Ұстаз болу жүректің батырлығы

Автор: Пользователь скрыл имя, 02 Апреля 2013 в 20:38, реферат

Описание работы

Міне, жадырап жаз өтіп, алтын күз де келіп жетті. Табиғаттың осы бір жыл мезгілін әркім-ақ сыңғырлаған жез қоңырау үнімен, мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттерімен елестетеді. Жаңа оқу жылымен қатарлас келетін Мұғалімдер күні де күздің үлесіне тиіпті. Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әліп үйретіп, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя – мектебін әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отырады.

Работа содержит 1 файл

ұстаздық дастаны.doc

— 315.00 Кб (Скачать)

 

МҰҒАЛІМ

 

Мұғалімді анамдай жақсы  көрем,

Қиналамын қымбат теңеу  таба алмай.

Өз баласын тастап кетіп үйіне,

Ел баласын оқытады, ой, Алла – ай.

 

Мұғалімді жақсы көрем сезімтал,

Үлгі етемін өнегелі  сөзін бал.

Мұғалімнің мұғалімін  танимын,

Көкіректе көретұғын  көзім бар.

 

            Қымбат Әбілдақызы.

 

МЕНІҢ   ҰСТАЗДАРЫМ

 

Кәсібім жастайымнан  ән мен өлең,

Әзірбай әкем екен, атым Кенен.

Өнерім бойымдағы жалғыз осы,

Сұрасаң сырыңды айт деп халқым менен.

 

Анам Ұлдар әнші екен, әкем де ақын,

Ұстазым Сарбас ақын дүрілдеген.

Шашубай мен Шолақтың әнін естіп,

Мен де сондай болсам деп  дірілдегем.

 

Ақындардың дүлдүлін сонда көрдім,

Даусын естіп Жәкеңнің күмбірлеген.

Қырғыздың Тоқтағұл мен Қалмырзасы,

Еліктіріп әкетті жырыменен.

 

             Кенен Әзірбаев

 

БІЗДІҢ    АЛҒАШ   МҰҒАЛІМ

 

Ақ шатыры болмаушы еді,

Тастан салған шеткері,

Бізге білім ордасы еді

Шағын ауыл мектебі.

 

Жан-жақтан кеп ертеменен

Жиналатын балалар,

   Қолдан тіккен сөмкелердің

Бұрышында қара нан.

 

Ұлдар керзі етігімен

Ерсі еді келмесе,

Үсте шинель етегінен

Кесіп тіккен кеудеше.

 

Жыл өтетін іздеуменен

Жетпес оқу кұралын,

Үйрететін біздерге өлең

Бір қолы жоқ мұғалім.

 

Қатты сөйлеп күледі жәй

Үйретіп бар білгенін,

Қара костюм киеді  ұдай

Қалтаға сап бір жеңін.

 

Жылдар өтті есті жидық

Ұмытылды қиын күн,

Ақ белдемше форма  кидік

Орны толды-ау киімнің.

 

Түлеп үштық сан тарапқа

Қара танып ауылда,

Арамызда бар талапты

Дәрігер де, ғалым да.

 

...Бүгін колхоз қарауында

Қойма – мектеп үйінде,

Ал мұғалім қарауылда

Сол мектепте бүгін де.

 

Ұстазы деп бүгін  көптің

Сыйлайды ауыл баласы,

Бірақ әлі жалғыз оқтың

Жазылған жоқ жарасы.

Ақұштап Бақтыгереева

 

 

СҮЙІКТІ  ҰСТАЗЫМ –  МЕКТЕБІМ

 

Қызықты каникул кезінде

Асыр сап ойнадық, дем  алдық,

Сүйікті мектебім, өзіңе

Қуанып қайтадан оралдық.

 

Гүл тердік тоғайда, орманда,

Шіркін-ай жайдары жаз  қандай

Төл күтіп жайлауда,

                   Қырманда,

Бидайды жинастық маржандай.

 

Сәулесі әйнекке шағылып,

Нұр төкті класқа көкте күн.

Келдік біз оқуды  сағынып,

Сүйікті ұстазым –  мектебім.

 

       Шона  Смаханұлы

 

ІЛТИПАТ

(КСРО Мемлекеттік  сыйлығының лауреаты, Қазақстанның  еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа  Бітібаеваға)

 

Лапылдаса қызулықпен от-жаның

«Сабаңа түс, саспа»- дейді, “тоқтағын”

Бағыт беріп бейне  темірқазықтай,

Көңіліңе сызар өмір соқпағын.

 

Болашақтан сенім жібін  үзбеген,

Халыққа тек жарық  таңды іздеген,

Құлазитын жалғыз қалса  көңілі,

Бақыты оның оқушымен, бізбенен.

 

Ақ түссе де шаштың әрбір талына,

Жүк түссе де нар көтермес жанына,

Жаңарады жаңа оқу  жылымен

Тосар сені жеткен кезде  сағына.

 

Дүниеде таусылмайтын сырды  ашып,

Кейде алатын құрдасындай  сырласып,

Кейде қатал – тезге  салып алатын,

Кейде күндей – күлімдейді нұр шашып.

 

Шәкірттерін азамат қып  саналы,

Ұстаз-ана дана бола алады.

Ең бастысы, ұстаз мынау  өмірде

Ұлағат боп, ұлылық боп  қалады.

                                   Тоқтарбек Хамзин

 

ҰСТАЗ                         

 

Мейлі жас, мейлі кәрі бол,

Дана деп сені, пана деп сені үғамын.

Көктемсің нұр мен нәрі мол,

Диқансың және, кеншісің және Мұғалім!

 

Қалыпшы деп те айта алам,

Құрыштай құйып, шыңдайсың  балғын жас жанды.

Мектептен түлеп майталман,

Батырдың жолы, бақыттың жолы басталды.

 

Анадай бесік тербеткен,

Түн қатып сансыз дәптерге қанша түнейсің!

Суарып білім-шарбатпен,

Дүниеден бізге жақсылық қана тілейсің.

                                          Жұбан Молдағалиев

 

МҰҒАЛІМ

 

Сөзі бойға ексе білім  қуатын,

Көзі зерттеп жан-дүниеңді ұғатын.

Қайда жүрсем бірге ұстаз  бейнесі,

Іс-қимылы аңсар арман  – мұратым.

 

Күллі өмірін жеткіншекке  арнаған,

Мұғалімді ардақтамас бар  ма жан.

Ол мектептен шықпаса  да қысы-жазы,

Жемісі оның жердің жүзін  шарлаған.

 

Бала десе ойламайды  өз қамын,

Көрсем дейді күнге  де қол созғанын.

Шын жүректен жатса-тұрса  тілейді,

Шәкіртінің өзінен де озғанын.

 

Адам бар ма мұғалімнен жаны ізгі,

Аялаймын олар басқан әр ізді.

Арманым не алабына қадірлі,

Өнегелі болсам ұстаз  тәрізді

 

Олар үлес қосар сана-ақылға,

Мың алғыс бір сабағына татыр ма?

Болуды мен санаймын ең зор бақыт,

Мұғалімдер армиясы сапында.

                                         Оразақын Асқар

 

ҰСТАЗДАРЫМА

 

Айтарым менің көп  тегі,

Тыңдаудан әсте жалықпан.

Күлімдеп тұрған көктегі

Күнді де маған танытқан,

Айналдым ұстаздарымнан.

 

Еңбектеп үйге кіргенде,

Еңбекте-бақыт, соны ұққам.

Адасып түнде жүргенде

Алаулап от боп жолыққан,

Айналдым ұстаздарымнан.

 

Ақ қылау түскен самайға

Шәкірттің ұғар ойлысы.

Ұстаздық ауыр қалайда,

Төзе алмас еді жай  кісі,

Айналдым ұстаздарымнан.

 

Байыппен айтқан ақылын,

Самалдай егіп санама.

Өмірде мәңгі жақыным-

Ұқсаған туған анама,

Айналдым ұстаздарымнан!

 

Ақылын ойдан сарп етіп,

Ақ моншақ маңдай терімен.

Қияннан сонау жарқ етіп

Құздардан күнде көрінген,

Айналдым ұстаздарымнан!...

                           Оспанәлі Иманалиев

 

ҰСТАЗДАРҒА

 

Ұстаз – ұлағатты зиялылар,

Сендерде ғалымдардың  қиялы бар,

Ағайын, тойларыңа тарту  етем,

Ақыннан әриялы сый алыңдар!

Ұстаздар – тыншымайтын  еңбеккерлер,

Жемісті жерге екпеген, елге еккендер

Адамзат ұрпақтарын тәрбиелеп,

Зердесін болашақтың зерлеткендер.

Жайдары жүздеріңе барқыт көрік

Жаныңның бар асылын сарқып беріп

Жас буын - өнегелі шәкірттерді

Жүрсіңдер өз балаңнан артық  көріп.

Анадай, құс ұйқымен  көз ілдірер

Арманын аласартпас, сезімділер

Бағбандай, мәуелі бақ  мәпелеген,

Бала үшін бар азапқа төзімділер.

Жақсылық атаулыға жаршы жандар,

Жамандық атаулыға қарсы  жандар,

Баланы сусындатып өсіруге,

Білімнің бұлақ көзін  аршығандар.

Ұстаздар – ұлағатты зиялылар,

Сендерде ғалымдардың  қиялы бар.

Ағайын, тойларыңа тарту  етем,

Ақыннан әриялы сый алыңдар!

                               Зиядин Әбдуәлиев

 

         ШӘКІРТ ШАҚТА ЖЫЛЫ ЖҮЗБЕН ҚАРАСЫҢ.

 

Еміс есте отты көзің  жанатын,

Құлшынысың бар күшіңді  салатын.

Балапаның ұшып кетті-ау алысқа.

Қатайтып ап өз алдыңнан қанатын.

 

Оқу – құдық инемен қазатын,

Шәкірт біткен содан  арып-азатын.

Бұл күндері бір-бір үйдің иесі,

Шимайбектер атын әрең жазатын.

 

Кешір, ұстаз, түртсем  жанның жарасын,

Естіртсем мен әлдекімнің табысын.

Өмір деген – тым  күрделі дүние-ау

Айту қиын өлшеп оның бағасын.

Өрікбай Мұсаев

         

 ҰСТАЗЫМ

 

Қадіріңді кезінде

Білмепті ғой ұланың.

Қазір әрбір сөзіңе,

Елеңдейді құлағым.

 

Бірдей етіп ұстадың,

Демей бізге бөтенсің.

Кейде ақылын ұстаздың,

Сағынады екенсің.

 

Сол ұстазға жаны нұр,

Демен үлкен адаммын.

Есейсем де бәрі бір,

Баяғы шәкірт, балаңмын.

                       Жеңіс Қашқынов

 

 

ҰСТАЗДАР БЕЙНЕСІ -

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТЕ

 

Мұғалім. Аяулы ұстаз, сенің алдыңнан өтпеген жан бар  ма? “Адам өмірде кім болып шықса  да – олардың әрқайсысы өзінің алғашқы мұғалімімен, өзінің мектебін алғыс сезіммен еске алады” – деп  өте әділ айтылған сөз. Сіздер жайлы көркем әдебиетте де көп айтылып, жазылған. Назарларыңызға біраз көркем әдебиеттерді ұсынуды жөн көрдім.

 

А.С.Макаренко. Ұстаздық дастан. А.С.Макаренконың мұрасы – еліміздің  өскелең педагогика ғылымының алтын  қазынасы. Оның еңбек стилі, әдеби теориялық шығармалары этика, педагогика, психология мәселелерінің тың, әрі тәрбие ісінде аса маңызды жайларын ашты.

“Ұстаздық дастан” –  бұл менің бар өмірімнің дастаны  - деп жазды Макаренко өзінің Горькийге  жазған хаттарының бірінде. Міне, шығарманың құндылық жағы да осында.

Антон Семенович Макаренко  өзінің ісімен, өнеге алатын жайлары  көп, педагогикалық ілімге толы көркем шығармаларымен  жұртшылығымызға  ертеден белгілі. Ал оның шығармаларын өз тілімізде оқу-игілікті іс.

 

Ұлтың ұлы ұстазы. Бұл  еңбек – ХХ ғасырдың ірі саяси тұлға, көрнекті қоғам қайраткері, аса ірі әдебиет теоретигі, ғұлама түрколог, жаңа қазақ тілі бөлімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсыновқа арналады.

Жинаққа Байтұрсыновтың таңдамалы еңбектері мен ол туралы зерттеулері енгізілген.

Қазақтың қараңғы түнін  жарық қылған санаулы жұлдыздарымыздың бірі – Ахмет Байтұрсынов.

А.Байтұрсынов – қазақ  халқының әлеуметтік өмірі мен мәдениетіне  аянбай адал қызмет еткен ірі қайраткер, үлкен талант иесі, тарихта орны айрықша зор тұлға.

Әрбір көзі ашық адамға А.Байтұрсыновтың кім екенін таныту үшін осы сөздер де жеткілікті болар еді. Дегенмен дәл анығырақ айтсақ, А.Байтұрсынов ағартушы ғалым болу үшін елеулі еңбектер атқарып, мемлекет қайраткерлігіне жету үшін қиын да күрделі жолдардан өтті.

1905 жылы педагогикалық училищені бітірген А.Байтұрсынов Қазақстанның әр түрлі облыстарынан мектептер ашып, ұстаздық қызмет етті, жатпай-тұрмай еңбек етіп, қайткенде қазақ халқының көзін ашуға, санасын оятуға барын салды. Яғни, Ыбырай Алтынсариннің қазақты сауатсыздықтан құтқару үшін қалаған сара жолын әрі қарай жалғады.

Ахмет Байтұрсынов –  ХХ ғасырдың басында демократиялық  бағыттағы зиялылардың көшін  бастаушылардың бірі, сондай–ақ Алаш партиясы мен Алаш автономиясын құруда басты рөльді атқарушылардың бірегейі болды десек артық айтқанымыз болмас.

Қазақ халқының маңдайы  жарқырап өзге елдермен қатар болуы  үшін ең алдымен оқу-ағарту ісін алға қою керек екендігін түсінген. А.Байтұрсыновтың осы оқу-ағарту идеясы - қоғамдық қызметінің арқауы, азаматтық  борышының негізі болып табылады. Әрине, А.Байтұрсыновтың еңбегі жанып, арманы орындалды десек әбден болады.

Ол өзінің барлық саналы ғұмырын қазақ қоғамында білім  мен ғылымның дамуына, ағартушылық  ісіне арнады.

Кітаптың танымдық қуаты  мол, ұлағаты ұшан-теңіз.

Информация о работе Ұстаз болу жүректің батырлығы