыбы басым келіп жатады. Бұл өркениет символикалық бейне ретінде алынған собор архитектурасының «тас» тілін ауыстыруға ғана емес, сонымен бірге Клод Фроллоның жеміссіз, жан титықтатын ілімінің бейнесі арқылы берілген схоластиканың өлі тілін әріп пен кітап басып шығаратын баспа тілімен ауыстырып, жаппай және жоспарлы сауат ашуға бастайды.Ол сонымен бірге, қоғамнан «шеттетілген» («отверженные») Эсмеральда мен Квазимодо бейнесіндегі асқан адамгершілікті моральдың оянуынан бастайды. Бұл жерде халық әлі де алаңдағы қара бұқара ретінде көрінеді, ол – кейде бейтарап (бастапқы көріністе), кейде өзінің «заңсыздығымен» («бұзақылығымен») қорқытатын топ. Қалай болғанда да, Гюго бұл бұқараны шеттетілу мен ашыну ағайындастырған қайыршылар ретінде суреттейді. Алайда, соқыр белсенділіктің өзінде әділдік идеясы көрініс тапқан. Ондағы «заңсыздық» идеясы қоғамдағы заңсыздықтарға пародия, былайша айтқанда, ресми әділ сот жүйесін ұжымдық түрде күлкіге айналдыру (ресми соттың Квазимодоны соттау көрінісін романның жалпы контексінде осылай түсіну қажет). Ал соборға басып кіретін көріністе бұл стихиялық күш – енді әділеттілік орнатуға деген ынталы құлқымен оянған қозғалыс.

    20-шы  жылдардағы Гюго жүріп өткен  жол – бұл әлем, тарих және  адамның шынында да терең қайшылықтарға  толы екендігін түйсіну жолы. Оның түсінігінде, тарих дегеніміз «поэтикалық» ғана емес, сонымен бірге «трагикалық» та, монархияға және оның «тәртіптеріне» үміт арту дегеніміз классицистік үйлесімділіктен үміт күткендей, баянсыз әрі тұрақсыз, болмыстың байланыссыздығын өткір сезінетін романтикалық өнер шын мәнінде де заманауи. Бірақ тәртіптілік пен үйлесімділік идеясының өзі Гюго үшін өте қымбат. Ақынның бір мезгілдегі әрі романтикалық, әрі ағартушылық борышына деген сенім өте берік. Сондықтан да Гюго романтикалық құралдар арқылы өнер мен әлемдегі үйлесімділікті ұйымдастыруға талпыныс жасады. Ол, ең алдымен, драмалық қарама-қарсылық пен гротеск идеясын қолға алды («Кромвельге» алғысөзі).

Информация о работе ХІХ ғасырдағы шетел әдебиетінің тарихы