ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен 1940 жылдағы Қазақстан өнеркәсібінің дамуындағы негізгі бағыттар: тарихи-салыстырмалы талдау

Автор: Пользователь скрыл имя, 15 Октября 2011 в 14:27, диссертация

Описание работы

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертацияда Қазақстанның өнеркәсібінің даму проблемалары, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен 1940 жылдағы оның қалыптасуының негізгі бағыттыры мен дамуына тарихи-сын тұрғысынан талдау жасалған. Қазақстанды өнеркәсіптік игеруге байланысты патша өкіметі мен Кеңес мемлекетінің саясаты анықталып, талданып, өнеркәсіп құрылымының негізгі қайшылықтары мен өзгерістері, қарастырылған кезеңдегі жаңа өнеркәсіп өндірістері мен салаларының пайда болуы туралы баяндалған.

Работа содержит 1 файл

avtoref-tini.doc

— 210.50 Кб (Скачать)

        Тау-кен өнеркәсібінің дамыған саласы әсіресе, 1880-1990 жылдарда өлкенің кен өнеркәсібінің басты салаларының бірі алтын өндіру болатын. Өскемен уезінде ғана 125-тен астам кеніш жұмыс істеді. Бірақ ХХ ғасырдың басында бірқатар себептерге байланысты (салықтың көп мөлшерде салынуы, қатынас жолдарының қашықтығы, қаражаттың, құрылыс материалдарының жеткіліксіздігі және тағы басқа) Өскемен уезінің алтын кеніштері 50-ге дейін қысқарды. Алтын өндіруші салаға орталық Ресейдің Сібір мен Алтайдың ірі өнеркәсіпшілері де өз капиталдарын салды. Алтын өнеркәсіпшілері арасында орыс және татар кәсіпкерлері басым болды. 1882 жылмен 1892 жыл аралығында алтын өндіру 13,31 пұттан 23,38 пұтқа дейін өсті. Революцияға дейін Қазақстаннның территориясында 16 алтын өндіретін өндірістер болды. Олар 1555000 сомға 76 пұт алтын өндірді. Өндірісте 1160 орыс  және 1140 қырғыз жұмысшы еңбек етті.

        Оңтүстік Қазақстандағы химия өнеркәсібінің бастамасы болған Шымкент сантонин зауыты болды. Сантонин – бұл дермене жусанның тұқымынан (дармин) алынған емдік өнім. Дармин деп аталатын емдік шөп Азия мен Африканың көптеген елдеріне белгілі болды. Бірақ ХІХ ғасырдың 80 жылдарында аса бағалы шөп қоры Сырдария облысы Шымкент пен Әулие ата уезінде ғана сақталды. Осы уақытта Европа елдерінде төрт сантонин заводы үшеуі Германияда, біреуі Англияда Түркістаннан әкелінген шикізат негізінде жұмыс жасап тұрды. Шымкент зауыты бүкіл Ресейдегі сантонин өндіретін жалғыз өндіріс болып табылады. Зауыт өзінің өнімін көптеген шетелдік мемлекеттерге: Англия, Америка, Германия, Жапония, Қытай, Үндістан, тағы басқа елге шығарды.

      Қорыта  келгенде  Қазақстандағы өндірістер ұсақ өндірістер негізінде емес, шетелдіктер салған қаржы негізінде негізінде дамыды. Шетелдік өнеркәсіпкерлер жұмысшы қазақтарға қатысты кемсіту саясатын ұстады. Оларды қандай да болмасын бір құқығынан айырды немесе өте төмен жалақы төледі. Қазақ жұмысшыларының біліктілігін көтеру мүмкіндіктері  болмады. Біліктілігі бар қазақ жұмысшылары бүкіл жұмысшы – қазақтардың  7 % ғана құрады.   

         Үшінші бөлімше  «ХІХ ғасырдың  екінші жартысы  мен 1917 жылдардағы  өңдейтін өнеркәсіптердің  пайда болуы мен  дамуы» деп аталады. Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін көп салалы өңдейтін өнеркәсіптер дами бастады. Жер өнімдері мен мал шаруашылығы заттарын өңдеу қазақтарға бұрыннан белгілі болды, бірақ бұл қосымша кәсіп ретінде, қазақтардың негізгі кәсібі-көшпелі мал шаруашылығы болды. Қазақстанның өңдеуші өнеркәсіптерінің кен-зауыт өнеркәсібінен айырмашылығы, ауыл шаруашылық шикізатын ұқсату жөніндегі өнеркәсіп жергілікті қажеттермен тығыз байланысты болды және өлкенің әлеуметтік-экономикалық өміріне белгілі бір ықпал жасады. Өңдеуші өнеркәсіптің кәсіпорындарын мынадай екі топқа бөлуге болады.

1. Ресейдің  еуропалық бөлігіне және шет  елге шығару үшін мал шаруашылығы  шикізатын алғашқы өңдеу жөніндегі  кәсіпорындар: жүн жуатын, мал майын  қорытатын, ішек-қарын тазартатын  және басқа кәсіпорындар жатты;

2. Ауыл  шаруашылық өнімін оны жергілікті  жерде тұтыну үшін ұқсату жөніндегі кәсіпорындар: бұлар былғары, май шайқайтын, спирт-арақ зауыттары, темекі фабрикалары және тағы басқалары. Толық емес деректерге сүйенсек, Қазақстанда 1886 жылы 1028 ұсақ өнеркәсіп өндірістері болса, 1895 жылы бұл ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдейтін өндіріс саны 2124 болып, соған сай жұмысшы саны 3432 – ден 5493-ке дейін өсіп, айналымдағы өнім   бағасы 2395,1 мың сомнан 3929 мың сомға жеткен.

      Темекі  шығаратын да фабрикалар пайда болды. Ең бірінші темекі плантациясы Верный қаласына жақын жерде Үлкен станциада Гаврилов деген фабрикант іргесін қалап, осы жерден табак фабрикасын ашты. 1883 жылы плантацияда 67 жұмысшы, фабрикада 15 жұмысшы, 2 шебер жұмыс жасап, 1 станок темекі жапырақтарын кесіп, қол машинамен папирос ораған.

      Өңдеу өнеркәсібінің ең дамыған салаларының бірі, соның ішінде  Солтүстік Қазақстанда тері өңдеу кәсібі болды. 1890 жылы Шучинск станциясында 8 тері илейтін зауыт болса, тура осындай кәсіпшіліктер жоғарғы Бұрлық пен Төменгі Бұрлық станцияларында да болды, ал олардың орталығы, ең ірісі Петропавл қаласында болды (10 зауыт). 1898 жылы Солтүстік Қазақстанда жалпы зауыттар саны біршама азайды [6]. Олар 23 болды, оның онында әр түрлі механизмдер-көбінесе 1-3 ат күші бар ат қозғалтқыштары мен 2 ат күші бар су қозғалтқыштары болды.  Егер Ақмола облысы мен Орынбор Губерниясындағы жұмыс істеп тұрған былғары зауыттарынның санын салыстыратын болсақ, 1890 жылы мынадай көрініс береді. Ақмола облысында 21 зауыт жұмыс істесе, Орынбор губерниясында 68 зауыт әрекет етті [7]. Сонымен қатар Ақмола облысындағы зауыттар аз өнім шығарды. Осындай өндіріс саласы Торғай облысында біркелкі дамыған жоқ. 1897 жылы «Қырғыздар календары» мәліметінде 1889 жылғы облыста небәрі 2 былғары зауыты болғандығын және оның Қостанай уезінде орналасқанын айтады [8].

      Оңтүстік  Қазақстанда былғары өңдеу ісі  мал шаруашылығы шикізаттарын өңдейтін өңдірістің басты бір тармағы  болды. Былғары өңдірісі Түркістанда  Өлкенінің Ресейге қосылғанына  дейін пайда болды және 1870 жылдың аяғына дейін қолөнер кәсібі түрінде сипат алды [9].  ХІХ ғасырдың 70 жылдарының басында Жетісу облысында 8 былғары өңдірісі, ал Сырдария облысында 12 өндіріс жұмыс жасады [10].  Сырдария мен Жетісу облысында 1916 жылы 65 мекеме болған [11]. Революцияға дейін ірі және ұсақ тері өнімдерінен Қазақстанда 3 059000 дана тері өңделіп, 13 034 800  сомға қаржы түсткен. Қазақстанда барлығын қосқанда, 8 ірі, 100-ге жуық ұсақ өндіріс болып, 683 500 тері өңдеп, 1200 дейін жұмысшылар болды.

      Қазақстан тұрғындарының өмірінде аса үлкен  рөл атқарған Шымкент пен Әулие-Ата уезінде кездесетін құмның астында қалған көлдердегі  отырып қалған тұздан ас тұзын алу болды. Тұрғындардың сұранысына ие болған Шымкент уезіндегі Қаракөл болыстығындағы Қаракөл көлінен алынған «қара тікен» тұз болды. Тұз алу өте қара дүрсін, қарапайым еді. Құжаттарда көрсеткендей «бұл кәсіпті жүргізген де, оларды әкелетін де бір қырғыздар, олар не отырып қалған тұзды жинайды, не ең артта қалған, жабайы әдіспен алады». 1 пұт тұздың бағасы оның ара қашықтықпен тасымалдай қиындығына қарай 25 тиыннан 4 сомға дейін болған. Революцияға дейін КССР территориясында 6 тұз өнеркәсібі жұмыс істеп, 6700000 пұт тұзды 670000 сомға өндірді. 370 орыс, 580 қырғыз жұмыс жасаған.

         Тағы да бір кең тараған  өндіріс саласы жүн жуу. 1913 жылы  Оңтүстік Қазақстандағы 16 жүн жуатын өндірісте 270550 пұт жүн жуылып, одан 1929182 сомға 66% дайын , таза, жуылған, іріктелген жүн алынды. Ал Петропавл қаласындағы жүн жуатын мекемеде 10000 қой жүні 2800 сомға жуылған 50 еркек, 100 әйел күніне 12 сағат жұмыс істеген. Істелінетін жұмыс көлемі мен жұмысшы саны да әр түрлі болды. Мысалы: Петропавлдағы екінші бір жер көпес В.П.Фигиннің иелігендегі жүн жуатын мекеме 1880 жылы құрылды. 1887 жылы 100 еркек, 150 әйел жұмысшыны пайдаланып, жылына 37000 сомға 15000 пұт жүн жуған.

  Патшаның отарлау саясаты Қазақстандағы жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларының дамуына тежеу болды. Ауыл шаруашылық шикізаты көлемінің өсуіне қарамастан, революцияға дейін Қазақстанда оны өнеркәсіптен өңдеу тиісті дәрежеде дами алмады. Арақ, спирт қайнататын және сыра ашытатын зауыттар туралы мәліметке қарайтын болсақ, Қазақстанның әр түкпіріндегі жұмысшы саны, жұмыс уақыты әр түрлі болып келеді. Мысалы: Семей қаласындағы көпес Арефеевтің сыра зауыты 7 жұмысшы мен 2 сыра қайнататын  қазанды пайдаланып, 8 мың шелек Бавария сырасын 14400 сомға дайындады. Ал олардың өндірістері өте ұсақ, әрі техникалық нашар жабдықталған қасапқана, диірмен, дән үгетін, май шығаратын, арақ, спирт қайнататын, сыра ашытатын, темекі шығаратын,шұға-мәуіті  фабрикасы, қой терісі, тон, киіз байпақ өнімдерін шығаратын өндірістер ретінде көрінді.  Ал    балық кәсіпшілігінің даму деңгейі балықты сақтау мен көнсервілеуде жағдай болмағандықтан, ол маусымдық кәсіп болып қалды, әрі балықты тұздауда, тұрпайы әдістер қолданылды. Революцияға дейін Қазақстан территориясында 140 балық кәсіпшіліктері жұмыс істеп, 6750 дейін жұмысшы істеп, 6750 дейін жұмысшылары болған, олардың 80% қырғыздар. Шикізатты өңдеу 5200000 пұтқа дейін жеткен.  Сонымен ХІХ ғасырдың соңында 1882 жылы Ақмолада 1 мыс балқыту зауыты 2 май ерітетін, 1 сабын қайнататын зауыт болса, Көкшетауда 12 тері-былғары зауыты, 5 май ерітетін зауыт, ал, Петропавлда 1 арақ, 2 сыра зауыты, 1 ұн тартатын, 1 мақта мекемесі, 5 сабын қайнататын, 5 тері-былғары, 13 май ерітетін, 2 желім қайнататын, 33 кірпіш зауыты, 2 жүн түтетін, 1 ішек-қарын жуатын мекеме жұмыс істеді [12].

      Қорыта  келгенде, 1913 жылғы мәліметтер Қазан  революциясының жеңісі мен одан кейінгі  жылдардағы өнеркәсіптің даму жағдайын көрсетпейді.Себебі империалистік  соғыс өнеркәсіптің дамуына кері әсерін тигізді. Осы жылдарда көптеген өнеркәсіп өндіріс ошақтары өзінің өнім шығаруын қысқартты,  кейбіреуі тіпті мүлдем қимылсыз қалды.  

       «1917-1940 жылдардағы  Қазақстандағы өнеркәсіптің  дамуы» деп аталатын бөлімнің бірінші бөлімшесі 1917-1940 жылдардағы Кеңес өкіметінің өнеркәсіпті дамыту саясатының  бағыттарын  талдауға  арналған. Көптеген    талас-тартыстар мен тазалаудан кейін 1927 жылдың соңына қарай социализмнің алғы шарттарын жасау деген тұжырымға тоқталды. Қайта құрудың баспалдақтары:

1.  халық  шаруашылығын индустриализациялау

2.  ауыл  шаруашылығын ұжымдастыру

3.  еңбекшілердің  тұрмыс жағдайы мен  мәдениетін  көтеру.

          Индустриаландыру кезеңіндегі Қазақстан  өнеркәсібінің дамуын маңызды  2 кезеңге бөлуге болады:

1. 1926-1932 жылдар аралығындағы дамуы социализмнің ірге тасын қалау кезеңімен тұспа-тұс келеді. 1926-1928 жылдары халық шаруашылығын қалпына келтіру ісі созылып кеткендіктен индустриаландырудың алғашқы қадамдары ғана жасалынды

2. 1933-1941 жылдар аралығы жаппай жаңа  өндірістерді игеру, жаңа техниканы пайдаланумен ерекшеленеді. Ірі өндірістер бірінші бесжылдықтарда негізі қаланып, республиканың индустриаландыруға бет алған  келбетін көрсетсе, енді жұмыс жасап тұрған ірі өнеркәсіп кешеніне айнала бастады.  

      Қазақстандағы индустриаландырудың  өзіндік ерекшелігі болды: шексіз көп табиғат байлығы мен іс жүзінде мүлде жоқ өнеркәсіп ошақтары, транспорт желісі мен байланыс, электр энергиясының жоқтығын, бұқаралық сауатсыздық, кадрдың жетіспеушілігі тағы басқалары. Соған қарамастан Қазақстанның өнеркәсібі басқа одақтық республикаларға қарағанда тез қарқынмен дамыды. Индустриаландыру бүкіл бұрынғы Кеңес одағы бойынша бөлмей, бүтін түрде жүрген біртұтас процесс болды. Ол республикаларға, облыстарға, аудандарға бөлу деген болмады. Оны бастап, іске асыру бүкіл орталық мемлекет мүдделеріне бағындырылды. Қазақстандағы индустриаландыру және оның әр бір қосқан үлесі, дәрежесі әр түрлі болды. Бұл іске Қазақстанның қосқан үлесі өте зор еді. Себебі оның кең даласында орналасқан көмір шахталары, темір рудниктері, жез, қорғасын зауыттары бүтіндей және толық Одақтың орталық өнеркәсібі үшін жұмыс істеді. Қазақ жерінен қазып алынған алтын, күміс және тағы басқа асыл құнды металлдар негізінен одақты индустриаландыру мұқтаждығына жұмсалды. Қазақстанның жүні, терісі, еті, астығы т.б. ауыл шаруашылық өнімдері Одақтың орталық аудандарына тасылды.

      Социалистік индустриализациялаудағы басты  заңдылық-өндірістің жоғары қарқынды дамуы және жаңа өндірістік құрылымдардың  пайда болуы еді. 1913 жылмен салыстырғанда негізгі өндірістік қорлар 1940 жылы 6,9 есеге өсті. КСРО-ның ірі өндірістері қайта құрылып, жаңартылып, жалпы өндірістің 90% құрады.

      Орта  Азиядағы индустриаландыру жеңіл және тамақ өнеркәсібінен басталса, Қазақстанда-ауыр өнеркәсіптен, ал Закавказье республикаларында (елде аса қуатты өндірістер құру кезінде) «Б» тобындағы өндіріс салаларын қарқындап дамыту негізінде жүзеге асты [13]. Индустриалдық  дамудың  маңызды шарттарының бірі – Қазақстанның байлығын пайдалану болды. Осындай мол байлық көзінің бірі – Қазақстанның жер қойнауындағы алтын еді. Алтын өндіру мен оның жағдайын мынадай деректерден көруге болады.    1925 жылғы берілген мәліметке қарағанда: «Жетіқара мен Степняк (Ақмола өңіріндегі алтын кені) бірігіп, Қазақстанда алтын өнеркәсібі биылғы жылы соғысқа дейінгі өнімнің 75% кем берген жоқ. 1919-1921 жылдары өнім алу нөлге түскен болатын» [14]. Ал «Майқайың алтын» кені Павлодардан 136 шақырым Баянауыл ауданында орналасқан. Табылған негізгі кен көзі-алтын, бірақ полиметаллда бар. Майқайыңның алтынының құны КСРО-ның алтынынан 3 есе арзан және 1 грамы 1 сом 50 тиыннан артық емес.

      «Степняк» алтын өнеркәсібі комбинатына байланысты мынадай қаулы қабылданған: Геологиялық  барлау жұмыстары мен дайындық жұмыстары  дұрыс жолға қойылып, 1932 жылы өнеркәсіп  құрамында металл қоры аз, жарты миллион тонна кен қорын иеленуі тиіс [15]. Осы қолданған шараларға қарап, мемлекеттің кен орындарын барлауды дамытуға көңіл бөлгені көрінеді.

     Қазақстанның  жер қойнауында аса мол түсті  және сирек кездесетін металдар, мұнай, көмір және тағы басқа байлық жатқанымен, оны игеретін сол заманға сай құрал-жабдықтар, техника болмады және маманданған  кадрлардың жоқтығы сезіліп тұрды. Бұл жағдай жалғыз Қазақстанда ғана емес, патшалы Ресейден мұрагерлікке алған артта қалған техникалы өнеркәсібі бар Ресей мен басқа республикаларда да білінді. Сондықтан осы қиындықтарды жеңу үшін және аса мол табиғи байлықты халық игілігіне жарату үшін материалдық, қаржылық ресурстар қажет болды. Бұл мәселе әсіресе бұрынғы патшалы Ресейдің боданы болған, шет аймақтардың бірі болып саналатын Қазақстан үшін де маңызы зор болды.  Жоққа тән көлемдегі өндіріс пен оның пайдалылығы төмен кезеңде материалдық және рухани жағынан қамтамасыз ететін тиісті мүмкіндігі болмады. 1920 жылы республикалық халық шаруашылығын дамытуға бөлген қаржысының көлемі 1 миллион болса, 1922 жылы 2 миллион сомға көтерілді [16].

Информация о работе ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен 1940 жылдағы Қазақстан өнеркәсібінің дамуындағы негізгі бағыттар: тарихи-салыстырмалы талдау