Қазақ лексикографиясы. біртілді оқу сөздігін түзудің ғылыми негіздері

Автор: Пользователь скрыл имя, 24 Февраля 2013 в 13:23, реферат

Описание работы

Лексикография өзге ғылым салаларымен тығыз байланыстағы, көптеген жағдайларда осы ғылым салаларының тоғысында, шек-арасында дамып отыратын ғылыми пән болып саналады. Қоғамдық сананың көрінісі ретіндегі, ұжымдық тәжірибені жинақты түрде бейнелейтін ғылыми шығарма ретіндегі лексикографиялық туындыларды түзудің ғылыми-теориялық мәселелері тіл білімінің әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттаным салаларымен тікелей байланысты.

Работа содержит 1 файл

Қазақ лексикографиясы. біртілді оқу сөздігін түзудің ғылыми негіздері(2).doc

— 208.00 Кб (Скачать)

     1.1 Лексикография теориясы мәселелері. Бұл тақырыпшада лексикография теориясында қаралатын «лексикография» ұғымының мәні мен мазмұны, біртілді оқу сөздігін түзудегі лексикологиялық заңдылықтар («сөздік лексикологиясы»), сөздіктердің жанрлары мен типтері туралы ілім, сөздіктің элементтері мен параметрлері туралы ілім, біртілді оқу сөздігіндегі лексикографиялық құрастырма негіздері туралы ілім, бастапқы материалдар туралы ілім, сөздік түзу ісін жоспарлау мен ұйымдастыру туралы ілім жөнінде сөз болады.

     «Лексикография» ұғымының мәні  мен мазмұны. Лексикографияның теориясында қарастырылатын алғашқы мәселе, бірінші аспект – «лексикография» ұғымына анықтама беру болып табылады. Ғалымдардың лексикография терминіне берген анықтамалары әртүрлі. Испан лексикографы Х.Касарес оны «сөздік жасау өнеріне» балаған болатын.  Лексикографияға үлкен лингвистикалық сөздікте:  «сөздік түзудің теориясы және практикасымен айналысатын ғылым саласы» түрінде түсінік беріледі. Қазақ тіл білімінде аталмыш терминге берілген негізгі анықтамалардың бірінде (Ғ.Қалиев) ол екі мағынада: 1) сөздік жасаудың теориясы мен практикасын зерттейтін тіл білімінің саласы; 2) белгілі бір тілдегі я ғылым саласындағы сөздіктердің жиынтығы – ретінде көрінеді [3]. О.С.Ахманованың лингвистикалық терминдер сөздігінде: 1) сөздік түзу туралы ғылым; 2) тілдегі лексикаға сипаттама жасау ретінде сөздік түзу ісі; 3) тілдегі немесе білім саласындағы сөздіктер жиынтығы  - деген анықтама беріледі. Кеңестік дәуірдегі екі тілді (аударма) лексикография теориясының негізін қалаған ғалым В.П.Берковтың пікірі бойынша, лексикография: 1) сөздік түзу ұстанымдарын зерттеумен айналысатын ғылым саласы, сөздік жасаудың теориясы; 2) сөздік түзу ісі; 3) тілдегі сөздіктердің жиынтығы; 4) елдегі сөздіктердің жиынтығы [4, 4].  Келтірілген анықтамалар бойынша дау айту қиын. Алайда, бұл жерде бір мәселені естен шығармаған жөн. Ол сөздің бастапқы этимологиясына қатысты мәселе. Ол туралы бұдан арғы зерттеу барысында, «оқу лексикографиясы» терминінің мәнін ашу кезінде кеңірек сөз болады.

      Біртілді оқу сөздігін түзу  ісіндегі ішкі лексикологиялық  заңдылықтар. Ұғымдарға сөздікте түсінік беру мәселесі, В.В.Морковкиннің сөзімен айтқанда, сөздік лексикологиясы («словарная лексикология») - лексикография теориясындағы маңызды аспектілердің бірі. Сөздік түзу ісінен хабары аз адамдар оны жасауды оңай шаруа деп ойлайды. Олардың ойынша, барлық зат, құбылыс, ұғым атауларының жалпыға ортақ, түсінікті анықтамалары бар болғандықтан, мәселе соларды түрлі дереккөздерден теріп алып, сөздікте тізіп беруде ғана болмақшы. Алайда, өкінішке орай, лингвистикалық еңбектердегі тілдік бірліктерге берілетін ғылыми сипаттамаларға ден қойып, сараптама жасайтын болсақ, ортақ мәнді бірөңгей қағидалардың өте сирек ұшырасатынын байқау қиын емес. Ғылыми еңбектерде бір-біріне мүлде қарама-қарсы келетін сипаттамалардың да болу жағдайлары  кездеседі. Ғалымдардың ғылыми көзқарастары, пікірлері бір-бірінен ерекшеленеді. Ғылыми зерттемелерге назар аударар болсақ, бір-біріне баламалы қатынастағы, бірін бірі толықтыратын, кей жерде бір-біріне қайшы келетін көзқарастардан туындайтын ғылыми тұжырымдардың  куәсі боламыз. Бір қарағанда қарапайым көрінетін  «сөз» ұғымына берілетін анықтамадан бастап, сөздердің лексика-грамматикалық таптарына берілетін түсініктемелерге дейін әрқилы болуы мүмкін. Бұлар - әр ғалымның, әрбір ғылыми ортаның, әр ғылыми мектептің көзқарастарындағы өзгешеліктерден туындайтын ерекшеліктер. Осындай жағдай лексикографиялаудың мақсаттарына сай келетін, сөздікке қатысты ерекше лексикологиямен айналысуға алып келеді. Сөздік лексикологиясында сөздіктің түріне, типіне, жанрына, жасалу мақсатына, адресатына, көлеміне байланысты тілдік бірліктерге жасалатын алуан түрлі сипатттаманың әдіс-тәсілдері, лексикографиялаудың заңдылықтары екшеліп, айқындалады. Тілдік және метатілдік құбылыстарды лексикографиялаудың қажеттеріне бағдарлай түсіндіру қамтамасыз етіледі. Осыған қажетті әдістемелік шешімдердің типтік үлгілері ұсынылады. М.Малбақовтың пікірі бойынша, сөз болып отырған ұғым лексикалық бірліктердің сөздіктерде лексикографиялану заңдылықтарын қамтиды. Лексикалық бірліктер санатына жеке-дара бірліктер де, тұтас бір топты, категорияны, жүйені қамтитын күрделі бірліктер де кіреді. Ғалым лексикографиялану заңдылықтары бойынша келтіруге болатын көп мысалдардың бірі ретінде сөздіктердегі негізгі сөздік тұлғаның берілу ерекшеліктерін, лексикалық бірлікке берілетін сипаттаманың ерекшеліктерін атайды. Мысал ретінде сөздіктегі негізгі сөздік тұлғаның сипаты мен сипаттамасына қатысты «етістіктердің негізгі сөздік тұлғасы қандай», «сөз таптарының конверсиясы қалайша көрсетіледі», «лексикалық бірліктің тілдік жүйедегі, сөздік құрамдағы орны қалай бейнеленеді» деген тәрізді сұраулардың лексикографиялық шығармалардағы шешімі әр түрлі болып шығатыны белгілі. Сөздіктегі сөз мағынасын ашу (сөздіктегі семасиология), лексикалық бірлікке анықтама беру мәселесі – лексикографиялаудың күретамыры іспеттес мәселе. Оның шешімі нақты сөздіктердің сыртқы типологиялық, ішкі құрылымдық ерекшеліктеріне тәуелді. Мәселен, сөздіктердегі тілдердің саны мәселесін алайық.  Сөздіктің біртілді, екітілді және көптілді түрлері болады. Біртілді сөздікте сөзге берілетін анықтама мектепке дейінгі балаларға арналып жасалатын шағын сөздікшеде - бір түрлі, мектеп оқушыларына арналған сөздікте - екінші түрлі, ал жалпылама қолданымға арналып түзілетін үлкен сөздікте - үшінші түрлі болуы мүмкін. Салалық ғылым түрі бойынша арнаулы ғылыми тілде, кәсіби маманға арналып жасалатын терминологиялық сөздіктегі анықтама яғни ғылыми дефиниция бұлардан да өзгеше болмақ. Екітілді сөздіктің өз ерекшеліктері бар. Аударылатын сөздің мағынасын толық ашу ісі екінші тілде балама сөздің болу/болмауына байланысты болмақ. Кей жағдайда сөз мағыналары біріктіріліп жіберіледі немесе негізгі мағына ғана беріледі. Осы мәселеге қатысты В.П.Берков «Кіріс тіл – аргумент, шығыс тіл – функция» - деген еді [4 , 13]. Демек, екінші тілдің жүйесі мен құрылымы толық көрінбейді, олар тек бірінші тілге толық сипаттама беру үшін қажетті мөлшерде ғана ашылады. Және бұл мәселе де, жоғарыда сөз болғандай, сөздіктің көлемі мен адресатының ерекшеліктеріне (оқырманның ана тілі, тілдік даярлығы, мамандығы, т.б.) байланысты әр түрлі шешілуі мүмкін.  

     Сөздіктердің жанрлары мен типтері туралы ілім. Испан лексикографиясын зерттеген Я.Малкил 1959 жылы сөздіктер типологиясын жасау үшін қажетті үш айырым белгіні атайды: 1) сөздіктің диапозоны, яғни материалды қамту аясы; 2) сөздіктің перспективасы; 3) сөздіктің презентациясы [5]. Бірінші және үшінші айырым белгілер түсініктеме беруді қажет етпейтін болғандықтан, екінші белгіге тоқталалық. Ғалым перспективаның да үш түрін қарастырады. Бірінші: тарихи (динамикалық) және синхронды (статикалық) сөздік. Екінші перспектива материалды орналастыру ұстанымына байланысты: а) әліпбилік (дәстүрлі) орналасу; ә) семантикалық (сөз таптары немесе тақырыптық топтар бойынша орналастыру); б) еркін орналастыру. Соңғы үшінші перспектива, автордың өз сөзімен айтқанда, сөздіктің негізгі тоны [бұл жерде сөздік метатілінің ерекшеліктері сөз болып отыр – Ж.Б.] мен нормативтілікке қатысына байланысты. Сөздіктің тоны: а) объективті, ә) нұсқаушы (preceptive) немесе б) ойнақы болуы мүмкін. Нұсқаушы тонға байланысты автор оқырманды тәрбиелеудің яғни оның сөз мәдениетін көтеру мақсатының байсалды лексикографиялық еңбекке келісімсіздігін, лайықсыздығын ескертеді.

      Сөздіктер  типологиясы бойынша 1962 жылы арнаулы  еңбек шығарған Т.А. Себеок  өзінің жіктемесін эмпирикалық  негіздерге сүйене отырып жасайды.  Ол он жеті белгіні атайды: 1) сөздіктің автордың ана тілінде жасалуы; 2) сөздіктің мәтіндерге байлаулы болмауы; 3) сөздіктің материалды қамту шектері; 4) сөздіктегі материалдың алуан түрлілігі; 5) атау сөздің жекеше немесе көпше тұлғада берілуі; 6) сөздіктің сөз формасына негізделуі; 7) сөздіктің сөз мағынасына негізделуі (синонимдер сөздігі); 8) сөздік мақалалардың әліпбилік ретте сыртқы тұлғалары бойынша берілуі; 9) сөздік мақалалардың мағына, мән бойынша реттеліп берілуі; 10) қарама-қарсы сілтемелер қолдану жолымен материалды формалық жағынан қосалқы безендірудің болуы; 11) қарама-қарсы сілтемелер қолдану жолымен материалды мағыналық жағынан қосалқы безендірудің болуы; 12) сөздің паспортталуы: а) қандай диалектіге жатады, ә) қандай мәтіндерде тіркелген; 13) экземпликация (қолданым мысалдары); 14) глосса (сөзге жасалатын түсініктемелер мен ескертпелердің болуы); 15) сөздік бірліктің қолданым жиілігінің көрсетілуі; 16) сөздік бірліктің этимологиясының берілуі; 17) сөздік мақалада энциклопедиялық түсініктеменің болуы  [5].  Ғалымның пікірі бойынша, сөздік лексикографтың өз ана тілінде жасалатын болса, мұндай сөздікте нұсқаушы, академиялық типті сөздікке айналу тенденциясы сақталады. Сөздік нақты мәтіндер негізінде жасалса, мәтіндерді басты назарда ұстаса, ол анықтамалық сөздік типіне жақындайды. Бұл жіктемеде сөздіктің тілі, ішкі құрылымы, сөздік бірлік пен сөздік мақаланың орналасу реті, құрамы мен құрылымы ескерілген. Автордың практикалық бағдарды басты назарда ұстануына байланысты құнды жіктемелердің бірінен саналады.

     Француз  лексикографы Ж. Рей-Дебов Я.  Малкилдің, Т. Себеоктың, т.б.  біраз ғалымдардың жіктемелерін  қорыта келіп өз жіктемесінде  төмендегі айырым белгілерді  нұсқайды: 1) дидактикалық шығарма (автордың жеке пікірі байқалмайды); 2) анықтамалық ретінде пайдалану үшін жасалған (сөздік кірістер белгілі жүйе бойынша кодталған, ақпарат берудің арнайы бағдарламасы бар); 3) екі құрылымды: макроқұрылымы (номенклатурасы, яғни сөзтізбесі) және микроқұрылымы (сөздік мақалалардағы ақпараттар жиынтығы) бар; 4) материалдың ерекше орналасымы (тұлғасы немесе мазмұны бойынша); 5) сөздік бірлігі (кіріс сөз) құрылымы жағынан әріп пен фразадан жоғары бірліктер аралығында; 6) ақпараттардың реттеліп, бірақ бір-бірінен бөлектеліп орналастырылуы; 7) сөздіктің номенклатурасы – реттелген, иерархиялық тұрғыдан құрылымданған көпшілік; 8) сөздіктегі айтылым (сипаттама) екі мағынаны біріктіреді: таңбалар туралы айтылым және заттар туралы айтылым [5]. Ғалым аталған мәселелерді терең зерттеп, талдаумен айналысатын ерекше лингвистикалық пәннің – теоретикалық лексикографияның жасалуы қажеттігін жазады.

     Француз  ғалымдары К. Дюбуа мен Ж.  Дюбуа лексикография теориясының  қарастыратын мәселелері ретінде сөздіктер типологиясы мен сөздіктің құрылымдық элементтері туралы ілімді атайды. Яғни ғалымдар бұрыннан белгілі типология мәселесіне сөздіктің ішкі құрылымдық элементтері мәселесін қосады. Орыс ғалымы П.Н. Денисов лексикография теориясының негіздерін зерттеген еңбегінде осы тұжырымды жөн санайды [6, 5]. Оның пікірі бойынша, сөздіктердің жіктемесі дегеніміз – белгілі бір мәдени ареалда немесе белгілі бір ұлттық лексикографиялық дәстүрде тарихи тұрғыдан қалыптасқан сөздіктер мен олардың жанрларының практикалық жүйеленген түрдегі сипаттамасын жасау [6, 6].

     Сөздіктің элементтері мен параметрлері туралы ілім. Сөздіктің элементтері деп оның ішкі, сыртқы құрылымдық бөліктерін айтады. Лексикография теориясында сөздіктер типологиясынан кейін сөз болатын осы сөздік элементтері. П.Н. Денисов бұл туралы: «Лексикография теориясында құрылым туралы ілім, сөздіктің құрамдас бөліктері (элементтері) деп аталатын бөлік, автор мен оқырман арасындағы басты байланыс каналы ретіндегі сөзтізбенің құралуы, сөздік мақаланың құрылымы проблемаларымен айналысады» деген тұжырым жасайды [6, 216].

     Әлемдік  тілдердегі түрлі типті сөздіктерді талдау нәтижесінде Ю.Н. Караулов тарапынан анықталған лексикографиялық параметрлердің жалпы саны – 65. Солардың ішіндегі қазақ тіліндегі сөздіктері үшін маңызыдары төмендегідей: «Тілдер саны. Сөздік кірісі (әліпбилік,- тура және кері; мағыналық; сөздің ұзындығына байланысты; әліпбилік-хронологиялық; транскрипциялық, т.б.). Хронологиялық параметр (сөздің бірінші жазбаша тіркелу уақыты, сөздіктің хронологиялық рамкілері). Сандық параметр (сөздіктегі сөздердің саны). Орфографиялық (әрбір әріп бойынша, әліпбилік). Сөздің ұзындығы (әріптер саны). Екпін. Айтылым. Буынға бөліну. Сөз табы. Жекеше/көпше. Сын есімдердің шырайлары. Сабақты/салт етістік. Етістер. Райлар. Тұйық етістік. Көптік, жіктік, септік, тәуелдік жалғаулар. Көмекші етістіктер. Есімше. Етістіктің шақтары. Сөздің морфологиялық құрылымы. Сөзжасамдық параметр. Аббревиатуралар. Көпмағыналылық/бірмағыналылық. Семантема (семантикалық эквивалент, дефиниция). Мағынаның транспозициясы. Ареалдық параметр. Синтагматикалық тіркес (еркін тіркесім).Фразеологиялық тіркес (тұрақты тіркесім). Лексикалық тіркесімділік. Иллюстративтік параметр. Стилистикалық параметр. Эмоционалды-бағамдық параметр. Нормативтілік пен вариациялық. Статистикалық (сөздің қолданым жиілігі). Лингвотарихи параметр (сөз тарихы). Лингвоелтанымдық (этномәдени-тарихи) параметр. Ономастикалық параметр. Терминологиялық параметр. Тектестік (этимологиялық, генетикалық біртектілік) параметрі. Кірмелілік параметрі. Синонимдік параметр. Антонимдік параметр. Омонимдік параметр. Паронимдік параметр. Ассоциативтік параметр. Семантикалық өріс.  Тақырыптық топ. Библиогрфиялық (сөз туралы зерттеулерді көрсету) параметр. Лексикографиялық параметр (сөз туралы қажетті дерек алуға болатын сөздіктерге сілтеме)» [7].

     Жоғарыда  санамаланған лексикографиялық параметрлерді оқу сөздіктерінің құрылымына қатысы қарастыратын болсақ, олардың көпшілігінің оқу лексикографиясында жасалатын сөздіктерге тікелей қатыстылығын байқаймыз. Оқу лексикографиясындағы ғылымға белгілі тоғыз аспектіні бейнелейтін тоғыз оқу сөздігінің түрлерінде (түсіндірме, идеографиялық, фразеологиялық, лингвоелтанымдық, грамматикалық сөздіктер, синонимдердің, антонимдердің, омонимдердің, паронимдердің оқу сөздіктері) көрсетілген параметрлердің басым көпшілігі қолданылады. Диссертациялық еңбектегі бұдан арғы зерттеме барысында аталған параметрлер оқу лексикографиясы тұрғысынан жан- жақты талданады.

     Біртілді оқу сөздігіндегі лексикографиялық  құрастырма негіздері туралы  ілім. Лексикографиялық құрастырма негіздері туралы Р.Түсіпқалиева былайша жазады: «Үлкенді-кішілі сөздіктерді жасауда атқарылатын қызметтің, істелетін істің біртекті болмайтындығына әліге дейін жеткілікті назар аударылмай келеді. Мысалы, сөздікті түзудегі атқарылатын қызметтің бірі  - таза филологиялық қызмет. Мұнда әртүрлі атаулық бірліктерге анықтама беріліп, талдау жасалады. Екінші қызмет - осы филологиялық деректердің түрлі қасиеттерін мақсатты түрде тұтас жүйеге айналдырып, ашып көрсету арқылы жаңа сапада қайта ұсынуды қамтиды. Бұл жерде сөздікшінің тек қана тілші емес, оған қосымша құрастырма жұмыстарының маманы, сөздікші-инженер болуына тура келеді. Сөздікті құрастыруға байланысты жұмыстар лексикографиялық құрастырма деп аталады. Лексикографиялық құрастырма – үлкенді-кішілі сөздіктерді, сөздіктің жүйелері мен серияларын ойлап шығарумен, олардың мақсатқа сай ең тиімді түрін, компоненттік құрамын белгілеумен, сондай-ақ, құрылымдық жаңартулар көмегімен сөздікке максималды ақпараттық құндылық беретін, пайдалануға ыңғайлы етіп жасайтын инженерлік-филологиялық қызметтің түрі» [8]. Бұл жерде құрастырманың кем дегенде үш түрі туралы сөз болып отырғандығын баса айту қажет. Оның бірінші түрі – кез келген сөздікті құрастыру ісі және оны құрастыруға қатысты құрылымдық мәселелердің жиынтығы. Яғни бұл ұғым бір сөздік көлеміндегі, сөзтізбе мен сөздік мақаланың құрылымына қатысты, сөздіктің ішкі құрылымына қатысты құрастырма мәселелер көлемін ғана қамтиды. Екінші түрі – лексикалық құрамы тілді үйренудің деңгейіне байланысты бірте-бірте күрделеніп жасалатын, бірнеше кітаптан тұратын сөздіктер сериясын құрастыруға қатысты. Мұндай сөздіктер оқытудағы сатылылық (градуалдылық) ұстанымына негізделіп түзіледі. Үшінші түрі – белгілі бір тілдің құрамы мен құрылымын толық ашып көрсету мақсатында немесе тілді жан-жақты меңгерту мақсатында әртүрлі сөздіктерден құралатын сөздіктер жүйесін жасауға қатысты.

      Бастапқы материалдар (картотека  қоры) туралы ілім. Сөздіктердің дереккөздері жөніндегі, сөздікке негіз болатын бастапқы материалдарды жинақтау мен сақтаудың формалары мен әдіс-тәсілдері  жөніндегі мәселе – сөздік түзу жұмысындағы келелі мәселелердің бірі. Қандай лексикографиялық шығарма болса да, оның түзілуі картотека мәселесінің оңды шешілуімен тікелей байланысты екендігі анық. Жобаланып отырған сөздікке алынатын дереккөздер корпусын анықтау, басқа сөздіктерді дереккөз ретінде пайдаланудың сипаты мен ерекшеліктерін белгілеу, жалпы ғылыми, жалпы әдеби, жалпы тілдік шығармалардан, сонымен бірге, арнаулы салалық бағдарлы шығармалардан материал жинақтаудың әдіс-тәсілдерін сипаттау, ауызекі сөйлеу тілі негізінде даярланған жазбаларды пайдаланудың әдіс-тәсілдері мен қолданым шектерін анықтау, тиісті тілдік бірлікті ұсынатын мәтін бөлшегінің сипаты мен ұзындығын белгілеу,  тілдік бірліктің қолданымын дәйектейтін мәтін бөліктерінің жалпы санын айқындау – материалды дайындауға қатысты іс-шаралардың қысқаша тізбесі осындай. Оның үстіне сөздік материалдарды жинақтайтын картотекалардың түрлері, оларды толтырудың әдістемесі, сонымен бірге, материалды сұрыптап алудың инструкциясы, картотека жасау ісін механикаландырудың, автоматттандырудың жолдары, т.б. – лексикография теориясында қарастырылуы тиісті мәселелер.

     Сөздік түзу ісін жоспарлау  мен ұйымдастыру туралы ілім. Әрбір лексикографиялық туындының өзіндік ерекшеліктеріне байланысты оны жоспарлаудың, инструкциясы мен проспектісін жасаудың, сөздікті түзу ісін ұйымдастырудың өзгешеліктері болатыны белгілі.

     В.В. Морковкиннің  жазуы бойынша, сөздік проспектісі  мынадай негізгі бөліктерден  тұрады: 1) сөздіктің мақсаттары мен  міндеттерін баяндау; 2) нақты адресатты көрсету; 3) сөздіктің композициясын сипаттау; 4) сөздіктің сөзтізбесін сипаттау (сандық және сапалық); 5) сөздік мақаланың құрылымын сипаттау; 6) сөздік мақаланың жекелеген элементтерін жүйелі түрде, бірте-бірте, ретімен және детально сипаттау; 7) белгілерді, қабылданған қысқартпаларды, шартты таңбаларды сипаттау; 8) дереккөздерді (соның ішінде лексикографиялық та) көрсету; 9) қосымшаларды сипаттау [9, 55-56].

      1.2 Лексикография  тарихының мәселелері. Сөздіктер  тарихын зерттеу. Теоретикалық лексикография екі бөліктен құралады. Оның бірінші, негізгі бөлігі – лексикография теориясы болса, екінші бөлігі лексикография тарихы. Лексикографияның теориялық мәселелерін зерттеген В.В.Морковкин лексикография тарихы ұғымының өзінің біртекті еместігін,  оның өзі іштей екі тармаққа бөлінетінін жазады. Оның біріншісі ретінде – сөздіктер мен лексикографиялық тұжырымдамалар тарихын атайды. Қазақ лексикографиясындағы сөздіктердің түзілім тарихына арналған алғашқы еңбектердің бірі – М.Малбақовтың «Қазақ лексикографиясының тарихы» атты зерттеуі. Аталған жұмыста XVIII ғасырдың соңғы ширегі мен XX ғасырдың басында жазылған лексикографиялық туындылар қарастырылады. Зерттеуде, сонымен бірге, аталған кезеңдегі сөздіктердің сөзтізбе құрамы мен сөздік мақала құрылымы, атаулардың лексика-семантикалық құрамы баяндалады.  Сөздіктер мен олардың авторларының қазақ лексикографиясы тарихындағы орны айқындалады. Қазақ лексикографиясының өткен дәуірдегі тарихын зерттеуге арналған тағы бір еңбек – Б.Атабайдың Л.Будагов сөздігіндегі қазақ сөздерінің құрамы мен құрылымын қарастыратын жұмысы. Зерттеуде жалпытүркілік сөздікке алынған қазақ лексикасының тақырыптық, семантикалық құрамы, фонетикалық құрылымы баяндалады, аталмыш сөздіктің типологиялық сипаттамасы, оның қазақ лексикографиясы тарихындағы алатын өзіндік орны туралы сөз болады. М.Малбақов ортағасырлық түркі лексикографиясында, ортағасырлық араб жазулы сөздіктерде‚ сондай-ақ‚  кейінгі түркі тілдерінің лексикографиясында‚ соның ішінде қазақ лексикографиясында да бұрынғы дәстүрдің жалғасып келгендігін, алайда XVІІІ ғасырдан бастап Ресейге тәуелді болып‚ оның құрамына кіре бастаған қазақ елінде араб жазулы қазақ лексикографиясындағы орта ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан дәстүр сабақтастығының бұзылғандығы туралы жазады. «Аталған кезеңдегі қазақ тіліне қатысты сөздіктердің басым көпшілігі орысша-қазақша тіл үйрену‚ аударма жасау қажеттілігін өтеуге арналып‚ сол дәуірдегі патшалы Ресей әкімшілігі мен Кеңес үкіметінің ұстанған тіл саясатына сәйкес келетін прагматикалық мақсат-мүдделерге сай жасалды» деген тұжырым жасайды [10]

Информация о работе Қазақ лексикографиясы. біртілді оқу сөздігін түзудің ғылыми негіздері