Қазақстан республикасының кітап музейі

Автор: Пользователь скрыл имя, 03 Марта 2013 в 20:06, реферат

Описание работы

Республикалық кітап музейі қазақ халқының тарихы мен мәдениетін сақтаудың, насихаттаудың нақты бір көрінісі деуге болады. Музей экспозициясында жазу, кітап басу ісінің, ғылым, әдебиеттің, мәдениет пен өнердің және қазіргі кітап басу, шығару ісінің жағдайы жан-жақты көрсетілген. Музей кітап тарихына, кітап басу ісіне, кітаптарға байланысты тұрақты ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді. 

Работа содержит 1 файл

китап.docx

— 120.89 Кб (Скачать)

Мұхаммед пайғамбардың  ғибрат сөздері (1215 һ/ж), қолжазба құран ХҮІІ ғ., Ғылымхал ХҮІІІ ғасырда  Қызылордада, Самарқанди  молда  көшірген, шариғаттар, тафсир (құранның түсініктемесі, мұсылмандық  құқықтары  жайындағы кодекстер) 1298 һ/ж. Осы кітап  қорындағы  көркем, әдемі каллиграфиялық  әдіспен  жазылған, көшірілген діни  кітаптардың  алар орны ерекше, қолжазбаларды қолыңызға алып, сонау ғасырға  саяхат  жасағандай боласыз.

«Кітап – ең сабырлы  ұстаз» – деп  Президентіміз  Н.Ә. Назарбаев  айтқандай  бүгінгі  музейіміздегі әрбір экспонат   адам өміріне әсіресе бүгінгі Тәуелсіз еліміздің болашақ жастарына    рухани жасампаздық құдіретін  танытып, ізгілікке, имандылыққа, қайырымдылыққа  тәрбиелейтін бірден-бір орда.

Қазақстан  Тәуелсіздік  алғаннан  кейінгі қазақ кітабының қалыптасу, елге  танылу  кезеңдерін  көрсететін  ақын-жазушылардың  ең таңдаулы шығармалары да әр сөреден  көз тартады. Олар: Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов,  Ғабиден Мұстафин, Сәкен Сейфуллин,  Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, ғалым-академиктер: Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, бүгінгі тәуелсіз елдің жазушылары:  Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова және басқалар. Музей қорындағы 50 мың кітап  келушілерге қызмет етеді.  Қазақ кітабының  бай тарихы – сирек қолжазбалар  мектеп оқушыларына, студенттерге, жалпы жастарға, әсіресе  кітап қадірін  түсінетін  шетелдік  қонақтарға  ерекше  әсер  етеді.

Тәуелсіздік жылдарында жасалған Президентіміз Н.Ә.Назарбаев ұсынған  әлемде теңдесі жоқ «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы 2003 жылдың 4-сәуірінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Кеңесінде қабылданып, іске асырылуда. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты ұлттық рухты ояту. Бағдарлама тарих, этнография, фольклор, ежелгі жазба мұралар жөніндегі еңбектерді ғылыми зерттеу және сериялы басылым ретінде шығару, тарихи және мәдени ескерткіштерді қалыпқа келтіру, сақтау және музейге топтастыру сол арқылы көп ғасырлық ұлттық  мәдениетімізді  тиянақтау.  Осы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы (2004-2006, 2007-2009, 2010-2011 ж.ж.) бойынша тұңғыш рет мемлекеттік тілде жарық көріп жатқан көптеген тамаша туындылар бар. Солардың ішінде әлемдік және ұлттық еңбектер «Бабалар сөзі», «Балалар әдебиеті», «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ мәдениеті» серияларымен т. б. шыққан кітаптар музейдің қорын толықтыруда.

Мәдениет  кез  келген  халықтың, мемлекеттің бет-бейнесін айқындайды, құндылықтармызды қалыптастырады. Осыған орай Райхан Мәженқызының жетекшілігімен музей ұжымы еліміздің алғаш рет өркениет жолында өсіп-өнуіне негіз бола аларлықтай музейдегі сирек кітаптарды жинақтап, жүйелеп, зерттеп, саралап, «Кітап – ғасыр мұрасы» атты кітап-альбом шығарды.

Бағдарлама ұлттың рухани-ағартушылық және мәдени-интеллектуалдық деңгейін көтеруге, өскелең ұрпақты туған халқымыздың салт-дәстүрі мен жалпы адамзаттық құндылықтар мен идеалдар рухында тәрбиелеу. Өйткені, қоғамның рухани тірегі санатындағы тарихи-мәдени мұралардың халықтың өз болмысын жоғалтып алмауы мен қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы ролі аса зор.

Музейде Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай  әртүрлі тақырыптарда көрме-кештер  ұйымдастырылып, ғылыми  конференциялар өткізілуде.

Музейіміздің  залдарында тұрақты  көрмелер  жаңартылып тұрады.  Олар: «Дүниежүзінің  жазулар тарихынан», «Көне түркілер жазуының тарихы», «Ғасырлар  асыл  мұрасы» (әл–Фараби, Ж.Баласағұн, М.Х. Дулати, А.Иассауи т.б.), «Ұлы тұлғалар –  Абай Құнанбаев, Махамбет Өтемісұлы, Жамбыл Жабаев, Ш. Құдайбердиев, Ш.Уәлиханов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, М.Дулатов т.б.», «1917 жылға дейінгі  қазақ кітаптарының басылуы және  таралуы», «Орыс және шетел зерттеушілерінің  еңбектері ХҮІІІ-ХІХ ғасыр» т.б.

Сонымен қатар 2010-2011 жылдар аралығында көшпелі және жылжымалы көрмелер де ұйымдастырылды. Олар: «Сирек  кездесетін кітаптар  мен қолжазбалар», «Конституция  – әділдік тұғырың,  мәңгілік  жасайтын ғұмырың», Ұлы  Жеңістің 65 жылдығына  орай  «Ұрпаққа ұран болған Ұлы  Жеңіс», «Халық  батыры» Б. Момышұлының  туғанына 100 жыл толуына орай, «Орыс  әдебиетінің  классиктері – А.С.Пушкин, Ю. Лермонтов,  А.С. Тургенев т.б.», «Әлем таныған  Қазақстанның  мемлекеттік  рәміздері» т.б. «Қазақ әдебиетінің  классиктері – М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С. Мұқанов, С. Сейфуллин, Б. Майлин т.б.», «Тәуелсіздік  және  Елбасы».  «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 20 жыл».

Биылғы жылы  Тәуелсіздігіміздің – 20 жылдық мерейтойына арнап Жүргенов атындағы өнер академиясында қазақтың бір туар ақиық ақыны М.Мақатаевтың  туғанына  80  жыл толуына  байланысты  «Әннің  –  гауһары, жырдың жауһары – Мұқағали» атты көрме-кеш және Жамбыл Жабаевтың  туғанына 165 жыл толуына орай  «Жамбыл және  түркі  халықтарының  эпикалық  мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция  ұйымдастырдық. Сонымен қатар музейдің ғылыми қызметкерлері тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесіне зерттеу жұмыстарын жүргізіп,  түрлі тақырыптарда ғылыми-зерттеу мақалалар жазды: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері», «2020 жоспары – Қазақстанның гүлдену жоспары», «Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы – Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы», «Тәуелсіз Қазақстанның әлемнің басқа елдерімен ынтымақтастығы», «Қазақ  халқының тәуелсіздік пен мемлекеттік дербестік жолындағы күресі», «Қазақстан Республикасының Президенті және сыртқы саясат», «Мәдени  мұра. Ұлттық рух. Ұлттық тәуелсіздік» т.б.

«Бұл дүниеде  біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан» – деп Елбасымыз   Н.Ә.Назарбаев айтқандай өз елің мен Тәуелсіз мемлекетіңнің болуы адамның бағы мен  байлығы деп білген жөн. Биыл ел болып  Тәуелсіздігіміздің – 20   жылдық    мерейтойын  атап өтпекшіміз. Осыған орай музейде «Қазақстан   Тәуелсіздігіне  – 20 жыл»   атты  көрме-кеш ұйымдастырдық. Мұнда  ата заңымыздан бастап, төл тарихымыз, тәуелсіздігіміз жайында жазылған кітаптары мен суреттері қойылды. Көрме бірнеше бөлімнен тұрады: «Тәуелсіз Қазақстан – тұрақты саясат», «Экономиканың дамуы – елдің дамуы», «Тәуелсіздіктің рухани тірегі – мәдениет», «Конституция – әділдік тұғырың, мәңгілік жасайтын ғұмырың», «Төл тарихың – тәуелсіздік туың», «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», «Әлем таныған Қазақстан», «Президенттің балалық шағы», «Елбасының еңбек жолы», «Қазақстан – 2030», «Ел ордасы – Астана», «Мәдени мұра», «Халық қаһармандары», «Шетелдегі қазақ жазушылары».

«Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар, әлемде егемен Қазақстан  бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар.  Сол күнге берік сенім бар!» – деп Президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқандай бүгінгі күні тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне орай экономика, саясат, мәдениет салаларында шығып жатқан кітаптардың саны шексіз.  Сондай кітаптардың бірнешеуі көрмеге қойылып отыр:

«Тәуелсіз Қазақстан: жоғарғы білім, ғылым, саясат», Тәуелсіздік тұсында Қазақстандағы біліми-ғылыми өмірдің барлық саласында түбегейлі өзгерістер орын алды. Ғылым мен білім бүгінде шын мәнісінде халықаралық, ғаламдық құбылыстар. Елбасымыз ХХІ ғасыр білім мен ғылым ғасыры болатындығын үнемі қайталайды. Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі керек. Сондықтан да Отанымыздың ертеңгі өсіп-өнуіне ғылым мен білімнің қосар үлесі зор.

«Тәуелсіздік жемісі»  атты бұл кітапқа Президентіміз Н.Ә.Назарбаев жүргізіп отырған саясаттың  жемісті бір тармағы – көші-қон саласына, оның нақтылы нәтижелеріне арналған. Жүргізіп отырған көші-қон саясатын қолдау, қазақ тұтастығы басты мақсат етілген. Тәуелсіздігін алып, туы желбірегелі 20 жыл болған қазақ елі қазақ  деген ұлттың қадір-қасиетін алты алаштық деңгейден алты құрлықтық деңгейге көтерді.

«Тәуелсіз Қазақстан  мәдениеті: жылнама, құжаттары» атты кітап. Тәуелсіздік алғанына 20 жылға жуықтаған азат еліміздің рухани-мәдени шежіресі іспетті еңбектің мақсаты мен негізгі міндеті тәуелсіз еліміздің мәдениет-руханият  саласындағы жетістіктері мен даму белестерін насихаттау. Кітапта мемлекеттік және әлемдік деңгейдегі көшбасшымыз, тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әр жылдары мәдениет-руханият саласын қолдаған Жолдаулары, сөйлеген  сөздері, қаулылар мен жарлықтары, ғылым-білім, мәдениет саласы бойынша қабылданған заңдар тізбегімен өрбітіледі.

«Егемен Қазақстан  тарихы: Тәуелсіздікке 20 жыл». Кітап  тарихи-құжаттық жинақта Тәуелсіз Қазақстанның саяси, экономикалық, рухани, әлеуметтік салалардағы жетістіктері, сыртқы саясаттағы табыстарына қатысты құжаттар мен деректер берілген.

«Тәуелсіз Қазақстан: күннен күнгі». Кітапта еліміздің тұңғыш көшбасшысы  Н.Ә.Назарбаевтың жаңа Қазақстанның қалыптасуына қосқан үлесіне басым баға бере отырып, қоғам өмірінің барлық жақтарын қамтиды және Тәуелсіздіктің Қазақстандық жолын толық баяндайды. Ел тәуелсіздігінің 20 жылы ішіндегі Қазақстанның экономика, саясат, ғылым, мәдениет пен білім беру салалары дамуының аса маңызды жетістіктерін көрсетеді.

«Тәуелсіздіктің нұрлы  таңы». Кітап жастарға рухани-патриоттық тәрбие беру мақсатында жазылған еңбектердің бірі.

Қазақстаным, Тәуелсіз Қазақстаным!

Ақ қанат таңның көрдім мен ғажап ұшқанын.

Көрдім мен сенің  мөп-мөлдір айдындарыңды,

Алатау,  Алтай, Қаратау айбындарыңды  – деп жырлайды еліміздің талантты-танымал ақыны  Бауыржан Жақып. Шетелдерде елі мен жерін аңсаумен өткізген қандас бауырларымыздың тарих, ел мен жерге деген махаббат, еркіндік пен бостандық тақырыбы арқау болған тәуелсіздік жылдарындағы өлеңдері мен поэмаларынан үзінді берілген.

Сондай-ақ біраз  жыр-толғаулар  еліміздің  Президенті, кемеңгер саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевқа және бүгінгі күні әлемге әйгілі Астананың әсем келбеті мен жарасымды сұлулығы жырланады.

Нұрсұлтан    Назарбаевтың   «Қазақстан жолы» деген кітабында Президент Н.Ә.Назарбаевтың егемен Қазақстан үшін жасаған аса маңызды жұмыстарының бірқатары атап өтіледі:

– Ел Тәуелсіздікке қол жеткізді;

–  егемен Қазақстанның жаңа Конституциясы жасалды;

– барлық көршілес елдермен мемлекеттік шекаралар делимитацияланды (әрі халықаралық құқықпен заңдастырылады);

– ядролық полигон  жабылды;

– ұлттық валюта енгізілді;

– қос палаталы Парламент құрылды;

– Қазақстан Республикасының  Қарулы Күштері жасақталды;

– жаңа астана тұрғызылды;

КСРО-ның апатты түрде ыдырауына байланысты  біздің  алдымызға да  экономикалық жүйені түбірінен өзгерту ғана емес, жалпы мемлекеттік құрылымды, оның негізгі ұстанымдарынан бастап,  әрбір қазақстандықтың ойлау жүйесіне дейін өзгерту міндеті қойылған еді. Бізге өз даму жолымызды табу үшін өзіміздің неменеге ұмтылатынымызды айқындап алу қажет болды.

Ақыр аяғында, 1997 жылы ұзақ мерзімді «Қазақстан – 2030» Стратегиясы өмірге келді, ол құжат Президенттің халыққа жыл сайын Жолдау арнау дәстүрін бастап берді. Кейінгі жылдарда «Бәсекеге қабілетті ұлт үшін» және «Қазақстанның әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосылу стратегиясы» елеулі құжаттарға айналды. Республикалық кітап музейі осы құжаттарды басшылыққа ала отырып, халқымызға қызмет етуде.

Біз тәуелсіздік  алған осынау 20 жылдың ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Осы 20 жыл ішіндегі тәуелсіздік шежіресі – біздің халқымыздың ұлы тарихы. Жасөспірім буын, жастар тарих пен шежірені кітаптан алады. Кітап – мәңгі өшпейтін рухани қазына. Сондықтан да музей көрермен қауымға айқара ашқан Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне арналған «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» атты кітап көрмесі еліміздің ең жарқын сәттерімен жас ұрпақты сусындатады.

«Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Сирек кездесетін кітаптар мұражайы 2010 жылы құрылды. Мұражайдың негізгі міндеті – Қазақстанда және шетелдерде сақталған ел тарихына, мәдениетіне, ғылымына қатысты көне қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптарды бір орталыққа жинақтау, сақтау, зерттеу және дәріптеу; әртүрлі мәдени-тарихи жағдайлардағы олардың әлеуметтік рөлін, көне ғасырдан  бері қалыптасқан отандық жазба мәдениетін жан-жақты көрсету.

Сирек кездесетін кітаптар мұражайының экспозициясы Орталық ғылыми кітапхананың көне қолжазбалар мен сирек кітаптар қоры негізінде жасақталды. Экспозицияға қоғамдық-тарихи маңызы зор XVІII–XX ғғ. аралығындағы жазба мұралар таңдап алынып, көрермендер назарына ұсынылды.

Мұражай экспозициясынан атақты шығыс шайырларының қазақ тілінде жырланған шығармаларын, Хакім Абайдың өлеңдер жинағын (М. Бікеұлының қолжазбасы), халық мұрасын жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің этнографиялық материалдарын қолжазба күйінде көруге болады. Шағатай тілінде жазылған «Хандар шежіресі» (XVIII ғ.), Түркістан шеберлерінің «насталик», «насх» жазу үлгілерінде жазған қолжазба Құрандары мұражай көрмесінен лайықты орнын алды. Жаяу Мұсаның 1911-1918 жылдары жазған күнделігі, Кенен Әзірбаевтың өз қолжазбасы, Шәкәрім шығармаларының (ұлы Ахат Құдайбердиевтің) қолжазбасы және Құнанбайдың Омбы кадет корпусында оқып жүрген ұлы Халиоллаға 1885 жылы жазған хаты мұражайдың құнды жәдігерлері.

Мұражай экспозициясынан Ыстамбұл, Ташкент, Санкт-Петербург қалаларында жарық көрген қазақ сахарасында өмір сүрген ортағасырлық ірі ойшылдар еңбектерін көруге болады. Адамгершілік, имандылық, адалдық сияқты ізгі қасиеттер насихатталған, дін қағидалары мен ілімдері баяндалған ортағасырлық дидактикалық шығармалар тарихи құндылығымен қатар, мәдени мұра ретінде де құнды. Махмұт Қашқаридің «Диуани луғат ат-турк» еңбегі, Қожа Ахмет Яссауидің хикметтері, Сүлеймен Бақырғани сынды ірі дін өкілдерінің шығармалары халықтың дүниетанымы, ұлттың діни жадысы мен ұстанымы хатталған баға жетпес асыл мұра ретінде бағаланады. Экспозицияда Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі», Ахмет Иүгенекидің «Хибат әл-Хақайық» атты кітабы көне ұйғыр әрпімен жазылған және араб әрпімен транскрипцияланып Ыстамбұлда шыққан алғашқы басылымдары ұсынылды.

Информация о работе Қазақстан республикасының кітап музейі