Жалдамалы кісі өлтірудің қылмыстық-құқықтық сипаттамасы

Автор: Пользователь скрыл имя, 06 Марта 2013 в 13:18, дипломная работа

Описание работы

Қазақстан Республикасының Конституциясының бірінші бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» [1]. Бұл мемлекетіміздің адамның өмірін өз мүддесінен жоғары қоятындығын көрсетеді. Адам өміріне қарсы бағытталған кез келген қол сұғушылық заңмен қатаң жазаланады. Адамды өмірінен айырған кезде орны толмас зардаптар келеді. Адамды өлтіріп, өмірге қайта әкелу ешқандай адамның қолынан келмейді.

Содержание

КІРІСПЕ ....................................................................................................5

1 ЖАЛДАМАЛЫ КІСІ ӨЛТІРУДІҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ СИПАТТАМАСЫ......................................................................................... 8
1.1 Жалдамалы кісі өлтірудің объектісі және объективтік жағы.......... 8
1.2 Жалдамалы кісі өлтірудің субъективтік жағы және субъектісі........ 16
1.3 Жалдамалы кісі өлтірудің өзге де өмірге қарсы қол сұғушылықтардан айырмашылығы ............................................................... 27

2 ЖАЛДАМАЛЫ КІСІ ӨЛТІРУШІНІҢ КРИМИНОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ ........................................................................................ 31
2.1 Жалдамалы кісі өлтірушінің жеке тұлғасы ......................................... 31
2.2 Жалдамалы кісі өлтірушілердің түрлері ............................................. 36

3 ЖАЛДАМАЛЫ КІСІ ӨЛТІРУ ҚЫЛМЫСТАРЫН АЛДЫН АЛУ....................................................................................................................42
3.1 Жалдамалы кісі өлтіру қылмыстарының себептері мен жағдайлары................................................................................................... 42
3.2 Жалдамалы кісі өлтіруді алдын алудың негізгі бағыттары .............. 47
3.3 Жалдамалы кісі өлтіру қылмыстарын алдын алуды жүзеге асырушы субъектілердің қызметі ................................................................................. 53

ҚОРЫТЫНДЫ ........................................................................................... 58

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ................................ ......... 61

ҚОСЫМШАЛАР.......................................................................................... 63

Работа содержит 1 файл

АДИЛХАН ДИПЛОМ проверенный.doc

— 422.00 Кб (Скачать)

Қылмыстық қастандық объектісін дұрыс  түсінудің практикада маңызы зор, ол қылмысты қылмыс еместен ажыратуға көмектеседі. Объектінің сипаты қылмыстың қоғамға қауіптілік деңгейін анықтауға айтарлықтай мүмкіндік тудырады: объект маңызды болған сайын қылмыс та қауіптірек деп жоғарыда айтып кеткен болатынбыз [7, 65б.].

Адам өлтіргенде адамның өзі тектік объект, ал оның өмірі - тікелей объект, себебі адамның жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар өмір, денсаулық, жыныстық бостандық, ар-ождан, намыс сияқты ұғымдарды қамтиды. Қылмыстың тікелей объектісін, тектік объектіге жарым-жартылай немесе түгелдей жатқызуға болады.

Қылмыстың тікелей объектісін анықтау қылмысты дұрыс саралауда, ұқсас құрамдарды ажыратуда маңызды рөл атқарады. Қылмыстық қастандылық бір, екі немесе одан көп объектілерге бірден жасалынуы мүмкін. Бұл қылмыстардың екі объектілік, көп объектілік құрамдарында болады. Мұндай қылмыстар жасалғанда бір уақытта екі объектіге қастандық жасалады.  Факультативтік объектілерге қастандылық қылмыстардың қарапайым, бір объектілік құрамдарында болуы мүмкін.  Кейде, бұл қылмыс жасалғанда, аталған үш объектіге бір уақытта қастандылық жасалуы мүмкін. Жалдамалы кісі өлтіру қылмысы да бір уақытта бірнеше объектіге қастандық жасай алады. Мысалы, бір адамды өлтіру барысында оның үйіне жарылғыш зат қойып, басқа да объектілерді, оның мүлкін, құнды құжаттарын, тіпті оның отбасы мүшелерін де жарып жіберуі мүмкін.

Қылмыстық заңнамада көзделген қылмыстардын бірқатар құрамдарының маңызды белгілерінің бірі - қылмыстан жәбір шегуші. Қылмыстың бірқатар ұқсас құрамдарын ажырататын да сол. Қылмыстың кімге қарсы жасалғанын анықтағанда ғана оны дұрыс саралауға мүмкіндік туады [7, 69б.].

Ал енді жалдамалы кісі өлтіру қылмысының объективтік жағына тоқталып кетсек.

Жалдамалы кісі өлтіру қылмысы әрекет арқылы да әрекетсіздік арқылы да жасалуы  мүмкін. Адамды өмірінен күш қолданып та (жарақат салу, тұншықтыру, уландыру және т.б), психикалық ықпал жасап та (қорқытып, үрейлендіріп т.б) айыруға болады.

1996 жылғы 20 желтоқсандағы №11 қаулымен  өзгертулер енгізілген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Пленумының 1994 жылғы 23 желтоқсандағы «азаматтардың өмірі мен денсаулығына жасалған қастандық үшін жауаптылық реттейтін заңдарды соттардың қолдануы туралы» №7 қаулыда былай бекітілген: «Соттар бұзақылық ниетпен қасақана өлтіруді өзара бас араздық себептен болып, төбелес немесе жанжал кезіндегі өлтіруден ажырата білу керек. Бұл қылмыстың себебін,  жанжалдың кімнің бастағанын, екі жақтың да сипатын және белсенділігін, басқа да мән-жайларды анықтау қажет» [4].

Қылмыстың объективті жағы қоғамға қауіпті қастандықтың сыртқы жағы болып табылады. Оны мынадай белгілер сипаттайды: қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет не әрекетсіздік), қоғамға қауіпті зардап (қылмыстық нәтиже), қоғамға қауіпті іс-әрекет пен қоғамға қауіпті зардап арасындағы себептік байланыс, қылмыс жасалған орын, уақыт, тәсіл, жағдай, жасау құралы мен қаруы.

Жалдамалы кісі өлтіру қылмысында қылмыс құрамының объективті жағы пайда  табу мақсатымен не сол сияқты жалданып құқыққа қайшы, қоғамға қауіпті  іс-әрекет немесе әрекетсіздік арқылы жасалады. Көп жағдайда бұл қылмыс түрі әрекет арқылы жасалады. Ал, әрекетсіздік арқылы жасалатын жағдайлар сирек кездеседі. Бірақ қандай жағдай болса да белгілі бір әрекетке барады. Мысалы, тапсырыс берушінің сыйақы беруіндегі әрекет, орындаушының өз қылмысын орындауда қылмысты жоспарлауы т.б.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңы адамның жүзеге асырылуы адам, қоғам немесе мемлекет үшін қауіптілік төндіретін идеясы мен ойын емес, қылмыстық-құқықтық нормаларды бұзатын қоғамға қауіпті іс-әрекетті қылмыс деп таниды [7, 78б.].

Жалдамалы кісі өлтіру қылмысының обьективтік жағы субъективтік жақпен тығыз байланысты. Қылмыстың объективтік жағын анықтай отырып қылмыстық заңда тыйым салынған қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған адамның пиғылын, сылтауын және мақсатын білуге мүмкіндік аламыз. Қылмыстың қандай да бір құрамында объективті жақ болмаса субъективті жақ та болмайды. Осы жерде айта кетететін бір жайт бар. Ол жалдамалы кісі өлтіруде орындаушының өз іс әрекетінен ерікті түрде бас тартуы жағдайындағы тапсырыс берушінің іс-әрекетінде. Оның іс-әрекеті толық аяқталған болып есептеледі. Ол қылмысты орындаушыны тауып, оған қылмысқа дайындалу үшін алдын-ала сыйақысын беріп, нұсқамалар береді. Тапсырыс берушінің іс-әрекетін қылмыс деп тануға бола ма, жоқ па? Осындай сұрақтар көптеген ғалымдарды мазалауда [8, 35б.].

ҚК-нің Ерекше бөліміндегі баптардың диспозицияларында заң шығарушы қылмыстың объективті жағының белгілерін міндетті түрде көрсетеді. Мысалы, КК-нің 96-бабы адам өлтіруге басқа адамға құкыққа қарсы қасақана қаза келтіру деп анықтама береді.

Сондықтан, қоғамға қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыстың барлық құрамдарының міндетті белгісі болып табылады деп тұжырым жасауға болады. Сонымен қатар заңда, көбіне, қылмыстың объективті жағының басқа белгілері де көрсетіледі. Бұл белгілер қылмыстың әрбір құрамы үшін міндетті болмағандықтан олар қосымша немесе факультативтік деп аталады.

Сонымен, жалдамалы кісі өлтіру  қылмысының объективті жағы дегеніміз қылмыстық-кұқықтық қорғаудағы объекті болып табылатын адамның өміріне қол сұғатын қоғамға қауіпті іс-әрекеттің сыртқы көрінісін сипаттайтын белгілердің жиынтығы, сондай-ақ сол қастандықпен байланысты объективті жағдайлар.

Жалдамалы кісі өлтіру қылмысының объективтік жағының маңызын сөз еткенде, алдымен, ҚК-нің 3-бабына жүгіну керек, онда қылмыстық жауаптылық тудыратын негіз жайында айтылған. Қылмыстық жауаптылықтың бірден бір негізі қылмыс құрамының барлық белгілері бар іс-әрекетті жасау. Яғни, қылмыс құрамының объективті жағының белгілері болмаса - жалпы қылмыстық жауапкершілік те болмайды [3].

Қылмыстың объективті жағы қылмыстардың дұрыс саралануына септігін тигізеді. Объективті жақты дұрыс анықтай отырып қана бұл қылмыстарды дұрыс саралауға болады. Қоғамға қауіпті іс-әрекеттің жасалу тәсілі белгілі болса, қандай обьектіге қастандық жасалуы мүмкін екендігін де, кінәнің формасын да анықтауға болады. Яғни, адамды өлтірген кезде оны жай өлтіріп, заттарына тиіспесе оның жасаудағы мақсатты анықтай аламыз.

Егер әрекетте қоғамға қауіптілік сипат болмаса, онда ол ҚК-нің 9-бабының 2-бөлігіне сәйкес кылмыс деп танылмайды, қылмыстық жауаптылыққа алып келмейді. «Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінде көзделген қайсыбір әрекеттің белгілері формальды болса да бар, бірақ елеулі маңызы болмағандықтан қоғамдық қауіпті емес, яғни жеке адамға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтірмеген және зиян келтіру қаупін туғызбаған іс-әрекет немесе әрекетсіздік қылмыс болып табылмайды» [3]. Яғни, жалдамалы кісі өлтіруде тапсырыс берушінің нұсқауынан бас тартқан орындаушының әрекеті қылмыс болып саналмайды, жалпы осы әрекеттің барлығы қылмыс болып саналмайды.

Іс-әрекет қылмыс деп танылуы үшін ол саналы түрде жасалуы тиіс. Мұндай жағдайда адам өз әрекетінің қоғам үшін қауіпті екендігін ұғынады. Егер адам өзі жасайтын іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігін ұғынбаса немесе ұғына алмаса, онда оны есі дұрыс емес жасаған болып танылады. Бұл жағдай ҚК-нің 23-бабында жазықсыз зиян келтіру деп сараланған [3]. Бірақ та жалдамалы кісі өлтіруде орындаушы болып табылатын тұлғалар есі дұрыс емес адамды пайдалану арқылы қылмыс жасайтын кездер де кездеседі. Бұл жерде есі дұрыс емес адам қылмыс құралына айналады. Сол секілді есі дұрыс, қылмыс субъектісі болып танылатын  басқа тұлғаларды да пайдалануы мүмкін. Оларға психикалық мәжбүрлеу арқылы қылмыс жасауға көндіріп, қылмыс құралына айналдырады. Психикалық мәжбүрлеудің мәнісі өзгеше. Психикалық мәжбүрлеу дегеніміз - адамды қоғамға қауіпті іс-әрекет жасауға мәжбүрлеу үшін оны қандай да бір зиян келтіремін деп қорқыту.

Егер күшпен немесе психикасына  әсер етіп мәжбүрлегенде адам өз әрекетін басқару мүмкіндігін сақтап қалса, онда оның қылмыстық жауаптылығы туралы мәселе аса қажеттілік институтының ережелері ескеріле отырып шешіледі (ҚК-нің 34-бабы). Бұл тұжырым ҚК-нің 36-бабының 2-бөлігінің мәнінен туындайды [3].

Егер күштеп немесе психикасына  әсер етіп мәжбүрлегенде адам өз еркімен әрекет ету мүмкіндігін жоғалтпаса және оның әрекеті аса қажеттілік ұғымына жатпаса, онда ол қылмыстық жауаптылықтан босанбайды, бірақ мұндай жағдай жаза тағайындағанда жазаны жеңілдететін мән-жай деп қарастырылуы мүмкін (ҚК- нің 53-бабы 1-бөлігінің «ж» тармағы).

Аталып өткендей, қолданыстағы қылмыстық заң (ҚК-нің 9-бабы) қоғамға қауіпті іс-әрекеттің екі формасын - әрекетті және әрекетсіздікті қарастырады [3].

Әрекет - адамның қылмыс жасаған кездегі белсенді қылығы. Көптеген қылмыстық-жазаланатын әрекеттердің негізінде адамның қандай да бір мақсатқа бағытталған дене қозғалысы жатады. Әдетте әрекет бірнеше дене қозғалысын қамтиды. Мысалы, атылатын қару қолданып адам өлтіргенде қылмыскер мынадай дене қозғалыстарын жасайды: алдымен ол қаруды оқтайды, көздейді, сонан соң өлтіретін адамға қарай атады.

Әрекет тек дене қозғалысы  түрінде ғана емес, ымдау, сөз айту (қорқытатын, қорлайтын және т.б.) түрінде болуы мүмкін. Қылмыстардың көбісі әрекет формасында жасалады. Әрекетсіздік - адамның қылмыс жасаған кездегі енжар қылығы. Ол - адамның жасауға міндетті және жасай алатын әрекеттерді жасамауы болып табылады.

Әрекетсіздіктің әрекеттен  айырмашылығы сонда, субъект жасауға міндетті және жасай алатын әрекетті жасаудан айыпты бас тартады, қалыс қалады. Жалдамалы кісі өлтіруде әрекетсіздік арқылы жасалатын кісі өлтіру саны аз, жоқтың қасы. Бірақ тапсырыс беруші науқастанып жатқан аурудың өлімін жылдамдату үшін дәрігерге көп мөлшерде ақша беріп, оған салғырт қарауына нұсқау беріледі. Нәтижесінде ауру адам өледі, ал дәрігер бұл жерде әрекетсіздігі арқылы қылмысқа қатысушы, орындаушы ретінде көрініс табады. Әрекет ету міндеті адамның қызметтік немесе кәсіби функцияларды орындауымен де байланысты болуы мүмкін [7, 80б.].

Белгілі бір әрекет жасау міндеті әрекетсіздікке дейінгі әрекеттен туындауы мүмкін. Адамды қылмыстық әрекетсіздік үшін жауапқа тартарда оның қажетті әрекетті жасауға мүмкіндігінің болған-болмағандығын анықтау керек. Және де өзінің қылмыстық әрекетсіздігі кезінде, жағдайға қарай туындаған міндетті орындамаумен қатар өз әрекетсіздігін ақтауға талпыныс жасайтындар болады. Бұл жағдайлардағы қылмыстық жауаптылықтың негізіне әрекетсіздік алынады, ал аталған әрекеттер әрекетсіздікті іске асырудың тәсілі болып табылады, ол жауапкершілікті ауырлатады. Қылмыстық құқықта мұндай жағдай «аралас әрекетсіздік» деп аталады.

Қылмыстық зардаптарды  материалдық және материалдық емес деп екі топқа бөлуге болады.

Көп жағдайларда материалдық зардаптарға азаматтарға, қоғамдық ұйымдар мен мекемелерге, мемлекетке келген мүліктік залал, адамның жеке басына келген физикалық зиян жатады. Материалдық емес зардаптарға моральдық, саяси, ұйымдық және басқа материалдық емес зиян жатады. Материалдық зардаптар мүліктік сипаттағы зардаптарға және азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге бөлінеді. Мүліктік залал ретіндегі материалдық зардапты заң шығарушы ақшамен өлшейді [7, 82б.].

Жеке басқа келген зардаптарға мұндай сандық өлшем кейде жарамайды. Мысалы, адам өлімінде өлшем жоқ. Ол қайтарымсыз. Адам өмірін қайтаруды ғылым әлі ойлап тапқан жоқ. Сондықтан оның маңызы жоғары бағаланып, қоғамға қауіпті зардаптар арасында не материалдық қа да моральдық қа да жатқызуға болмайды.  Адам өмірін алған кезде оны өлшей алмаймыз. Материалдық зардаптардың мөлшерін оп-оңай мынандай айлық есептік көрсеткіште зиян келтірді деп көрсете аламыз. Моральдық зиянның да мөлшерін көрсете аламыз. Менің абыройым төгіліп қызметтегі беделім төгілді немесе мені қорлады деп оның орнын толтырудың жолдарын көрсетуге болады. «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаның «өлген адам сөйлемейді» деген сөзін бәріміз білеміз. Иә, өлген адам сөйлемейді. Ол «менің өмірімді қайтарып бер» деп сұрай алмайды. Адам өлгенде зиян оның айналасындағы адамдарға тиеді. Біреуіне материалдық тұрғыда тигізсе, біреулерге моральдық тұрғыда зиян тиеді, көп жағдайда екеуі араласып тиеді. Адам өлтіргенде оның тәні материя болса, жаны материя емес. Сондықтан бұл қылмысты материалдық зардап әкелетін қылмыстарға жатқызған кезде осы жағына да ойлану керек.

Жалдамалы кісі өлтіру қылмысында іс-әрекет пен оның зиянды зардаптары арасындағы себептік байланысты анықтау қылмыстың материалдық құрамдарындағы қылмыстық жауаптылықтың міндетті шарты болып табылады. Себептік байланыс болмаса келген зиянды зардап үшін қылмыстық жауаптылық көзделмейді. Жалдамалы кісі өлтіруде себепті байланысты анықтау өте маңызды. Себебі, жәбірленуші мен орындаушыны байланыстыратын ештеңе болмауы да мүмкін. Екеуі бірін-бір көрмеуі де мүмкін, екі қалада, екі мемлекетте тұруы да мүмкін. Сол себепті тергелу кезінде қылмыстардың ашылуы да қиынға түседі. Тапсырыс берушіні басты сезікті ретінде қарасақ, қылмыс жасалған уақытта оның басқа жерде жүруі  анықталады.

Себептік байланыс қылмыстың  материалдық құрамдарының объективтік  жағының міндетті белгісі болып  табылады. Себептік байланыс туралы ілім қылмыстық құқықта себептілік теориясына негізделеді.

Философиялық «себеп»  және «салдар» санаттары объективті себептік-салдарлық байланысты көрсетеді. Құбылыс (процесс, оқиға) басқа құбылыстың (процестің, оқиғаның) себебі болады, егер бірінші екіншіден бұрын болса және екіншінің туындайтын алғышарты немесе туындауының, өзгеруінің немесе дамуының негізі болса.

Себептілік - адам санасынан тыс және оған тәуелді емес, материалдық әлем құбылыстары арасындағы объективтік байланыс. Біздің санамызға тәуелді болмаса да себептік байланысты танып білуге болады. Ол үшін зерттелетін құбылысты өзара байланыстың жалпы жүйесінен жасанды түрде оқшаулау керек.

Информация о работе Жалдамалы кісі өлтірудің қылмыстық-құқықтық сипаттамасы