Қазақстанның орталық және жергілікті мұрағаттар қорлары құжаттары саяси репрессиялар тарихының дерек көзі (1917-1956 жж.)

Автор: Пользователь скрыл имя, 01 Декабря 2011 в 16:03, автореферат

Описание работы

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста Қазақстан- ның орталық және жергілікті мұрағат құжаттары кеңестік саяси репрессия тарихының дерек көзі ретінде талданады. Мұрағат материалдарын кешенді түрде зерттеу отандық деректану ғылымындағы көптеген мәселелерді айқындауға мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. ХХ ғасыр тарихы - КСРО мемлекеті, оның құрамындағы Қазақстан үшін арпалысты болды. Ғасырдың екінші онжылдығында дүниеге келген жаңа өкімет қоғамды түбегейлі өзгертіп қана қоймай, өзімен бірге халықтар тағдырына зор алапат апаттар алып келді. Бұл тоталитарлық мемлекет жүйесі және саяси репрессиялар толқыны еді.
Біз тоталитаризмнен демократияға өткен мемлекетте өмір сүре отырып, шын мәнінде өткен жүйенің қаншалықты қасірет әкелгенін түсінеміз. Қоғам өміріне еніп жатқан жаңа ойлар мен идеялар жылдар бойы кеңестік насихаттаулар арқылы қалыптасқан сананы бір мезетте өзгертпейді. Ұрпақтар алмасуы, тәуелсіз еліміздің жастары ғана бүкіл адамзаттық құндылықтарды қабылдап, жаңа жүйеге өтуге мүмкіндік алу арқасында бұл міндет үдесінен шығуға болады. Кеңестік тоталитаризмнің жүргізген ең ауыр шарасы - саяси репрессиялар. Біздің ойымызша, саяси қудалау тоталитарлық жүйенің ұлттық сана - сезімді күйретуге арнаған бағыты еді.

Работа содержит 1 файл

mussagalieva.doc

— 429.00 Кб (Скачать)

      1937-1938 жылдардағы саяси репрессиялардың жүргізілуін төмендегі деректер ашып береді. Қазақстанда БКП (б) Қазақ өлкелік комитеті 1937 жылы 4 ақпанда «Антикеңестік троцкистік орталық үдерісінің қорытындысын түсіндіру туралы» шешім қабылдады. Құжат Қазақстанның барлық облыстары мен аудандарында талқыланып, «халық жауларын» іздеу мен адамдарды қудалауда ерекше орын алды. И. Сталиннің жаппай ату бойынша жоспарын жүзеге асыру ҚКП (б) Орталық Комитетінің хатшысы Л.И. Мирзоян И.В. Сталинге Қазақстандағы әшкереленген және қамауға алынған «ұлтшыл - фашистік ұйымдар» туралы хабарлама даярлады. Хабарламадан кейін Қазақстанда партия – кеңес қызметкерлерін жаппай қудалау ерекше маңызға ие болды. 1937 жылы 19 қарашада ҚКП (б) Орталық комитеті бюросының репрессияланған антикеңестік элементтер санын көбейту туралы шешімі шықты. Ал осы жылы 3 желтоқсанда БКП (б) Орталық комитеті Қазақстан ҚКП (б) Орталық комитетінің Қазақстан бойынша репрессияға ұшырағандар санын ұлғайту туралы ұсынысын бекітті [10, 29, 85-87, 140-253 бб.].

      Ал жеке азаматтардың партиялық басшылыққа арнаған арыздарын талдау бізге «үлкен террордың» көптеген адам құқығын аяққа таптаған әрекеттерін айыптайтын және әшкерелейтін мәліметтермен таныстырады. Айыпталушылардың көпшілігі жауап алу хаттамаларын тергеушілердің қолдан жасап, физикалық қысым көрсеткенін арыздарда, кейін естеліктерде жан - жақты баяндаған болатын. «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагерінде» болған әйелдер туралы бірнеше мұрағаттар деректері сарапталып, олардың жеке тұлғаларын анықтауға байланысты жұмыстар жасалынды.

      1938 жылы мұрағат мекемелерінің  Ішкі істер халық комиссариатына  берілуіне байланысты «үлкен  террор» деректерінің қол жетімділік  мәселесі туындады. Осы тұрғыда,  шектеу салынған құжаттар түрлеріне  тоқталынып, шешілу жолдары анықталынды.  Аталмыш кезеңдегі шектеу салынған құжаттардың көпшілігі әлі күнге дейін толық ашылған жоқ. Мұрағат жүйесінің жазалау мекемесінің құрамына өтуі 1930-1950 жылдардағы Кеңестер Одағының тарихы деректерін зерттеуге зор зардаптар әкелді. Шектеу салу өз алдына, құжаттарды жою мақсатында макулатураға жіберу аталған уақытта жүзеге асты. Осы тұрғыда алғанда, кеңестік саяси репрессияларға қатысты мәліметтерді анықтау қиындығы туындады. Жойылған деректердің басым бөлігі саяси жазалау шараларына байланысты қордаланған құжаттар еді.

     Осылайша, Кеңес өкіметінің алғашқы қырық жылында әртүрлі кеңестік реформалардың әсерінен халық саны азайды. 1937 жылғы халық санағының мәліметтері бойынша, Қазақстанда халықтың жалпы саны 1926 жылы 6078,6 адам, 1937 жылы 4820,0 адам, яғни 79,3% - ке түсіп кеткен, қазақтар - 2 181 520 адам қалған. Санақты жасаушылар республикада халықтың саны арнайы қоныс аударушылар есебінен көбейіп отырғанын жоққа шығармайды. КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитеті бастығының БКП (б) Орталық комитеті және КСРО ХКК - на бүкілодақтық тұрғындар санағының алдын - ала қорытындысы туралы баяндамалық хатында Қазақстан туралы табиғи өсім есебінен де өсе алмай отырған ұлттық республика деп атап берді [12, 109 - 111 бб.]. Көріп отырғанымыздай, халық санағының мәліметтері басқа халықтармен қатар қазақ халқының Кеңес өкіметінің алғашқы жиырма жылында геноцидке ұшырағанын көрсетеді.

    Қорыта келгенде, «үлкен террор» жылдарындағы мұрағаттық құжаттар толыққанды айыптайтын және әшкерелейтін деректер болып табылады. 1937-1938 жылдардағы саяси репрессиялар жоғары партия - кеңес органдарының жоғарыдан төмен жүргізген шарасына айналды.

    Соғыс және бейбіт құрылыс жылдарындағы репрессиялардың деректік ақиқаты (1939-1956 жж.) деп аталатын төртінші тарауда екінші жаhандық соғыс және 1940-1950 жылдардағы сталиндік соңғы репрессиялардың жүргізілуі туралы деректер талданады.

     Ұлы Отан соғысы жылдарында  кеңестік саяси репрессия одан әрі жалғаса берді. Соғыс жағдайында репрессиялауға халық шаруашылығының жаңа салалары тартылды. Мәселен, елдегі темір жол қызметі мемлекеттік маңызды иеленді. Сонымен қатар, әскери жағдайға көшірілген көмір және мұнай өндірісі саласына ерекше мән берілді. Өнеркәсіп орындары маңыздылығы жағынан басты орынға шықты. Онда жұмыс істеген жұмысшы колонналары мен еңбек армиясында болғандар қатаң қадағалауда болды. 1941 жылы 1 желтоқсанда КСРО Жоғары Соты Пленумының жұмысшы колонналарында тіркелген тұлғаларды қылмыстық іске тартудың тәртібі туралы қаулысы бойынша Қорғаныс халық комиссариатында құрылған жұмысшы колонналарындағы адамдар қызмет кезінде орнатылған тәртіпке қарсы бағытталған қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке әскери қылмыс туралы Ереже бойынша тартылатын және олардың істері Әскери Трибуналға берілетін [13]. Бұның өзі еңбек армиясында болғандардың әскерилермен бірдей категорияға жатқызылғанын байқатады. Деректер еңбек армиясының өнеркәсіптердегі ауыр жұмыстарға тартылғанын дәйектейді.

      Ұлы Отан соғысы жылдарында  арнайы қоныс аударушылар мен «сенімсіз» халықтар өкілдері де туралы деректер де олардың мемлекет тарапынан қудалауға ұшырағанын анықтайды. Халықтарды жер аудару соғыстың алдында да орын алған, ал соғыс жағдайында одан да күшейтілді. Көшіру белгілі бір заңдық актілермен шешілмеді, көбінесе жоғары жақтың бұйрығымен жасалынды. Оларды көшіру, орналастыру, қадағалау Ішкі істер халық комиссариатының тікелей міндетіне айналды. Қазақстандық мекемелер тек қана бұйрықты орындаушы тетік болды. Бұның барлығы құжаттардың жасалуына әсер етті. Деректерді зерттеуде бұл мәселе негізге алынылып отырылды.

      Соғыс кезіндегі саяси репрессиялар тақырыбын ашуда қазақстандық құзырлы органдар құжаттары арнайы қарастырылды. Мекемелердегі статистикалық мәліметтермен қатар, сотталушылардың айыптарының негізіне де мән берілді. Әсіресе, Қарағанды облыстық соты мен Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің прокуратурасы мәліметтері назарға алынды. Өнеркәсіп салаларындағы саяси репрессияларды ашу мақсатында Қарағанды және Жезқазған еңбекпен түзеу лагерлері құжаттары талданылды. Лагерь тұтқындарының ұсталуы жайы, қарапайым адам құқықтарының сақталмауы, еңбек өнімділігін арттыру үшін жүргізілген заңсыздықтар секілді көптеген мәселелерді деректер айқындайды. Тұтқындардың өндірістік жарақаттар алуы мен өлімдер себептері берілді. Жұмысшы колонналары мен еңбек армиясында болғандардың қазақстандық өнеркәсіп орындарына еңбекке тартылуы барысында да көптеген құқық бұзушылық фактілері анықталды. Деректердегі ақпараттарды сан – қырлы талдау арқылы қазақстандық өнеркәсіп орындарында тек арнайы қоныс аударушылар ғана емес, сонымен қатар еңбек армиясына тартылған жергілікті халық өкілдерінің де көп болғаны ашылды.

      1942 жылы 24 қыркүйекте Бас әскери Прокурордың үкімінде [9, 95 б.] ату жазасын орындау жолдары жеңілдетілді. Сот үкімі немесе ІІХК Ерекше кеңесі шешімі болмаса, ату жазасын жүзеге асыратын құжаттар азайтылды. Бұл үкім бойынша ату жазасын соғыс жағдайында жиі қолданды. Сот үкімі немесе ІІХК Ерекше кеңесі шешімі болмаса, ату жазасын жүзеге асыратын құжаттар азайтылды. Енді тек қана сатқынды ату туралы акт және оның сатқындық қызметін нақтылайтын куәлар көрсетілімдері немесе әскери бөлімдер, ауылкеңестер, аудандық кеңестер, қалалық кеңестер анықтамасы мен куәлар көрсетілімдері , жергілікті ІІХК органдары немесе әскери бөлімдердің Ерекше бөлім немесе Прокурордың қорытындылары және қосымша куәлар көрсетілімдері берілген. Бұл үкім жазасын соғыс жағдайында жиі қолданды және құжаттары жасалынды.

      Сонымен қатар, республика территориясында Лагерлер Бас Басқармасының еңбекпен түзеу лагерлерінің үлкен бір бөлігі орналасқандықтан материалдар жеткілікті. Өйткені Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңестік еңбекпен түзеу лагерлері ерекше маңызға ие болды. Оның экономикалық жағынан тиімділігі бірінші орынға шықты. Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің басқармасы тікелей Орталыққа бағынды. Сондықтан негізгі ақпарат сонда жіберілді. Айта кететін жай, Орталықтан басқарылған кеңестік еңбекпен түзеу лагерлері туралы мәселенің деректік базасын зерттеу барысында көптеген мұрағаттардың материалдарын пайдалануға тура келеді.

     Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағатында жекелеген лагерлердің ашылуы туралы мәліметтерден бастап ай, тоқсан, жыл сайынғы есептер бар. Онда лагер бөлімшелерінің орналасуы, тұтқындар саны мен оларды есепке алу, күзетілу жағдайы, тұтқындарды ұстау режимі, тұрмыстық жайы, еңбекке пайдалану дәрежесі, азық түлікпен қамтамасыз ету, лагердің санитарлық жағдайы, медициналық көмек көрсету, жұмысшы күшін пайдаланатын обьектілер туралы мәліметтер бар [14]. Сонымен қатар, Қазақстандағы лагерлер жүйесі әр тоқсан сайын есептер жіберіп тұрды. Онда лагердің орналасу территориясы, бөлімшелері туралы ақпарат, өнеркәсіпте, өндіріс орындарында, шаруашылықта ауылшаруашылығында пайдалану, тұтқындар саны және оларды есепке алу, физикалық жағдайы, яғни жұмысқа жарамдылығы, әскери құраммен бақылану дәрежесі, тұрмыстық жайы, азық - түлік берілуі, ұстау режимі, олардың жоспарды қаншалықты орындауы, қамтамасыз ету бөлімінің жұмысы, санитарлық жағдайы, медициналық қызмет көрсету және сол сияқты мәліметтер толықтай, кеңейтілген есеп түрінде айтылды. Сонымен қатар, лагерлерді жоғарыдан тексеру практикасы болды [15].

     Ресей мұрағаттық жүйесімен салыстырғанда қазақстандық мекемелерде айырмашылықтар көрінеді. Ресейде құжаттар мемлекеттік мұрағатта болса, бізде кеңестік еңбекпен түзеу лагерлерінің құжаттарының басым бөлігі - ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша Комитетінің Қарағанды қаласындағы филиалында. Өкінішке орай, КСРО - да үшінші орын алған қазақстандық лагерлер жүйесінің көлемді деректік базасы ведомстволық мұрағат еншісінде қалып отыр. Сонымен қатар, Қазақстанда 1990 жылдардың ортасынан бастап еңбекпен - түзеу лагерлері құжаттары құпиясыздандырылған. Ал лагердің басқарушы, ұйымдастырушы құжаттары туралы мәліметтер тәртіпке келтірілмеген. Осы себептердің барлығы бүгінгі таңда қазақстандық еңбекпен түзеу лагерлерінің тарихының зерттелуіне кедергі келтіріп отырғанын айтып өтуіміз керек.

     Мұрағаттағы тұтқындардың жеке істерінің басқа деректерден айырмашылығы әрбір сотталушы туралы нақты ақпарат алуға болады. Ол арқылы тұтқындардың санын да анықтай аламыз. Мәселен, жеке істерде мынадай құжаттар бар: 1) жеке іс бойынша анықтама; 2) есеп парағы; 3) хаттамадан үзінді көшірме; 4) жауап алу құжаты; 5) қамалушының анкетасы; 6) қолының таңбасы; 7) жеке құжаттары;  8) қамауға алу туралы қаулы; 9) медициналық куәландыру хаттамасы; 10) жеке іске формуляр [16]. Денсаулығы туралы ақпараттар жұмысқа тартылу барысын да анықтайды. Құжаттар арасында соғыстың кезінде тұтқында отырғандардың майданға жіберу туралы өтініштері де көп.

      ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша Комитетінің Қарағанды қаласындағы филиалы мұрағатындағы жүйеленбеген құжаттарды ғылыми - техникалық өңдеуді Қарағанды облыстық мұрағатының қызметкерлері жүзеге асыруда. Сондықтан Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің бөлімшелерінің өңделген қорлары аталған мекеменің деректік әлеуетін толықтыруға әсер етіп отырғанын айта кетуіміз керек. Мұрағатта КСРО Ішкі істер халық комиссариатына қарасты Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің Сарань, Жартас, Қотыр бөлімшелері, Қарағанды жеке лагерлік пунктінің Қарағанды облысы бойынша Ішкі істер министрлігі басқармасының №2 Теміртау, №6 Волын, №17 Астахов, №18, №20 Сарань жеке лагерлік пункттерінің еңбекпен түзеу колониясының бөлімдері, Сарент еңбекпен түзеу колониясы, Қазақ КСР Ішкі істер халық комиссариатына №1 Шоқай еңбекпен тәрбиелеу колонналары туралы құжаттар бар. Сонымен қатар, Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағаты мен Астана қалалық мемлекеттік мұрағаттарында жинақталған біршама қорлар құжаттары да кездеседі.

      Екінші жаhан соғысынан кейінгі қудалаудың мұрағаттық деректері әлі толыққанды зерттелген жоқ. Аталмыш кезеңдегі репрессиялар бірнеше бағытта дамыды. Соғыстан кейін арнайы қоныс аударушылар және Лагерлер Бас Басқармасы тұтқындары санының көбеюі ең жоғары көрсеткішіне жетті. Соғыс лагерь тұтқындардың құрамына біршама өзгерістер ендірді. Соғыс кезінде контрреволюциялық және мемлекеттік қылмыстарға айыпталғандар (атақты 58 бап) алдын ала да, жазалау мерзімі аяқталуы бойынша да босатылмады. Оларды көптеген өтініштеріне қарамастан майданға да жіберген жоқ [17, 28 б.]. Соғыстан кейінгі репрессиялардың бір ерекшелігі жан - жақты жүргізіліп жатса да, жазалау шаралары жеңілдетіле бастады. Оны Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО - дағы адам шығыны өте көлемді болғанынан және қираған құрылыс пен экономиканы көтеру үшін арзан еңбек күші аса қажеттілігінен туындады деп ойлаймыз. Лагерлер Бас Басқармасының тұтқындары осы керектілікті өтеуде басты орындардың бірінде тұрды.

     Соғыстан кейінгі кезеңде Ақмола, Қарағанды, Жезқазған облыстарында әскери тұтқындар лагерлері жұмыс істеп тұрды. Әскери тұтқындар лагерлері құжаттары Лагерлер бас басқармасының басқа бөлімшелері материалдарымен салыстырғанда ерекше. Әскери құрылым мекемесінде деректерді талдау азаматтық мекемелер құжаттарынан өзгешеленеді. Құжаттардың көпшілігі бұйыру, орындау, есеп беру сипатында болды. Мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе болғандықтан мәліметтер дәл баяндалып тұрды. Құжаттар кешені әскери тұтқындардың лагерлерде ұсталу жағдайы, өнеркәсіп орындарындағы жұмыс істеген кезіндегі еңбек өнімділігі, олардың арасындағы өлім мәселесі, тұтқыннан қашып шығуға ұмтылыстары, жазалануы, қылмыстық істерге тартылуы, күзетшілермен ара қатынасы, тұтқындар арасындағы тәртіп, елдеріне қайтарылуы секілді көптеген мәселелерді анықтап береді. Сонымен қатар, қазақстандық лагерлерде болған тұтқындардың ұсталынуында халықаралық құқық нормаларының сақталу дәрежесі анықталынды. Орталықтан жіберілген бұйрықтардың жергілікті әскери тұтқындар лагерлерінде орындалу барысын ашатын деректерге де айрықша мән берілді. Тұтқындар арасында өлім себептерін анықтау мақсатында құжаттар жеке талданып, аурулар диагноздарының тұтқындардың ұсталу жағдайына байланыстылығы анықталды.

      Қазақстандық саяси бөлімдердің құжаттары соғыстан кейінгі жылдардағы басшылықтың үгіт – насихат жұмысы кеңес азаматтарын коммунистік жүйеге тартуының бір көрінісі екендігін дәлелдейді. Біз еңбекпен түзеу лагерлері мен әскери тұтқындар арасындағы жүргізілген жұмыстарды деректермен анықтадық.

Информация о работе Қазақстанның орталық және жергілікті мұрағаттар қорлары құжаттары саяси репрессиялар тарихының дерек көзі (1917-1956 жж.)