Қазақстан жеріндегі тас ғасыры

Автор: Пользователь скрыл имя, 04 Апреля 2013 в 15:50, реферат

Описание работы

Тас ғасыры – археологиялық дәуірге бөлуде алғашқы тас құралдарының пайда болуынан бастап, қола құралдарының шығуына дейінгі кезеңді қамтитын көне дәуір. Тас дәуірі көне тас ғасыры – палеолит, өтпелі кезең – мезолит, жаңа тас ғасыры – неолит болып бөлінеді. Палеолиттің ерекшелігі Еуразия мен Африка аймақтарының сол дәуірдегі мәдениеттерінің бір-біріне едәуір ұқсастығы болып табылады. Тас ғасырында тас құралдарымен қатар сүйектен, ағаштан жасалғандары да қолданылды. Ежелгі палеолит адамдары бірігіп аң аулады, бірігіп терімшілік етті. Ежелгі палеолит кезеңінде дінге сенушілік болған жоқ. Шелль және ашель дәуірінде питекантроптар, синантроптар, гейдельберг адамы өмір сүрді. Ортаңғы палеолиттің мүстье дәуірінде жаңа адамдар типі – неандертальдықтар қалыптасты.

Работа содержит 1 файл

Қазақстан жеріндегі тас ғасыры.doc

— 1.09 Мб (Скачать)

13.Оғыз мемлекеті (IX-XI ғғ. басы)

.Қарлұқ қағанатының солтүстік-батыс жағында, Сырдарияның орта және төменгі бойында, оған жалғасып жатқан Батыс Қазақстан далаларын­да IX-X ғасырларда Оғыз тайпаларының ежелгі феодалдық мемлекеті қалыптасты. Оғыздардың ата-бабаларының әуелгі қоныстанған жер­лері Ыстықкөлдің маңы. Оғыздар IX ғасырда Сырдария бойына келіп орналасады, бірақ ондағы кангар-печенег бірлестігімен ұзақ уақыт соғысуға тура келеді. Махмұд Қашғари Оғыз елінің 22 кейбір деректерде 24 тайпаға бөлінгенін және әр тайпаның өз белгі таңбасы мен туы болғанын айтады.

IX ғасырдың аяғы мен  X ғасырдың бас кезінде оғыз  тайпалары Сырдарияның орта ағысынан Еділдің төменгі бойына дейінгі орасан кең жер­лерді мекендейді. Оғыздардың қоныс өрістері Ырғыз, Орал, Ембі, Ойыл өзендерінің бойларында, Сырдарияның Қаратау баурайлары мен Ис­фиджаб шегіне дейін жеткен. Олар Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойында, арал өңірі мен шығыс Каспий аймағында шоғырланып қоныс тепті.

X ғасырда Оғыз мемлекетінің  астанасы – Янгикент немесе  Жаңа Гузия деп аталатын қала  болды. Ол Қимақ даласы арқылы  Сарысу, Есіл және Нұра бойларына  баратын сауда жолының үстінде орналасқан. Оғыз мемлекеті өзінің саяси және әлеуметтік тұрмысы жағынан көне феодал­дық мемлекет болды. "Жабғы” атағы бар жоғарғы билеуші Оғыз мемлекетінің басшысы болып саналды. Оғыз жабғыларының орынбасарларын Көл-еркін деп атаған. Жоғарғы билеушілер орны мұрагерге беріліп отырған. Оғыз хандарын сайлау кеңестерде өткізілген. Жабғудың "инал” де­ген атағы бар өз мұрагерлері болған. Жас кезінде оларды тәрбиелеу үшін арнайы қамқоршылар (атабектер) тағайындалған. Оғыз жабғыла­рының әйелдері сарай маңындағы өмірде айтарлықтай рөл атқарған. Оларға "қатын” деген атақ берілген. Сарайда әскери кеңеске сүйенетін оғыз әскерінің бастығы (Сюбашы) маңызды орын алған.

965 жылы Оғыз жабғуы  Киев князі Святослав пен одақтасып  хазарларды талқандады. 985 жылы оғыздар Орыс князьдарымен бірігіп, Еділ Булғариясын күйрете жеңді. IX-X ғасырларда Оғыз мемлекетінде ескі рулық-тайпалық институттардың тез ыдырауы жағдайында патриар­хаттық-феодалдық қатынастар дамыды. X ғасырдың аяғы мен XI ғасырдың бас кезінде Оғыз елінде алым-салықты тиянақты түрде жинап оты­ру жүйесі орын алды, бұл – мемлекетте тұрақты басқару аппаратының құрылғанын көрсетеді. Оғыздардың көпшілігінің басты кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болды. Оғыз тайпаларының бір бөлігі Сырдарияның төменгі бойын қыстап, жайлауға Каспий маңындағы далаға көшкен. Оғыз­дар негізінен жылқы, қой, ешкі, сиыр, өгіз, түйе өсірген. Әсіресе, қой өсіру шаруашылығы маңызды рөл атқарған. Сондай-ақ оғыз бай-феодалда­ры жер қайыстырған қалың жылқы үйірлерін ұстаған. Көшпелі оғыздар түйе, оның ішінде айыр өркешті ірі түйелер өсірген. Оғыздар аңшы­лықпен де айналысты. Оғыз кедейлері Арал теңізінен, Сырдариядан, тағы басқа да өзендерден балық аулап кәсіп қылған. Қалалардағы үйлер көбіне тастан, ағаштан, қамыстан тұрғызылды. Оғыздардың Сырдарияның төменгі ағысында Жанкент, Жент, Жуара, ал Сырдарияның орта ағысында Қарнақ, Сүткент, Фараб, Сығанақ және Сауран т. б. қалалары болған. Оларда қолөнер кәсібі, соның ішінде мал өнімдері мен шикізат­тарды өңдеу дамыды. Оғыздарда құмырашылық өндірісі де өркендеді. Олар мекендейтін аумақтарда темір, күміс, алтын, мыс және асыл тас­тар өндірілді.

XI ғасырдың басында  Оғыз мемлекеті құлдырай бастады.  Оған алым-салықты жыртқыштықпен  аяусыз жинауға наразылық білдірген  оғыз тай­паларының көтерілісі  себеп болды. Бұл жағдай X ғасырдың екінші жартысында өкімет басына келген Әлиханның билік құрған кезіне жатады. Жабғының өкіметіне қарсы халық наразылығын, Жент маңына келіп қоныстанған салжұқтардың көсемдері пайдаланды. Салжұқ көсемдері Ян­гикенттегі оғыз билеушілеріне қарсы көтерілісті бастап, Жент қаласын басып алды, бірақ оны ұзақ ұстап тұра алмады. Осы кезде ел басына Әлиханның мұрагері Шахмәлік келіп, мемлекет едәуір кұшейді. 1041 жылы оғыздар Хорезмді жаулап алады. Алайда, арада екі жыл өткеннен кейін оғыздардың соңғы жабғысы Шахмәлік салжұқтардың қолына түсіп өлтіріледі. Салжұқтармен жүргізілген ұзақ жылғы соғыстар Оғыз мемле­кетін қатты әлсіретті. Аяғында келіп Жабғы мемлекеті қыпшақ тайпаларының соққысынан біржолата құлады. Оғыздардың бірсыпыра топтары осыдан кейін Шығыс Еуропаға, Кіші Азияға қоныс аударды. Енді біразы Орта Азияға, Оңтүстік Қазақстандағы Қарахан әулетінің және Хорасан­ның салжұқ билеушілерінің қол астына көшті. Ал XI ғасырдың ортасында қыпшақтар талқандаған оғыздардың кейбір қалдықтары кейін келе Дешті Қыпшақтардың түркі тілдес тайпаларына сіңіп кетті.

Кимек қағанаты (IX-XI ғғ. басы)

Қытай деректемелерінде көрсетілгендей (Кимектер) Қимақтар тарихы VII ғасырдан басталады. Ондағы аталатын яньмо тайпасы зертте­ушілердің шамалауы бойынша кимек тайпасы болып саналады. Теле тайпаларының бірі болған яньмолар (кимектер) VII ғасырдың бас кезінде Солтүстік Моңғолияны мекендеген, ал VII ғасырдың ортасына таман кимектер Алтай тауларының солтүстігі мен Ертіс өңіріне көшіп барады. Ки­мек тайпаларының басшысы "шад татұқ” деп аталған. VIII ғасырдың екінші жартысы – IX ғасырдың басында кимек тайпалары үш бағытта: солтүстік-батыста Оңтүстік Оралға, оңтүстік-батыста Сырдария аңғарымен Оңтүстік Қазақстанға, оңтүстікте Солтүстік Шығыс Жетісу ай­мағына қарай қоныс аударады.

766 және 840 жылдар аралығында  кимектер Батыс Алтай, Тарбағатай  мен Алакөл ойпатының жерлерін  жайлап, Шығыс Түркістанды мекен­дейтін  тоғыз оғыздардың теріскей шебіне  дейін жетеді. Осы кездері жеті  тайпадан: эймур, кимек, қыпшақ, татар,  баяндүр, ланиказ, ажлардан тұратын кимек федерациясы құрылды. Кимек тайпаларының басшысы "байгу” (жабғы) деп аталады. Бұл атақ өзінің лауазымдық дәрежесі жағынан шадтан жоғары болған.

IX ғасырдың бас кезінде  кимектер Сырдарияға қарай жылжиды.  Бұл жерде олар қарлұқтармен  одақтасып, Сырдария бойындағы және Арал өңіріндегі қаңғар-печенег тайпаларын талқандайды. Печенегтерді бұл жерлерден ығыстырып, осында қоныс аударған оғыз тайпаларына олар­ды батысқа қарай қуып жіберуге пәрменді көмек береді. Мемлекет ішінде тайпалар ақсүйектерінің өкілдерінен билеушілерді тағайындап отырған.

IX ғасырдың аяғы –  X ғасырдың бас кезінде, яғни  Кимек қағанатының құрылған уақытынан  бастап, олардың ханы түріктердің  ең жоғарғы ла­уазымы хакан  деп аталған, немесе хандардың  ханы деген мағынаны білдіреді. Хаканнан кейінгі билік Қимақ мемлекетінің құрамына енген тай­палар бірлестігін басқарған жабғулардың қолында болған. Олардан кейінгі жеке-жеке ру-тайпаларды шад-түріктер билеген.

Кимек мемлекетінің қалыптасып өсуіне қарай, олардың тайпаларының құрамы да өзгеріп отырған. Тарихи деректердің көрсетуі бойынша, бұл кезде қағанат құрамына кірген тайпалардың саны 12-ге жеткен. Кимектердің 16 қаласы болыпты, бастылары Кимекия, Қарантия, Дамурия, Шнария, Сараус, Дахлан, Банджар, Астур. Қимақтың ақсүйек байлары киімді қызыл және сары жібектен киетін болған, кедейлері жұпыны киінген. Қимақ қоғамында мал-мүліктің теңсіздігінің нәтижесінде көшпелі ақсүйектер пайда болады. Малы аз қимақтар кедейге айналады. Қимақтар қол өнермен, аң аулау, балық аулаумен шұғылданып, қыстауларды қоныс етіп, шағын мекендерде тұрған, бұл мекендер бірте-бірте қалаға айналған.

Қимақтар жазуды білген. Олар ежелгі көне түрік жазуын пайдаланып, қамыс қаламмен жазған. Қимақтар табиғаттың әр түрлі күштері мен құбылыстарын пір тұтқан, көк тәңірісі ата-бабаларына сиынған. Олар күнге, жұлдыздарға, аруақтарға да табынған. Ертіс өзенін қасиет тұтып, "өзен – адамның тәңірі” деген. Өлгендерді өртеп жіберген. Оларға тас сымбат (мүсін) қойып, оған табыну салты кеңінен тараған.

XI ғасырдың бас кезінде  Орталық Азиядан шыққан тайпалардың бірінен соң бірінің шабуыл жасауы Қимақ мемлекетін әлсіретті. Бұдан басқа қағанаттың өз ішінде де билік үшін талас-тартыс күшейді. Сондықтан оның құрамына кірген қыпшақтар өзінің қоныстанған жерлерін тастап, Сырдария бойындағы, Аралдың батысы мен Каспийдің солтүстік өңіріндегі оғыздарды орындарынан қозғап, оларды оңтүстікке және Қара теңіз далаларына көшуге мәжбүр етті. Оғыз жерін басып алғаннан кейін, қыпшақ хандары күшейе түсті.

Осы оқиғалардың барысында  қимақтар саяси үстемдігінен айырылып қана қойған жоқ, сонымен қатар қыпшақтарға тәуелді болып шықты. Қимақтардың бір бөлігі Ертісте қалып, екінші бөлігі Түркістан және Орта Азия аймағына қоныс аударды, енді біразы қыпшақ тайпаларымен ба­тысқа, оңтүстік орыс далаларына қарай қозғалды. Сөйтіп, қыпшақтар қимақ мемлекетінің орнын басты.

17.Қыпшақ хандығы (XI ғ. — 1219 ж.)

Қыпшақтар туралы алғашқы хабар Қытайдың жазба деректерінде кездеседі. Қыпшақтар ең әуелі Алтай, Саян тауларының баурайларын мекен­деген. VII ғасырда олар Қазақстан жеріне Алтайдағы телэ тайпаларының құрамында қоныс аударып келген. VII-X ғасырларда Қазақстан аумағында қыпшақ этникалық қауымдастығының ұзаққа созылған қалыптасу процесі жүрді.

Қазақстан жерінде қыпшақ этникалық қауымдасуын үш кезеңге  бөліп қарауға болады. Бірінші кезең, қыпшақтардың қимақ тайпалық одағында болуы: VII ғасырдың екінші жартысы – VIII ғасырдың соңына дейін. Екінші кезең: VIII ғасырдың аяғы – XI ғасырдың басы. Бұл кезде қыпшақтар Ал­тай және Ертістен Орал таулары мен Еділге дейін қоныс тепті. Қыпшақ тайпалық Одағына Мұғалжар жеріндегі құмандар және қимақ тайпа­лары кірді. Қыпшақтар Сырдария, Қаратау бойындағы қалаларды өздеріне бағындырды. XI ғасырдың орта кезінен бастап қыпшақтар қазіргі Волгадан (Еділден) батысқа қарай жылжыды, сөйтіп шығыс Еуропа елдерімен, орыс княздіктерімен, Византиямен, Венгриямен шектесті. Ұлан-байтақ қыпшақтар мекендеген жерлер "Дешті қыпшақ”, яғни қыпшақ даласы деп аталды. Ал қыпшақтардың өзі Батыс Еуропа деректерінде құмандар, орыс жылнамаларында половцылар деп көрсетілді.

XI ғасырдың екінші  жартысынан бастап 1219 жылға дейін  қыпшақ тайпалық одағы дамуының  үшінші кезеңі жүрді. Осы кезде  қыпшақ ханда­рының мәртебесі,  күш-қуаты өсті. Олардың этникалық  құрамы өзгеріп, қимақ, құман,  ертедегі башқұрт, оғыз т. б.  тайпалар кірді. Сондай-ақ қып­шақтардың этнос болып қалыптасуына түрік тілді қаңлылар, ұрандар, Шығыс Түркістаннан келген баяттар, түргештер, қарлұқтар, шігілдер әсерін тигізді.

Бұл кезде қыпшақ хандары  өз жерлерін оңтүстікте Тараз қаласына дейін жеткізіп, қарахандықтармен шектесті. Олардың арасындағы шекара – Балқаш көлі және Алакөл ойпаты болды. XII ғасырда қыпшақ тайпалары Алтайда, Ертістің жоғарғы жағында наймандармен, қаңлылармен, ке­рейттермен шектесті, солтүстікте қырғыздар және хакастармен көрші болды. Қыпшақ тайпаларының басында қаған, одан төмен қарай хан, тархан, басқақа, бек, байлар тұрды. Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және сословиелік жағынан тең болған жоқ. Негізгі теңсіздік малға деген жеке меншік еді. Жылқы басты байлық болып саналды. Төменгі тапқа малы аз шаруалар, кедейлер жатса, ал қолға түскен тұтқындар құл ретінде пай­даланылды. Мал ұрлау қатаң жазаланды. Жеке меншіктегі малға рулық-тайпалық белгілер салынды. Малынан айырылған, немесе көшу мүмкіндігін жоғалтқан қыпшақ кедей шаруалары отырықшы тұрғындар — жатақтар қатарына көшті. Бірақ олар жеткілікті мөлшерде мал жинап алысымен, қайтадан көшпелі шаруашылыққа ауысып отырды.

Қыпшақ хандары Орта Азия мемлекеттерімен, әсіресе Хорезм шахтары және салжұқтармен табанды  күрес жүргізді. 1065 жылы салжұқтардың билеушісі Алып Арсылан қыпшақтарға қарсы Маңғыстауға шабуыл жасайды. Қыпшақтарды жеңіп бағындырғаннан кейін, ол Жент пен Сауранға жорыққа шығады. Соғыста жеңіліс тапқан қыпшақ тайпаларының бір бөлігі Хорасан салжұқтарына тәуелділікке түсті. 1096 жылы "Құдіретті” хан бастаған қыпшақ бірлестігінің әскерлері Хорезмге қарсы жорық жасады, бірақ ол сәтсіздікпен аяқталды.

XI ғ. аяғы – XII ғ.  бас кезінде Жент, Янгикент, төменгі  Сырдарияның тағы басқа қалалары  қыпшақ көсемдерінің қолына қараған.  Хорезмшах Ат­сыз (1127–1156 жж.) Жентті жаулап алады, сонан соң солтүстікке қарай бет алып, өз қарауына Маңғыстауды да қосады. 1133 жылы Жент қала­сынан Дешті Қыпшақ даласына тереңдеп жорық жасаған Атсыз қыпшақтарды ойсырата жеңеді. Осы кезден бастап қыпшақ хандығының ыды­рауы басталады. Оған себеп болған негізгі жәйттер: қыпшақ тайпалары ақсүйектерінің арасында Хорезмді жақтаушылардың көбеюі, қып­шақтарға қарсы қаңлылардың аса ірі бірлестігінің құрылуы, өкімет билігі үшін өзара әулетті қырқыстың күшеюі еді.

Бұл жағдайды Хорезм билеушілері, әсіресе Текеш пен Мұхаммед жан-жақты пайдалануға тырысты. Олар қыпшақ билеушісі Қадыр-Бүке хан мен оның немере інісі Алып-Деректің арасындағы бітіспес тақ үшін таласты пайдаланды. Қыпшақтардың орталығы Сығанақ қаласын басып алуға әрекет жасады. 1195 жылы Текеш (1172–1200 жж.) өз ойын іске асыру үшін Сығанақты басқарып отырған Қадыр-Бүке ханға жорыққа аттанды. Бірақ, шайқас кезінде Хорезм шахының түріктердің ұран тайпасынан құрылған сарбаздары Қадыр-Бүке ханмен келісіп, соның жағына шығып ке­теді. Осыдан кейін талқандалған әскерінің қалдығымен Текеш Хорезмге қайтып оралады. 1198 жылы Текештің ұлы Мұхаммед Алып-Дерекпен одақтасып Қадыр-Бүке ханға қарсы қайта жорық жасады. Соғыс барысында Қадыр-Бүке жеңіліп, Хорезмге жеткізілді. Хан билігі енді Алып-Де­рекке көшті. Қыпшақ ханының одан әрі күшейіп кетуінен қорыққан Текеш Қадыр-Бүке ханды босатып, оған Хорезмнің көп әскерін беріп, Алып-Дерекке қарсы аттандырды. Шайқастың барысында Алып-Дерек әскерлері жеңіліске ұшырады, бірақ қыпшақ билігін қолына алған Қадыр-Бүке ханның өзі де Хорезмшахқа тәуелді болып шықты. Хорезм билеушілері әйелдерін қаңлы мен қыпшақтардың хан әулеттерінен алып отырған.

Хорезм шахы Мұхаммед (1200–1220 жж.) өз мемлекетінің құрамына XIII ғ. бас кезінде Сығанақ жерін  қосып алады. Сығанақ иелігінен айырылып қалғанына қарамастан қыпшақ хандары Хорезмге қарсы күресін жалғастыра берді. 1216 жылы қыпшақ билеушісі Қайырханға қарсы аттанған әскери жорықтарының бірінде ол Ырғызға дейін жетеді. Осы кезде ол Торғай даласында қыпшақтар еліне қашып кірген меркіттерді қуалап ке­ле жатқан Шыңғысхан қолымен соқтығысып қалады. Бұл моңғолдардың Қазақстан жерінде алғаш рет болуы еді, сөйтіп моңғол басқыншы­лығының дәуірі басталады.

Қыпшақтардың басты  шаруашылығы мал өсіру болды. Олар жылқы, қой, сиыр, өгіз, түйе өсірді. Жылқы мен қой басым болған. Жылқы басты көлік құралы және қыпшақтар сиыр мен қой етінен жылқы етін артық көрді. Батыс Қазақстан аймақтарында қыпшақтардың жекеленген топта­ры түйе шаруашылығымен де шұғылданған. Қыпшақтар аңшылықпен де айналысқан. Олар аң аулағанда садақ пен жебеден басқа лашын, бүркіт сияқты құстарды, жүйрік тазыларды пайдаланған. Бағалы аң терілерін қыпшақтар басқа елдерге шығарып, сауда қатынасын жүргізген. Аң аула­умен қатар қыпшақтардың өзен мен көл жағалауларында тұратындары балық аулаумен шұғылданған, олар кішкене қайық, кемелерді пайда­ланған. Қыпшақ қоғамында малсыз кедейлер егіншілікпен, соның ішінде өзен бойларында суармалы егіншілікпен айналысқан. Қыпшақтар негізінен тары өсірген. Олар жетіспеген астықты Орта Азияның егіншілерінен мал шаруашылығы өнімдеріне айырбастап алып отырған. Қып­шақтарда үй кәсібі, қолөнер жақсы дамыған.

Информация о работе Қазақстан жеріндегі тас ғасыры