Бала неге қылмыс жасады?

Автор: Пользователь скрыл имя, 02 Ноября 2012 в 15:45, реферат

Описание работы

Қоғам үшін қауіпті адам , ол – қылмыскер. Қылмысқа жақын кісі, өзінің жеке басының мақсатын іске асыруды көздеп жүреді. Ол сол жолда тіпті ештенеден тайынбайды. Біреуді жәбірлейді, әлдебіреудің қанын төгеді, тонайды, ұрлық жасайды, бопсалаумен айналысады. Бұл ретте қылмыс табиғатын, мәнін түсіну қиынға соғады.

Работа содержит 1 файл

Бала неге қылмыс жасады.doc

— 63.00 Кб (Скачать)

Бала  неге қылмыс жасады?

 

 

Қоғам үшін қауіпті  адам , ол – қылмыскер. Қылмысқа жақын кісі, өзінің жеке басының мақсатын іске асыруды көздеп жүреді. Ол сол жолда тіпті ештенеден тайынбайды. Біреуді жәбірлейді, әлдебіреудің қанын төгеді, тонайды, ұрлық жасайды, бопсалаумен айналысады. Бұл ретте қылмыс табиғатын, мәнін түсіну қиынға соғады. Сондықтан да ол заң тұрғысынан алғанда әрқашанда жеке іс ретінде қаралады. Себебі әр қылмыстың себеп-салдары, нәтижесі, тіпті көздеген мақсаты да бір-біріне ұқсамасы белгілі. Қылмыс табиғатының астында көп себеп бар – кек алу, өшпенділік, есе қайтару, пайда табу, тағысын тағылар. Абайсызда жасалатын қылмыстар да болады. Құлағымыз үйреніп қалған қылмыстық жаңалықтардың ішінде жасы кәмелетке толмағандардың бар болуын қалай түсінуге болады? Жалпы, мұндай балалар бесіктен белі шықпай жатып қылмысқа қалай барады? Әлдебіреулердің ықпалына, азғыруына түсіп қала ма, ол жағын біржақты ұғыну да оңай емес.

Баланың ақ адал көңілі қылмыс атаулыдан жырақ болуы тиіс еді  ғой, әлде қоғам, ата-ана, мектеп баланың тәрбиесіне жіті мән бермей отыр ма? Бір қарағанда, әр баланың өмірі әртүрлі жағдайда өтеді. Әлеуметтік қиындығы бар отбасының баласы мен төрт түлігі сай отбасындағы баланың мінезін, өмірге деген көзқарасын салыстыруға мүлде келмейді. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» деген сөз бекер айтылмаған болар. Отбасылар арасындағы әлеуметтік теңсіздік баланың тағдырына, тіпті ойлау жүйесіне де әсер етеді. Бала айналаға қарап өседі. Өзінің құрбы- құрдастарына қарап еліктейді. Біреу бай болып, өзі кедей болса жан дүниесі қалай құлазымасын? Баланың не себепті тура жолдан тайып, қылмыс әлеміне еніп кететінін кім біледі? «Ақша», «байлық» дейтін түсініктердің дәуірі жүріп тұрған заманда, жақсы тұрмыс, қалың қалта баланың да ойына кіріп-шықпай ма? Оның үстіне, жұмысбасты болып кеткен ата-ананың да баласының өмірін қадағалайтын мүмкіндіктері жоқ. Балалардың ермегі болатын дұрыс нәрселер азайып кетті. Бала бүгінде ермекті өзі тауып алатын болды. Көшеге шығады, өзі сияқты бос жүргендермен жолығысады. Ақшасы болса, ойын залдарына барып уақыт өткізеді. Ақшалары болмаса, бірігіп не істейтіндерін ойластыра бастайды. Дос-жарандар бір жерге шақырады. Олардан қалмауға тырысып, сол қатарда абыройлы, беделді болуы үшін не істемейді?! Топтың айтқанымен, солардың меңзеуімен жүріп-тұруына тура келеді. Көше заңы басқа заңдарға, түсінік-пайымдарға қарағанда қаталдау ма дерсің… Ол әлсіздерді кешірмейді. Барлығын бір ортақ ұғымға, түсініктерге ұйыстырады. «Баланы көше тәрбиелейді» деген сөзді жиі естиміз. Бұл дұрыс. Өйткені бүгінгі бала, шын мәнінде, өз өмірімен жеке қалып отыр. Түске дейін мектепте болса, түстен кейін өз еркі – өзінде. Үйінде қарайтын біреу болса жақсы, болмаса, ол жағы да қиындау. Балалық кезеңде адам баласы қашанда бір нәрсені көргісі келіп, бір нәрсені білгісі келіп тұрмаушы ма еді?! Мұндай шақ кез келген бала үшін сын сағатына айналады. Аяғын шалыс басса, қылмыс жасап қойып, заң алдында жауап беруі де ғажап емес. Жастайынан қылмыскер атанып, темір тордың ар жағында отырғандар аз ба? Олардың тағдыры мен өмірі не себепті солай болды? Ойланатын мәселе. Солардың арасында айналаға қатыгездік көзбен қарайтындары да жоқ емес. Қылмысын жасады, жазасын алды. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың туындау себебін қоғамдық жағдайлардан, әлеуметтік себеп-салдардан, тәрбиелік жұмыстардың әлсіздігінен көруге болатын шығар. Дегенмен бұл бағытта көп жұмыстар атқарылады. Тәрбие беріледі, қылмыстың алдын алу шаралары, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Оның бәрі қылмыстың аз болуына ықпал жасайтыны рас. Бірақ қылмыстың болуын түбегейлі жойып жібере алмайды. Неге? Өйткені жасы кәмелетке толмаған баланың өмірге деген көзқарасы қалыптаспаған. Ол әлі ненің жақсы, ненің жаман екенін де ажыратып үлгермеген. Турасын айтқанда, олардың кейбіреуіне айтылған ақыл бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан шығып кетеді. Себебі ол сондай кезеңді басынан өткеруде. Сол сияқты баланың өмірі қоғамның назарынан тыс қалған уақытта, баланың басына не кіріп-шықпайды? Ғаламтор бола ма, әлде басқа да нәрселер бола ма, баланың табиғатына көп әсерін тигізуде. Кеңестік кезеңде «Аула клубтары» деген болды. Ол балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін жоспарланатын. Қазір ондай орталықтар жоқтың қасы.

 
Кәмелетке толмағандардың өмірі мектеп өмірімен тығыз байланыста. Мектеп – әлеуметтік ортаның бір бөлігі. Бүгінде мектептерде не болмай жатыр? Оқушылар арасындағы төбелес те, мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы дүрдараздық та мектептегі жағдайлардан хабар береді. Оқушылардың бірін-бірі пышақтап кетуі, тапа-талтүсте оқ жаудыруы – ойлантарлық мәселе. «Олардың қолына суық қару қалай түсіп жүр, мұны бақылауда ұстауы тиіс органдар қайда» деген сауалдар туындайды. Қазіргі таңда мектептерге бір-бір инспектордан бөлініп жатады. Құптарлық жайт. Бірақ та инспектордың назарынан тыс қаншама дүниелер жасалуы мүмкін. Бір инспектор бір мектепке жете ме? Мың сан оқушыны ол күндіз-түні жұмыс істесе де, бақылауында ұстай алмасы анық. Әйтеуір инспектордың мектеп өміріне атсалысып жүргенінің өзі біраз қылмыстың болдырмауына сеп болары ақиқат. Баланың тағдыры, баланың психологиясы бір қалыпты емес. Ол азғыруға көп ұшырайды. Бір өзі шешім қабылдап қылмысқа барған баланы аз жолықтырасың. Олар қылмысқа көбінде топ болып барады екен. Кім топтан бөлінгісі келер дейсің?! Бірен-сараны болмаса, балалардың біраз бөлігі үшін өз араларындағы абырой беделі бәрінен жоғары болмақ. Сол жолда ол неге болса да баруға дайын тұруы мүмкін. Қылмыстың шеті осы жерден басталады. Бұл күнде көп кездесетін қылмыстардың ішінде мүліктік қылмыс, қарақшылық тәрізді қылмыстар аталады. Күнделікті көріп жүргеніміз – оқушылардың қолындағы ұялы телефондардың әртүрлі болып келетіндігі. Жағдайы жақсы бай баласы қымбат ұялы телефон ұстайды. Ал материалдық жағдайы одан төмен отбасының баласы ұялы телефонның арзанын ұстайды. Осындай теңсіздіктер қылмыстық себептерді туындатады.

Кейбір деректерге назар аударсақ, Қазақстанда жасалатын қылмыстардың 57 пайызын 14-29 жас аралығындағылар жасайды екен. Мысалы, Алматы қаласында жасөспірімдер қылмысы өзге аймақтармен салыстырғанда біршама төмен. Бұл жөнінде Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің бастығы, полиция майоры Салтанат Әзірбек: 
– Жыл басынан бері Алматы қаласында 2000 мыңға жуық жасөспірім полиция бөлімшелеріне жеткізілген болатын. Олардың 630-ы жүріс-тұрысы нашар жас ретінде арнайы есепке алынды. 2000 ата-ана балаларын түнде қаңғытып жібергені үшін, 48 ата-ана балаларын тәрбиелеуден бас тартқаны үшін жауапқа тартылды. 20 ата-ана соттың үкімімен ата-ана құқықтарынан айырылды. 640 жасөспірім оқшаулау орталықтарына жіберілді. 180 бала қылмыс жасаса, оның тең жартысынан көбі – басқа қалалардан келгендер. Алматыда Қазақстан бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыстың саны ең төменгі деңгейде. Бүгінде қаладағы 181 мектепте мектеп инспекторлары тағайындалған. Олар мектептің төңірегінде ешбір қылмысты болдыртпайды. Жылдың басынан бері барлық мектептерде бейнекамералар орнатылған. Қылмыстың басым көпшілігі ұрлық жасау, қарақшылық шабуыл, мүліктік қылмыспен байланысты. Аса ауыр қылмыстар ілуде біреу болмаса, кездеспейді. Қылмысқа баратын жасөспірімдер – отбасының жағдайы нашар, тәрбие көрмеген, жүгенсіз кеткен балалар, – дейді. 
Айтылған деректерге қарағанда, бала тағдырына жауапты ата-ана салғырттығы да балалар қылмысына себеп болып отырғандығын аңғаруға болады. Егер әр балаға өзінің ата-анасы тарапынан тиісті дәрежеде көңіл бөлінсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болар еді. Балаға көбіне-көп отбасындағы келеңсіз жағдайлар өз әсерін тигізбей қоймайды. Маскүнемдікке салынып кеткен әке-шешенің баласы қандай өмірге тап болады? Елестетудің өзі қиын. Әрбір ата-ана өз баласының өмірі, тағдыры үшін жауапты. Осы жағынан алғанда, кемшін тұстар жетерлік. Бала қараусыз қалса, оны қылмысқа итермелейтін себептер де аяқ астынан табыла кетпей ме? Мақалаға орай, Алматы қаласындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Зиядінхан Әбдібайұлына жолығып, біраз мән-жайларға қанық болдық. Білгеніміз, сотта қаралатын әрбір істің астары терең зерделенеді екен. Бала қылмысқа қалай барды? Қылмысқа барудағы ниеті қандай? Әлдебіреулердің ықпалына түсіп қалған жоқ па? Біреудің айтқанымен барды ма, әлде өзі шешім қабылдады ма? Баланың отбасылық жағдайы қандай? Сот төрағасының айтуынша, 2008 жылдың шілде айынан бастап, бүгінгі күнге дейін 286 үкім шығарумен қаралған қылмыстық іс болыпты. Барлық қаралған іс – 463. Сотты болған кәмелетке толмағандар саны – 366. 546 сотталғандардың ішінде 121-іне бас бостандығынан айыру жазасын қолдандық. Ал соның ішінде кәмелетке толмағандардың саны – 40. Өткен жылдарды алатын болсақ, бас бостандығынан айырылған кәмелетке толмағандар 2008 жылы – 5 адам, 2009 жылы – 25 адам, 2010 жылы – 5 адам, 2011 жылы 5 адамды құрап отыр. Бізге келетін істердің 93 пайызы – меншікке қарсы қылмыстар, яғни бөтен мүлікті ұрлау, тонау, қарақшылық жасау. Жасы кәмелетке толмағандар өзімен қатарлас балалардың әдемі, бағалы ұялы телефон ұстап жүргенін көреді. Сөйтіп, «онда неге бар, менде неге жоқ» деген түсінік пайда болады. Ол оны қылмыс деп те есептемейді. Қылмыс жасағаны жөнінде кейбіреулерінен сұрағанда «біз бұған қылмыс деп қарамадық» деп жауап береді. Тағы бір топқа үлкендердің ықпалы әсер еткен. Әйтпесе өзін қоршаған айналасының ықпалына ұшырайды. «Досымызға жәрдем берейік, соған ақша қажет болып тұр», «бір жерге қарыз болып қалыпты» деген желеумен қылмысқа бой ұрады. Сөйтеді де ең оңай сатылатын – ұялы телефонды ұрлайды немесе біреуден тартып алады. Оны 5-10 мыңға сатып, пайдаланатын кездері болады. Балалардың мұндай қылмыс жасауына көбінесе өмірлік қағидасының қалыптаспағаны әсер етеді. Ауылда өсті. Тоғызыншы сыныпты бітіреді, қалаға келіп колледжге түседі. Еліктеп, басқалар сияқты ұялы телефон ұстағысы келеді, жақсы киінгісі келеді. Ол үшін ақша қажет. Оны қалай табуды білмейді. Сөйтіп жүргенде жанындағы біреулер «гоп-стоп» жасадық та, мына ұялы телефонды алдық» деп әлгі баланы қызықтырады. Оған «мен солай неге жасамаймын» деген ой келеді. Содан кейін барады да біреуден тартып алады. Ашық тартып алған соң Қылмыстық кодекстің 178-бабына, ал топ болып жасаса, осы баптың 2-бөлімі, яғни топ болып тонауға жатады. Ал егер өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданам деп қорқытса, Қылмыстық кодекстің 179-бабымен қарақшылық қылмысқа өтіп кетеді. Қарақшылыққа өтетін себебі, олардың біреуінің қолында пышақ болады, не болмаса жарақат түсіруге бейімделген заттары болады. Жасы кәмелетке толмай, бас бостандығынан айырылып сотталғандардың бәрі – осы қарақшылықпен сотталғандар, не болмаса, бұрын адам тонап, қайталап қылмыс жасағандар. Өзіңізге белгілі, қазір мемлекетімізде сот ісін ізгілендіру саясаты жүргізілуде. «Жасы кәмелетке толмағандар орташа ауырлықта қылмыс жасаса, оған бас бостандығы еркінен айыру жазасы берілмейді» деп Заңның өзінде де жазылған. Егер ізгілендіру саясаты бұрынғы жылдары болған болса, ол кездердегі істердің жартысына жеңіл жаза қолдануға болушы еді. Соны біз қазір қынжылып еске аламыз. Ол кезде заң қатал болды. Сондықтан да көп жағдайда кәмелетке толмағандарды бас бостандығынан айыруға тура келді. Қылмыстық кодекстің 481-бабында: «Кәмелетке толмағанның жасы (туған күні, айы, жылы), кәмелетке толмағанның тұрмысы мен тәрбие жағдайы, интеллектуалдық, ерік-жігерінің және психикалық даму дәрежесі, мінезі мен тегеурінділік ерекшеліктері, мұқтаждықтары мен мүдделері, кәмелетке толмағандарға ересек адамдар мен басқа да кәмелетке толмағандардың ықпалы анықталуы тиіс» деп жазылған. Осыған байланысты біз сот ісін қарағанда барлық жағдайды саралаймыз. Топтың әсері болды ма, үлкендердің ықпалы болды ма, жоқ өзінің қызығушылығы болды ма, балалықпен жасады ма, құрбы-құрдастарының алдында мақтаныш сезіммен өзінің күшінің басым екенін көрсеткісі келді ме, әлде пиғылында мүліктік пайда көру болды ма» деген мән-жайлар тексеріледі. Қылмыстық жазадан босату мәселелері де Заңда көрсетілген. Сондай-ақ оны бас бостандығынан айырмай-ақ басқа жаза беріп, тәрбиелік әсері бар мән-жайларды қолдану да қарастырылады. Ол Қылмыстық кодекстің 82-бабында көрсетілген. Осылайша, барлығын саралағаннан кейін белгілі болып шығады. Сонан кейін ғана «бас бостандығынан айыру жазасы беріле ме, әлде тәрбиелік әсері бар шаралар қолдану керек пе» деген мәселе үкім арқылы шешіледі. Үкім бойынша ата-анасының қарамағына беріледі немесе арнайы уәкілдік берілген мемлекеттік ұйымдар оның тәрбиесімен айналысады, жүріс-тұрысын қадағалайды. Баланың өзіне қосымша шаралар жүктеледі. Мысалы, белгілі бір уақыттан кейін үйден шықпау, белгілі бір жерлерге бармау, өзі тұратын аудан көлемінің өзінде тек рұқсатпен ғана шығу сияқты шаралар қолданылады. Жүріп-тұруы қадағалауда болады. Осы шаралардың нәтижелерін біз қазір көріп отырмыз. Кәмелетке толмағандар ойламаған жерден, үлкендердің, болмаса бір топтың ықпалымен қылмысқа барып қалады. Ал өзімен тікелей сөйлессең, өте тәрбиелі, жеке басы қоғамға қауіпті емес, жайлы отбасынан шыққан. Айналасындағыларға одан келетін қауіп жоқ. Осындай мәселенің бәрін қараған кезде қайтадан сот алдына келетіндері жоқ деуге болады. Алайда қылмысқа қайтадан аяқ басатындар болып тұрады. Мәселен, басқа соттардан «кәмелетке толмаған балаға шығарылған үкімінің көшірмесін жіберіңіздер» деген хаттар келеді. Сонда осындай жағдай арқылы, біз ол баланың қайтадан істі болып, қылмысқа барғанын білеміз, – дейді Зиядінхан Әбдібайұлы. 
Бұдан түсінгеніміз, қылмысқа баратын әрбір баланың серіктестері, азғырушылары, қылмыс жасауға итермелейтін сыртқы күштер де болады екен. Сонда баланың сондай топқа түсіп қалмауы үшін біз не істеуіміз керек? Қоғам не жасау керек? Мемлекет қандай шара қолдануы қажет? Иә, қылмыс әлемі жасарып келеді. Үлкендер жасайтын қылмысты кіші де жасай беретін болды. Бала кезден осындайға қылықтарға үйір болған адам, өскеннен кейін түзеліп кетеріне кім кепіл болады?! Есейгенде қылмысқа баруын қояды деп кім айта алады? Істі болып, сотталған баланың ертеңгі тағдыры да қай жағынан алып қарасақ та, өзіне жеңіл болмасы анық. Түрмеден босап шыққанда, күні ертең оның бетіне басып айтатындар да табылады. Әр баланың психикасы әртүрлі. Оған біреу шыдайды, біреу шыдамайды. Әлеуметтік ахуалы, ішкі жан дүниесі дағдарысқа ұшырап, өз-өзіне қол жұмсауы да мүмкін. Қарап тұрсаңыз, сан мың тағдыр, есепсіз көп мәселелер. Қазіргі кезде жас жеткіншектің әлі қалыптасып үлгермеген психикасына зорлық-зомбылық көрініске толы фильмдер, түрлі ақпараттар әсер етіп отырғанын мамандар айтып жүр.

Кәмелетке толмағандардың қылмысқа баруын қалай тежейміз? Көше түсініктері, жастардың арасындағы қылмыстың тыйылмай отырғаны – бірігіп ойласатын жағдай. Бәлкім, біз тәрбиені уыстан шығарып алған шығармыз? Мүмкін балаларға қатысты тәрбие технологияларын өзгерту керек шығар? Қылмысқа барудың себеп-салдары тиісті дәрежеде сараланбай отырған болар? Бала қылмысқа барды. «Неге барды, не түрткі болды» деген мәселеге мән берілмей отыр. Мектеп, ата-ана, қоғамдық институттар осы мәселемен мықтап айналысуы керек. Әлеуметтік қиындықтар, баланың басына түсетін психологиялық дағдарыстар, түрлі себептер баланы қылмыс жасауға итермелейді. Әрбір баланы оған әсер ететін топтың ықпалынан қалай құтқарамыз? Кәмелетке толмағандармен жұмыс жүргізудің оңтайлы шаралары ойластырылып, мемлекеттік деңгейден көңіл бөлінуі тиіс. Әйтпесе, қылмыс әлеміне бір кірген бала оның есігін қайта ашуы әбден мүмкін. Еліміздің әр баласы – мемлекетіміздің болашағы. Олардың тәрбиесіне, өміріне мән беріп, немен айналысатындығына, кімдермен байланыста екендігіне, бос уақытын қалай өткізетіндігіне назар аударуы керек. Балалардың өміріне қатысты барлық жағдай елеусіз қалмауы керек. Өйткені баланың өмірі мен тағдыры бәрінен қымбат. Оның қалыптасуына, өмірде дұрыс адам болып өсуіне қоғам болып, мемлекет болып көмектесуіміз қажет. Осыдан келіп барлық жұмыстарға мазмұндық һәм сапалық өзгерістер ауадай қажет. Ең бастысы, кез келген баланы қылмыс әлемінен алшақтатудың, соның құрығынан құтқарудың жолдарын табуымыз керек.

 


Информация о работе Бала неге қылмыс жасады?