Автор: Пользователь скрыл имя, 22 Марта 2012 в 09:30, дипломная работа
Материалдық, моральдық зиян күш қолдану, қорқыту арқылы келтіріледі. Келтірілген залалға байланысты қылмыс қоғамға қауіптілік сипатына қарай мүліктік, ұйымдастырушылық, жалпыға қауіпті және зорлықпен жасалатын қылмыстар деп бөлінеді. Қоғамға қауіптілік сипаты одан әрі кінәнің нысандары арқылы анықталады. Қасақаналықпен жасалатын қылмыстардың абайсыздықпен істелетін қылмыстарға қарағанда қоғамға қауіптілік сипаты едәуір ауыр.
Кіріспе
І.Қылмыс – құқық бұзушылықтың бір түрі
1.1. Қылмыстың түсінігі мен түрлері
1.2. Қылмыс құрамы – нақты қылмыстың заңдық сипаттамасы
ІІ. Қылмыс – кез келген қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік
2.1. Қылмыстық – құқықтың қағидалары – құқықтық мемлекеттің негізгі бағдары
2.2. Қылмыстық жауаптылық – бұл қылмыстық – құқылық норманы бұзудың нәтижесі
ІІІ. Қылмыстық жаза – мемлекеттік күштеу шараларының бірі
3.1. Жаза түсінігі, мақсаттары және түрлері
3.2. Жаза тағайындаудың жалпы негіздері
Қосымша
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Қылмыстық құқық теориясында, оқулықтарда қылмыс құрамының жалпы түсініктері кеңінен қолданылады. Жалпы және нақты қылмыс құрамының түсінігі жалпы қылмыс түсінігіне қарағанда заңдылық ұғым емес, ғылыми ұғым болып табылады. Бұл ұғым теорияда нақты қылмыстардың түсінігінен, қылмыстың нақты құрамының жинақталған белгілері арқылы анықталады және өз бойында жалпылама барлық қылмыс құрамдарының белгілері мен элементтерін сипаттап көрсетеді. Нақты қылмыстың құрамы нақты қылмысқа тән белгілерді көрсетеді деп жоғарыда атап өттік. Бірақ әрбір қылмыс құрамында барлық қылмыстардың құрамына тән, жиынтығында қылмыс құрамының жалпы түсінігін құрайтын, яғни кез келген қылмыстар құрамының жалпы белгілерін белгілейтін белгілер бар. Қылмыстық құқық теориясы әрбір қылмыста болатын төрт түрлі міндетті элементтерді: қылмыстың объектісін, объективтік және субъективтік жақтарын, субъектісін атап көрсетеді. Осы белгілерге орай кез келген қылмыс құрамы осындай төрт түрлі топтағы элементтерге бөлінеді. әрбір қылмыс құрамында оның объектісін, объективтік және субъективтік жақтарын, субъектісін бейнелейтін белгілері міндетті түрде болады. Осы элементтердің әрқайсысы қылмыстың құрамдас бөлігі болып табылады, сондықтан осы элементтердің біреуінің жоқ болуы қылмыс құрамының мүлде және қылмыстық жауаптылыққа негіздің де жоқ екендігін көрсетеді. Қылмыс құрамының жалпы түсінігі барлық қылмыс құрамына тән осы төрт түрлі элементтермен сипатталады. Қылмыстың осы немесе басқа элементтерін сипаттау тиісінше қылмыс құрамының элементтерін сипаттау деп аталады. Мысалы қылмыстың субъективтік жағының белгілерін сипаттау қылмыс құрамының субъективтік жағы деп аталады.
Қылмыстың объектісі деп, сол қылмыстық қиянаттың неге бағытталғанын, оның қандай зиян келтіргенін немесе келтіруге нысана алғанын айтамыз. Қылмыстың объектісі заң қорғайтын қоғамдық қатынастар болып табылады. Қылмыстық құқықта олар шартты түрде жалпы, топтық және тікелей объект болып бөлінеді. Қылмыстың объектісін оны сипаттайтын қылмыс құрамының белгілерін дұрыс анықтаудың қоғамға зиянды іс-әрекеттің сипаты мен дәрежесін белгілеу үшін және оны саралау үшін маңызы ерекше.
Қылмыстың сыртқы пішінін, көрінісін сипаттайтын белгілердің жиынтығы қылмыстың объективтік жағын сипаттайды. Объективтік жағының белгісіне, ең алдымен, қоғамға қауіпті мінез-құлық актісінің сыртқы көрінісі – адамның әрекеті немесе әрекетсіздігі. Қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздіктің нысандары мен түрлері қылмыстық заң тұжырымдарында әртүрлі және жан-жақты (мүлікті жою немесе бүлдіру, қаза келтіру, қауіпті жағдайда қалдыру және т.б.). Біршама қылмыс құрамының объективтік жағы әрекет немесе әрекетсіздтен басқа қылмыстың зардабы және іс-әрекеттің зардап пен себепті байланысын көрсетеді. Көрсетілген белгілерден басқа заңда кейбір қатынастардың объективтік жағын сипаттауда оның міндетті белгілеріне уақыт, орын, жағдай, қылмыстың жасалу тәсілі де жатады. Қылмыстарды ажыратып жіктеуде, оның қоғамға қауіптілігінің дәрежесін белгілеуде, қылмысты саралауда объективтік жағының осы белгілерінің маңызы зор. Қылмыстың субъективтік жағының белгілеріне қылмыстың ішкі жағын құрайтын белгілері, яғни адам істеген қоғамға қауіпті іс-әрекет не психикалық қатынас сипатталады. Субъективтік жақтың белгілеріне кінә, ниет, мақсат жатады. Кінә екі түрлі нысанда: қасақаналылық және абайсыздық түрінде көрініс табады. Субъективтік жағынан бір қылмыстар қасақаналылықпен (ұрлық), екінші біреулер абайсыздықпен (абайсызда кісіге қаза келтіру), үшіншілері қасақаналықпен де, абайсызда да жасалуы мүмкін. Кінәнің нысанының көпшілігі қылмыстық заңның өзінде ашып көрсетіледі. Ал көрсетілмеген жағдайда олар қылмыстың құрамының белгілеріне талдау жасау арқылы анықталады. Кейбір қылмыс құрамдарының субъективтік жағының белгілеріне қылмыстың ниеті мен мақсаты да жатады. Мысалы, пайдақорлық ниетпен кісі өлтіру, басқа қылмыстың ізін жасыру мақсатында кісі өлтіру. Қылмыс құрамының субъективтік жағының белгілерін анықтау, қылмысты саралауда қылмыстың және қылмыскердің қауіптілік дәрежесін анықтау үшін аса маңызды болып табылады. Қылмыстық заң бойынша қылмыстың субъектісі болып қылмыстық жауаптылыққа тартылуда кез келген адам жатады. Қылмыстық жауаптылыққа есі дұрыс. Қылмыс жасаған уақытта 16-ға, кейбір қылмыстар үшін 14, 18-ге толған жеке адамдар жатады.
Сонымен кез келген қылмыс құрамының субъектісінің жалпы белгілері болып жеке адам, есі дұрыс адам, белгілі жасқа толғандар саналады. Қайсыбір қылмыс құрамдары үшін жауаптылыққа осы жалпы белгілерден бөтен қосымша белгілер болғанда ғана жол берілуі мүмкін. Әдетте мұндай қосымша белгілер осы қылмыс үшін жауап беруі мүмкін адамдардың шеңберін шектейді. Мысалы, пара алудың субъектісі болып тек мемлекеттік органдардың адамдары ғана, ал әскери қылмыстардың субъектісі болып тек әскери қызметкерлердің болуы қылмыстың субъектісін белгілейтін белгілердің қылмысты саралау үшін, қылмыстық жауаптылық мәселелерін шешуде және жаза мөлшерін анықтауда маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда қылмыстық құқық теориясында қылмыстың құрамының қажетті міндетті белгілері және факультативтік белгілері болып өзгешеленеді. Мұндай өзгешелену қылмыс құрамының мазмұнын ашуға, қылмыстық іс-әрекетті дұрыс саралауға көмектеседі. Қылмыс құрамының қажетті, міндетті белгілері дегеніміз бұл кез келген қылмыс құрамында болатын белгілер. Ондай белгілердің кем дегенде біреуінің болмауы қылмыс құрамының мүлдем болмауының көрінісі болып табылады. Мұндай белгілерге жататындар: әрекет немесе әрекетсіздік, кінәнің нысаны, адамның есі дұрыстығы, оның белгілі бір жасқа толуы.
Қылмыс құрамының факультативтік нышандары дегеніміз бұл заң шығарушының кейбір қылмыс құрамын сипаттау үшін қолданатын белгілері болып табылады. Факультативтік белгілерге жататындар: уақыт, қылмыс істеу тәсілі, ниет, мақсат, қылмыс заты, арнайы субъект, қылмыс зардабы, себептік байланыс.
Егер факультативтік белгі сол немесе басқа бір құрамда атап көрсетілсе, онда ол өзінің мәні жағынан осы құрамның қажетті міндетті белгісіне айналады. Мысалы, басқа біреудің мүлкін тонауды алсақ, мұнда тонаудың тәсілі – мүлікті ашықтан-ашық алу, осы қылмыстың белгісі. Егер факультативтік белгі қылмыс құрамына енгізілмесе, онда ол қылмысты саралауға әсер етпейді. Тек қылмыстық құқықтық жаза тағайындалғанда ғана ескеріледі. Мысалы, қызметкердің құжаттарды қолдан жасауы қылмысын саралауда оның қандай тәсілмен, қандай құралмен жасағаны есепке алынбайды. Бірақ қолданылған тәсіл, мақсат жаза тағайындалғанда ескеріледі. Қылмыс құрамының жалпы түсінігінің ол туралы ілімінің заңдылықты сақтауда және оны нығайтудағы маңызы ерекше.
Қылмысты дұрыс саралау үшін нақты қылмыс құрамдарының белгілерін тиісінше дұрыс түсіну керек. Осындай әдіс қылмыс құрамының жалпы белгілерін білуге жәрдемдеседі. Ал қылмыс құрамының жалпы түсінігі нақты қылмыс құрамын қатесіз табудың аса қажетті сатысы болып табылады.
Жекелеген қылмыс құрамының мазмұнын ашу, олардың белгілерін анықтауды жеңілдету, нақты істелген іс-әрекеттерді дұрыс саралау мақсатымен қылмыс құрамының түрлері нақты белгілері бойынша өзара бөлінуі мүмкін.
Қылмыстық құқық ғылымында мұндай бөлінудің негізі (критериясы) болып: біріншіден, іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігінің дәрежесі, екіншіден, қылмыс құрамының сипатталу тәсілі, үшіншіден, қылмыс құрамының құрылысы есепке алынады. Іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігінің дәрежесі мен мәніне қарай құрамдар негізгі, жауаптылықты ауырлататын қылмыс құрамдары және жауаптылықты жеңілдететін қылмыс құрамдарына бөлінеді. Негізгі қылмыс құрамы деп іс-әрекеттің белгілі бір түрі бойынша онда негізгі тұрақты белгілердің болуын айтамыз. Негізгі қылмыс құрамында қылмыстың ауырлататын немесе жеңілдететін жағдайлары көрсетілмейді. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 96-бабының 1-бөліміндегі құрам негізгі құрамға жатады. Онда кісі өлтірудің жай түрі ғана аталған, ауыр не жеңіл түрлері көрсетілмеген.
Егер қылмыс құрамында осы іс-әрекеттің негізгі белгілерінен басқа жауаптылықты жеңілдететін жағдайлар да көрсетілсе, онда ондай қылмыс құрамын жеңілдетілген қылмыс құрамы деп атайды. Мұндай қылмыс құрамына Қылмыстық кодекстің 98-бабында көрсетілген қылмыс құрамы жатады (жан күйзелісі жағдайында кісі өлтіру). Негізгі белгілермен бірге жауаптылықты ауырлататын жағдайлар көрсетілген қылмыс құрамы сараланған қылмыс құрамы деп аталды. Сондай-ақ құрам қатарында 129-баптың 3-бөлімінде көрсетілген адамды ауыр қылмыс істеді деп айыптап жала жабу жатады. Немесе 175-баптың 2-,3-бөлімдерінде қарастырылған құрамдар жатады. Қылмыс құрамының сипатталу тәсіліне қарай құрам жай қылмыс құрамы, күрделі қылмыс құрамы және баламалы қылмыс құрамы түрлеріне бөлінеді. Жай қылмыс құрамы дегеніміз қылмыс құрамының белгілерінің біркелкі болуы, яғни оның бір ғана объектісі, бір ғана объективтік жағының болуы. Бұған мысалы, 125-баптың 1-бөлімінде қарастырылған адамды ұрлау жатады. Күрделі қылмыс құрамы деп қылмыс құрамы элементтерінің бірінің күрделенуін айтамыз. Мысалы, екі объектіге бірдей қол сұғуын (қарақшылық). Кінәнің екі түрлі нысаны болатын қылмыстар. Балама құрам деп Қылмыстық кодекстің бабындағы диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істегендікті айтамыз. Мысалы, 259-бап есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату. Қылмыс құрамының құрылысына қарай құрамды түрге бөлудің де практикалық маңызы ерекше. Осы белгісі бойынша қылмыс құрамы материалдық, формальдық және келте қылмыс құрамдарына бөлінеді. Іс-әрекеттің нәтижесінен болатын зардап қылмыс құрамында көрсетілсе, ондай қылмысты материалдық қылмыс құрамы деп атайды. Мұндай қылмыс құрамы әрекет немесе әрекетсіздік жасалған уақыттан бастап қана емес, заңда көрсетілген қылмыс зардабы болған уақыттан бастап аяқталған деп саналады. Мысалы, қызмет өкілеттігін пайдаланып қиянат жасауды келтіруге болады.
Формальдық қылмыс құрамы деп зардабы болмайтын қылмысты айтамыз. Формальдық қылмысқа жататындар: пара беру, қызмет жөніндегі жалғандық. Пара беру, параны кез келген нысанда берген уақыттан бастап белгілі бір зардаптың болуына қарамастан, аяқталған қылмыс деп саналады. Кейде заң шығарушы қылмыстың аяқталған уақытын алдын ала қылмыстық әрекет сатысына көшіреді. Мұндай құралымда қылмыс құрамын келте құрам деп атаймыз. Мысалы, адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыру қаупінде қалдыру. Бұл құрам бойынша заң шығарушы аяқтау уақытын оның зияндылығына байланысты оқталу сатысына көшірген. Яғни бұл қылмыс деп аталған адамның жәбірленушіге осы ауруды жұқтырған уақытынан емес, оларға осы ауруды жұқтыру қаупін туғызған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Келте қылмыс құрамына бандитизм де жатады. Бұл қылмыс құрамы ұйымдастырылған уақыттан бастап-ақ біткен қылмыс деп есептелінеді.
ІІ. Қылмыс – кел келген қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік
2.1. Қылмыстық – құқықтың қағидалары – құқықтық мемлекеттің негізгі бағдары
Қылмыстық құқық жеке құқық саласы ретінде адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекетті қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауға бағытталған қоғамдық қатынастарды реттейді. Мұндай реттеу үш түрлі жолмен жүзеге асырылады. Оның біріншісі, қылмыстық құқық нормасы арқылы қоғамдық қатынастарды реттеу функциясы болып табылады. Ол қылмыс істеуге байланысты қылмыс істеген адам мен мемлекет арасында пайда болады. Мұндай құқықтық қатынасқа қатысушылардың әрқайсысының өзіне тән құқықтары мен міндеттері пайда болады. Субъект қылмыс істеуіне байланысты қылмыстық жауапқа және жазаға тартылуға міндетті болса, екінші субъект, әділ сот органдары (сот, тергеу, прокуратура) қылмыс істеген адамды сол міндетті орындауға күшпен міндеттейді. Сонымен, қылмыстық құқықтық қатынастарды реттейтін бұл функция орын алған қылмыс оқиғасына байланысты қылмыстық жауаптылықты және жазаны қолдану немесе қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату сияқты мәселелерді жүзеге асырады.
Екіншіден, қылмыстық құқық нормасы арқылы жазамен қорқытып тыйым салынған іс-әрекеттерді істеуге байланысты қоғамдық қатынастар реттеледі.
Қылмыстық құқық туралы сөз болғанда оның үш түрлі мағынасын ескеруіміз керек. Қылмыстық құқық – бұл жалпы құқық жүйесінің негізгі бір саласы және пән болып табылады. Осы ұғымдардың бәрінің жиынтығы қосылып қылмыстық құқық курсы деген түсінікті білдіреді.
Қылмыстық құқық пәнін құқық саласы ретінде қарастырғанда жалпы құқық теориясына тнә белгілердің, негізгі принциптердің осы құқық саласына да тән екендігін ескеру керек. Сонымен бірге қылмыстық құқық өзінің ерекшеліктерін белгілейтін және өзін жеке құқық саласы ретінде қарастыруға негіз болатын өзіндік мазмұн, өзгешелік белгілері мен принциптері бар құқық саласы болып табылады.
Құқық саласы ретінде қылмыстық құқық заң шығарушы органдар қабылдаған қылмыс пен жаза, қылмыстық жауаптылық негізі, жаза жүйелерін, жаза тағайындаудың тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатуды белгілейтін заң нормаларының жиынтығы болып табылады.
Қылмыстық құқық Жалпы және Ерекше бөлімнен тұрады. Қылмыс пен жаза туралы ұғым, қылмыстық заңның түсінігі, міндеттері, қылмыстық жауаптылықтықтың негіздері, одан босату, қылмыс құрамының түсінігі, қылмыстық заңның кеңістіктегі және мезгілдегі күші, іс-әрекеттің қылмыстылығын жоққа шығаратын мән-жайлар туралы түсініктер, сондай-ақ қылмыс істеу сатылары туралы ұғыммен, қылмысқа бірге қатысу, жазаның мақсаттары мен жүйесі, жаза тағайындаудың немесе қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатудың мәселелері осы Жалпы бөлімде зерттеледі.
Ерекше бөлімде нақты қылмыс құрамдары және оларды істегені үшін белгіленген жаза түрлері көрсетіледі. Жалпы және Ерекше бөлімдер өзара тығыз байланысты, осы екі бөлімнің жиынтығы қылмыстық құқықты құрайды. Жалпы және Ерекше бөлімдердің бірлігі олардың алға қойған мақсаты мемлекетті, қоғамды, азаматтарды және құқық тәртібін қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау арқылы айқын көрінеді. Қылмыстық құқықтың Жалпы бөлімінің нормаларын қолдану арқылы Ерекше бөлімнің нормалары жүзеге асырылады. Жалпы бөлімнің ережелері мен институттары Ерекше бөлімдегі нақты нормаларды қолданғанда басшылыққа алынады. Сол себепті осы екі бөлім нормалары бір-біріне сәйкес болуы керек. Мысалы бөтеннің мүлкін тонау деген не екенін білу керек болды делік. Бұл үшін Қылмыстық кодекстің 178-бабына жүгінеміз. Бұл бапта тонаудың заңдық ұғымы, сипаттамасы берілген. Бірақ осы бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін міндетті түрде қылмыс құрамы, жас мөлшері, кінәнің нысандары, түрлері, қылмыс істеу сатыларын, қылмысты бірлесіп істеу мәселелерін анықтау қажет. Ол үшін міндетті түрде Қылмыстық кодекстің Жалпы бөліміндегі 3, 9, 15, 19, 20, 21, 24, 29-баптарына жүгініп, сонда көрсетілген заңдылық ұғымдарды басшылыққа алу керек. Егер тонау туралы осы қылмыстық іс сотта қаралатын болса, онда сот жазаны белгілеу үшін (немесе жазадан босату үшін), жазаның түрі мен мөлшерін белгілеу үшін де Қылмыстық кодекстің Жалпы бөлімінің осы мәселелерге арналған III, IV, V бөлімдерінің тиісті баптарына жүгінеді.
Қылмыстық кодекстің 2-бабына сәйкес қылмыстық заңдардың міндеттері болып:
1. Адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, меншікті, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конститиуциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау бейбітшілік пен адамзаттың қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ қылмыстардың алдын алу болып табылады.