Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы туралы

Автор: Пользователь скрыл имя, 01 Апреля 2013 в 09:53, реферат

Описание работы

Экономиканы әртараптандыру және жаңғырту негiзiнде елдiң тұрақты дамуын қамтамасыз ету, өнiмнiң бәсекелiк түрлерiн шығару мен экспортты ұлғайту үшiн жағдайлар жасау мақсатында қаулы етемін:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы (бұдан әрi-Стратегия)бекiтiлсiн.
2.Қазақстан Республикасының Үкіметі екі ай мерзiмде Стратегияны iске асыру жөнiндегi 2003-2005 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарын әзiрлеп, бекiтсiн (Ікезең); жылына екi рет, 1 ақпанға және 1 тамызға дейiн жарты жылдық қорытындылары бойынша Мемлекет басшысына Стратегияның орындалу барысы туралы ақпарат беретiн болсын.

Работа содержит 1 файл

2003-2015 жжж.docx

— 150.18 Кб (Скачать)

ғаламдану; 

экономиканы ырықтандыру;                                                                      ғаламдық бәсекенiң артуы және өңiрлiк ықпалдасу. 
      Жиырмасыншы ғасырдың соңғы ширегiнде экономикалық дамыған елдер индустриялық даму сатысынан аса жоғары сервистiк-технологиялық экономикаға өттi. Бұл елдерде ЖIӨ үлкен бөлiгi қызмет көрсету секторында қалыптасады. Мұндай қызметтердiң айқын байқалатын ғылыми және инновациялық негiзi бар. 
      Экономикасы дамыған елдерде зияткерлiк ресурстар және қаржы капиталы шоғырланған, ал индустриялық өндiрiс, әсiресе еңбектi көп қажет ететiн өндiрiстер бiртiндеп әлемнiң экономикалық даму тұрғысынан неғұрлым артта қалған елдерiне ауысуда.      

1.2. Қазақстан экономикасы  құрылымын әртараптандыру проблемалары 
      Тәуелсiздiк алғаннан кейiн Қазақстан жаhандық экономикада әлемдiк тауар рыноктарына мұнай, газ, қара, түстi, жерде сирек кездесетiн және қымбат металдар мен уран өнiмдерiн шығаратын ел ретiнде қарастырылады. Ауыл шаруашылық өнiмдерiнен астық экспортының келешегi бар. 
      Қазақстанда пайдалы қазбалардың iрi қорларының болуы оның салыстырмалы экономикалық артықшылығы болып табылатындықтан, ол қазiргi уақытта классикалық экономика сценарийi бойынша дамуда. 
      Өндiрiстiң және шикiзат ресурстары экспортының қарқынды дамуы экономикаға экономикалық дағдарыстан шығып, соңғы үш жылда экономикалық өсудiң жоғары қарқынын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бердi. 
      Өнеркәсiптiң шикiзат салаларына шетелдiк инвестицияларды тарту және қаржы саласында құрылымдық-институционалдық өзгерiстердi жүзеге асыру жөнiнде мемлекеттiк саясаттан жүргiзiлуiне байланысты Қазақстан экономикасының дамуында iлгерiлеу байқалуда, елде өмiр cүру деңгейi жоғарылауда және ұзақ мерзiмдi кезеңде индустриялық сервистiк-технологиялық даму сатысына өтуге мүмкiндiк беретiн қаржы ресурстары жинақталуда. 
      Бүгiнгi таңда Қазақстанды әлемдiк қоғамдастық нарықтық экономикадағы мемлекет ретiнде мойындап отырғанын атап өту керек, ол ТМД елдерiнiң iшiнде бiрiншi болып инвестициялық ел рейтингiне ие болды. 
      Дүниежүзiлiк Банк Қазақстанды әлемдегi инвестиция салуға ең тартымды 20 елдiң қатарына қосты. Тәуелсiздiк жылдары Қазақстан экономикасына 21 млрд. астам АҚШ долл. тартылды. 
      Стратегиялық тұрғыдан алғанда қабылданған үлгiге сәйкес Қазақстан бәсекелестiкке және әлемнiң барлық елдерiмен өзара тиiмдi ынтымақтастық орнатуға негізделген тауарларды, қызметтердi, капиталды және жұмыс күшiн экспорттауға бағдарланған ашық экономикалы ел ретiнде қалыптасады. 
      2001-2002 жылдары iшiнде ЖIӨ-нiң орташа жылдық өсу қарқыны 11,5 % құрады. 2010 жылы ЖIӨ екi есе ұлғайту үшiн оның орташа жылдық өсу қарқыны 7,2 % болуы керек. 
      Стратегиялық жоспарды iске асыру саласында ел экономикасының жақсы қарқын алғанын атап өту керек. Орта мерзiмдi кезеңде қарқынды дамуды жалғастыру және сонымен қатар экономика мен әлеуметтiк салада сапалы өзгерiстер жүргiзу керек. 
      Сонымен қатар Қазақстан отын және минерал шикiзатының iрi әлеуетiн шоғырландырған шағын экономика ретiнде өндiрiстiң өңдеушi салаларына инвестициялар үшiн тартымсыз. Бұл шикiзат ресурстарына жағдаяттың өзгеруiне қатысты ел экономикасын осал әрi тәуелдi етедi. 
      Әлемдiк тәжiрибе көрсеткендей, шикiзат ресурстарына бай кейбiр дамушы елдер тұрақты экономикалық дамуға қол жеткiзбей, шикiзаттың әлемдiк тауар рыноктарында жағдаяттың өзгерiстерiне тым тәуелдi болып қала бередi. 
      Экономиканың шикiзат секторларынан едәуiр табысқа иe болып, мемлекет пен жекe сектор экономиканың жаңа салаларын дамытуға ынталанбайды. Сонымен бiрге ресурстар қоры мардымсыз немесе тапшы елдер ілдебайлап күн кешу шегiнде болатындықтан, экономиканың жаңа секторларын дамытуға үнемi әрекет жасайды. Алайда ұзақ мерзiмдi келешекте шикiзат қоры сарқылады, бұл пайдалы қазбалардың кен орындары толықтай пайдаланылғаннан кейiн тұрақты даму тұрғысынан алғанда елеулi проблемалар туғызады. 
      Экономиканың шикiзат секторынан алынатын iрi кiрiстерден шектен тыс толығу қаупiн ескере отырып және мұнай бағасының күрт төмендеуiнiң зардаптарын болжау негiзiнде Қазақстанда Ұлттық қор құрылды, онда мұнай мен түстi металдарға әлемдiк баға деңгейiнiң белгiленген қалыпты шектен асып кетуiнен түсетiн кiрiстер жинақталады. 
      Бұл шара, сондай-ақ қазақстандық қаржы жүйесiне түсетiн валюта қысымын жоюға және экспортты ынталандыратын және дайын өнiмнiң импортын тежейтiн теңгенiң айырбас бағамын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. 
      Құрылымдық-институционалдық реформалар саласындағы жетiстiктердi, қаржы секторы сенiмдiлiгiнiң артуын және елдiң экспорттық әлеуетiнiң жедел қарқынмен өсуiн айта отырып, өнеркәсiптiң өңдеушi салалары, сондай-ақ өндiрiстiк сипаттағы қызметтер көрсететiн салалар тиiсiнше дамымай отырғанын атап өту керек. 
      Өңдеушi өнеркәсiпте металлургия өнеркәсiбi ғана сыртқы рынокта бәсекеге түсе алады. Тамақ өнеркәсiбiнiң кейбiр өнiмдерi осыған ұқсас шетелдiк өнiмдермен iшкi рынокта ғана бәсекеге түсе алады, ал өңдеушi өнеркәсiптiң қалған өнiмдерi бүгiнгi таңда тiкелей және жанама субсидиялардың есебiнен ғана ұсталып отыр. Бұл электр энергиясына, ЖЖМ, өнiмдi тасымалдауға төмен және экономикалық тұрғыдан негiзделмеген тарифтiң белгiленуiнен, кедендiк қорғау баждарын белгiлеуден көрiнiс беруде. 2003 жылға дейiн өнеркәсiптiң кейбiр (машина жасау, тоқыма, тiгiн, былғары аяқ киiм, резина және пластмасса бұйымдарын өндiру, химия өнеркәсiбi) салаларына бюджет алдында жол берiлген бұрынғы берешектерiн төлеу өсiмi есептелмей кейiнге қалдырылды. Тоқыма, тiгiн, былғары аяқ киiм өнеркәсiбi салаларының өзi өндiрген өнiмдi өткiзуге 2002 жылға дейiн ҚҚС нөлдiк cтaвкa бойынша салынды. 
      Қазақстанның қазiргi таңдағы экономикасында мынадай проблемалар орын алуда: 
      экономиканың шикiзат бағыттылығы; 
      әлемдiк экономикаға ықпалдасудың әлсiздiгi; 
      ел iшiндегi салааралық және өңiраралық экономикалық ықпалдасудың босаңдығы; 
      өңдеушi өнеркәсiп өнiмдiлiгiнiң төмендiгi; 
      iшкi рынокта (шағын экономика) тауарлар мен қызметтерге деген тұтыну сұранысының мардымсыздығы; 
      өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымның жеткiлiктi дәрежеде дамымауы; 
      мұнай-газ және кен-металлургиялық кешенге жатпайтын экономика салаларында негiзгi қорлардың тез тозуы; 
      кәсiпорындардың жалпы техникалық және технологиялық тұрғыдан артта қалуы; 
      ғылым мен өндiрiс арасында ұтымды байланыстың болмауы; 
      ҒЗТКЖ қаржының аз бөлiнуi; 
      отандық ғылымның нарықтық экономика жағдайларына нашар бейiмделуi, ғылыми-техникалық өнiмдi тауар деңгейiне дейiн жеткiзудiң ықпалды тетiктерiнiң болмауы, соның салдарынан тұтастай алғанда инновациялық ұсыныстар деңгейiнiң төмен болуы; 
      мамандарды және жұмысшы кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың қазiргi заманғы жүйесiнiң болмауы; 
      экономиканың өңдеушi секторларына инвестициялар салуға отандық қаржы институттары үшiн ынталандыру көздерiнiң болмауы; 
      менеджменттiң экономиканы ғаламдану үрдiстерiне және сервистiк-технологиялық экономикаға өтуге бейiмдеу мiндеттерiне сәйкес келмеуi. 
      ЖIӨ-нiң 1 долларына электр энергиясының жұмсалу деңгейi бойынша, сондай-ақ экономика салаларындағы еңбек өнiмдiлiгi бойынша кейбiр индустриялық дамыған елдерден 7-10 еседен астам артта қалып отырмыз. 
      Қазақстан кәсiпорындарының негiзгi қорлары құлдырау алдында. 2001 жылдың басында негiзгi құралдардың тозу дәрежесi орта есеппен 29,7 % құрады. Бiрқатар салаларда негiзгi құралдардың нақты тозуы 50 % және одан астам деңгейге жақындауда. 
      Қазiргi уақытта қолданылып жүрген кәсiпорынның қарауында қалған пайда есебiнен негiзгi құралдарды жаңартуға қаржы ресурстарын жинақтау тәртiбi моральдық тұрғыдан ескiрген жабдықты ауыстыруға ынталылық туғызбайды және оны жаңартуда белгiлi бiр дәрежеде тежеушi болып отыр. 
      Негiзгi құралдарды жаңарту коэффициентi 1999 жылы - 8 %, 2000 ж. - 13,8 % құрады. Мұндай өсуге мұнай және табиғи газ өндiруге инвестиция салу есебiнен қол жеткiзiлдi. 
      Негiзгi құралдар құрылымында аса тозғандары - машиналар және жабдықтар. Олардың тозу дәрежесi 2000 жылы 42,1 % құрады. Көлiк құралдары - 41 %, ғимараттар 36,5 % тозған. 
      Мұнай өндiрумен және металдарды өндiрумен байланысты емес салаларда жабдықтың тозу дәрежесi соңғы үш жылда 45 %-тен 62 %-ке дейiн құрады. Өңдеушi өнеркәсiп кәсiпорындарында толықтай тозған машиналардың, жабдықтардың және көлiк құралдарының үлес салмағы 12 %-ке жеттi. 
      Бұл жабдықтың шығарылу жылына қарай және моральдық тұрғыдан алғанда ескiруiне, ел экономикасының бәсекеге түсу қабiлетiнiң төмендеуiне душар етедi. Егер Қазақстанда ЖIӨ-нiң 1 долларын өндiруге 2,8 киловатт сағат жұмсалатын болса, Ұлыбритания, Германия, Италия және Жапония сияқты елдерде бұл көрсеткiш 0,22-0,3; АҚШ, Франция, Түркия, Кореяда - 0,4-0,6, Канада мен Қытайда - 0,8-1,2 киловатт сағатты құрайды.

1-кесте   

Өндіріске жұмсалатын электр энергиясының шығындары 
(ЖІӨ-нің 1 долларына шаққанда кВт/сағ)

------------------------------------------------------------------- 
                         ! 1995 ! 1996 ! 1997 ! 1998 ! 1999 ! 2000 
------------------------------------------------------------------- 
ТМД 
Армения                     4,35   3,88   3,66   3,28   3,09   3,13 
Беларусь                    2,36   1,63   1,85   1,54   2,18   2,51 
Қазақстан                   4,01   2,80   2,35   2,20   2,82   2,81 
Қырғызстан                  8,24   7,87   7,13   7,07  10,56 
Молдова                     0,83   0,83   0,78   0,71   0,94   0,70 
Ресей                       2,55   2,02   1,95   2,98   4,37   3,38 
Украина                     5,24   4,11   3,55   4,13   5,59 
Әлемнің басқа да елдері 
Ұлыбритания                 0,30   0,29   0,26   0,25   0,25   0,23 
Германия                    0,22   0,23   0,26   0,26   0,26   0,27 
Италия                      0,22   0,20   0,22   0,22   ...    ... 
Канада                      0,96   0,94   0,91   0,92   0,88   0,82 
Қытай                       1,44   1,32   1,26   1,17   1,21   1,22 
Корей Республикасы          0,42   0,44   0,52   0,75   0,66   0,58 
АҚШ                         0,45   0,44   0,45   0,44   0,42   0,30 
Түркия                      0,51   0,52   0,54   0,54   0,59   0,56 
Франция                     0,32   0,33   0,36   0,35   0,36   0,38 
Жапония                     0,19   0,21   0,24   0,27   0,24   0,22 
------------------------------------------------------------------- 
      Алынған көздері: 
      1) ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитеті жинақтарының материалдары, 2000-2002; 
      2) "International Financial Statistics" Халықаралық Валюта Қорының статистикалық жинақтары, 2002. 
      Қазақстанда қаржы ресурстары бар, алайда банктер үлкен қауіп-қатерлер болуына байланысты операцияларға бара алмайды. 
      Ашық экономикалы шағын ел болғандықтан, Қазақстан әлемдiк бағаларға әсер ете алмайды, сондықтан оларды сол қалпында қабылдауға тиiс. Осының салдарынан ел өз экономикасына пәрмендi ықпал ету құралдарының шектеулi мөлшерiн ғана қолдана алады. Осыған байланысты экономиканың сыртқы факторларға дәрменсiздiгiн азайту үшiн елде жоғары технологиялық өндiрiстердi құру аса өзектi мәселеге айналуда. 
      Өткiзуден түсетiн табыстың 1 теңгесiне жұмсалатын шығындардың көрсеткiшi еңбек және материалдық ресурстарды пайдалану тиiмдiлiгiн бағалаудың индикаторы болып табылады. Бұл көрсеткiш өткiзiлген өнiмнiң (жұмыстардың, қызметтердiң) өзiндiк құнының оларды сатудан түсетiн табысқа қатынасымен өлшенедi. Бұл көрсеткiш аз болған сайын кәсiпорынның табысы жоғары болады. 
      Қазақстан экономикасында 2002 жылы мұнай және табиғи газ өндiру (0,39) кезiнде, қаржы қызметiнде (0,48), темекi өнiмдерiн өндiруде (0,58), түстi металдар өндiруде (0,55) өндiрiлген капитал мен адам күшін пайдаланудың жоғары тиiмдiлiгi орын алды. Өткiзiлген өнiмнiң 1 теңгесiне жұмсалған шығындардың төмен деңгейi ауыл шаруашылығында (0,91), химия өнеркәсiбiнде (0,85), электр энергиясын, газ және су өндiру мен бөлуде (0,86), құрылыста (0,85), сусындарды қоса алғанда тағам өнiмдерiн өндiруде (0,8) байқалды. 
      Салық шегерiмдерiн, өнiм тасымалдауға және жарнамаға жұмсалатын шығындарды есепке алғанда көптеген салалардың кәсіпорындары залалда қалады. 
      Жұмысшылардың санын қысқартатын жаңа технологияларды қолдану, өнiмнiң материал және энергия сыйымдылығын төмендету кәсiпорынның табыстылығын жоғарылатудың резервтерi болып табылады.

2-кесте 

2002 жылы өткізілген  өнімнің 1 теңгесіне шаққандағы 
шығындар деңгейі

------------------------------------------------------------------ 
                   Өткізілген     !   Өнімді     ! Өткізілген 
                   өнімнің        !(жұмыстарды,  ! өнімнің 1 
                   (жұмыстардың,  !  қызметтер   ! теңгесіне 
                   қызметтер      !көрсетулердің)! шаққандағы 
                   көрсетулердің) !  өткізуден   ! шығындар 
                   өзіндік құны   ! түскен кіріс ! деңгейі 
------------------------------------------------------------------ 
                           млн. теңге                 теңге

Барлығы               1970993,6      3211898,1         0,61

Ауыл шаруашылығы,      68687,6        75337,2          0,91 
аң аулау, орман 
шаруашылығы

Кен өндіру            530423,3        1185646,8        0,45 
өнеркәсібі

шикі мұнай және       383218,9        973496,2         0,39 
табиғи газ өндіру

Өңдеуші өнеркәсіп     526538,1        773500,9         0,68

тағам өнімдерін,      124053,5        163793,1         0,76 
оның ішінде 
сусындар және 
темекі өндіру

тағам өнімдерін,       104989         131017,6         0,80 
оның ішінде

сусындар өндіру 
темекі бұйымдарын 
өндіру                19064,5          32775,4         0,58

мұнай өнімдерін 
өндіру                35920,8          58423,5         0,61

ядролық материалдар 
өндіру                10071,5          12170,8         0,83

химия өнеркәсібі      14138,2          16582,6         0,85

басқа да металл 
емес минералдық 
өнімдерді өндіру      21016,9          27411,1         0,77

қара металл  
қорытпаларын өндіру     75957         122015,4         0,62

түсті металдар 
өндіру                 130453           238586         0,55

машиналар және 
жабдықтар шығару      19565,6            24029         0,81

Электр энергиясын,   159056,9         185563,2         0,86 
газ және су өндіру 
мен бөлу

Құрылыс              168742,8         198873,7         0,85

Көлік және 
байланыс             314160,6         476446,8         0,66

Қаржы қызметі          2758,6           5790,5         0,48 
-------------------------------------------------------------------      

Алынған көзі: Қазақстан  Республикасының Статистика жөніндегі  агенттігі

2. Стратегияның  мақсаты, мiндеттерi және оны жүзеге 
асыру қағидаттары       

Индустриялық саясат дегенiмiз  мемлекеттiң бәсекеге түсуге қабiлеттi және тиiмдi ұлттық өнеркәсіпті қалыптастыру үшiн кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасауға және қолдау көрсетуге бағытталған шаралар кешенiн бiлдiредi. 
      Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттiк стратегиясы 2010 жылға дейiнгi кезеңге арналған стратегиялық жоспарда белгiленген мақсаттарға қол жеткiзудi қамтамасыз етуi, сондай-ақ одан кейiнгi жылдары қазақстандық экономиканың сервистiк-технологиялық бағыттылығын қалыптастыру негiздерiн құруы тиіс. 
      Стратегияның басты мақсаты шикiзаттық бағыттан бас тартуға ықпал ететiн экономика салаларын әртараптандыру жолымен елдiң тұрақты дамуына қол жеткiзу; ұзақ мерзімді жоспарда сервистiк-технологиялық экономикаға өту үшiн жағдай жасау болып табылады. 
      Өңдеушi өнеркәсiпте және қызмет көрсету саласында бәсекеге түсуге қабiлеттi және экспортқа негiзделген тауарларды, жұмыстар және қызмет көрсетулер өндiрiсi мемлекеттiк индустриялық-инновациялық саясаттың басты нысанасы болып табылады. 
      Бәсекеге түсу қабiлетi дегенiмiз қазақстандық кәсiпорындардың экспортқа шығарылатын өнiмдердi өндiру қабiлетiн бiлдiредi. Басқаша айтқанда, өңдеушi өнеркәсiптiң өнiмi осындай әлемдiк стандарттарға сәйкес келуi керек және баға бойынша бәсекелесуге қабiлеттi болуы тиiс. 
      Экономиканың шикiзаттық секторын дамыту Үкiметтiң салалық және секторлық стратегиялары бойынша жүзеге асырылады. 
      Стратегияның мiндеті: 
      өңдеушi өнеркәсiпте орташа жылдық өсу қарқынын 8-8,4 % мөлшерiнде қамтамасыз ету, 2000 жылмен салыстырғанда 2015 жылы еңбек өнiмдiлiгiн кемiнде 3 есе арттыру және ЖIӨ энергия сыйымдылығын 2 есе төмендету; 
      өңдеушi өнеркәсiптiң негiзгi қорларының өнiмдiлiгiн арттыру; 
      кәсіпкерлiк ахуалды, құрылымды қалыптастыру және жеке секторды ынталандыратын әрi бәсекелестiк артықшылықты жетiлдiретiн қоғамдық институттарды ұстау, қосылған құнға барынша қол жеткiзе отырып, нақты өндiрiстерде қосылған құн тiзбегiндегi элементтердi игеру; 
      ғылымды көп қажет ететiн және жоғары технологиялық экспортқа негiзделген өндiрiстер құруды ынталандыру; 
      елдiң экспорттық әлеуетiн қосылған құны жоғары тауарлар мен қызметтердiң мүддесiне қарай әртараптандыру; 
      сапаның әлемдiк стандарттарына көшу; 
      дүниежүзiлiк ғылыми-техникалық және инновациялық процестерге қосылу арқылы әлемдiк шаруашылық жүйесiне және өңiрлiк экономикаға ықпалдасуды үдету болып табылады.      

Стратегия мынадай қағидаттарға негiзделедi: 
      жеке сектормен серiктестiк; 
      инвестициялық және инновациялық ұсыныстардың өнеркәсiптің шикiзаттық емес салаларында өндiрiлетiн тауарлар мен қызметтердiң бәсекелестiк қабiлетiн арттыруға бағытталуы; 
      өнеркәсiптi жаңғыртуға, оларға қолдау көрсету жөнiндегi рәсiмдердiң жариялылығы мен ашықтығына бағытталған жобаларды iске асыруға мемлекеттiк қаржылық және өзге қолдау көрсету; 
      қосылған құн тiзбегiн дамытуды қамтамасыз ететiн салаларға мемлекеттiк қолдау көрсету шараларының кешендi сипаты; 
      тең бәсекелестiк жағдайларды және салауатты бәсекелестiк ортаны қалыптастыруды қамтамасыз ету; 
      қандай да болсын жеке сипаттағы жеңiлдiктерден және преференциялардан бас тарту; 
      индустриялық саясаттың бәсекелестiк артықшылықтарды қалыптастыруға бағытталуы. 
      Аталған қағидаттар сақталғанда және экономика құрылымында түбегейлi сапалық өзгерiстер болғанда, ол әртараптандырылған кезде алға қойылған мақсаттар мен мiндеттердi шешу Қазақстанда тұрақты экономикалық дамуға қол жеткiзуге мүмкiндiк бередi.

3. Индустриялық-инновациялық саясаттың басымдықтарын 
анықтау      

Барлық әлеуеттi бәсекеге қабiлеттi, оның iшiнде экономиканың шикiзаттық емес бағытындағы салаларда  жұмыс iстейтiн экспортқа бағдарланған өндiрiстер индустриялық-инновациялық саясаттың басымдықтары болып табылады. Ұзақ мерзiмдi стратегиялық мiндеттердi шешу мақсатында ғылымды көп қажет ететiн және жоғары технологиялық өндiрiстердi дамыту үшiн жағдайлар жасауға ерекше көңiл бөлу қажет. 
      Бұл көзқарас экономиканың түрлi салаларындағы кәсiпкерлер үшiн жұмыс істеп тұрған өндірістерді техникалық және ұйымдық жағынан жетiлдiруге және экспорттық бағыттағы өнiмнiң жаңа түрлерiн шығаруға кедергi жасамайды. 
      Нақты ұсыныстар жеке секторда туындауы тиiс, ал екiншi деңгейдегi банктер және құрылатын инвестициялық мемлекеттiк даму институттары осындай ұсыныстарды жеке сектормен әрiптестiктiк қарым-қатынаста ықтимал iске асыру мақсатында арнайы әдiстемелер негiзiнде оларға талдау жасайды. 
      Нарықтық экономикалы елдердiң, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңдары бюджет қаражатын жеке кәсiпорындарға қаржы және инвестициялық қолдау көрсетуге жұмсауға тыйым салады. Осыған сәйкес нақты жеке компанияларға қаржылық қолдау көрсету мемлекеттiк сыбайлас жемқорлықтың көрiнiсi ретiнде бағаланады. Тәжiрибе осындай көзқарастың дұрыстығын көрсеттi. 
      Әдетте, мемлекет нақты компанияларға тiкелей қаржылық қолдау көрсете алмайды және онымен айналыспауға тиiс, бiрақ экономиканың бәсекелестiк қабiлетiн арттыру мәселелерiнде, жеке кәсiпорындарды жаңғыртуға, инновациялық процестерге қатысуға және осы арқылы өзiнiң өндiрiстiк және бәсекелестiк әлеуетiн құруға және жақсартуға ұмтылуға ұйытқы әрi бастамашы болуы мүмкiн және болуы тиiс.      

3.1. Индустриялық-инновациялық саясаттың басымдықтарын анықтау әдiстерi 
      Әлемдiк тәжiрибе көрсеткенiндей, нарықтық экономикалы мемлекет экономикада құрылымдық өзгерiстердi жүзеге асыруда жеке сектормен ынтымақтастық орната алады. Осындай ынтымақтастықтың неғұрлым сәттi мысалдары Жапонияда, Оңтүстiк Кореяда, Малайзияда және соңғы отыз жылда өздерiнiң экономикалық даму саласында iрi бетбұрыс жасаған басқа да елдерде бар. 
      Қазiргi Қытай индустриялық дамудың стратегиялық бағыттарын дамыту саласында жеке сектормен ынтымақтасу саясатын жүргізуде. 
      Дүниежүзiлiк Банктiң зерттеулерi мемлекеттiк индустриялық саясатқа қатысты барлық көзқарастар кең ауқымды үш санатқа: инвестицияларды үйлестiруге, iскерлiк ынтымақтастықты дамытуға және рыноктың орнын басуға ұштастырылуы мүмкiн екендiгін көрсеттi. 
      Инвестицияларды үйлестiру жөнiндегi бастамалар 
      Жеткiлiктi дамымаған рынок жағдайында фирмалардың өндiрiстiң кеңеюiне қарай қалыптасатын жаңа және барынша сапалы өнiмге сұраныстың көлемiн бағалауға мүмкiндiгi болмайды. Мемлекет инвестицияларды үйлестiру функциясын өз мойнына алады, олар инвестициялық жобаларды бiрлесiп жүзеге асыру кезiнде ғана компанияларға пайда түсiредi. 
      Инвестицияларды үйлестiрудiң осы үлгiсiн қолдану мемлекеттiк және жеке институттарда белгiлi бiр әлеуеттiң болуын көздейдi, оған көптеген дамушы елдердiң қолы жетпейдi. 
      Іскерлік ынтымақтастықты дамыту жөнiндегi бастамалар 
      Іскерлiк ынтымақтастық жөнiндегi белсендi мемлекеттiк саясат шеңберiнде бастамалар кәсiпкерлермен мынадай бағыттарда iскерлiк қарым-қатынасты нығайтуға тiкелей бағытталуы мүмкiн: 
      сатып алушылардың мамандандырылған санаттары жаңа нарықтық орындарды қалыптастырады және өнiм стандарттары бойынша ақпарат көзi болып табылады; 
      жабдықтарды жеткiзушiлер олармен бiрге өндiрiстiк тәжiрибе жинайды; 
      ресурстарды жеткiзушiлер өндiрiстiң жаңа идеялары мен әдiстерiнiң пайда болуына ықпал етедi, ал бәсекелестер жаңа идеялардың қайнар көзi болып табылады. 
      Фирмалар, сатып алушылар, жабдықтар мен ресурстарды, қызметтер көрсетудi жеткiзушiлер топтары, салалық қауымдастықтар, конструкторлық бюролар және кооперация қағидаттарымен жұмыс iстейтiн басқа да мамандандырылған ұйымдар сол бiр аймақтың шеңберiнде бiрлесiп жұмыс iстейдi. 
      Рыногы жеткiлiктi деңгейде дамымаған елдерге рынокты тереңдетудiң және iскерлiк ынтымақтастықты дамытудың жинақтаушы процесiн қозғалысқа келтiру үшiн ұйытқы (өзiнiң табиғаты жағынан ол мемлекеттiк немесе жеке болуы мүмкiн) қажет болуы мүмкiн. 
      Рынокты алмастыру 
      Бұл көзқарас үкiметтiң рынокты толық ығыстырып шығару әрекеттерiмен байланысты. Өнеркәсiптiк өсуге серпiн беру үшiн мемлекеттер нарықтық бағалауды ақпаратпен және мемлекеттiк секторда жинақталатын бағалармен ауыстыру ырқына бой ұрады. Мұндай әрекет жемiстi бола бермейдi. 
      Филиппиннiң 70-жылдардың соңы мен 80-жылдардағы тәжiрибесi жеке кәсiпкерлердiң беделдi топтары үкiметке күшті ықпал еткен кезде не болуы мүмкiн екенiн көрсеттi. 
      Өзiнiң одақтары үшiн ел iшiнде бизнес жүргiзу үшiн жаңа мүмкiндiктер туғызу ниетiмен 1979 жылы Филиппин үкiметi $5 миллиард сомаға "ipi индустриялық жобалардың" жаңа Стратегиясы туралы хабарлады (олардың барлығы капиталды көп қажет ететін ауыр өнеркәсiпте жүзеге асырылды). Бiр жылдан кейiн Стратегия қарсыластарының қысымымен үкiмет осы жобаларға қайтадан экономикалық және қаржы сараптамасын жүргiзуге келiстi. Көп кешiкпей бұл процеске саяси және қаржы қайшылықтары өз ықпалын тигiздi. 1987 жылдың соңына қарай алғашында ұсынылған жалпы құны $ 4 миллиард болатын ($ 5 миллиардтан) он бiр жобаның бесеуi жүзеге асырылмайтын жоба ретiнде тоқтатылды. Тұтастай алғанда жалпы құны $ 800 миллион болатын төрт жоба ғана пайда әкелдi. 
      Әлемдiк тәжiрибенi ескере отырып, Стратегияны iске асыру кезiнде инвестицияларды үйлестiру және iскерлiк ынтымақтастықты дамыту жөнiндегi бастамаларға баса көңiл аударылатын болады. Қаржылық қолдау үлестiк қатысу қағидаттары негiзiнде ғана даму институттары арқылы көрсетiлетiн болады. Бұл ретте жеке сектор, оның iшiнде екiншi деңгейдегi банктер негiзгi тәуекелдердi өз мойындарына алатын болады. 
      Мемлекет қосылған құнның технологиялық және экономикалық тiзбегiн (ҚҚТ) дәйектiлiкпен дамыту арқылы бәсекеге қабiлеттi өнiм шығаратын өндiрiс орындарының бiртұтас жүйесiн құруға бағытталған жобаларға Даму институттары арқылы қатысатын болады. Бұл бәсекеге қабiлеттi өнiмнiң барлық өлшемдерiне сәйкес келетiн түпкi өнiм үшiн жұмыс iстейтiн көп салалы кәсiпорындарды құруға мүмкiндiк бередi. 
      Қазiргi әлемдiк практикада экономика салаларын ҚҚТ ретінде қарастыруға негiзделген дамыту стратегиясын әзiрлеу және талдау әдiсi жасалған және кеңiнен қолданылады. 
      Бұл әдiстiң мәнi әрбiр саланы түпкi өнiмнiң құнын ретiмен қосып отыратын өндiрiстер тізбегi ретінде қарастыруға болатынына келiп саяды. 
      ҚҚТ арқылы салаларға талдау жасау әдiстемесi тiзбекте қозғалысқа келтiретiн немесе онда басым күштерге байланысты ҚҚТ-ның екi негiзгi түрiн бөлiп көрсетедi. Осыған байланысты ҚҚТ құрылымдық тұрғыдан алғанда тiк және көлбеу тiзбектер болып бөлiнедi. 
      ҚҚТ көлбеу құрылымдарындағы экономикалық белсендiлiк, әдетте, бiр компанияның шеңберiнде шоғырланады. Мәселен, бiр компанияның өзi-ақ шикiзат өндiредi, оны ұқсатады, өз бетiмен қосалқы бөлшектер шығарады және өнiмдi жинайды. 
      ҚҚТ көлбеу құрылымдарында белсендiлiк көптеген шаруашылық жүргiзушi субъектілерi бойынша бiрдей етiп бөлiнген: компаниялардың бiреуi өнiмнiң дизайнымен айналысады, басқалары жинақтаушы бөлшектерiн шығарады, үшiншiлерi оларды жинайды. 
      Әдетте, өндiрушiлер басым жерде ҚҚТ тік құрылымды болады, ал сатып алушылар басым жерлерде көлбеу құрылымды болады. 
      Тұтастай алғанда, кiм ҚҚТ-ға барынша әсер етсе, ең үлкен қосылған құнды сол алады. 
      Автомобиль саласының қазiргi ҚҚТ автомобильдiң қосалқы бөлшектерi мен бөлшектерiн шығарушылардан, автомобильдi әзiрлеп шығаратын (дизайн) және жинайтын кәсiпорындардан, сондай-ақ дистрибьюторлардан тұрады. Бұл ретте машиналар жинайтын кәсiпорындар тiзбекке негiзiнен ең жоғары қосылған құнды алу нысанында барынша зор ықпал етедi. 
      Киiм тiгу ҚҚТ сатып алушылық ҚҚТ-ның айқын мысалы болып табылады. Ол дизайнерлiк фирмалардан, көтерме бағамен сатушылардан, бөлшек сауда дүкендерiнен, тоқу фабрикаларынан, шикiзатты өндiрушiлер мен өңдеушiлерден және киiм тiгу фабрикаларынан тұрады. Осы тiзбекте дизайнерлiк фирмалар және көтерме бағамен сатушылар төтенше роль атқарады. Олар ең жоғары қосылған құнды алады, сол арқылы ненi өндiру керектiгiн анықтайды. 
      Кейбiр елдерде халық табысының өсуi, тауар өндiрушiлерге қойылатын экологиялық және басқа да талаптардың күшейтілуi қосылған құнды орналастыруға елеулi әсер етедi. Мысалы, Гонконгте жалақының елеулi өскенiне және киiм мен аяқ киiм шығару индустриясында өзiнiң бәсекелестiк артықшылығын жоғалтып алғанына қарамастан, ел ҚҚТ-дан шығып қалған жоқ. Себебi АҚШ-қа киiм мен аяқ киiм жеткiзуге квота алуда Гонконг компанияларының тәжiрибелерi мен қажеттi байланыстары бар. Егер АҚШ үкiметi квоталарды жойса, қытай компаниялары өнiмдi тiкелей жеткiзумен айналысар едi.

Информация о работе Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы туралы