Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы туралы

Автор: Пользователь скрыл имя, 01 Апреля 2013 в 09:53, реферат

Описание работы

Экономиканы әртараптандыру және жаңғырту негiзiнде елдiң тұрақты дамуын қамтамасыз ету, өнiмнiң бәсекелiк түрлерiн шығару мен экспортты ұлғайту үшiн жағдайлар жасау мақсатында қаулы етемін:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы (бұдан әрi-Стратегия)бекiтiлсiн.
2.Қазақстан Республикасының Үкіметі екі ай мерзiмде Стратегияны iске асыру жөнiндегi 2003-2005 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарын әзiрлеп, бекiтсiн (Ікезең); жылына екi рет, 1 ақпанға және 1 тамызға дейiн жарты жылдық қорытындылары бойынша Мемлекет басшысына Стратегияның орындалу барысы туралы ақпарат беретiн болсын.

Работа содержит 1 файл

2003-2015 жжж.docx

— 150.18 Кб (Скачать)

Өндiрiстiк және сатып алушылық ҚҚТ құрылымы      

1. Өндiрiстiк ҚҚТ (автомобиль жасау, компьютерлер, авиация құрылысы, электр машиналары)      

(схеманы қағаз мәтіннен қараңыз)      

2. Сатып алу ҚҚТ (киім-кешекті, аяқ киімді, ойыншықтарды, үй тауарларын дайындау)      

(схеманы қағаз мәтіннен қараңыз)      

Қазақстан жағдайында өздерiнiң құрамында кендi өндiрумен, оны байытумен, бастапқы және қайталама металл, iлеспе элементтер (алтын, күмiс, сирек жер металдары) шығарумен айналысатын өндiрiс орындары бар "Қазақмыс" ААҚ және "Қазмырыш" ААҚ ҚҚТ-ның тiк құрылымының жарқын мысалы болып табылады. Алайда ҚҚТ осымен үзiлiп қалады. Бұдан кейiн өнiмдi өңдеу басқа елдердiң компанияларында жүргiзiледi, оларға аталған кәсiпорындар ресми түрде қатыспайды, бұл олар алатын қосылған құнды едәуiр азайтады. 
      "Қазақстантрактор" ААҚ ұтымсыз өндiрiстiң мысалы болып табылады. Бұл кәсiпорын шынжыр табанды тракторлар құрастыру үшiн негiзгi тораптарды басқа кәсiпорындардан сатып алу қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Бұл ретте ол осы жинақтаушы тораптар мен бөлшектердi өзiнiң бәсекелестерiнен сатып алады. Сайып келгенде, трактордың түпкiлiктi бағасы бәсекелестерiнiкiнен үнемi жоғары болып шығады. 
      Индустриялық-инновациялық саясатты iске асыру үшiн ықтимал бәсекелес өндірістердi, оның iшiнде әлемдiк рыноктардың даму үрдiстерi мен жеке сектордың бастамаларын ескере отырып, экономикалық ҚҚТ-не құратын экспортқа бағдарланған өндiрiстердi айқындау мақсатында экономика салаларының даму деңгейiне кезең-кезеңмен талдау жасап тұру қажет. 
      Сонымен бiрге Қазақстан салалық ҚҚТ-ларда өзiнiң орнын табу мақсатында әлемдiк және өңiрлiк рыноктарды зерттеудi күшейтуi қажет. Бұл мiндет әлемдiк экономикаға, оның iшiнде тiптi шикiзат секторына қосылуды басынан бастауға тура келетiнiмен қиындай түседi. 
      ҚҚТ бүкiл тiзбегiн қайтадан қалпына келтiрудi көтермелеудiң қажеттiлiгi бола қоймас, тек қосылған құны барынша жоғары элементтердi немесе әлемдiк рыноктарға шығуға және қосылған құны барынша жоғары экономикалық белсендiлiктерге одан әрi қадам басуға мүмкiндiк беретiн элементтердi ғана көтермелеу керек. 
      Осыған байланысты мемлекеттiк қолдау қазiргiдей ҚҚТ жекелеген элементтерi бойынша iшiнара емес, оның барлық негiзгi элементтерi бойынша кешендi түрде көрсетiлуi тиiс. Басқаша айтқанда, қолдау жеке алынған кәсiпорынға немесе салаға емес, тiптi әртүрлi салалардағы, бiрақ бiрыңғай ҚҚТ шеңберiнде өзара байланысқан салалардағы барлық немесе негiзгi кәсiпорындар бойынша көрсетiлуi керек. Мемлекеттiң үйлестiрушi және жоспарлаушы қызметi осымен тұжырымдалмақ. 
      Экономика салаларына және әртүрлi өндiрiстерге ҚҚТ әдiстерiн ескере отырып талдау жасау үшiн Маркетингтiк-талдама зерттеулерiнiң орталығы құрылатын болады. Орталықты құруға рыноктар маркетингi және оларды терең зерделеу саласындағы консалтингтiк қызмет көрсетудiң отандық нарығының туындауы мен қалыптасуының бастапқы сатыда тұрғаны, талдау зерттеулерi шығыстарының шамадан тыс жоғары екенi және жеке сектордың әлемдiк деңгейде жүзеге асырылатын рынокты талдау зерттеулерiне зәрулiктi бастан өткеруi түрткi болып отыр. Мемлекет орталық құра отырып осы саланың қарқынды дамуына едәуiр серпiн бередi. Консалтингтiк қызмет көрсетудiң отандық рыногының өсуi және қалыптасуы бойынша орталықтың мемлекеттiк ретiндегi қызмет етуi орынсыз болады және ол 3-тен 5 жылға дейiн орта мерзiмдi перспективада жекешелендiрiлетiн болады.      

3.2. Өнеркәсiптi жаңғыртудың  басым бағыттарын анықтау үшiн  отын-энергетикалық кешеннiң (ОЭК)  және экономиканың басқа да  базалық салаларының инвестициялық  және өндiрiстiк әлеуетiн пайдалану 
      Iрi инвестициялық жобалар өзiнде шоғырланған және өнiмнiң әрбiр өзгерту сатысында қосылған құны мөлшерiн арттыру арқылы технологиялық тұрғыдан бiрнеше қайтара өзгертуге болатын өнiмдер шығаратын өндiрiс орындары ҚҚТ әдiсi бойынша бәсекеге түсуге қабiлеттi және экспортқа бағдарланған өндiрiстердi дамыту мен қалыптастыру алаңына немесе базасына айналуы тиiс. 
      Iс жүзiнде барлық мұнай экспорттаушы елдердi дерлiк өз экономикасын әртараптандыру проблемасы алаңдатады. Дүние жүзiнде осы бағытта бiраз тәжiрибе жинақталған. 
      Мұнай және мұнай өнiмдерiне конъюнктура өзгерiстерiнiң әсерiн төмендету мақсатында аса iрi мұнай экспорттаушы елдер соңғы он жылдықта мұнай экспорттаудан алынатын табысты қайта бөлу есебiнен экономиканың өндiрiстiк құрылымын жетiлдiру жөнiндегi шараларды iске асыруда. Осымен бiр мезгiлде дамыған елдер экономикасынан кiрiс алу мақсатында басқа елдерге капитал экспорттау жұмысы жүргiзiлуде. 
      Қазақстанда мұнай-газ өнеркәсiбiне жылдан жылға көбейiп келе жатқан инвестициялар көлемi экономика құрылымын әртараптандыруға қолайлы орта болып табылады. 
      Осыған байланысты, Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторын (КТҚС) игеру индустрияны дамытудың негiзгi қозғаушы "локомотивтерiнiң" бiрi болып табылады, онда күнiлгерi бағалау бойынша көмiрсутектердiң жалпы қоры 8,0 млрд. тоннаны құрайды, ол күтiлiп отырғандай, Қазақстанда көмiрсутектер өндiрудiң неғұрлым елеулi өсiмiн қамтамасыз етедi. 
      Перспективада қайраңдағы кен орындарынан мұнай өндiру жылына 150-200 млн. тоннаға жетiп, 25-30 жыл бойы осы деңгейде тұруы мүмкiн. 
      Каспий теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiндегi тұзды кен орындары мұнайда сұйылған газдың құрамы жоғары - шамамен 60% көлемiнде болуымен сипатталады. Қашаған кен орнының мұнайында ғана алынатын газдың қоры Қарашығанақ кен орнының қорымен ғана теңесуi мүмкiн деп күтiлуде. 
      Тұтастай алғанда Қазақстанның орта және ұзақ мерзiмдi перспективасында ОЭК-iнiң дамуы КТҚС-ның дамуымен айқындалатын болады, өйткенi 2006 жылдан кейiн оншорлық кен орындарында өндiрудiң өсуi шамалы болады. 
      Каспий өңiрi көмiрсутегiн өндiрудiң өсуiне, магистральдық, оның iшiнде экспорттық мұнай және газ құбырларын, жүктердi сақтау және ауыстырып тиеу үшiн теңiз порттары мен порт құрылыстарын, мұнай құятын және газ толтыратын темiр жол терминалдарын салуға, электр энергетикасында және телекоммуникациялық инфрақұрылымда жаңа қуаттарды енгiзуге байланысты Қазақстанның жалпы экономикалық қарқынына едәуiр көлемде әсер ететiн инвестициялық және өндiрiстiк белсендiлiктiң қуатты өсуiн бастан кешiретiн болады. 
      Каспийде көмiрсутегiн өндiрудiң дамуы мұнай-химия индустриясы үшiн отандық шикiзат базасының қалыптасуына жағдай жасайды. Iрi инвесторларды тарта отырып, Қашаған кен орнының өнеркәсiп аймағының маңында iлеспе табиғи газды ұқсату жөнiндегi мұнай-химия кешенiн салу жоспарлануда. Кешен мұнай-химия өнiмдерiнiң сұйық және бастапқы компоненттерiнiң ауқымды бөлiгiн - этан, пропан, бутан, гексан, этилен, пропилен, ацетилен, бензол, ксилол және басқаларын, олардың негiзiнде пластикалық массалар мен эластомерлер алуға мүмкiндiк бередi. 
      Алдағы он бес жылда Қазақстан мұнайын өндiрудi дамытуға инвесторлар 80 млрд. AҚШ долларынан астам қаржы салуға ниет бiлдiруде. Бұл қаражат iске қосылатын кәсiпорындардың жұмысын қамтамасыз ететiн өндiрiстiк, инфрақұрылымдық және әлеуметтiк объектiлер салуға жұмсалатын болады. 
      Аталған инвестициялық жұмсалымдар тауарлар мен қызметтер көрсетулердiң ауқымды түрiне сұраныс тудырады, олардың бiр бөлiгi Қазақстан жағдайы үшiн уақытша сипатта болады, ал басқа бөлiгi мұнай қорлары сарқылғаннан кейiн де сыртқы және iшкi рыноктарда қажет болатын өндiрiстер құруға бағытталатын болады. 
      Мысалы, Каспий жағалауының инфрақұрылымын дамыту демалыс және ойын-сауық индустриясын құру үшiн, теңiз порттары - жүктердi тасымалдаудағы көлiк шығыстарын азайту үшiн, машина жасау зауыттары - баржалар, жүк, кәсiпшiлiк және әскери кемелер, жабдық пен тұрмыстық техниканың мол ассортиментiн шығару және т.б үшiн алғышарт жасайды. 
      ҚҚТ дамыту бөлiгiнде шикiзатты ұқсатуды кеңейте түсудiң жақсы перспективалары бар. 
      Мұнай мен газды ұқсатуды кеңейте түсу iс жүзiнде экономиканың барлық салалары мен тұрмыста пайдаланылатын полимерлiк бұйымдардың шамамен 200 түрiн шығаруға мүмкiндiк жасайды. Осы бағытта ҚҚТ-ны дамыту көп салалы трансұлттық корпорация құруға жағдай жасайды. 
      ҚҚТ-ны дамыту үшiн металлургия өнеркәсiбiнде жақсы перспективалар бар. Қазақстанда Д.Менделеевтiң периодтық жүйесiнiң 100-ге жуық элементiн қамтитын минералдық рудалардың қорлары бар КСРО тұсында оның 74 элементi өнiмiнiң алуан түрiне пайдаланылады. Қазақстанның түстi металлургия өнiмi ғылымды көп қажет ететiн және жоғары технологиялы тауарларды - ғарыш аппараттарын, қару-жарақ, электр техникасын жасауда пайдаланылды. 
      Қазақстанда түстi, асыл және сирек кездесетiн жер металдарының кең ауқымды мөлшерiн күрделi және қоры аз рудалардан, руда үйiндiлерiнен, металлургиялық шлактар мен қайта өңдеу қалдықтарынан алу жөнiндегi ғылыми-инновациялық әзiрлемелердi түстi металлургия кәсiпорындарында енгiзудiң осы саласында да зор ғылыми әлеуетi мен тәжiрибесi бар. Металлургиялық қалдықтар мен руда үйiндiлерiн ұқсату жөнiндегi жаңа технологияларды енгiзу орта мерзiмдi перспективада қосылған құны жоғары өнiм алуға мүмкiндiк бередi. 
      Қазақстанға iрi инвестициялардың ағылуы түстi металлургия, химия және жиhаз өнеркәсiбiнiң өнiмдерiне және т.б. сұраныс тудырады. Осының бәрiн мұнай мен газды және металдарды өңдеудi кеңейте түсу есебiнен Қазақстанда шығаруға болады әрi болашақта бұл өнiм әлемдiк рынокта өз орнын табады. 
      Қазақстан әлемдегi iрi астық өндiрушiлердiң бiрi болып табылады. Астық өңдеу процесiн тереңдету көп салалы ҚҚT-ны құрудың негiзгi базасы болуы мүмкiн. Осындай тiзбектi дамытудың бағыттары астық өңдеудiң технологиялық процесiн кеңейтуден де, жемшөп өндiру, мал шаруашылығы, ет пен сүт өнiмiн шығаруды дамытудан да көрiнедi. ҚҚТ-ға, сондай-ақ элеваторлар да, ауыл шаруашылығы техникасы мен минералдық тыңайтқыштарды шығару жөнiндегi зауыттар да, табиғи тағам бояғыштарын, фармацевтикалық бұйымдарды, биотехнология өнiмдерi мен басқаларын шығару жөнiндегi кәсiпорындар да кiредi. 
      Экономика құрылымын және қазақстандық экономиканың экспорттық бағытын әртараптандырудың аталған бағыттары әлеуеттi тұрғыдан басым бағыт болып табылады. Алайда ұсынылып отырған жобаларды iске асыруға мемлекеттiк қолдау көрсету жөнiндегi түпкiлiктi шешiмдi ҚҚT әдiсi бойынша аталған өнiмдердi барынша қайта өңдеу бөлiнiсiнде дамыту мүмкiн болатын бәсекелестiк артықшылықтарды егжей-тегжейлi талдаудан кейiн ғана қабылдау қажет. 
      ҚҚТ әдiсi бойынша экономиканың басым салаларын айқындау кезiнде ҚҚТ-ның одан әрi дамуын көздейтiн бiрлескен өндiрiстердi ұйымдастыруға орай ТҰК өңiрлiк өкiлдерiмен экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз ету қажет.      

3.3. Ғылымды көп қажет ететiн және жоғары технологиялы өндiрiстер құру саласындағы әлеуеттi басымдықтар 
      Қазiргi экономикалық дамудың негiзгi сипаттамаларының бiрi озық ғылыми-технологиялық әзiрлемелердiң негiзiнде белгiлi бiр уақыт кезеңiнде жасалған технологияларды кезең-кезеңiмен ауыстыру процесiмен байланысты оның әркелкi сипаты болып табылады. Технологиялық құрылымдардың ауысуы сәтiнде алдындағы кезеңде көш басында болған елдер капиталдың құнсыздануына және бұрынғы өндiрiстерде iстеген қызметкерлердiң бiлiктiлiгiнен айырылуына тап болады. Жаңа өндiрiстiк-технологиялық жүйенi қалыптастыруда жетiстiктерге қол жеткiзiп үлгерген елдер дәстүрлi жұмсау салаларынан сырғып бара жатқан капиталды тарту орталықтарына айналады. 
      Стратегия индустриядан кейiнгi дамудың перспективалы бағыттарында ғылыми-техникалық, инновациялық және өндiрiстiк әлеуеттi ұлғайтуға бағытталған, ол болашақта қағидатты бәсекелестiк артықшылықтарды алуға жәрдемдесуге тиiс. 
      Негiзгi бағыттар мыналар болуы тиiс: 
      1. Жоғары технологиялы өндiрiстер қалыптастыруға, оның iшiнде шетелдiк те, салааралық та технологиялар трансфертiнiң тиiмдi жүйесiн жасауға жәрдемдесу. 
      2. Жоғары ғылыми-технологиялық әлеуетi бар ғылыми-техникалық және өнеркәсiптiк ұйымдар мен кәсiпорындар желiсi бар қалаларда қазiргi заманғы ғылыми және инновациялық инфрақұрылымды жасап, оның қазiргi заманғы элементтерiнiң қызметiн (технопарктер, ұлттық ғылыми орталықтар, ғылыми-технологиялық аймақтар және c.c.) қолдау. 
      3. Индустриядан кейiнгi экономика тұрғысынан алғанда озық салаларды дамытуда қазiргi ғылыми-техникалық әлеует салаларын пайдалану. 
      Қазақстан қазiрдiң өзiнде мына салалардағы әзiрлемелер негiзiнде ғылымды көп қажет ететiн өндiрiстердi дамыту үшiн белгiлi бiр ғылыми базаға ие, оның iшiнде: 
      биотехнологиялар (ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары мен жануарлардың генотиптерi, бактериялар штамдары және басқалары); 
      ядролық технологиялар; 
      ғарыштық технологиялар; 
      жаңа материалдар, химиялық өнiмдер және басқаларды жасау. 
      4. Қазiргi заманғы ғылыми-техникалық бағыттардың: 
      жаңа материалдар мен химиялық технологиялар; 
      ақпараттық технологиялар салаларында зерттеулер жүргiзу үшiн қажетті жағдайлар жасау. 
      5. Ғылыми-техникалық және өндiрiстiк ұйымдар мен кәсiпорындардың инновациялық қызметiн ынталандыруға, ғылым мен инновациялар салаларына инвестициялар тартуға, өнеркәсiп пен қызмет көрсету саласына инновациялардың жылдамырақ енуiне бағытталған заң шығару базасын жетiлдiру.

4. Мемлекеттiк даму институттары      

Стратегияның маңызды  мiндеттерiнiң бiрi Мақсатты инвестициялық  және ғылыми-техникалық стратегияларды iске асыру, инвестициялық белсендiлiктi реттеу мен ынталандыру болып  табылады, бұл индустриялық-инновациялық дамудың қазiргi мемлекеттiк басқару жүйесiн қайта қарауды және белгiлi бiр дәрежеде қайта құруды қажет етедi. 
      Стратегияда айқындалған мақсаттарға қол жеткiзу үшiн жаңа мемлекеттiк даму институттарын құру және қазiргi барын, атап айтқанда: Қазақстанның инвестициялық қорын, Қазақстан Даму Банкiн, Инновациялық қорды, Экспортты сақтандыру корпорациясын нығайту қажет. 
      Тұтастай алғанда, даму институттарының тұрлаулы жұмыс iстеуi орталықсыздандыру, мамандандыру, бәсекелестiк және ашықтық қағидаттарына негiзделетiн бiрыңғай жүйенi қалыптастыруға тиiс. 
      Орталықсыздандыру қағидаты жеке сектордың бастамашылықтарын қолдау (қаржылай қолдауды қоса алғанда) көздерiнiң сан түрлi болуын бiлдiредi. Iс жүзiнде бұл мемлекеттiң қаржы және ақпараттық ресурстарды бiр ғана даму институтына жұмылдырмайтынын бiлдiредi. Бұл: 
      шешiмдер қабылдау кезiнде ықтимал жүйелi қателердi болдырмауға; 
      бәсекелестiктiң негiзiн салуға, соның нәтижесi ретiнде қолдау көрсету кезiнде неғұрлым ашық саясат жүргiзуге; 
      жеке сектордың бастамашылықтарын неғұрлым терең талдауды жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi. Мысалы, егер перспективалы жоба даму институттарының бiрiнде қолдау таппаса, онда оны басқа институттан алу мүмкiндiгi сақталады. 
      Мамандану қағидаты даму институттарының қызметтiң белгiлi бiр операцияларына және/немесе түрлерiне мамандануын бiлдiредi. Мысалы, Қазақстан Даму Банкi жобаларды банктiк кредиттеу арқылы; Қазақстан инвестициялық қоры - жарғылық капиталға үлестiк (бақылаусыз) қатысу арқылы; Инновациялық қор - гранттар, оның iшiнде ғалымдар мен ғылыми мекемелерге гранттар беру және капиталға үлестiк қатысу арқылы жобаларды қаржыландыруға маманданады. Мамандану қағидаты даму институттарының мамандану шеңберiнде операциялармен және қызмет түрлерiмен ғана айналысатынын бiлдiрмейдi. Олар өздерi үшiн негiзгi болып табылмайтын басқа операцияларды да (қызмет түрлерiн) жүзеге асыра алады. Бұл үшiн негiзгi емес операциялар мен қызмет түрлерiн жүзеге асырудың лимиттерi белгiлендi. 
      Бәсекелестік қағидаты даму институттарының қызметiн бәсекелестiк негiзде жүзеге асыруды бiлдiредi. Мұндай қажеттiлiк институттардың көпшiлiгiнiң дамудың осы кезеңiнде жоқ нарық институттарға елiктеуге бейiлдi екенiмен байланысты. Институттардың қызметi нарықтық институттарға елiктеудi бiлдiретiнiн ескере отырып, әуел бастан олардың қызметiн нарықтық, яғни бәсекелестiк негiзде құру қажет. Бәсекелестiк қағидаты қандай да бiр институттың қызметi нәтижелерiн салмақтауға мүмкiндiк бередi. 
      Ашықтық қағидаты менеджерлердiң есептiлiгi мен жауапкершiлiгiн, қаржы ресурстарын мақсатты әрi тиiмдi пайдалану үшiн тиiстi бақылауды қамтамасыз ететiн дамудың мемлекеттiк институттарын корпорациялық басқарудың ашық жүйесiн құруды бiлдiредi. Мемлекет даму институттарының алдына қойылған мiндеттердi тиiсiнше iске асыру мақсатында олардың қызметiне қандай да бiр қысымнан қорғауды қамтамасыз етуi тиiс. Осы қағидатты жүзеге асыру үшiн тәуелсiз директорлар институты (мiнсiз iскерлiк беделi бар шетелдiк жоғарғы бiлiктi менеджерлердi тарта отырып), сондай-ақ корпоративтiк басқарудың қазiргi заманғы құралдары белсендi пайдаланылатын болады.      

4.1. Қазақстанның  инвестициялық қоры 
      Қазақстанның инвестициялық қорының (ҚИҚ) мақсаты Қазақстанда да, шет елдерде де кәсiпорындардың жарғылық капиталына үлестiк және бақылаусыз қатысу арқылы жеке сектордың экономиканың шикiзаттық емес секторындағы бастамаларына қаржылай қолдау көрсету болып табылады. 
      ҚИҚ құру қажеттiлiгi қор рыногының дамымауымен, отандық компаниялардың капиталдану төмендiгiне, отандық рынокта өңдеушi өнеркәсiпке келiп түсетiн инвестиция ағымына ықпал ететiн барабар нарықтық тетiктердiң болмауымен байланысты болып отыр. ҚИҚ құру қаржы секторы үшiн қызмет етудiң сапалы жаңа деңгейiне көшу қажеттiлiгiне белгi болып табылады. Банктермен және басқа да қаржы агенттерiмен ҚИҚ әрiптестiгi жаңа өндiрiс пен қаржы рыногының дамуы үшiн белсендi серпiлiс болады. 
      Жеке инвестициялық қорлардың пайда болуымен мемлекеттiк қаржы институты ретiндегi ҚИҚ рөлi қысқартылатын болады. Қаржы рыногында 3-5 бiрдей жеке инвестициялық қорлардың пайда болуымен жекешелендiрiлетiн болады. 
      Қаржылай қолдау көрсету туралы шешiм ҚҚТ әдiснамасы бойынша кешендi талдау жасалып, тiзбенiң неғұрлым маңызды элементтерi анықталғаннан кейiн жүзеге асырылатын болады. Егер ҚҚТ талдауының тұжырымдары ҚҚТ-да бiрқатар өндiрiс құру қажеттiгiн көрсететiн болса, онда барлық қажеттi негiзгi өндiрiстi құру көтермеленетiн болады. ҚҚТ әдiснамасы бойынша талдау технологиялық әрi жоба үшiн маңызды өзге де сипатта жүзеге асырылуы тиiс. Бұл ретте жобаларды бағалаудың бiрiншi кезектегi өлшемдерiнiң бiрi олардың коммерциялық қайтарымдылығы болып табылады. 
      Бағалаудың басқа өлшемдерi жобаның экспортқа бағдар ұстануы немесе импорт алмастыру бағыттылығы болады. Талдау мәнi экономиканың шикiзат секторына жатпайтын жеке сектордың барлық бастамалары болуы тиiс. 
      Жобаларды қаржыландыруды жеңiлдету үшiн, жеке секторда қаражат жетiспеген жағдайда ҚИҚ жарғылық капиталға (акцияларды сатып алуда) бақылау пакетiн алмай қатысу арқылы бiрлесiп қаржыландыруға қатысатын болады. Сонымен қатар мемлекеттiк пакеттiң жобасы iске асырылғаннан кейiн сатылатыны жөнiнде нақты ереже белгiленуi тиiс. 
      Бұл ҚИҚ-қа жаңа өндiрiстер, оның iшiнде жоғары технологиялы өндiрiстер құруда ғана емес, сондай-ақ бағалы қағаздар рыногын дамытуда да ықпал ету мүмкiндiгiн бередi. 
      ҚИҚ Қазақстанның Даму Банкiмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстеуi тиiс. Бұл екi институт банк желiсi бойынша жобаларды қаржыландыру және капиталды бастапқы орналастыру бағытында бiрiн-бiрi толықтыруы тиiс. 
      Таяу және орта мерзiмдi перспективада шетелдiк маманданған қаржы ұйымдарын ҚИҚ қызметiне тарту туралы мәселе қаралатын болады. Ынтымақтастық шетелдiк мамандарды тарту бағытымен қатар ҚИҚ жарғылық капиталына қатысу бағытында да жүзеге асырылатын болады.      

Информация о работе Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы туралы