Шешендік сөздерді оқыту

Автор: Пользователь скрыл имя, 12 Января 2012 в 15:16, реферат

Описание работы

Шешендік сөздер қазақ ауыз әдебиетінің күрделі де көркем бір саласы болып табылады. Қазақтың дәстүрлі шешендік сөздерін: шешендік толғау, шешендік арнау, шешендік дау деп шартты түрде үшке бөлуге болады. Шынайы шешендік қиялдан тумайды, өмірлік оқиғалардан, табиғи құбылыстардан туады, көп жылдық тәжірибе мен сан рет қайталау арқылы сыннан өтіп халық мойындаған қағидаға, даусыз ақиқатқа айналады.

Работа содержит 1 файл

Шешендік сөздер.docx

— 36.12 Кб (Скачать)

Шешендік сөздер қазақ ауыз әдебиетінің күрделі  де көркем бір саласы болып табылады. Қазақтың дәстүрлі шешендік сөздерін: шешендік толғау, шешендік арнау, шешендік дау деп шартты түрде үшке бөлуге болады. Шынайы шешендік қиялдан тумайды, өмірлік оқиғалардан, табиғи құбылыстардан туады, көп жылдық тәжірибе мен сан рет қайталау арқылы сыннан өтіп халық мойындаған қағидаға, даусыз ақиқатқа айналады. Оның үстіне әр дәуірдің әр түрлі сөз шеберлерінің талғамынан, толғауынан өтіп шешендік сөз “тілге жеңіл, жүрекке жеңіл” тиетін сүйкімді үн мен ырғаққа ие болады. Шешендік сөздер үш түрлі болады: кеңесу, билік және салтанатты сөз. Ал құрылысы жағынан кіріспе, баяндау және қорытынды болып бөлімнен тұрады.

“Өнер алды –  қызыл тіл” деп қазақ бекер  айтпаған. Қоғам тарихына көзсалсақ, қай халықтың болмасын күрделі қоғамдық, мемлекеттік қайраткерлері, қолбасылары, ғалымдары ойға шебер, тілге шешен болғанын байқаймыз.

Қоғам қашанда  дарынды қабілетті адамдарға мұқтаж. Дарынды адамдар қатарын көбейту үшін олардың сөйлеу тілі және танымын дамыту керек. Сондықтан біз, мұның негізі халқымыздың даналықпен айтқан шешендік сөздерінде жатыр деп қарастырдық. Қазіргі кездегі оқу-тәрбиенің міндеті осы тың жатқан дүниені, даналыққа құрылған қанатты сөздерді, мақал-мәтелдерді, шешендік өнерді жас ұрпақтың бойына қалыптастырып, сол арқылы рухани байлығын арттыру.

Қазақ жұрты  – жаратылысынан шешендік өнерге бейім халық. Оның қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі, аталы да баталы, нақыл, қомақты ойлары жөнінде өзіміз де, өзгелер де таңдай қағып айтудамыз. Қазақ шешендік өнері- атадан мирас болып, алтын баулы желісі үзілмей келе жатқан ардақты өнер. Теңіз тербеп тереңінде шайқалған інжу маржандай ғасырлар бойы халық жадында сақталып, жұпталып көптің көкейіне орнаған шешендік сөздер шешендердің даналық сөздерінде ашылады, айқындалады, ал шешендер әлденеше ұрпақтың сана сезімін аралап, көптің көкейіне қонақтаған ойлы, сырлы сөздерді жаттап, жадында сақтайды керекті, келеңді жерінде жаңартып кәдеге жаратады.

Қазақ шешендік өнерінің піспегі – шешен билер де, күбісі – халық. Ел есінде жүрген шешендік нұсқалардың туындыгері – шешен-би. Халық заманы озған сайын әлгіндей сөз үлгілерін талқыға салып, қырлап, өңдеп, құлпыртып әкеліп, кейде тіпті сан-саққа жүгіртіп әркімдердің (шешен-билердің) атынан айтады. Осындай әдеби-халықтық, фольклорлық сұрыптаулардан кейінгі біздің заманымызға келіп жеткен шешендік сөздер шымырқанған қымыздай жұтылған, таңдай татарлық дүниелер болып келеді.

Би-шешендер –  шешендік өнердің негізгі доминанты (қозғаушы күші). Аталмыш өнер атауының өзі осы қалыптан шығып отыр. Бұл тұрғыдағы ойларымыз алдағы тарауларда кеңірек баяндайтын боламыз.

Ұлттық өнеріміздің  тарихында Майқы би Мәнұлынан (Айса пайғамбардың тұстасы) бастап, Майқы  би Төбейұлы (1105-1225 жылдар шамасы), Аяз  би Жаманұлы (11-12 ғ.), Мөңке би (1207-1250), Едіге би (1354-1419), Бәйдібек би (1356-1419 жылдар шамасы), Әз Жәнібек (1406-1473), Жиренше шешен, Шоған би (1584-1642), Әсет би (1676-1723), Қадір-Тайжан, Тоқсан, Жанкісі, Антайлақ, Бөлтірік, Сары, Сырлыбек, Бала би, Ноғайбай, Саққұлақ, Бапан, Шоң, Шорман, Байдалы, Қараменде, Зіл-қара, Алшынбай, Асаубай секілді, сондай –ақ, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек және Әйтеке билердің жарқын бейнелерін әлі де қазақ даласындағы айтулы шешен-билер есімімен толықтыра, молықтыра айтуға болады.

Қазақта шешен, би деген ұғымдар дербес тұрып  та, қосарланып та айтыла береді. Белгілі  бір шешендерін өкіл деп танысақ, мәселен, Жиренше шешен, Зілқара шешен, Әлібек шешен, Сүйінбай шешен, Бөлтірік шешен, Шәңкі шешен, Мүсіреп шешен, Тұяқ шешен, ал енді бір сыңарын би деп түстеу, мәселен, Майқы би, Аяз би, Мөңке би, Әйтеке би, Бала би т.б.деп атау қалыптасқан.

Би атауы-әлгіндей емес, белгілі бір мақсатқа, мемлекеттік мүддеге қызмет ететін, жалпы шешендіктен салыстырмалы түрде тар арнаға ыңғайланған шешендердің тобын көрсететін атау.

Бұдан билердің рөлі тек қоғамдық мәселелерді шешу үстінде ғана айрықша да, одан былайғы тұста шешендік сипаты жойылады деген ой туындамауы керек. Би дегеніміз - ел-жұрттың әдет - ғұрпын, салт - дәстүрін, өткен-кеткен көне шежіресін, тарихын, қоғамдық даму барысын, айнала қоршаған табиғаттың, жан-жануарлардың сан алуан қасиеттерін, құпияларын жетік білетін, бүгінгіге баға беретін, болашаққа болжам жасап, адамдардың көкірек көмбелеріне ой көзімен қарап көре алатын, қырлы-қырлы мінез-құлықтарды айтқызбай – ақ доп басатын, ғылым-білімнен хабардар, кемел пікірлерін шешен тілмен жеткізіп беруде дара қасиеті бар біртума жандар.

Сонымен шешен  деген тұста бұл ұғым біздің жадымызда  көне Грек пен Римнің сот залдарында алқалы жиындарда тоқтаусыз ағыл-тегіл  сөйлеп, аудиторияны сөзіне ұйытып, айтар ойына мүлгітіп тұрған оратор түсінігінде ассоциациаланады да, би ұғымы заңдық, билік күші бар судья болмысы арқылы көрінеді. Осы екі ұғымды, екі болмысты, табиғатты жақындастыратын, жанастыратын қалып- шешендік, шешендік сөйлеу процесі. Шешендік өнер ілімі (риторика) ерте қалыптасқан антикалық Грек пен Рим теоретиктері, іргелес орыс теоретиктері шешендік өнерді сөйлеу процесі тұрғысынан мейлінше жан- жақты талдады, ілгері еңбектер жазды. Риторика ілімнің көне және орта дәуірінде Протогор, Демосфен, Цицерон, Аристотель, Квинтилиан, Марк Антоний, Луций Крам қайта өрлеу дәуірінің көрнекті өкілдері Кампонелла, Томас Мор, Петрарка, Данте, Рабле, Шекспир, орыс шешендік өнерінің теориясында Макарич, Усачев, Ломоносов, Рижский, Мерзляков, Галюч, Коменский, Сперанский есімдері тарих бетінде жарқырап қалды.

Қазақ шешендік өнерінің зерттелу тарихы өткен ғасырдың бірінші ширегінен бастау алады. Мәселен, 1883 жылғы “Дала уәлаяты” газетінің 24 санында Әлихан Бөкейханов ескі билердің шешендік сөздеріне аса ілтипат көрсетіп, оларды жинау, саралау, насихаттау идеясын көтерген.

Ал шешендік сөздерге ғылыми түрлендірулер жасау  үстіміздегі ғасырдың 20-шы жылдарынан басталған.

Шешендік сөздерді ауыз әдебиетінің жеке саласы ретінде  қарастырған бұл тұстағы зерттеулер А. Байтұрсынов, М. Әуезов, С. Сейфуллин есімдерімен тығыз байланысты. Алдыңғы тарауларда аталмыш ғалымдардың еңбектеріне көп орайда жүгініп отыратындықтан, бұл ретте зерттеулерге арнайы тоқталмаймыз.

Бұдан кейінгі кезеңдегі шешендік өнер тарихының зерттелуі Ә. Маметова, Б. Адамбаев еңбектерімен толықты. Сондай–ақ фольклортанушы ғалым С. Садырбаев шешендік сөздерді ішкі үлгілерге жіктеуде өзіндік ой-өрнегін көрсете білді.

Шешендік сөздердің  әр жылдарындағы жиналып басылуына ат салысып, алғы сөздер жазып, өзіндік ой-өрнектер, ғылыми тұжырымдар қалдырып жүрген ғалымдар қатарына Т. Дәдебаев, С. Қорабай, Н. Төреқұлов, М. Қазбеков сынды бұл істің үлкен жанашырларын атаған лазым, жалпы шешендік өнер аясында туындаған сөздерді шешендік сөздер деп атап, оны әдебиеттің дербес, жеке жанры ретінде ғылыми тұрғыдан бажайлау үстіміздегі ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы А. Байтұрсынов, М. Әуезов және С. Сейфуллин сияқты ғалымдар еңбектерімен тығыз байланысты.

Аталмыш ғалымдар алғаш рет шешендік сөздерді ғылыми зерттеудің көзі (объектісі) ретінде арнайы қарастырды. Мәселен, А. Байтұрсынов 1926 жылғы “Әдебиеттанытқыш” атты еңбегінің “Шешен сөз” деген тарауында шешендік сөздерді бес түрлі ішкі жанрлық үлгілерге жіктеді: а) саясат шешен сөз; ә) билік шешен сөз; б) қошамет шешен сөз; в) ділмор шешен сөз; г) уағыз.

Бұл тұстағы  шешендік сөздердің функционалдық сипатын жазған, Ш. Уәлиханов еңбектеріндегі ой сарабын тереңдеткен, дамытқан ғалым Халел Досмұхамедов.

“Қазақ халық  әдебиеті” атты зерттеуінде Х. Досмұхамедов халық әдебиетін қырық алты түрге  жіктей отырып, соның бір үлгісіне, жанрлық түрге “Билік сөз” деп шешендік сөздерді жатқызады. “Әртүрлі сот істері кезіндегі билердің тамаша үкім сөздері, екі жақтың ұтымды даулары мен тапқыр жауаптары, әдетте, ұйқасты мәтел не өлең түрінде айтылады. Поэзияның бұл түрі билік сөз (замечательные приговоры судей биев) деп аталады” – деп атап көрсетеді.

Кең көлемде  жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетінің  тарихын жасауға батыл қадам  жасаған еңбек М. Әуезовтың “Әдебиет тарихы” десек, автор аталмыш  еңбекте қазақтың шешендік сөздерін әдебиет тарихынан орын тептіріп, “Билер айтысы” деген терминдік атау беріп, өзіндік ілімнің әлі де болса теориялық шымырлануы қажеттігін былайша аңғартады: “Билер айтысының қазір де барлық түрлері жиналып болмағандықтан, екінші бұл түрдегі айтыстар ерекше көп болғандықтан, бұл күнде түгел жіктеп, бөліп қоюға болмайды. Сондықтан, қазірде қандай түрлері кездесетінін айтамыз. Бірақ бұл жіктеу уақытша ғана және ылғи ішкі мағынасына қарап жасалған жіктер болады”.

Бұдан кейінгі  кезеңде жалпы шешендік өнер аясында  пайда болған шешендік сөздердің  құлақ кесті үлгісі ретінде қандай жәдігерлер қарастырылуы, аталуы тиіс деген көкейдегі ойдың пердесін сыпырған, бұл төңіректегі теориялық ой-толғақтың нені шиырлауы керектігін Әуезовтен кейін тағы да атап көрсетіп, әдебиет тарихының тұтас бір дәуіріне арнаған еңбек С. Сейфуллиннің еңбектегі ой-зердесі М. Әуезовтің ой-пікірлерімен астасып, шешендік сөздердің негізі ретінде дау-дамайда, талас-тартыста туған билер сөзі алынуы керектігін зерделеген ой-әлемі жанрға “билер сөздері” деген термин – атау ұсынғандығынан аңғарылады.

Сондай–ақ С. Сейфуллиннің ғалым ретіндегі ой-тұжырымдарының құндылығының тағы бір қыры мынада: автордың қазақ билерінің болмысының халық өмірінің сан-алуан қырларымен байланыстылығын, билердің көп қырлы функциясын айта алғандылығында.

Әдебиетші ғалым  С. Негимов бұл турасында “..бұған  қоса ол әрі батыр, әрі әнші-ақын, жыршы, сыншы, сәуегей, шежіреші, ғұлама, бір сөзбен айтқанда, әмбебап дарын екендігін ескертеді”, - деп пайымдайды.

Қазірде жаңаша ойлау диалектикасы тұрғысынан әдеби мұрағаттарымызды қайыра екшеп жатқан тұста билер функциясының аясын барынша кең арнада қарастырып жүрген еңбектердегі теориялық ой-пікірдің жоғарыдағы С. Сейфуллин еңбегінен бастау алатынын көреміз. Мысалы зерттеуші Мұқадес Есламғалиұлы би – көсем, би – шешен, би – ақын, би – заңгер, би – емші, мәмлегер, би – батыр, би – саясаткер, қоғам қайраткері, би – ойшыл-ғалым, би – психолог, әртіс, би – тәрбиеші деп қазақ билерінің халық өміріндегі, қоғам алдындағы он түрлі қызметін түстегенде, жоғарыдағы С. Сейфуллиннің пікіріне сүйгендігін байқаймыз.

Осылайша шешендік өнердің аясын айқындап, халықтық негіздері мен ұлттық сипатын  бағдарлап, көркем сөз ретіндегі  теориялық табиғатын тексере  бастаған ғылыми-зерттеушілік ой-ағым отызыншы жылдардан кейінгі уақытта  әдебиеттану ғылымындағы бел  алып кеткен “тұрпайы социологизмнің”  салқынына ұшырады. Сейфуллин зерттеулерінде табы сезіле бастаған бұл оңсыз теорияның ықпалы 1945 жылы қорғалған. Ә. Маметованың “Қазақ билерінің шешендік сөздері және оның әдебиеттегі тарихи орны” атты диссертациясына кері әсер етіп, кейін 1948 жылы шыққан “Қазақ әдебиеті тарихы” атты кітапта жал-құйрығы күзеліп, кейбір концепциялары алынып тасталды.

Ұлттық шешендік өнер, шешендік сөздер теориясының  дамуының келесі бір кезеңі тікелей әдебиетші ғалым Балтабай Адамбаев еңбектерімен айқындалады. Балтабай Адамбаев М. Әуезов, С. Сейфуллин, Х. Досмұхамедов ұсынған “билер сөзі” терминін “шешендік сөздер” терминімен алмастырып, тақырып аясын айқындап, жанрдың ішкі үлгілерін мазмұнына қарай үшке, құрылысына қарай екіге бөледі.

“Шешендік сөздердің  әлеуметтік және әдеби эстетикалық  мәнін, жанрлық-көркемдік ерекшеліктерін ашып анықтау үшін сөз нұсқауларын талдаймыз және мазмұнына қарай шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау деп үш салаға топтап зерттейміз”, - дейді.

Қазақ халқында белгілі бір мәселені талқылау кезінде шешен адамдардың тапқыр ойымен, шебер тілімен ауызша айтқан мазмұнды, көркем пікірін шешендік сөз дейміз.

Ақындық, шешендік өнердің өсіп-өркендеуіне қажетті жағдай еркін сөйлеуге бостандық, сөз бостандығы. Бұл жөнінде де қазақ қауымында сөзге тыйым салынбаған, сынға шек қоймаған. Тілімізде “би”, “шешен” деген сөздердің бір мағынаға бірігіп, кірігіп кеткені белгілі, би болу үшін бір ғана сөзге шеберлік жеткіліксіз. Бұл ең алдымен елдің шежіресін, тарихын ұлылы-кішілі ел басынан өткен уақиғаларды, тарихи қайраткерлерді, әсіресе дау-дамай, соғыс біткен мәселелеріне реттеу тәртібін екінші сөзбен айтқанда, әдет-ғұрып заңын жетік білуге тиіс. “Ойлансақ мың бір пәле тілден туған, шешендер топ ішінде белді буған”, - деп Шал ақын бекер айтпаса керек. “Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” дегендей көп ішінен дарынды шешендер шыққан. Шешендердің басым көпшілігі билеуші тап өкілдері болған. Көбінесе шешендер жер дауы немесе жесір дауы немесе ердің құнымен байланысты айтылған билік төрелік сөздер. Шешендік сөздер, өнер көп жағдайда әншілік, күйшілік тіпті ақындық сияқты өнер танымай кейбір тыңдаушы адамдардың “жақсылар” мен жайсаңдардың жеке бастарының қасиеттері ретінде де бағаланған. Ақындар сияқты шешендер арнайы өнер жарысына түспеген, түсуге арналған, олардың шешендігі белгілі бір дауларды шешу үстінде көрінген, шешендік – тапқырлық сөздері белгілі бір мақсатпен байланысты туыған. Олардың дауласқан, айтысқан мәжілістеріне екінің бірі араласа алмаған. Алайда үстем тап өкілдері ру басы – билер шешендік өнерді өзінің шын иесі халықтан бөліп – жарып әкете алмаған. Нағыз кедей мен жарлы жалшыдан небір күміс көмей, жез таңдай халық шешендері шығып, әдеби тілімізді, тілдік қорымызды байытуға қалыптастыруға қазақтың алғашқы авторлары өлең-жырлары, аңыз-әңгімелері, шешендік сөздері әз Жәнібек хандығының төңірегінде дамыған. Қазақтың шешендік өнері үш жүздің басын қосқан Тәуке ханның тұсында, ханның ордасы Түркістан қаласында жанданған, ердің ұнына екі ауыз сөзбен бітірген даңқты дала Демосфендері ме Цицерондары, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би және қара жігіт Әйтеке шешендердің атақ-даңқтары да осы кезде шыққан.

Халық “Әйтеке  бауыздап, Қазыбек іреп, Төле мүшелеп  берер”- деп Әйтеке айтса “қандай  қиқар даукесің де қалай құлақ  аспасқа”, Қазыбек айтқанда төресі осы тығыла кетпеске лажы жоқ еді деп кесіп айтқан. Сондай –ақ халық тағы да “Әйтеке жорып жеткізіп айтады” деп үш биге байланысты бағасын беріп қойған.

Информация о работе Шешендік сөздерді оқыту