Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы туралы

Автор: Пользователь скрыл имя, 01 Апреля 2013 в 09:53, реферат

Описание работы

Экономиканы әртараптандыру және жаңғырту негiзiнде елдiң тұрақты дамуын қамтамасыз ету, өнiмнiң бәсекелiк түрлерiн шығару мен экспортты ұлғайту үшiн жағдайлар жасау мақсатында қаулы етемін:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы (бұдан әрi-Стратегия)бекiтiлсiн.
2.Қазақстан Республикасының Үкіметі екі ай мерзiмде Стратегияны iске асыру жөнiндегi 2003-2005 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарын әзiрлеп, бекiтсiн (Ікезең); жылына екi рет, 1 ақпанға және 1 тамызға дейiн жарты жылдық қорытындылары бойынша Мемлекет басшысына Стратегияның орындалу барысы туралы ақпарат беретiн болсын.

Работа содержит 1 файл

2003-2015 жжж.docx

— 150.18 Кб (Скачать)

4.2. Қазақстанның  Даму Банкi 
      Қазақстанның Даму Банкiнiң негiзгi мiндетi ұзақ мерзiмдi және орташа мерзiмдi төмен проценттi банк кредиттерiн, оның iшiнде экспорттық кредиттер беру арқылы, сондай-ақ басқа кредиттiк институттар беретiн заемдар мен кредиттер бойынша кепiлдi мiндеттемелер беру арқылы жеке сектор мен мемлекеттiң бастамаларына (инфрақұрылымдық жобалар бөлiгiнде) қаржылай қолдау көрсету болып табылады. 
      Қазақстанның Даму Банкiнiң қызмет етуi қаржы жүйесiнiң банк жүйесiндегi айтарлықтай тәуекелдерге және проценттiк ставкаларды төмендету қажеттiлiгiне байланысты экономикадағы ұзақ мерзiмдi және төмен проценттi кредиттердi берудi қамтамасыз ете алмауымен белгiленедi. 
      Осындай қаржылай қолдау көрсету туралы шешiм ҚҚТ әдiснамасы бойынша кешендi талдау жасалып, тiзбенiң неғұрлым маңызды элементтерi анықталғаннан кейiн жүзеге асырылатын болады. ҚҚТ әдiснамасы бойынша талдау технологиялық және жоба үшiн өзге де маңызды сипаттарда жүзеге асырылуы тиiс. Бұл ретте жобаларды бағалаудың бiрiншi кезектегi өлшемдерiнiң бiрi олардың коммерциялық қайтарымдылығы болып табылады. 
      Таяу арада жарғылық капиталды ұлғайтуды, еншiлес маманданған қаржы ұйымдарын, атап айтқанда лизингтiк ұйымдарды құру мүмкiндiгiн көздейтiн Қазақстанның Даму Банкi институционалдық тұрғыда нығайтылатын болады. Сонымен бiрге Қазақстанның Даму Банкiне Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жобаларды қаржыландыру құқығы берiлуi мүмкiн.      

4.3. Инновациялық  қор 
      Инновациялық қор тiптi дамыған елдердiң бәрiнде бiрдей толық дәрежесiнде бола бермейтiн нарықтық экономиканың еншiлес функциясын ынталандыруға тиiс. Бұл функция экономиканың ақпарат, электроника, биотехнологиялар және басқалары сияқты жоғары технологиялық салаларын құру мен дамыту үшiн ерекше маңызды. Осыған байланысты қор қызметiнiң басты мақсаты Қазақстан Республикасында инновациялық белсендiлiктiң артуына, жоғары технологиялы және ғылымды көп қажет ететiн өндiрiстердi дамытуға жәрдемдесу болуы тиiс. 
      Инновациялық қорды құру инновацияларды енгiзудiң тиiмдi және нарықтық тетiктерiнiң болмауына қатысты кеңес өкiметiнен кейiнгi кеңiстiктiктiң барлық елдерiне тән жүйелi проблеманы шешуi тиiс. 
      Бұл проблеманың екi жағы бар. Бiрiншiден, бұл әзiрленген инновацияларды енгiзудiң қажеттiлiгi. Екiншiден, жаңа инновацияларды әзiрлеу үшiн қолданбалы ғылыми зерттеулер мен тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру. 
      Осы проблеманы шешу үшiн Инновациялық қордың негiзгi күш-жiгерi жеке сектор тарапынан Қазақстандағы венчурлiк қаржыландыруды ынталандыру мен дамытуға және инновациялық инфрақұрылымды құруға бағытталуы тиiс. Инновациялық қор өз қызметiнiң бастапқы кезеңiнде отандық және шетелдiк серiктестермен бiрге инновациялық жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыратын және венчурлiк қорларды құратын болады. 
      Инновациялық қор отандық еншiлес капиталдың құралуы және өсуi бойынша еншiлес жобаларды қаржыландыру жөнiндегi қызметiн тоқтатып, өз белсендiлiгiн инновациялық инфрақұрылымды нығайтуға және қолданбалы ғылыми зерттеулердi қаржыландыруға бағыттайтын болады. 
      Қордың негiзгi мiндеттерi: 
      инновациялық инфрақұрылым элементтерiн (технополистер мен технопарктердi, ақпараттық-талдау орталықтарын және т.б) құруға қатысу; 
      отандық және әлемдiк деңгейдегi iрi еншiлес инвесторлармен бiрлесiп еншілес қорларды құру; 
      құрылатын және жұмыс істеп тұрған кәсiпорындардың жарғылық капиталдарына жоғары технологиялы және ғылымды көп қажет ететiн өнiм өндiру, жаңа технологияларды әзiрлеу мақсатында қатысу; 
      коммерциялық тиiмдiлiгi мен экономиканы технологиялық дамыту тұрғысынан әлеуеттi перспективалы болып табылатын жаңа технологияларды, тауарларды, қызмет көрсетулердi жасауға бағытталған жекелеген ғылыми зерттеулер мен тәжiрибе-конструкторлық жұмыстарды гранттар беру арқылы қаржыландыру болып табылады. 
      Инновациялық қордың гранттарды бөлу туралы шешiмi шетелдiк ғалымдарды тарта отырып, тәуелсiз ғылыми-техникалық сараптама жүргiзiлгеннен кейiн ғана жүзеге асырылуы тиiс. Қаржыландыру үшiн таңдалған ғылыми зерттеулер ҚИҚ және Қазақстанның Даму Банкi арқылы қаржыландыру аясындағы жобаларға тұтас алғанда сәйкес келуi тиiс. 
      Елдегi венчурлiк институттардың кенже қалғанын ескере отырып, Стратегияны iске асырудың бiрiншi кезеңiнде венчурлiк қызметтi көтермелеу және реттеу үшiн барабар заңнамалық база әзiрленiп, қабылданатын болады. 
      Ғылыми зерттеулердiң барлық түрлерiнiң жаңа бiлiмдердi жинақтау жүйесiнде бiрдей мәнi бар және қолданбалы ғылыми зерттеулерге ғана арнайы басымдық беру орынсыз екенiн шетелдiк тәжiрибе көрсетiп отыр. Бұдан өзге, еңбек пен капиталдың өнiмдiлiгiн арттыру, демек экономиканың бәсекелестiгiн арттыру, дербес ғылыми-техникалық әлеует құрмай және нығайтпай мүмкiн емес. 
      Сондықтан да iргелi ғылыми зерттеулердi қаржыландыру мемлекеттiк бюджеттен жүзеге асырылатын болады. 
      Инновациялық қор өз қызметiн мемлекеттiк ғылыми-техникалық және инновациялық саясат шеңберiнде жүзеге асыратын болады.       

4.4. Экспортты сақтандыру  жөнiндегi корпорация 
      Экспортты сақтандыру жөнiндегi корпорацияның негiзгi мiндетi саяси және регулятивтiк қатерлердi сақтандыру және қайта сақтандыру арқылы қазақстандық өндiрушiлердiң тауарлары мен қызметтерiнiң экспортына тiкелей жәрдемдесу болады. Экспортты сақтандыру жөнiндегi корпорация қазақстандық өнiмнiң экспортын дамыту, ықтимал өткiзу рыноктары туралы ақпаратты зерделеу және кейiннен тарату үшiн маркетингтiк зерттеулер жүргiзетiн болады. Бұл жалпы әлемге танылған тәсiл болып табылады әрi қаржылық және әкiмшiлiк тұрғыдан алғанда экспорттық транзакцияларды жеңiлдетуге тиiс. Отандық сақтандыру рыногының өсуi және оның экспорттық-импорттық операциялармен байланысты тәуекелдердi сақтандырудың дайындығы бойынша Экспортты сақтандыру корпорациясы коммерциялық сақтандыруды қысқартып, саяси тәуекелдердi сақтандыру мен халықаралық рыноктар туралы коммерциялық ақпаратты таратуға баса назар аударатын болады.

5. Сауда саясаты       

5.1. Сауда режимiн  ырықтандыру 
      Сауда саласы индустриялық-инновациялық даму жүргiзiлетiн басты "алаң' болуы тиiс. Осының әсерiнен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң сауда саясаты нарық экономикасын өздiгiнен реттеудiң басты тетiгi - бәсекелестiктi дамыту үшiн жағдай жасауға бағытталатын болады. 
      Ішкi рынокты импорттан одан әрi қорғау отандық өңдеу өнеркәсiбi тауарларының шетел кәсiпорындарының бағасы әрi тұтыну сипаттары жағынан да ұқсас түрлерінен мүлдем артта қалуына әкелiп соғады. 
      Ғаламдану кезеңiндегi жабық та шағын экономика ол капитализмнiң ерте сатысында бiржола қалып қоюы мүмкiн (Бұл Орталық Азия елдерi арасында орын алып отыр). Жабық экономика саясатының зардабы Қазақстанның тоқсаныншы жылдар басынан өткергенiнен де әлдеқайда ауыр болуы мүмкiн. 
      Бәсекелестiктi және экспортты ынталандыру саясаты импорт алмастыру саясатының орнын басатын болады. 
      ТМД бойынша жақын әрiптестермен еуразия өңiрiнде бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру Үкiметтiң сауда саясатының басты мiндетi болып айқындалады. Бұл ретте елдi өңiрдегi жоғары технологиялы, экспорт-импорт, инвестиция, қаржы және сауда орталығына айналдыру бағыты көзделедi. 
      Әлемде экономиканың экспортқа бағдарланған модельдерiн құрудың бай тәжiрибесi жинақталған. 
      Экспорттық бағдарланудың бес түрiн бөлiп алуға болады: шикiзат ресурстарының экспорты, экспорттық-өңдеушi аймақтар, құрамдас бөлiктер экспорты, толығымен дайын тұтыну өнiмдерiнiң экспорты және меншiктi сауда маркалары (брендтер) бар өнiмдер экспорты. 
      Шикiзат тауарларының экспорты дамушы елдер экспортының негiзгi түрi болып табылады. Африка елдерi, ОАР-ды қоспағанда экспорттың бұл түрi барлық экспорттың 90 процентiн құрайды, Латын Америкасы және Оңтүстiк-Шығыс Азия үшiн 30-60 процент шамасында. Қытай, Оңтүстiк Корея, Сингапур сияқты бiрнеше елдерде ғана шикiзат экспорт үлесiнiң орны азғана. 
      Экспорттық-өңдеушi өңiрлер (ЭӨӨ) арзан жұмыс күшi бар елдерде және қарапайым өнiмдi жинау кезiнде едәуiр еңбек шығындарының қажет ететiн салаларда қалыптасады. Мұндай өнiмдердi өндiретiн кәсiпорындар әдетте шетел инвесторлары иелiгiнде болады. Мемлекеттер жергiлiктi халықты жұмыспен қамту және шетел валюталарын алу проблемаларын шешу мақсатында инвестицияларды көтермелеу үшiн мұндай аймақтарға белгiлі бiр жеңiлдiктердi бередi. 
      Экспорттық-өңдеушi өңiрлер дамушы елдердiң экспортты индустриялаудағы бiрiншi кезең болып табылады. Мұндай аймақтар бiрiншi 60-жылдары Азияда және Мексикада пайда болды. Қазiргi кезде ЭӨӨ жалақы өте төмен елдерде - Қытай мен Оңтүстiк Шығыс Азияда басымдыққа ие болып отыр. Африка ЭӨӨ-ның болуы тұрғысынан шетел инвестицияларына мәдениеттегi бар кедергiлер мен шоғырланған арзан адам ресурстарының жетiспеушiлiгiнен, дамымаған инфрақұрылым (әсiресе көлiкте) салдарынан әлемнiң үшiншi сатыдағы мемлекеттерiнен тұтастай кейiндеп қалып отыр. Латын Америкасында ЭӨӨ жұмыс күшiнiң арзандығынан және iрi өткiзу рыногы - АҚШ-тың жақындығынан айтарлықтай таралып отыр. 
      Құрамдас бөлiктерiнiң экспорты (ҚБЭ) автомобиль жасау және электроника секiлдi жоғары технологиялы салалар өнiмдерiнің құрамдас бөлiктерiнiң өндiрiсi мен экспортын бiлдiредi. ҚБЭ негiзiнен жаңа индустриялы елдерде жүзеге асырылады (Оңтүстiк Корея, Сингапур, Тайвань). Өнiмдi түпкiлiктi жинау дамушы елдерде жүзеге асырылады. Жаңа индустриялық елдердегi кәсiпорындарды трансұлттық компаниялардың бақылауы ҚБЭ-ның ерекшелiгi болып табылады. 
      Толығымен дайын тұтыну өнiмдерiнiң экспортын (ТӨЭ) жергiлiктi компаниялар жүзеге асырады, ал дизайн, маркетинг, көтерме және бөлшек сауданы дамыған елдердiң ipi шетел компаниялары бақылайды. ТӨЭ-дегi жетекшi рөлдi жаңа индустриялық елдер иеленiп отыр. Мысалы, 1980 жылы Гонконгтың, Оңтүстiк Корея және Тайваньның экспорттық үлесi дамушы елдерде өндiрiлген барлық ТӨЭ-нiң 72 процентiн құрады. ТӨЭ-нiң өмiршең түрлерi үшiн қажеттi қосымша көмекшi салаларды Шығыс Азия елдері ғана құрғанын айта кету қажет. 
      Меншiктi сауда маркалары (брендтер) бар дайын өнiмнiң экспорты (ММЭ) ТӨЭ-ден де асатын өнiм экспортының түпкi өнiм түрi болып табылады. Компанияларды шетелдiк рынокқа меншiктi брендтерiмен енуi ММЭ-нiң ерекшелiгi болып табылады. Оңтүстiк Корея ММЭ-нiң жарқын мысалы болып табылады: осы елдiң компаниялары шетелдiк рыноктарға автомобиль жасау және электроникадағы меншiктi брендтерiмен қатысады. 
      ММЭ тұтастай қарасақ, оны жеке алынған елдiң экспорттық саясатының жемiсiн бағалау мүмкiн болатын стандарт болып табылады. Әлемдегi экспорттық бағдар түрлерiне шолу кестеде көрсетiлген.

__________________________________________________________________ 
        |  Шикiзат   |Экспорттық-| Құрамдас | Дайын  | Меншікті 
        | тауарлары- |  өңдеуші  | бөліктер | өнімдер| брендтері 
        |    ның     |  өңірлер  | экспорты |экспорты| бар дайын 
        |  экспорты  |           |          |        |   өнім 
        |            |           |          |        | экспорты 
________|____________|___________|__________|________|____________ 
Шығыс         х            х           х         х         х 
Азия 
 
Оңтүстік- 
Шығыс 
Азия  
              х            х           х 
Латын         х            х           х 
Америкасы 
 
Оңтүстік      х            х 
Азия 
 
Африка        х            х 
__________________________________________________________________      

Дамушы елдердiң  экспорттық бағытының көп түрлiлiгiне қарамастан оның соңғы төрт түрiнiң пайда болуына әкелетiн нақты тетiгi бар. 
      Iрi трансұлттық компаниялар арзан жұмыс күшiн іздеп коммерциялық тапсырыстарды шығыс-азия елдерiне орналастырды, ал олар өз кезегiнде елдегi жұмыс күшiнiң қымбаттауына байланысты жұмыс күшi арзан болып тұрған елдерге тапсырыстарды қайта орналастырып отырды. Бұл процесте Шығыс Азияның дамушы елдерi дамыған елдердiң компанияларынан түскен коммерциялық тапсырыстар арқылы өзiнiң индустриялық әлеуетiн дамытуға мүмкiндiк алды. Өзiнiң индустриялық әлеуетiн жетiлдiре келе дамушы елдер өз тұғыр-шебiн нығайтып, экспорттың жаңа түрлерiне iлгерiледi. 
      Әлемнiң көптеген елдерi коммерциялық тапсырыстар арқылы жаңа индустрияларды негiздеу мүмкiндiгiне белгiлi жағдайларға байланысты ие болған жоқ. Басқаша айтқанда, трансұлттық компаниялар кейбiр Шығыс Азия елдерiнiң әлемдiк экономикаға кiруiне және дамыған елдердiң бай рыноктарына одан әрi қол жеткiзуiне көмектестi. 
      Бәсекелестiк жағдайларды жасау мақсатында заңнамалық база сындарлы талданатын болады және Қазақстан рыногында салауатты бәсекелестiктi орнатуға кедергi жасайтын тауарлар мен қызмет көрсету жолындағы барлық кедергiлер жойылатын болады. 
      Сауда режимiн кезең-кезеңiмен ырықтандыру сауда саясатының стратегиялық бағыты болуы тиiс. Бұл саясатты қосылған құн тiзбегiн одан әрi дамыту пайдасына шикiзат салалары кiрiстерiн бөлшектеп қайта бөлу, сондай-ақ ғылыми және инновациялық әзiрлемелерге негiзделетiн жаңа өндiрiстердi ұйымдастыру арқылы, мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмдерде жүргiзу қажет.      

5.2. ДСҰ-ға кiру 
      ДСҰ-ға кiру Қазақстан үшiн маңызды қажеттiлiк болып табылады. 
      Қазақстанның ДСҰ-ға кiруi сыртқы сауданы жүзеге асыру және осы ұйымда қабылданған ережелерге, нормаларға, тетiктерге сәйкес тауарлар мен қызмет көрсетулер өндiрiсiнiң iшкi жағдайларын түбегейлi қайта құру есебiнен тұрақты экономикалық өсiм үшiн қолайлы жағдайлар жасауды мақсат етедi. 
      ДСҰ шеңберiнде сауда саясаты арқылы Қазақстан мынадай негiзгi мiндеттердi шешедi: 
      қазақстандық экспорттың кем қойылуын болдырмау; 
      өркениеттi халықаралық сауданың ережелерi мен қағидаттарын қабылдаушы ашық нарықтық экономикасы бар ел ретiнде халықаралық беделiн нығайту; 
      ЕурАзЭҚ және ТМД шеңберiнде өңiрлiк ықпалдасу процестерiн дамыту; 
      нақты Кеден одағы мен бiртұтас рынокты жасауды iлгерiлету. Өзара саудада арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтем шараларын қолдануға қарсы белсендi әрекет ету; 
      экспорт операцияларын жүзеге асыру кезiнде тәуекелдер есебiнен сақтандыруды қоса алғанда, экспортты ынталандыру жөнiнде пәрмендi шараларды әзiрлеу мен iске асыру. 
      Бұл мiндеттердi ДСҰ шаралары мен тетiктерi арқылы шешу дайын өнiм экспортының өсiмiне өту кезiнде өте маңызды болады, өйткенi әлемдiк нарық аса толған әрi қатаң бәсекелестiк жағдайында дамып отыр. 
      Қазiргi уақытта Қазақстан ДСҰ-ға 144 мүше елдiң 135 елiмен сауда жасайды. ДСҰ-ға кiру Қазақстанға бiр iзге салынған ережелер мен тетiктер бойынша осы елдермен сауда жасау мүмкiндiгiн бередi. 
      ДСҰ-ға мүшелiк өнеркәсiпте қазiргi заманғы технологиялардың және өндiрiстi ұйымдастыру әдiстердiң таралуына, iшкi нарықтағы бәсекелестiктiң дамуы мен сыртқы рыноктарда қазақстандық тауарлардың бәсекелестiк қабiлетiн арттыруына, өңдеушi өнеркәсiп, әсiресе инновациялық бағыттағы кәсiпорындар аса қажет ететiн шетел инвестициялары ағымының ұлғаюына ықпал етедi. 
      Импорттың орташа өлшенген ставкасы Қазақстанда шамамен 8,6%, яғни ДСҰ (6-7%) бойынша орта өлшенген ставкасына деңгейлес. 0-ден 15%-ке дейiн ставкасы бар тауар позициялары үлесi барлық тауар позицияларының 95%-iн құрайды. Бұл тұтас алғанда iшкi нарықтың әлсiреуi қаупiн туғызбайды. 
      Қазақстан ДСҰ-ға өзiнiң негiзгi сауда серiктесi болып табылатын Ресеймен қатар кiру қажет.

6. Инвестициялық  саясат      

Мемлекеттiк инвестициялық  саясаттың индустриялық-инновациялық дамуға қатысты мақсаты қаржыландыру көзiн, жеке сектордың мемлекеттiң араласуынсыз шамасы келмейтiн салаларды инвестицияларды қолдау мен тартудың тиiстi тетiктерiн айқындау болып табылады. 
      Мемлекеттiк инвестициялық саясатты жүргiзу шикiзаттық емес өндiрiстердi дамыту мақсатында жеке инвестицияларды ынталандыру және мемлекеттiк инвестицияларды жүзеге асыру жөнiндегi шаралар кешенiнiң үйлесiмi болады. 
      Стратегия аясында мемлекеттiк инвестициялық саясаттың барлық мүмкiн болатын тетiктерiн пайдалану көзделiп отыр.      

6.1. Жеке инвесторлар  үшiн жағдайлар жасау 
      Машина жасау, жеңiл, жиhаз, фармацевтика, қағаз және өнеркәсiптiң басқа да бiрқатар өңдеушi салаларын (металлургия және тамақ өнiмдерi мен сусындар саласын есепке алмағанда) дамытуға соңғы үш жылда жыл сайын 68-ден 130 млн. AҚШ доллары, ал мұнай өндiру саласында 1773-тен 2300 млн. AҚШ доллары салынды.

3-кестe  

Өнеркәсіп объектілерiнің құрылысына салынған 
инвестициялардың құрылымы

____________________________________________________________________ 
        |      1999 жыл    |      2000 жыл      |     2001 жыл 
____________________________________________________________________ 
        |млрд.|млн.  |  %  |млрд. | млн.  | %   |млрд. |млн.  | % 
        |теңге|долл  |     |теңге | теңге |     |теңге |теңге | 
____________________________________________________________________ 
Өнер.   190,7  2435,7 100,0  299,4  2505,1 100,0  440,0 3090,1 100,0 
кәсіп 
барлығы:

Тау-кен 150,8  1926,1  79,1  252,5  2112,7  84,3  355,1 2493,4  80,7 
өнді. 
рісі

оның 
ішінде

мұнай   138,8  1773,0  72,8  228,3  1910,3  76,3  330,3  2319,2 75,1 
өндіру

Өңдеушi  29,3  374,4   15,4  31,4   262,4   10,5   61,2  429,9  13,9

Оның 
iшiнде

метал.  12,2  155,4    6,4   16,7   140    5,6    34,7  243,6  7,9 
лургия

тамақ   9,5   121,5     5    6,6    54,8   2,2    8,1   56,9   1,8 
өнiм. 
дерi 
мен су. 
сындар

қалған  7,6   97,5     4     8,1    67,6   2,7    18,4  129,4  4,2 
салалар

Электро. 10,6  135,2  5,6   15,6   130,1   5,2    23,7  166,8  5,4 
энергия. 
сын, газ 
бен су 
өндiру 
және бөлу 
____________________________________________________________________ 
Ақпарат көзi: Қазақстан Республикасының Статистика жөнiндегi 
агенттiгi 
____________________________________________________________________       

Жер қойнауы инвестициялары жеке инвестицияларда айтарлықтай  үлеске ие, олардың экономиканың басқа салаларын дамытуға мультипликативтi әсерi болар едi. Мұндай тиiмдiлiктi алу мақсатында жер қойнауын пайдаланушылармен келiсiмшарт жасасу кезiнде инвесторлардың кiрiстерiнiң бiр бөлiгiн iлеспе қайта өңдеу өндiрiстерiн құру мен дамытуға салу, отандық өндiрушiлердiң жабдықтар мен қосалқы бөлшектер жеткiзiп беруiне тапсырыстар орналастыру жөнiндегi мiндеттемелерiн ескертiп айту керек. 
      Қызметтiң басым түрлерiне тiкелей отандық және шетелдiк инвестициялар ағыны өсiмiнiң есебiнен ел экономикасын теңгермелi дамытуды қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасына 2003-2005 жылдар кезеңiнде тiкелей инвестициялар тарту бағдарламасы әзiрленiп, оның негiзгi бағыттарының бiрi өңдеушi өнеркәсiптi дамыту болып табылады. 
      Алайда, өңдеушi өнеркәсiптiң, оның iшiнде инновациялық сектордың салалары жеке инвестор үшiн тартымсыз болып қалып отыр. Осыған орай өңдеушi өнеркәсiпке жеке инвестициялар тарту үшiн қолайлы инвестициялық жағдай жасау мемлекеттiң мiндетi болып табылады. 
      Жеке инвестицияларды тарту процесiн ынталандырудың экономикалық тетiктерi ретiнде инвестициялық салық преференциялары, мемлекеттiк заттай гранттар және "Инвестициялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметтiң басым түрлерi кәсiпорындарының тiркелген активтерiне салымдарды жүзеге асыратын инвесторларға берiлетiн бiрқатар кепiлдiктер қолданылатын болады. Алайда Заңда көзделген преференциялар (артықшылықтар) аталған салалардың коммерциялық тартымсыздығымен салыстырғанда берiлетiн жеңiлдiктердiң сәйкес келмейтiнiн ескере отырып, индустриялық-инновациялық сектордың салаларын дамытуға тиiсiнше ықпал ететiн жағдайда емес. Осыған орай оларды фискалдық саясат шараларымен толықтыру қажет. 
      Экономикалық тетiктердiң қолданылуы ұйымдық сипаттағы iс-шаралармен толықтырылуы тиiс. Қазақстан Республикасының және оның өңiрлерiнiң инвестициялық мүмкiндiктерi туралы ақпаратты ұсыну көлемi мен сапасы инвесторлардың ел экономикасына капитал салу туралы шешiм қабылдауына айтарлықтай әсер етедi. Осыған байланысты инвестициялық мүмкiндiктермен таныстыру жөнiнде жүргiзiлетiн жұмыс аясында индустриялық-инновациялық сектор салаларын дамытуға күш салынуы тиiс. Перспективалы жобаларды iздестiру жөнiнде ықтимал инвесторларға да, жеке инвесторды қызықтыратын инвестициялық жобаларды сәйкестендiретiн әрi әзiрлейтiн кәсiпорындарға да тiкелей қызмет көрсететiн ақпараттық-консультативтiк орталықтарды тiкелей өңiрлердiң өзiнде құру жөнiнде жұмыстар ұйымдастырылатын болады. 
      Индустриялық-инновациялық дамудың iрi инвестициялық жобаларын бiрлесе iске асыруда инвесторлармен, әсiресе трансұлттық компаниялармен ақпараттық-тұсаукесер iс-шараларын өткiзуден гөрi барынша белсендi сұхбат жүргізуге көшу қажет. 
      Бұдан басқа, басым өндiрiстердiң инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында мемлекет мыналарға бағытталған шараларды қолға алады: 
      миноритарлық акционерлердiң құқықтарын қорғауды күшейту және корпоративтi басқарудың тиiмдiлiгiн арттыру; 
      кәсiпорындарды тiркеудiң оңайлатылған жүйесiн енгiзу; 
      қызмет түрлерін лицензиялаудың ашық жүйесiн құру; 
      қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттарына кәсiпорындардың өтуiн жеделдету.      

6.2. Мемлекеттiк  инвестициялар 
      Индустриялық-инновациялық даму саласында жүзеге асырылатын мемлекеттiк инвестициялардың көздерi республикалық және бюджет қаражаты, сондай-ақ мемлекет бақылауындағы кәсiпорындардың (дамудың мемлекеттiк қаржылық ұйымдары, ұлттық компаниялар, мемлекеттiк кәсiпорындар) қаражаты болады. 
      Бюджеттiк инвестициялар басымдықтарының арасында индустриялық-инновациялық даму үшiн зияткерлiк және инфрақұрылымдық негiз құратын салалар қалуы тиiс. Бюджеттiк инвестициялар олардың болуы жоғары технологиялы өндiрiстiң қалыптасуының маңызды қосымша шарты болатын қажеттi базалық және әлеуметтiк инфрақұрылым дамытуға бағытталып, өңiрлерде iскерлiк және инвестициялық белсендiлiктi күшейтуге ықпал ететiн болады. 
      Бюджеттiк инвестицияларды тiкелей индустриялық-инновациялық сектор салаларына жiберу негiзгi қызметi несие капиталының сыртқы және iшкi рыноктарына қаражатын тарту болып табылатын қазiргi және құрылатын дамудың мемлекеттiк қаржылық ұйымдары арқылы, сондай-ақ экономиканың басым салаларындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшiн институционалдық инвесторлар қаражаттары арқылы жүзеге асырылатын болады. 
      Әр өндiрiстiң әлеуетiн айқындағаннан кейiн инвестициялық саясатты Қазақстан экономикасының шикiзаттық емес секторының барынша тар учаскесiне бағыттауға күш салу керек. Осындай жағдайда ғана өндiрушi сектормен бiрге ұзақ мерзiмдi перспективада Қазақстандық экономиканың негiзiн құрайтын бiрнеше жаңа қуатты салалар пайда болуы мүмкiн. 
      Басқаша айтқанда, мемлекеттің инвестициялық және әкiмшiлiк ресурстары шектеулi және барлық ресурстарды көптеген салаларға бөлшектеу қосылған құны жоғары, бiрақ салыстырмалы түрде алғанда, халықаралық ауқымда бәсекеге қабiлетi жоғары eмec деңгейдегi орташа дамыған бiрқатар салалардың пайда болуына әкеп соғады. 
      Индустриялық-инновациялық дамуда мемлекеттiк индустриялық саясатты жүзеге асырудың басқа құралы ұлттық компаниялар болуы тиiс. Мемлекет экономиканың стратегиялық салаларында осы компаниялардың меншiк иесi ретiндегi оларды ресурстарын шикiзаттық емес сектордың жоғарғы технологиялы өндiрiсiн дамытуға инвесторлар, сондай-ақ өнiмдi тұтынушылар ретiнде де белсендi түрде тартуы тиiс.

7. Өндiрiс факторларының бәсекеге қабiлеттiгiн арттыру 
шаралары      

7.1. Еңбек      

7.1.1. Еңбек ресурстары 
      Стратегияны iске асыру оны өнеркәсiптiк өндiрiстi инновациялық даму талабына сай барабар әрекет ететiн жоғарғы бiлiктi кәсiби мамандармен қамтамасыз етуге тiкелей тәуелдi. Бұл ғылыми, инженерлiк-техникалық, ғалым-конструктор мамандарға да, ұйымдастыру-басқару мамандарына (менеджерлерге) да бiрдей қатысты болады. 
      Бұл мiндеттi шешу үшiн өнеркәсiптi қарқынды дамыту және жоғарғы технологиялар жағдайындағы жұмысқа қажеттi түрлi кәсiптердiң мамандарын даярлаудың арнаулы стратегиясы әзiрленедi. 
      Стратегияда тiкелей қозғалатын басқа да маңызды әлеуметтiк-экономикалық проблема жұмыспен қамтамасыз ету болып табылады. Қосылған құны жоғары өңдеушi өнеркәсiп салаларын жеделдете дамыту, бiр жағынан жұмыспен қамтудың өсуiне және жұмыс күшiнiң салааралық қайта айналуына алып келедi, ал екiншi жағынан инновациялық даму жекеленген салаларда, әсiресе бiлiктiлiгi төмен жұмысшыларды жұмыспен қамтудың төмендеуiне әкеп соғады. 
      Соңғы проблема жұмыс күшiнiң салааралық қайта айналуы мен өңiраралық ауысуы, оны жұмылдыруды арттыру есебiнен жеңiлдейтiн болады. Бұл кадрларды, оның iшiнде жұмысшы мамандарын кәсiби даярлау және қайта даярлауды мемлекет арқылы да, өңiрлердегi еңбек рыногы мен тұрғын үй, әлеуметтiк-тұрмыстық блок, өндiрiстiк инфрақұрылымды және т.б. дамытудың жекеше жүйесi арқылы да жүзеге асыруды талап етедi. 
      Бүгiнде Қазақстанның еңбек және жұмыспен қамту рыногына Қазақстанда жұмыс iстейтiн шетел компанияларындағы шетел мамандары мен жұмысшыларының ағылып келуi айтарлықтай салмақ түсiрiп отыр. 
      Компанияларда мынадай таңдау мүмкiндiктерi бар: 
      Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген квота шеңберiнде шетел мамандарын тарту немесе; 
      сондай бiлiктiлiгi бар жергiлiктi кадрларды, бiршама төмен деңгейдегi еңбекақыға тарту. 
      Стратегияны iске асырудың екiншi кезеңiнде Қазақстан Республикасының Yкiметi шетел жұмысшы күшiн тартудың тетiктерiн жетiлдiру туралы мәселенi қарайды.      

Информация о работе Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы туралы