Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Қазақстан Республикасының Заңы

Автор: Пользователь скрыл имя, 28 Марта 2012 в 17:20, реферат

Описание работы

1. Қазақстан Республикасында: жергілікті, өңірлік және республикалық мәртебесі бар діни бірлестіктер құрылуы және әрекет етуі мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматының бастамасы бойынша құрылған, бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың шегінде әрекет ететін діни бірлестік жергілікті діни бірлестік болып танылады.

Работа содержит 1 файл

баяндама 15 апта.docx

— 19.25 Кб (Скачать)

"Діни қызмет және  діни бірлестіктер туралы" Қазақстан  Республикасының Заңы

18 қазан 2011

4-тарау. ДІНИ  БIРЛЕСТIКТЕРДІ ҚҰРУ, МЕМЛЕКЕТТІК ТІРКЕУ, ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ, ТАРАТУ

12-бап. Діни бірлестіктердің мәртебесі

1. Қазақстан Республикасында:  жергілікті, өңірлік және республикалық мәртебесі бар діни бірлестіктер құрылуы және әрекет етуі мүмкін.

2. Қазақстан Республикасының  кемінде елу азаматының бастамасы  бойынша құрылған, бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың шегінде әрекет ететін діни бірлестік жергілікті діни бірлестік болып танылады.

3. Кемінде екі облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан  және астанадан өкілдік ететін, олардың әрқайсысынан Қазақстан Республикасының кемінде екі жүз елу азаматы бар екі және одан да көп жергілікті діни бірлестіктердің қатысушылары (мүшелері) болып табылатын, Қазақстан Республикасының кемінде бес жүз азаматының бастамасы бойынша құрылған діни бірлестік өңірлік діни бірлестік болып танылады.

 Өңірлік діни бірлестіктер осы жергілікті діни бірлестіктердің қызметі аумағының шегінде құрылып, өз қызметін жүзеге асырады.

4. Барлық облыстардан,  республикалық маңызы бар қалалардан  және астанадан өкілдік ететін, Қазақстан Республикасының кемінде  бес мың азаматының бастамасы  бойынша құрылған, олардың әрқайсысында Қазақстан Республикасының кемінде үш жүз азаматы бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық аумағында өз құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар діни бірлестік республикалық діни бірлестік болып танылады.

13-бап. Діни бірлестіктерді құру

1. Діни бірлестік он сегіз жасқа толған, құрылтай жиналысын (съезін, конференциясын) шақыратын Қазақстан Республикасы азаматтарының бастамасы бойынша құрылады, онда діни бірлестікті құру, оның атауы, жарғысы туралы шешімдер қабылданады және оның басшылық органдары құрылады. Азаматтар құрылтай жиналысына (съезіне, конференциясына) өз еркі бойынша жеке түрде қатысады.

2. Діни бірлестіктің мынадай белгілері:

1) ортақ діни ілімі;

2) діни жораларды, рәсімдер мен уағыздарды орындау;

3) өз қатысушыларын (мүшелерін)  және  дін ұстанушыларын дінге  тәрбиелеу;

4) қызметінің діни бағыты  болуға тиіс.

3. Республикалық діни  бірлестіктер мен өңірлік діни  бірлестіктер өз жарғыларына  сәйкес діни қызметшілер даярлаудың  кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын мекемелер нысанында діни білім беру ұйымдарын құруға құқылы.

4. Діни білім беру ұйымдарын  қоспағанда, діни бірлестіктен басқа  өзгеше ұйымдық-құқықтық нысанда  діни қызметпен айналысатын заңды тұлғаларды құруға және олардың қызметіне жол берілмейді.

5. Мемлекеттік органдарда, ұйымдар мен мекемелерде, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында діни бірлестіктердің ұйымдық құрылымдарын құруға жол берілмейді.

14-бап. Діни бірлестіктің атауы

1. Діни бірлестіктің атауы  ұстанатын діні мен мәртебесін  қамтуға тиіс.

2. Толық және қысқартылған  атауы мен оның нышаны Қазақстан  Республикасының және басқа да  мемлекеттердің мемлекеттік рәміздерін, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуына байланысты тыйым салынған және (немесе) таратылған діни бірлестіктердің атауы мен нышанын толық немесе оның елеулі бөлігінде қайталамауға тиіс.

Исламдық бағытта құрылатын  діни бірлестіктер ҚМДБның сараптамасынан кейін ғана әділет басқармсының тіркеуінен өте алады...

15-бап. Діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу

1. Дiни бiрлестiк оны  мемлекеттік тіркеген сәттен  бастап заңды тұлғаның құқық қабiлеттілігiне ие болады.

2. Республикалық діни  бiрлестiктердi және өңірлік діни бірлестіктерді мемлекеттiк тiркеудi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi жүзеге асырады.

 Жергілікті діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеуді, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді аумақтық әдiлет органдары жүзеге асырады.

3. Діни бірлестікті құру  туралы шешім қабылданған сәттен  бастап екі ай мерзім ішінде тіркелу үшін тіркеуші органға өтініш беріледі. Өтінішке:

1) діни бірлестік басшысының қолы қойылған діни бірлестіктің жарғысы;

2) құрылтай жиналысының  (съезінің, конференциясының) хаттамасы;

3) тіркеуші орган белгілеген  нысан бойынша электрондық және  қағаз жеткізгіштердегі құрылатын  діни бірлестіктің бастамашы азаматтарының тізімі;

4) дiни бiрлестiктiң орналасқан жерiн растайтын құжат;

5) діни ілімнің пайда болу тарихы мен негіздерін ашып көрсететін және осы ілімге сәйкес келетін діни қызмет туралы мәліметтер қамтылған діни баспа материалдары;

6) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу үшін алымдар төлемін растайтын құжат;

7) діни бірлестіктің басшысын  сайлау туралы шешім не шетелдік  діни орталық басшыны тағайындаған  жағдайда, уәкілетті органмен келісілгенін растайтын құжат қоса беріледі.

4. Өңірлік діни бірлестікті  тіркеу кезінде тіркеуші орган  белгілеген нысан бойынша өңірлік  діни бірлестіктерді құруға бастамашылық  жасаған жергілікті діни бірлестіктердің  әрқайсысының қатысушыларының тізімі, сондай-ақ олардың  жергілікті  діни бірлестіктері жарғыларының нотариат куәландырған көшірмелері қосымша табыс етіледі.

5. Республикалық діни  бірлестіктер мәртебесін растау  үшін тіркелген күнінен бастап  бір жыл өткенге дейін тіркеуді жүзеге асыратын органға олардың құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) аумақтық әділет органдарында есептік тіркеуден өткенін растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.

6. Осы баптың 5-тармағының  талаптарын орындамаған жағдайда, республикалық діни бірлестік Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастырылуға немесе таратылуға жатады.

7. Діни бірлестіктерді  мемлекеттiк тіркеу және олардың  филиалдары мен өкілдіктерін  есептiк тiркеу, діни бірлестіктерді  қайта тiркеу, тiркеуден бас тарту  осы Заңда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртiппен және мерзiмде жүзеге асырылады.

8. Мемлекеттік тіркеудің  (қайта тіркеудің) мерзіміне дінтану  сараптамасын және діни бірлестікке  бастамашы азаматтар тізімінің  осы Заңның талаптарына сәйкестігі мәніне тексеру жүргізу үшін үзіліс жасалады.

9. Тіркеуші орган мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) мерзіміне үзіліс жасау туралы шешімді қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға дінтану сараптамасын және діни бірлестіктер құруға бастамашы азаматтар тізімдеріне тексеру жүргізуді ұйымдастыру үшін қажетті құжаттардың көшірмелерін жібереді.

10. Ұсынылған құжаттардың  заңнамаға сәйкестігін тексерудің, жүргізілген дінтану сараптамасының, діни бірлестікті құруға бастамашы азаматтардың тізімін тексерудің нәтижелері бойынша діни бірлестікті мемлекеттік тіркеу туралы немесе мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылданады.

16-бап. Дiни бiрлестiктiң жарғысы

1. Дiни бiрлестiк өз қызметiн жарғының негiзiнде жүзеге асырады, онда мыналар:

1) атауы, қызметінің мәні  мен мақсаттары;

2) орналасқан жерi және оның шегінде өз қызметін жүзеге асыратын аумақ;

3) құрылымы, басқару органдарын  қалыптастыру тәртiбi мен құзыреті;

4) қатысушыларының (мүшелерінің)  құқықтары мен мiндеттерi;

5) ұстанатын діні, діни  ілімінің негіздері және осы ілімге сәйкес келетін діни қызметі туралы мәліметтер;

6) діни бірлестіктің мүшесі  етіп қабылдаудың және одан шығудың шарттары мен тәртібі;

7) мүлікті қалыптастыру  көздері;

8) құрылтай құжаттарына  өзгерістер мен толықтырулар  енгiзу тәртiбi;

9) қызметін қайта ұйымдастыру  және оны тоқтату шарттары;

10) таратылған жағдайда  мүлікті пайдалану тәртібі;

11) филиалдар мен өкілдіктер  туралы мәліметтер болуға тиіс.

2. Дiни бiрлестiктiң жарғысында оның қызметіне қатысты және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер болуы мүмкін.

3. Діни ілім негіздері мен діни қызмет туралы мәліметтерде негізгі діни идеялар, діни бірлестік қызметінің нысандары, осы діни бірлестік қатысушыларының (мүшелерінің) және басқа да адамдардың неке мен отбасына, білімге, денсаулыққа көзқарасының ерекшеліктері, оның қатысушылары (мүшелері) мен қызметшілерінің конституциялық құқықтары мен міндеттерін іске асыруға  көзқарасы қамтылуға тиіс.

17-бап. Діни бірлестікті тіркеуден бас тарту

 1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, сондай-ақ құрылтай құжаттарындағы және өзге де ұсынылған құжаттардағы мәліметтер дәйексіз болса және (немесе) құрылатын бірлестік дінтану сараптамасының нәтижелері негізінде діни бірлестік ретінде танылмаған жағдайларда діни бірлестікті - мемлекеттік тіркеуден, оның құрылымдық бөлімшесін (филиалы мен өкілдігін) есептік тіркеуден бас тартылады.

2. Тіркеуден бас тартылған  жағдайда сотқа шағымдануға болады.

18-бап. Дiни бiрлестiктi қайта ұйымдастыру және тарату

1. Діни бірлестіктерді қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қосылу, бiрiгу, бөлiну, қайта құру және бөлiнiп шығу жолымен діни бірлестіктің құрылтай құжаттары уәкілеттік берген органның шешiмi бойынша не сот шешімі бойынша жүзеге асырылады. Діни бірлестік тек басқа діни бірлестік болып немесе жеке мекеме болып қайта құрылуы мүмкін. Діни бірлестіктерді қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған ұйымдар діни бірлестіктер ретінде осы Заңның талаптарына сәйкес келген жағдайда тіркелуі мүмкін.

2. Діни бірлестіктің қызметін  тоқтата тұру және оны тарату Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргізіледі.

19-бап. Мемлекет  және шетелдік діни бірлестіктер

1. Шетелдік діни орталық  уәкілетті органмен келіспей тағайындаған діни бірлестік басшысының қызметін жүзеге асыруына жол берілмейді.

2. Шетелдік діни  орталық діни бірлестіктің басшысы лауазымына кандидатты келісу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды:

1) кандидат туралы, оның  шетелдік діни орталықтағы бұрынғы  қызметі туралы мәліметтер қамтылған  қолдаухатты;

2) кандидатты Қазақстан  Республикасының аумағында жұмыс  істейтін діни бірлестіктің басшысы  етіп тағайындау туралы шешімді;

3) діни бірлестіктің басшысы  лауазымына кандидаттың паспортының  немесе жеке куәлігінің көшірмесін ұсынады.

 Құжаттар қазақ және  орыс тілдеріне аудармасының  дұрыстығын Қазақстан Республикасында  нотариат куәландырған және аударманы  жүзеге асырған аудармашы қолының  түпнұсқалығын Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған түрінде табыс етіледі.

3. Осы баптың 2-тармағында  көрсетілген құжаттарды уәкілетті орган олардың ұсынылған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.

4. Егер Қазақстан Республикасындағы діни бірлестік басшысының қызметі конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, адам құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, уәкілетті орган шетелдік діни орталықтың оны  тағайындауына келісуден бас тартады.

5-тарау. ДІНИ  БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ МҮЛІКТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫ

20-бап. Дiни бiрлестiктердiң меншiгi

1. Дiни бiрлестiктердiң  өз қаражаты есебінен сатып  алынған немесе жасалған, Қазақстан  Республикасы азаматтарының, шетелдіктер  мен азаматтығы жоқ адамдардың, ұйымдардың қайырмалдықтарға берген немесе Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да негiздер бойынша сатып алынған мүлiкке меншiк құқығы бар.

2. Меншік құқығындағы  жылжымайтын және жылжымалы   мүлік діни бірлестіктердің меншігі болып табылады.

3. Қазақстан Республикасының  шегінен тыс жердегі мүлік те дiни бiрлестiктердің меншiгiнде болуы мүмкiн.

4. Дiни бiрлестiктер ерiктi түрде қаржылай және басқа да қайырмалдықтар сұрауға және оларды алуға құқылы.

5. Дiни бiрлестiктердiң  меншiк құқығы заңмен қорғалады.

21-бап. Мемлекеттiң, ұйымдар мен жеке тұлғалардың меншiгi болып табылатын мүлiктi пайдалану

1. Дiни бiрлестiктер өздерiне  шарттық негiзде берілген үйлердi, аумақты және мүлiктi пайдалануға құқылы.

2. Діни мақсаттағы тарих  пен мәдениет ескерткіштері діни бiрлестiктердің пайдалануына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілуі мүмкін.

22-бап. Таратылған  дiни бiрлестiктiң мүлкiне иелiк ету

1. Діни бірлестік таратылған  немесе қызметі тоқтатылған кезде  оның меншігінде болған мүлікке  иелік ету оның жарғысына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Құқық мирасқорлары  болмаған кезде мүлік Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес мемлекет меншігіне өтеді.

Діни бірлестіктердің мүлкі мен қаржысына бақылау жүргізу туралы ештеңе айтылмаған...

 

 

 

 

 

 


Информация о работе Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Қазақстан Республикасының Заңы