Экстремизм и терроризм

Автор: Пользователь скрыл имя, 10 Ноября 2011 в 13:24, доклад

Описание работы

Экстремизм жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы дегенді білдіреді.

Работа содержит 1 файл

экстремизм терроризм.docx

— 198.59 Кб (Скачать)

 Шындығына келсек, күш қолданудың (насилие) екі түрі  бар. Бірі – легитимді (заңды)  түрі, екіншісі – заңсыз түрі. Бүл екінші топқа экстремизм  жатады. Ал бірінші топқа легитимді  түрде күш қолданатын мемлекет  жатады. Оның күш қолдану институттары  бар: әскер, полиция, қаржы,  жол, көлік полициялары, қауіпсіздік  органдары бар. Олар Конституцияға  сай қоғамдық тәртіпті сақтау  үшін заңды түрде, легитимді  жолмен күш қолдануға, жазалау  шараларын жүргізуге, адам құқықтарын  шектеуге, бостандықтан айыруға  заңды құзыретін пайдаланады.  Экстремизм болса күш қолдануға  заңды аттап өз бетінше барады. Олардың әрекеті легитимді емес. Заңды аяққа басу, қоғамда қалыптасқан  дәстүрлі тәртіп нормалары мен  ережелерін бұзу қылмысқа жатады. Экстремистердің ісі – ауыр  қылмыс болып табылады.

 Экстремизмнің  бүгінгі таңда кең тараған  түрі – терроризм. Terror – латын  сөзі – қазақшаға аударғанда  қорқыныш, үрей деген мағынаны  білдіреді. Террорлық әрекеттің  басты мақсаты қоғамда үрей, қорқыныш, әбігер туғызу, елдің тыныштығын  бұзу, өзіне көпшіліктің назарын  аудару арқылы өздерін үлкен  саяси күш ретінде таныту болып  табылады.

 Терроризмнің  төркінін бұл күнде Шығыстан, мұсылман елдерінен іздеу кең  өріс алып отыр. Оған шығыстық, діни сипат беріп, оны варварлық,  орта ғасырлық құбылыс ретінде  бағалау басымырақ күйде.

 Шын мәніне  келгенде, терроризмді белгілі бір  ұлтпен немесе дінмен байланыстырудың  ешбір негізі жоқ. Террорлық  қимылдарға кез келген ұлттың, діннің өкілі бара алады. Мәселен,  жуырда АҚШ заң орындары Мұхаммед  Пайғамбардың каррикатуралық суретін  салған суретшіні өлтіру үшін  киллерге тапсырыс берген бір  әйелді тұтқынға алды. Ол өзі  Ислам дінін қабылдаған, мұсылман  әйелдерінше киініп, Шве­цияға барған. Мұнда ол киллер жалдап, суретшіні  өлтіруді мақсат еткен. АҚШ  қауіпсіздік органдары бақылауға  алып, әйелді тұтқындаған. Тексере  келгенде, ол АҚШ-тың өз азаматшасы  екен, келімсек емес, осында туып-өскен  англо-саксондық болып шыққан. Террорист  біткенді Шығыстан іздеген АҚШ  қауіпсіздік қызметкерлері оны  өз тумаларынан тапқан.

 Бұл нені көрсетеді?  Терроризмнің ұлттық сипаты жоқ,  бұл қылмыспен кез келген ұлттың  өкілі айналыса алады. Оған  себеп, сылтау, қолайлы сәт керек,  тиісті бопсалау, ынталандыру, иландыру, психологиялық амалдардың сүзгісінен  өтулері керек. Сонда ұлтына, жынысына, жасына, дініне, тіліне қарамастан, ланкестер қатарынан келіп бір-ақ  шығады. Ешкім террорист болып  тумайды, ол тұқым қуаламайды. Оны жағдай, әлеуметтік, экономикалық, моральдық, руханияттық орта мәжбүрлейді, өзінің өмірдегі өкінішін, кеткен кегін, төл тағдырына мойынсынбауын террорлық топқа қосылумен ақтағысы келеді. Саяси экстремизмді өзін құтқарудың, Құдайдың құлы ретіндегі міндетін адал өтеудің бір амалы деп қабылдайды. Әдетте бұған ерік-жігері осал, үгіт-уағызға тез берілетін, өмірде белгілі бір мақсаты жоқ, рухани дүниесі кедей жандар бейім келеді.

 Терроризм бүкіл  әлемде бүгін белең алып тұр.  Дүниежүзіндегі алпауыт ел АҚШ-тың  өзі 11 қыркүйекте лаңкестердің  шабуылынан қорғана алмады, оның  көп қабатты екі ғимараты ұшақтың  соққысынан опырылып, күл-талқан  болды. Әлемдегі қуатты ел қатты  састы, дүниені алақанында ұстап  тұрғандай сезінетін Президент  Буш террористерге соққы беру  үшін өзіне жақтастар іздеді. Британия премьері бірден қолдау  көрсетті. Лаңкестердің көсемі Бен  Ладен Ауғанстанда жанкештілерді  дайындықтан өткізіп, мұхит асырып  отыр-мыс деген желеумен терроризмнің  ошағын жоймақ болды. НАТО-ның  біріккен әскери күшін жіберді.  Тәліптер мен Аль Каиданың  бұзақыларын тәубесіне келтірмек  болды. Бірақ мұндағы әскери  операция әзір нәтиже бермей  отыр.

 Жаппай қырып-жою  арсеналы бар деген Иракты  жазалау үшін АҚШ мұнда да  әскер жіберді. Оны БҰҰ-ның  Қауіпсіздік кеңесімен кеңескен  де жоқ. Дәстүрлі тәртіпті белінен  басты. Елдің астан-кестеңін шығарды,  бірақ Ирактан ядролық қару-жарақтың  ұштығын да таба алмады. Елдің  билеушісі Саддам Хусейнді дарға  асып өлтірді. Бірақ Иракта  тыныштық орната алмады. Ежелгі  Вавилон елі басқыншыларға бас  имеді. Ирак халқы тарапынан  АҚШ өзіне мәңгілік дұшпан  тауып алды. Демократия тұқымын  әкеп сеппек болып еді, онысы  жаңа жерге тамыр жая алмады. АҚШ Иракқа кіріп алып, енді  балшыққа белшесінен батып, шыға  алмай отыр. Американың жаңа Президенті  Барак Обама Ирак драмасын  елдің бетіне таңба түсірмей  аяқтау үшін шаралар қарастырып  жатыр.

 Әлемдегі ірі  мемлекеттердің басшылары екеуара  кездескенде экономикалық, сауда-саттық  мәселелерін сөз етумен қатар  халықаралық терроризмге бірлесіп  күрес жүргізу жайларын да  үнемі назарда ұстайды. Өйткені  қай ел болса да, мейлі үлкен,  мейлі кіші ел болса да лаңкестікке,  наркотрафикке қарсы жекелеп  күрес жүргізудің тиімсіз екендігіне  әбден көзі жеткен секілді.  Сондықтан да бұл саладағы  уағдаластыққа үлкен мән беріп  отыр.

 Ауғанстанға жерді  минадан тазарту мақсатымен бір  батальон әскер жібергеніміз  үшін АҚШ үкіметі Қа­зақстанға  сөз орайы келген сайын ризашылығын  білдіріп жатады. Терроризмге қарсы  күрестегі әріптесіміз деп көтермелеп  қояды. Біздің бір батальон  НАТО-ның біріккен әскери күштерінің  салмағын арттыра қоюы екі  талай екені белгілі. Бірақ  АҚШ үшін өздері бастаған аяғы  жоқ соғысқа қолұшын берушілердің  қарасын көбейту әлем алдында  ақталу үшін, моральдық қолдауға  ғана керек шығар, сірә! Минаны  іздеп, оны залалсыздандырудың  мамандары НАТО үшін қат емес  екені кімге болса да аян.

 АҚШ-тың Орталық  қолбасшылығының қолбасшысы, генерал  Дэвид Петреус жуырда Астанада  болғанда Республика Қорғаныс  министрінің орынбасары, генерал  Б.Сембиновке Ауғанстанда қазақстандық  әскерлердің көмегі үшін кеудесіне  АҚШ орденін тағып кетті.

 Терроризммен  күресті сөз еткенде мұның  кейбір астарлы құпия жақтары  барын да жоққа шығаруға болмайтын  сияқты. Мәселен, кейбір алпауыт  елдер лаңкестікті сөз жүзінде  айыптай отырып, оған қарсы батыл  күреске шақыра отырып, бұл күресті  үлкен саясат үшін, ішкі есепке  құрып, қос қабатты стандартқа  бағытталған саясат жүргізетінін  де теріске шығаруға болмайды. АҚШ-тың Иракқа, Ауғанстанға қарсы  саясаты осыған мысал бола  алады. Әскери-өнеркәсіп кешендерінің  алпауыттары бюджеттен қаржыны  көбірек қымқыру үшін, елдің милитаристік  саясатын ақтау үшін сыртқы жаулардың қауіптілігін асыра бағалауға әуес екенін де естен шығармауға тиіспіз.

 АҚШ-тың милитаристік  топтары Америка әлемді билеуі  керек деген пиғылдан әлі арыла  алмай келеді. Елдің саяси, әскери, қаржылық алпауыттары жаңа Президенттің  саясатының милитаристік, гегемондық  бағыттан ауытқымауына бар күшін  салып жанталасуда. Дж.Буштың  саясатын жүргізген ескі күштер, Республикалық партияның белсенділері  саясат аренасынан әлі де кеткісі  келмейді, жаңа Президенттің әлеуметтік  бағыт ұстаған саясатына қарсы  қасарысып бағуда. Олардың қарсылықтарына  қарамастан Барак Обама елде  денсаулық сақтау реформасын  жүзеге асыруға қол жеткізді. Бұл қарапайым американдықтардың  көңілінен шықты.

 Республикашылар  болса, елдің қорғаныс қуатын  күшейтуді бірінші кезекке шығарып,  АҚШ-тың супердержавалық мәртебесін  жоғалтпауын жақтап отыр. Халықаралық  терроризм әлемдегі алпауыт ел  АҚШ-тың қауіпсіздігіне қатер  төндіріп тұр ма, Бен-Ладеншілер  АҚШ-қа екінші рет он бірінші  қыркүйекті әзірлеп жатқан жоқ  па екен деген сауал көңілге  оралады. Өйткені АҚШ өзінің  бұрынғы президент кезіндегі  ракета шабуылына қарсы қорғаныс  қалқанын Еуропада орнату саясатынан  әлі қол үзе алмай отыр. Сол  бірінші рет болған 11 қыркүйек  оқиғасының өзіне деген Америка  қоғамында екі ұшты пікір де  бар, сол оқиғаның өзі Буштың  жеке басына, әскери-өндірістік топтарға  қажет болған жоқ па екен  деген де болжам-елес мұнда  әлі кезіп жүрген сияқты. Бірақ  оның анық-қанығы әзір ешкімге  мәлім емес. Үлкен алпауыт ел  АҚШ үшін кішкентай Солтүстік  Корея, Сирия, Гаити мен мұсылман  елі Иран үлкен қатер төндіріп  тұр ма екен, сірә! Еуропаның төріне  әкеп, Ресейдің қақ желкесіне  ядролық ракета зеңбіректерінен  қорғайтын бекет ашу не үшін  қажет болып отырғаны түсініксіз. Бұл да мұсылман елдерінің  террорлық шабуылынан қорғану  үшін қажет болып отыр ма  екен дерсіз.

 Ресейдің қауіпсіздік  органдары Мәскеу метросындағы  жарылыстың бірін 18 жасар Жаннет  Абдуллаева деген кавказдық жесір  әйел жүзеге асырғанын анықтады. Екіншісін де жесір әйел М.Шарипова  жасаған. Бесіктен белі енді  шыққан екі жас келіншектің  пейіштің төріне бару үшін, өткен  жылы қайтыс болған бандит  күйеулеріне қосылу үшін осындай  жанкештілікке барғанына таңғаласың. Олар жас өмірін не үшін  құрбан етті? Оларды мұндай қадамға  не итермеледі, кім көндірді? Әке-шешесін,  ағайын-туыстарын, бауырларын қалай  қиып, өлімге бастарын тікті? Әрине,  мұның себебін бір сөзбен айтып  жеткізу қиын. Бәріне кінәлі –  терроризмнің халықаралық тылсым  күшке айналуы. Олардың өз мақсаттары, өз жақтастары, өз пірлері бар.  Жанкештілерді даярлайтын арнайы  орталықтары бар. Олар қоғамдағы  өз ахуалдарына риза емес, олар  езілген, қорланған, жаншылған,  өмір ағысынан шеттетілген, олардың  іштерінде өшпенділік пен кекшілдік  ұялап, тұнып қалған. Олар бұл  ахуалға өздерін жеткізген жауларды  іздейді. Бұлардың ойынша, олар, әрине,  бар. Іштегі кекті, ыза мен  ашуды солардан алғысы келеді. Ашық күреске шамасы жетпейді. Бір ғана жолды таңдап алады,  ол – лаңкестік. Бейбіт халықтың  үрейін алу арқылы қоғамда  қорқыныш туғызу. Сол арқылы жауларының  зәресін алып, райынан қайтару,  бейтаныс жауларының мысын басып,  оларды жуасыту болып табылады. Өздерінің тұрмыс деңгейінің  төмендігін іштен іздемей, сырттан,  өзгелерден іздейді. Сол үшін  оларды тәубасына келтіруді ойлайды.  Бұл жолда оларға күш қолданудан  басқа амал жоқ. Дәлел, аргумент  келтіру қиын. Сондықтан да диалогқа  бару тиімсіз. Ең оңайы –  террорлық әрекет.

 Сөйтіп, екі жас  әйел Мәскеу метросында 40-тан  астам бейбіт жанды о дүниеге  аттандырды. Сексен адам ауыр  жарақаттанып, ауруханаға түсті.  Екі жанкештінің әрекеті мұншама  адамды қасіретке ұшыратты, жанын  күйзелтті.

 Алматы облысындағы  Қызылағаш ауылында болған су  апаты соншалық адамның өмірін  қиып кеткен еді. Бұл тосыннан  келген апатты бүкіл республика  жұртшылығы аза тұтты. Қолдарынан  келген көмектерін берді. Үкімет  қазір ауылды қалпына келтіруге  қызу кірісіп кетті. 

 Ал Мәскеу метросындағы  жарылыс бүкіл әлемді дүр сілкіндірді,  әлем терроризмді бірауыздан  қатты айыптады. АҚШ Президентінен  бастап Франция, Германия, Ұлыбритания  басшылары, ТМД елдерінің жетекшілері,  Еуроодақ, НАТО, ЕҚЫҰ басшылары да  азалы жеделхаттар жолдап, ланкестердің  әрекетіне ашу-ызасын білдірді. Барак  Обама болса, тікелей телефон  арқылы Ресей Президентімен байланысып, көңіл айтты, терроризмге қарсы  бірлесіп күресуге сөз берді.

 Екі апаттан  болған өлім саны шамалас. Біріншісі  ел ішінде, екіншісі бүкіл әлемде  резонанс туғызды. Неге екі  түрлі резонанс болды? Өйткені  екі апаттың екеуі екі басқа.  Бірі тілсіз жау – табиғаттың  дүлей күшінің салдарынан орын  алды. Күтпеген жерден мылқау  күш – су тасқыны бейқам  жатқан ауылды жайпап кетті.  Ал екіншісі қаныпезер адамдардың  қолымен әдейілеп жасалды. Кінәсі  жоқ, күнәдан пәк жандар жазықсыздан  жазықсыз қайғылы қазаға ұшырады.  Екінші апаттың ауыртпалығы да, өкініштісі де осында. Әйтпесе  адам өмірі әрқашан қымбат, оның  қазасы қандай жағдайда болса  да ауыр, қайғылы. Бірақ қанішердің  қолынан бір мезгілде көп адамның  мерт болуы екі есе аянышты,  екі есе азалы. Сондықтан да  әлем жұртшылығының мәскеуліктерге  көңіл айтуы, қайғысына ортақтасуы  шынайы адамгершіліктің дәлелі  болып табылады.

 Терроризмнің  көріністері бұрын да жиі кездескен.  Бірақ олардың бүгінгі лаңкестіктен  едәуір айырмашылығы болды. Бұрын  қастандық жасаудың нақты нысаны  таңдалып алынды. Елдің патшасы,  ірі шенеуніктері, министрлер мен  өндірістің ірі басшылары нысанға  алынды. Оларға деген лаңкестердің  нақты өшпенділігі, кеткен кегі  болды. Ел билеушілерін нысанаға  алғанда қоғамдағы қайшылықтарды  солардың кесірінен деп ұқты. Оларды саясат сахнасынан кетіру  қалыптасқан жағдайды түзетуге  көмектеседі деп түсінді, яғни  бұл террористердің бүгінгілердің  айырмашылығы қарапайым халықты  қырып-жоюға емес, жеке тұлғаларды  тарих сахнасынан аластатуды  мақсат етті. Ресейдің патшаларына  әлденеше рет шабуыл жасалды,  П.Столыпин қастандықпен өлтірілді.  Қанша хайуандық әрекет болса  да, бұлардың өзіндік себеп-сылтауы  болды, жүргізілген саясатқа халықтың  көңілі толмады. Ал кейбіреулері  жеке басының кегін қайтаруды  мақсат етті. Қанша ауыр болса  да, олардың қатыгез әрекеттерін  түсінуге болатын еді. Ал бүгінгі  бейбіт жандарға қарсы бомба  қолдану, жаппай өлімге қию,  оның үстіне өз жеке бастарының  тағдырын да құрбандыққа шалу  қазіргі лаңкестердің зұлымдық  әрекеттеріне, шектен шыққан қатыгездіктеріне  мысал бола алады. Бұл бір  сөзбен айтқанда, адамшылық бейнеден  біржола айырылу деген сөз.  Нағыз тағылықтың, қаныпезерліктің  белгісі болып есептеледі. Бейбіт  елді қырып-жою дін жолына да, адамгершілік ережелеріне де  қайшы келеді.

 Жоқшылық, кедейлік  халықты ашықтан ашық заңсыз  күш қолдануға, мемлекет ғимараттарына  басып-кіріп, оларды талқандауға  дейін апарады. Мұны сәуірде  болған Қырғызстандағы мемлекеттік  төңкеріс кезіндегі бассыздық,  тәртіпсіздіктен анық көруге  болады. Ашынған халық ғимараттарды  өртеп, дүкендерді, жеке үйлерді  қиратып, тонаушылыққа барды.  Бұл да – экстремизмнің көрінісі.

Информация о работе Экстремизм и терроризм