Автор: Пользователь скрыл имя, 22 Марта 2012 в 09:30, дипломная работа
Материалдық, моральдық зиян күш қолдану, қорқыту арқылы келтіріледі. Келтірілген залалға байланысты қылмыс қоғамға қауіптілік сипатына қарай мүліктік, ұйымдастырушылық, жалпыға қауіпті және зорлықпен жасалатын қылмыстар деп бөлінеді. Қоғамға қауіптілік сипаты одан әрі кінәнің нысандары арқылы анықталады. Қасақаналықпен жасалатын қылмыстардың абайсыздықпен істелетін қылмыстарға қарағанда қоғамға қауіптілік сипаты едәуір ауыр.
Кіріспе
І.Қылмыс – құқық бұзушылықтың бір түрі
1.1. Қылмыстың түсінігі мен түрлері
1.2. Қылмыс құрамы – нақты қылмыстың заңдық сипаттамасы
ІІ. Қылмыс – кез келген қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік
2.1. Қылмыстық – құқықтың қағидалары – құқықтық мемлекеттің негізгі бағдары
2.2. Қылмыстық жауаптылық – бұл қылмыстық – құқылық норманы бұзудың нәтижесі
ІІІ. Қылмыстық жаза – мемлекеттік күштеу шараларының бірі
3.1. Жаза түсінігі, мақсаттары және түрлері
3.2. Жаза тағайындаудың жалпы негіздері
Қосымша
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Сонымен, біз қылмыстың қоғамға қауіпті, кінәлі, құқыққа қайшы және жазалаушылық сияқты қажетті белгілері бар екендігі әсте естен шығамауымыз керек. Осы белгілер арқылы қылмысты іс-әрекетті басқа да құқық бұзушылықтан ажыратамыз.
Қылмыс құқық бұзушылықтың жеке бір көрінісі болып табылады.Осыған орай қылмысты азаматтық-құқылық, әкімшілік және тәртіптік құқық бұзушылықтан және бейморальдық жат қылықтардан ажырата білудің маңызы ерекше. Қылмыс пен басқа құқық бұзушылықтың өзара басты айырмашылығы құқыққа қайшылықтың мәніне байланысты. Қылмыс әр уақытта да қылмыстық заңға қайшы болады. Басқа құқық бұзушылық құқық саласының басқа нормаларына, заңдар мен нормативті актілерге қайшы. Істелген қылмыстың зардабы болып мемлекеттің ең ауыр күштеу шарасы – қылмыстық жаза және содан туындайтын сотталғандық атақ болып табылады. Басқа құқық бұзушылықта мұндай жазалау шаралары жоқ, ал қолданылған ықпал ету шаралары сотталғандық атаққа әкелмейді.
Кейбір қылмыстар басқа құқық бұзушылықта орын алмайтын қоғамдық қатынастарға (адамның өмірі, мемлекеттің қауіпсіздігі) қол сұғады.
Қылмысты қол сұғушылықтың объектісі бойынша айқындалатын қоғамға қауіптіліктің сипаты мұндай іс-әрекетті қылмыс қатарына жатқызуға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда қылмысты басқа құқық бұзушылықтан ажыратудың еш қиындығы жоқ. Кейбір реттерде құқық бұзушылықта да, қылмыста да бір объектіге қол сұғу мүмкін. Мысалы, көлік құралдарын жүргізуші адамдардың көлік құралдарының жүріс қауіпсіздігі мен пайдалану ережелерін бұзу үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылық белгіленген. Мұндай аралас құқық бұзушылықта қоғамға қауіптіліктің дәрежесін дұрыс анықтаудың маңызы ерекше. Іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігінің негізгі көрсеткіші келтірілген зиян мөлшері болып табылады. Егер көлік құралдарын жүргізуші адамдардың көлік құралдарының жүріс қауіпсіздігі мен пайдалану ережелерін бұзуы, осының салдарынан жәбірленушінің денесі орта немесе одан жоғары дәрежеде жарақатталса немесе едәуір материалдық нұқсан келтірілсе іс-әрекет қылмыс қатарына, ал көрсетілгеннен гөрі аз зиян келтірілсе, әкімшілік тәртіппен жазаланатын құқық бұзушылыққа жатады. Сонымен, келтірілген зиян мөлшері қылмысты басқадай құқық бұзушылықтан ажыратуға мүмкіндік беретін бірден-бір белгі болып табылады. Лауазымды адам болып табылмайтын мемлекеттік қызметшінің лауазымды адамның өкілеттілігін өз бетінше пайдаланып,заң қорғайтын мүдделерге елеулі зиян келтіретін қасақана әрекетті қылмыс (309-бап), ал елеулі зиян келтірмеген басқа әрекеттер тәртіптік теріс қылық болып табылады. Өзінің нақты құқығын немесе басқа адам таласа алатын жорамалды құқығы, белгіленген тәртіптен тыс өз бетінше жүзеге асыру, бұл азаматтың құқығының елеулі түрде бұзылуына әкеп соқтырса, қылмыс ретінде сараланады. Ал елеулі түрде бұзушылық жоқ болса, мұндай әрекет әкімшілік жолмен жазаланатын құқық бұзушылыққа жатады. Қылмыс пен басқа құқық бұзушылықты бір-бірінен қоғамға қауіптілік дәрежесінің көрсеткіші арқылы ажыратуға да болады. Қазақ ССР-інің 1959 жылғы Қылмыстық кодексі бойынша көп жағдайларда бірінші рет істеген құқық бұзушылығы үшін әкімшілік жазалау шаралары қолданылған адамның дәл сол іс-әрекеті қайталап жасауы қылмысқа тартуға негіз болып табылатын. Мысалы, кәсіптік маңызы бар суларда рұқсатсыз немесе аулауға тиым салынған кезде, я рұқсат етілмеген тұстарда балық аулау, су аңдарын аулау, суда жүргізілетін басқа бір кәсіппен айналысу, егер бұл әрекеттер бұрын да осындай тәртіп бұзғаны үшін әкімшілік жолмен айыппұл тартқаннан кейін істелген болса, ол қылмыстық жазаланатын әрекет болып табылатын. Ондай болмаған жағдайда іс-әрекет әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылатын. Енді іс-әрекетке әкімшілік шарасы қолданылса, ол қайталану санына қарамастан қоғамға қауіптілік дәрежесіне ие болмайды, яғни қылмыс қатарына жатпайды. Әскери қылмыстарды тәртіптік теріс қылықтан ажыратуға көп жағдайда іс-әрекеттің істелген уақыты, жағдайы, орны үлкен әсер етеді. Мысалы: соғыс уақытында өз бетімен кетіп қалу – қылмыс, ал бейбіт уақытта істелген осы әрекет тәртіптік теріс қылық болып табылады. Іс-әрекетті қылмыс немесе басқа құқық бұзушылық қатарына жатқызуға негіз болатын қоғамға қауіптіліктің дәрежесі қылмысты субъективтік белгілерге жататын кінәнің нысандарын, ниет пен мақсатты дұрыс анықтауға да байланысты. Мысалы, денені жеңіл түрде қасақана жарақаттау қылмыс, ал абайсызда денені жеңіл түрде жарақаттау қылмысқа жатпайтын іс – теріс қылық, мұндай реттерде келтірілген зиянды өтеу азаматтық құқық тәртібімен реттеледі. Егер лауазымды адам пайдақорлық немесе басқа бір зұлымдық ниетпен құжаттарға жалғандық жасаса, онда қылмыс, ал ондай ниет болмаса, ол қылмыс саналмайтын құқық бұзушылықтың түрі болады.
Қылмыс санаттары деп оларды нақты белгілері бойынша топқа бөлуді айтамыз. Қылмысты санаттауға іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесі немесе қылмыс құрамының жекелеген элементтері негіз болады. Қылмыстық заңда қылмысты санаттаудың үш түрлі көрінісі қалыптасқан. Ол біріншіден, іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесіне қарап қылмысты төрт түрлі санатқа бөлу, екіншіден, қылмыстың объектісі бойынша санаттау. Осы белгі бойынша барлық қылмыстарды Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінде бірнеше санатқа бөлініп, объектісінің маңыздылығына қарай бірінен соң бірі орын алған, мысалы адам өміріне қарсы, мемлекеттің егемендігіне, басқару тәртібіне, меншікке қарсы, әскери қылмыстар т. б. Үшіншіден, қоғамға қауіптілік дәрежесі бірдей қылмыстар, қоғамға қауіптілік сипаттарына қарай жай, күшейтілген (квалифицированные), артықшылық берілген (привелигированные) болып бөлшектенеді. Мысалы, кісі өлтіру, ауырлатпайтын және жеңілдетпейтін жағдайларда кісі өлтіру, жеңілдететін жағдайда жан күйзелу жағдайында кісі өлтіру және т.б.
Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде қылмысты санаттау туралы арнаулы норма енгізіліп, онда қылмыстар сипатына және қоғамға қауіптілік дәрежесіне және кінәнің түріне байланысты онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр болып санаттарға бөлінген.
Қылмыстық кодекстің 10-бабына сәйкес жасалғаны үшін осы кодексте көзделген ең ауыр жаза екі жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет, сондай-ақ жасалғаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын абайсызда жасалған әрекет онша ауыр емес қылмыс деп танылады.
Жасалғаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет, сондай-ақ жасалғаны үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген абайсызда жасалған әрекет ауырлығы орташа қылмыс деп танылады.
Жасалғаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза он екі жылдан бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет ауыр қылмыс деп танылады.
Жасалғаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза он екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза немесе өлім жазасы – қасақана жасалған әрекет аса ауыр қылмыс деп танылады.
Қылмысты осылай етіп санаттарға бөлу қылмыстық құқық ғылымында қалыптасқан ғылым санаттарын қылмыстық кодекстің санкциясында белгіленген, қоғамға қауіптілік дәрежесіне қарай бөлу жөніндегі қазіргі заманғы талапқа сай келеді. Қылмыстық заңның жекелеген бабында көрсетілген санкция мөлшері қоғамға қауіптіліктің дәрежесін белгілейді және әртүрлі қылмыстардың қоғамға қауіптілік дәрежесімен салыстыруға мүмкіндік береді. Жаза мөлшерінің баптардың санкциясында нақты белгіленуінің өзі соттың өз білермендігімен қылмысты сол немесе басқа бір санатқа жатқызуына мүмкіндік бермейді. Қылмысты дәл бір санатқа жатқызуға мүмкіндік беретін қосымша белгілердің түрі кінә нысандары болып табылады. Мысалы, ауыр және аса ауыр қылмыстарға тек қасақана ғана қылмыстар жатады. Ауырлығы орташа немесе онша ауыр емес қылмыстарға қасақана немесе абайсызда жасалатын қылмыстар жатады. Осы санаттарға сәйкес аса ауыр қылмыстарға қоғамға қауіптілік дәрежесі ерекше ауыр қасақана қылмыстар, мысалы, кісіні ауырлататын жағдайларда өлтіру, мемлекетке опасыздық жасау, бандитизм, шабуыл жасап тонау сияқты қылмыс түрлері жатады.
Ауыр қылмыстарға мысалы, контрабанда, денеге қасақана ауыр жарақат салу, ауырлататын жағдайды біле тұра кінәсіз адамды қылмыстық жауапқа тарту қылмыстары жатады.
Ауырлығы орташа қылмыстарға қасақана немесе абайсызда істелген қылмыстар: абайсызда кісі өлтіру, кісіні өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, денеге қасақана орта дәрежеде жарақат салу және т.б. жатады.
Онша ауыр емес қылмыстарға бас бостандығынан айырмайтын жаза қолданылуы мүмкін. Оған қорлау, жала жабу, абайсыдза денеге ауыр немесе орта дәрежедегі жарақат түсіру сияқты қасақана немесе абайсызда істелген қылмыстар жатады. Қылмысты санаттарға бөлудің маңызы ерекше.
1.2. Қылмыс құрамы – нақты қылмыстың заңдық сипаттамасы
Қылмыстық заңда қылмыстың жалпы түсінігі берілген, сонымен бірге Ерекше бөлімінде нақты қылмыстар жеке-жеке көрсетілген. Қылмыстық заң қылмыс құрамы түсінігін нақты ашып көрсетпейді. Бұл түсінікті қылмыстық құқық теориясы ғана береді. Қылмыс құрамы деп қылмыстық заң бойынша қоғамға қауіпті іс-әрекеттерді белгілі бір қылмыстың қатарына жатқызуға мүмкіндік беретін қылмыстың объективтік және субъективтік жақтарынан құралған элементтердің және олардың белгілерінің жиынтығын айтамыз. Қылмыс құрамының әрқайсысы оның субъективтік және объективтік белгілерімен сипатталады. Барлық жүйелер секілді қылмыс құрамы да белгілі бір элементтерден тұрады. Осы белгілердің қосымша жүйелерінің ең болмағанда біреуінің жоқ болуы жүйенің болмауына, яғни қылмыс құрамының тұтастай жоқ болуына әкеп соғады. Бұл жерде қылмыс құрамының элементтері деп қылмыс құрамының жүйелерін құрайтын бастапқы компоненттерді айтамыз. Қылмыс құрамының белгілеріне мынадай төрт түрлі элементтер жатады: объект, объективтік жағы, субъект, субъективтік жағы. Мысалы, бөтен адамның мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру қылмысы (187-бап) белгілері болып, біріншіден, басқа біреудің мүлкіне қол сұғу, екіншіден, осы мүлікті жою немесе бүлдіру, үшіншіден, осы әрекеттерді қасақана істеу, төртіншіден, бұл іс-әрекет ауырлататын жағдайларда жасалса, ол үшін адам 14 жасынан бастап қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Осы көрсетілген төрт белгінің біреуі жоқ болса, онда бұл қылмыс құрамы болмайды. Егер адам бөтен адамның мүлкін абайсызда бүлдірсе немесе жойса, онда кінәлінің әрекеттерінде басқа қылмыс құрамының белгілері болады. Себебі бұл жерде 187-бапта көрсетілген қылмыстың басты бір белгісі қылмысты қасақаналылықпен істеу жоқ. Әрбір қылмыс құрамының белгілері Ерекше бөлім баптарындағы диспозицияларда ғана емес, қылмыстық заңның жалпы бөлімінде оның тиісті баптарында да айтылады. Ерекше бөлім баптарының диспозицияларында әртүрлі қылмыстардың көптеген белгілері аталып көрсетілген. Мұның өзінде диспозициялардың қылмыстың ерекшелігін анықтайтын және оны басқа қылмыстардан ажырататын соған тән белгілерінің тізбегін береді. Барлық қылмыстарға жалпылама ортақ немесе нақты қылмыс топтарына тән белгілер Жалпы бөлім баптарында анықталады. Мысалы, бөтеннің мүлкін ұрлауды анықтайтын Қылмыстық кодекстің 175-бабының диспозициясында осы қылмыстың не субъектісінің, не кінәсінің нысаны аталмаған.
Бұл жалпылама белгілер Қылмыстық кодекстің 15 және 20-баптарында көрсетілген. Қылмыстық кодекстің 175-бабында ұрлықтың оған тән белгісі – басқа біреудің мүлкін жасырын түрде ұрлау ғана көрсетілген. Осы белгісі арқылы ұрлық тонаудан ерекшеленеді. Әрбір қылмыс істелген уақытында көптеген белгілермен сипатталады. Осы белгілердің барлығы да қылмыс құрамына жата бермейді. Қылмыс құрамына мұқияттылықпен таңдап алынған түрлік белгілер ғана қосылады. Түрлік белгілер дегеніміз барлық қылмыстарға ортақ, олардың қоғамға қауіптілігі мен құқыққа қайшылығын білдіретін жиынтығының көрінісі болады. Түрлік белгіге жатпайтын тек қана жекелеген қылмысқа тән белгілер қылмыс құрамына қосылмайды. Сондықтан олар қылмыс құрамынан тысқары болады да, осыған байланысты оның қылмысты саралау үшін маңызы болмайды. Мысалы, бөтеннің мүлкін ұрлаған немесе ол ұрлықтың қашан болғаны қылмысты саралауға әсер етпейді. Түрлік белгі сол немесе басқа қылмыстың міндетті белгілері болып табылады. Осы түрлік белгілердің біреуі жоқ болса, онда қылмыс құрамы да болмайды. Мысалы, басқа біреудің мүлкін ұрлаудың түрлік белгісі – оны жасырын ұрлау. Егер басқа біреудің мүлкін алу жасырын емес, ашық жасалса, онда ол тонау болады. Қылмыс құрамы бір ғана қылмыстық құқықтық нормада – бір бапта көрсетілуі мүмкін.
Басқа жағдайларда қылмыстық кодекстің бір бабында қылмыс құрамының бір немесе бірнеше түрі қарастырылуы мүмкін. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 308-бабында қылмыстың қауіптілік дәрежесіне қарай билікті немесе қызметтік өкілеттілікті асыра пайдаланудың үш құрамы көрсетілген: баптың бірінші бөлімінде осы қылмыстың жай түрі, ал екінші және үшінші бөлімдерінде осы қылмыстың ауыр және аса ауыр түрлері қарастырылған.
Ерекше бөлімнің баптарында әдетте аяқталған немесе орындаушының тікелей істеген қылмыстары көрсетіледі. Алдын ала қылмыстық әрекеттерде немесе қылмысқа қатысушы адамдардың (ұйымдастырушы, айдап салушы, көмектесуші) әрекеттерін сол немесе басқа қылмыс құрамының барлық белгілері болмайды. Мысалы, әйелді зорлауға оқталған онымен зорлап жыныстық қатынас жасау орындалмайды немесе кісі өлтіруге оқталғанда қылмыстың зардабы – адам өлімі жоқ. Бірақ осы жағдайларда кінәлінің әрекеттерінде Ерекше бөлімдерде аталған баптарда көрсетілген қылмыстың барлық белгілерінің болмауы олардың іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ деуге негіз болмайды. Бұл жағдайда да қылмыс құрамы бар, бірақ ол оның құрамы Ерекше бөлімнің, сол сияқты Жалпы бөлімнің тиісті баптары көрсетіле отырып белгіленеді. Мысалы, әйел зорлауға оқталғанда кінәлінің әрекеттерінде Қылмыстық кодекстің 120 және 24-баптарында көрсетілген қылмыс құрамының белгілері бар. Қылмыс құрамының заңдылықты сақтауда және оны нығайтуда маңызы зор. Заңдылықты қатаң сақтау, бұлжытпай жүзеге асыру, тәуелсіз мемлекетіміздің нығаюының негізгі шарты. Заңдылық қағидасын сақтау құқық қорғау органының қызметкерлерінің қасиетті борышы. Бұл азаматтардың конституциялық құқығың, бостандықтарын жүзеге асырудың негізгі кепілі болып табылады. Заңдылық талабын дұрыс жүзеге асыру қылмыс істеген адамға заңды дұрыс қолданып, оның әрекетіне заң талабына сай баға беру болып табылады. Қылмыстық заңды дұрыс қолданудың маңызды шарттардың бірі қоғамға қауіпті іс-әрекеттерге заңды дұрыс қолданып, әрекет немесе әрекетсіздікке қылмыстық заң нормасының талабына сай баға беріп саралау болып табылады.
Қылмысты саралау дегеніміз адамның қоғамға істеген қауіпті іс-әрекетін қылмыстық заңда көрсетілген нақты қылмыс құрамының белгісі бір бапқа дәлме-дәл жатқызу болып табылады. Қоғамға қауіпті іс-әрекет қылмыстық заңда көрсетілген нақты қылмыс құрамымен қамтылса, онда ол дұрыс сараланған деп саналады. Қылмысты саралауда іс-әрекеттің қылмыс құрамының тиісті баптары немесе оның бөлімдеріне, тармақтарына сай келетіндігін дәлме-дәл көрсету керек. Егер адамның іс-әрекеттерінде бірнеше қылмыс құрамының белгілері болса, онда олар заңның бірнеше баптары немесе баптың бірнеше бөлімдері бойынша сараланады. Қандай түрде болса да қылмысты дұрыс сараламау, ол заңдылықты бұзуға, қылмысқа қарсы күрес жүргізетін органдардың беделіне нұқсан келтірумен байланысты болады. Мұндай құбылысқа жол бермеу үшін қылмыстық заңды дұрыс қолданып, істің мән-жайын терең зерттей білу, істелген іс-әрекетті дұрыс саралау керек, сондай-ақ қылмысты қылмыс еместіліктен немесе соған ұқсас басқа қылмыстардан ажырататын белгілерді анықтау керек. Міне, бұл жерде қылмыс құрамының, оның белгілерінің қылмысты саралаудағы, заңдылықты сақтаудағы маңыздылығы ерекше болып отыр. Біздің құқықтық мемлекетімізде бірде бір адам, егер оның істеген іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ болса, қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиісті емес. өйткені жаңа қылмыстық кодекстің негізгі талабы қылмыстық жауап пен жазаға тек қана қылмыс істегенге, яғни қылмыстық заңда көрсетілген қоғамға қауіпті іс-әрекетті қасақана немесе абайсыздықтан істеген кінәлі адамды ғана тарту болып табылады.
Қылмыс пен қылмыс құрамы өзара тығыз байланысты, бірақ бір-біріне ұқсамайтын қылмыстық құқықтық түсініктер. Олардың өзара мазмұны да, бағыты да әртүрлі. Жоғарыда атап өткеніміздей, қылмыс туралы ұғым Қылмыстық кодекстің 9-бабында берілген. Осы баптағы анықтамада көрінгеніндей, қылмыс дегеніміз адамның әлеуметтік құқықтық, қоғамға қауіпті және құқыққа қайшы секілді міндетті белгілерінің жиынтығынан туатын ерекше іс-әрекеті болып табылады.
Қылмыстың жалпы түсінігі сол қылмыстың заңдық сипаттамасын беріп қана қоймай, оның әлеуметтік саяси сипатын да ашып көрсетеді. өмірде қылмыстық құбылыстар әртүрлі нысандарда көрініс тауып немесе түрлі түрде болатындықтан, қылмыстық заң қылмыстың жалпы түсінігмен бірге нақты қылмыстардың да түсінігін қарастырған. Қылмыстың жалпы түсінігі – барлық қылмыстарға тән, оның белгілері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде көрсетілген жеке қылмыстар түрінде нақтыланып, өзінің дамуын табады.
Қылмыстық заңда сипатталған әрбір қылмыс, яғни, қылмыс құрамы өзінің ерекше белгілерімен сипатталады. Қылмыстың құрамы – бұл қылмысты іс-әрекет емес, тек соның нысанын сипаттайтын түрі ғана. Ол нақты қылмыстың заңдық сипаттамасы, жеке нақты қылмыстың заңдық нысаны. Егер қылмыстың түсінігінде барлық қылмыстарға тән белгілер – қоғамға қауіптілік, құқыққа қайшылық, кінәлілік және жазаланушылық аталған болса, ал қылмыс құрамында іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігін білдіретін нақты қылмыстардың міндетті белгілерінің жиынтығы есепке алынады. Қоғамға қауіптілік қылмыс құрамының емес, қылмыстың белгісі болып табылады. Осы екі қылмыстық құқықтық түсініктерінің бағыты да әртүрлі. Нақты қылмыстың құрамы қылмыстық жауаптылықтың негізі болса, ал қылмыстың жалпы түсінігі нақты қылмыс құрамының заңдылық базасын жасаудың, қылмыстық құқықта оның құқықтық, әлеуметтік саяси табиғатын түсіндіру қажеттілігінен туындайды.