Техникалық ТОО

Автор: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2011 в 23:56, реферат

Описание работы

техникалық ТОО-лар

Работа содержит 1 файл

Үш күндік жолдың бүгінгі.docx

— 88.05 Кб (Скачать)

Осы ауылдың шеткі  үйлерін сырттап, кешкі жайылымға, батыс жаққа қарай жаңа өріп бара жатқан бойдақ қойдың ішін аралап, ортадағы үлкен үйлерге қарай беттеп келе жатқан үш аттыны бұл ауыл тез таныды. Әсіресе, қораның ортасында қосақталған  қойды сауып отырған қатындар бұрын көрген екен. Етектерін белдеріне  қайырып түріп алған, алжапқыш тартқан  қалыптарымен, қолдарына шелектерін ұстасып, жүргіншілерге қарап:

- Қалашылар, қалашылар  келеді!

- Анау Абай, Абай  ғой, айналайын-ай! Апасына айтайыншы,- деді бір қартаң қатын. 

- Бәсе, Телғара ғой... жаным-ау, мынау... Телғара! Әпкеме  айтайыншы,- деп, тағы бір жас  қатын, жеңге де үлкен үйге  қарай ұмтылысқан.

Сағынған баласының  келер мөлшерін Байтас кеткеннен  бері шешесі Ұлжан да есептеп, осы  бүгінге ұйғарып жүр еді. Қырықтың ішіне жаңа кіріп, семіз тартып қалған сары-қызыл бәйбіше жаңағы дауыстарды түгел естіді. Өз үйінен шығарда, төрде  отырған енесі Зерені де хабарландырып, сүйемелдеп ерте шықты.

Құлағы көптен мүкіс  тартқан кәрі әжесінің ең бір жақсы  көретін немересі Абай-ды. Оны есінен шығармай, дұғасына кіргізіп, тілеуін  тілеп отыратын.

Аттылар үйдің сыртына  келе бергенде алдарында, сол үлкен  үй мен күншығыс жағына тігілген қонақ  үйдің екі арасында бұларды күткен бір топ жан тұр екен. Жаңағы шешелерден басқа: жеңгелер, көрші үйлердің қатындары, бірен-саран тыста жүрген шал-кемпір, онан соң осы ауылдың  барлық үйлерінен шығып, жүгірісіп  келіп жатқан балалар бар. Бұл  топқа қарай ауылдың үлкендері  де жан-жақтан дабырлап сөйлеп, ағылып келіп жатыр.

Осы жиынға қараған  бетімен, екі жолдасынан озып кеп  бұрын түскен Абайдың атын біреу  алып кете берді. Бала көп ішінен, ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған  қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып:

- Әй, шырағым балам,  әуелі ар жағыңда әкең тұр... Сәлем бер!- деді. Абай жалт қарап  барып жаңа көрді. Анадай жерде,  қонақ үйдің сыртында, қасында  екі-үш үлкен кісі бар - әкесі  Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен  қысылып қалған бала, шешесінің  сондайлық салқын сабырының мәнін  ұқты да, әкесіне қарай тез  бұрылды. Байтас пен жорға Жұмабай  да анадайдан аттарынан түсіп  жаяулап жетектеп, Құнанбайға қарай  келеді екен. Бірақ өңі сұп-сұр,  зор денелі, бурыл сақалды Құнанбайдың  жалғыз көзі бұларда емес. Батыс  жақтан 4-5 атты жолаушы келеді  екен. Арты Қыдырдан шыққан жолаушылар  тәрізді. Өздері өңшең толық  денелі, үлкендер сияқты. Құнанбайдың  бүгін әдейі тосып отырған  адамдары болу керек. Ол соларға  қарап тұр. 

Байтас пен Жұмабай  тақай бергенде Абай да қасына кеп  қалып еді. Үшеуі бірдей жамырай  сәлем берді. Құнанбай тез бұрылып  сәлемдерін алды да, қысқа ғана амандық  сұрады. Тұрған орнынан қозғалған  жоқ. Баласын қасына да шақырмады. Азғантай уақыт Абайға қарап алып:

- Балам, бойың  өсіп, ер жетіп қалыпсың-ау! Молда  болдың ба? Бойыңдай боп білімің  де өсті ме?- деді. Кекету ме, жоқ  күдік пе? Немесе шынымен жай  білгісі келгені ме?        '

Бала ес білгеннен  бері қарай әкесінің қабағын жұтаң  қыста күн райын баққан кәрі бақташыдай бағып, танып өскен. Әкесі де бұл  баласының сондай сезгіштігін өзге балаларынан артық санаушы еді. Ұялғанды, жауап айтпағанды кешірмейтін  әке мінезі Абайға мәлім. Ол сабырлы, момын пішінмен:

- Шүкірлік, әке,- деп  біраз тұрды да:- ат барған соң,  дәріс тәмам болмаса да, қазіреттің  рұқсатын, фатикасын алып қайттым,- деді.  
Тіпті ересек адамша сөйлеп қапты. Баланың бұл ерте әзірлеген жауабы еді.

Әкесінің қасында  тұрған Майбасар мен соның атшабары екен. Майбасар Құнанбайдың тоқал  шешесінен туған інісі. «Төрт  тоқал» туысқандарының бір тоқалынан  осы Майбасар. Бұны биыл Құнанбай өзі  аға сұлтан болғаннан кейін, осы  Тобықтыға болыстық старшын еткен-ді.

Майбайсар Абайдың  жауабын ұнатып тұрып:

- Өзі тіпті көшелі  кісі боп қапты!- дей беріп еді,  Құнанбай оның сөзін аяқтатпастан  Абайға:

- Бар, ана шешелерің  жаққа бар, амандас, балам!- деді.

Абайдың күткені  де сол еді. Әлі тосып, бар қозғалысын алыстан қарап, әңгіме етіп тұрған шешелерге  қарай бұрылғанда Абай қайтадан өзінің жасына лайық қуанышты бала қалпына  келе қалды. Арт жағында жорға  Жұмабай Абайдың бүгін оны  қорқытқанын әңгіме қып жатты. Бала енді асығып, өз шешесіне қарай жақындай беріп еді, Жұманның қатыны, Қалиқа деген бір жеңгесі:

- Телғара! Айналайын  Телғара! Соқталдай азамат боп  кетіпсің-ау!- деп, мойнынан құшақтай  алып, бетінен сүйді. Тағы бір  жеңгесі - Ызғұттының қатыны Тобжан  да сүйді. Содаң кейін үлкен  қатындар және осы топтағы  үлкен еркектің, ағалардың да  бір-екеуі сүйіп жатыр. Абайды  шын балаға айналдырып жіберген  осы сүйістер еді. Ол қысылып  қызарғанмен, қашып құтыла алатын  емес. Наразы боларын да, құптарын  да білмеді. Бірнеше үлкен қатындардың  көзінен жас та көрінді. 

Барлық үлкеннің құшағына амалсыз кезек-кезек кіріп  болып, енді сытылып, шешесіне қарай  баса берді. Абайдың ез шешесі Ұлжан  мен екінші шешесі, сұлу жүзді - Айғыз  қатар тұр екен.

Бала топтан шыға бергенде, Айғыз күліп:

- Пай, жаман қатындар  сілекейлеп, баламыздың бетінен  сүйер жер де қалдырмады-ау,- деп  паңдана күлді де, Абайды көзінен  сүйді. 

Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бір қысып, баурына  басып тұрды да, мандайынан иіскеді. Абайдың әкесіндегі тартымды салқындық  шешесіне де көптен бергі мінез болған. Бала осыдан арғыны күтпеуші еді. Бірақ, баурына басқанның өзінде де Абайдың  жүрегін 

қатты-қатты соқтырған  аса бір езгеше жақындық білінді. Ана құшағы!.. Ұлжан көп ұстаған  жоқ.

- Әжеңе бар, әнеки!- деп үлкен үйдің алдына қарай  бұрып жіберді. Кәрі әжесі Зере  бәйбіше, таяғына сүйеніп, ұрсып  тұр екен.

- Жаман неме, маған  бұрын келмей, әкеңе кеттің-ау! Жаман  неме!- дей беріп, қасына, құшағына  немересі барғанда, «жаман неменің»  артынан лезде:- Қарашығым, қоңыр  қозым... Абай жаным...- деп кемсендеп,  жылауға айналып кетті. 

Әжесі құшақтаған бойында  үлкен үйге кірген Абай, ымырт жабылғанша осында болды. Шешелері бұған біресе қымыз, біресе тоңазыған ет, біресе шай ұсынып тықпалай берсе де, баланың  бойына ас батпады. Жөндеп ішкен де жоқ. Күні бойғы аштығы да ұмытылған  сияқты.

Ас бере отырып, бойлары  үйреніскен сайын шеше, жеңгелері  баладан:

- Елді сағындың  ба, кімді сағындың?

- Молда болдың  ба?

- Оқып болдың ба?- деген сияқтыларды қайта-қайта  сұрасады. Абай өзге сұрақтарға  жөнді жауап берген жоқ. Жалғыз-ақ  кімді сағындың дегенде: 

- Оспан қайда?  Ол қайда жүр?- деп езінің кіші  інісін, тентек Оспанды бірнеше  рет сұрап еді. 

Ұлжан басында ол сұрауын елеусіз қалдырып, артынан  тағы бір айналғанда:

- Е, жүр-дағы жынды  неме. Бүгін осында маза бермеген  соң, әжең екеуміз қуып шыққамыз,- деп әжесіне нұсқады. 

Әжесі езіне байланысты бір нәрсеге ишара қып отырғанды  көріп:

- Не дейді? Не  деп жатырсыңдар, естімедім,- деп  еді, Абай Оспан жайын айтып  кеп, қатты сөйлеп:

- Әже-ау, былтыр мұндай  емес ең... Құлағыңа не болған, неге естімейсің?- деді. Көптің ортасында  отырса да, еріксіз жапа-жалғыз  боп оқшауланып қалған әжесіне  жаны ашып, құшақтап алдына жантайды.

Әжесі түсінді де, аз ғана босаңсып:

- Балам-ай, әжеңде  қуыс кеуде болмаса, не сымбат  қалды?- деп, өзіңің дағдылы мұң-шыңына  қарай беттеп еді. Баласы қимады.

- Жазыла ма өзі?  Емдесе қайтеді?- деді.

Үй іші де, әжесі  де құр күліп қана қойды.

Кәрі шеше күле отырып, баласының талайы қайтпасын дегендей қып:

- Үшкірсе, кейде  ашылып қалады. Үшкірген жағады,- деді.

- Үшкірсе, мына  балаң молда боп келді ғой.  Үшкірт балаңа,- деп Айғыз күлді. 

- Үшкірсін, баласы  үшкіріп берсін.

- Сорлы кәрінің  көңіліне о да болса демеу  ғой!...- деп үйдегі үлкендер, әсіресе,  жеңгелер Абайдан шын бірдемені  дәметкендей. 

Абай бұған ішінен ыза болды. «Үшкіру, ішірткі жазу, қасида оқу» молдалықтың ел үйренген дағдысы екені рас. Бала көңіліне қатты жиренішті көрінетін балгер, құшынаш сияқты, бақсымен тең молда, қожа аз емес. Абай соңы еске алып, өз жайын  мысқылдағандай болып, аз күлімсіреп отырды да, бір кезде оқыстан, әжесінің басын  құшақтай ап, сыбырлай күбірлеп, бір  нәрсені шұбырта жөнелді. Жұрт аңыра  қарап отырып, басында дұғалық  оқып жатыр екен деп еді. Кәдімгі  молдадай шарт жүгініп алып, түсін  томсартып жіберіп, шешесіне төніп  отырып:  
Юзі раушан, көзі гауһар,

Лағылдек бет.. ұшы  ахмар,

Тамағы қардан әм биһтар,

Қашың, қүдрәт, қоли шига,-

деп, көпшілік ұға  қоймайтын өлеңді шұбырта беріп, даусын «тәбарак» оқыған молдаларша ұзайта созды.

Мүбада болса ол бір кәз,

Тамаша қылса юзма-юз...

Кетіп қуат, юмылып көз!

Бойың сал-сал бола нига?!-

деп кеп көзін  жұмып, ернін жыбырлатып, әжесінің құлағын  ашып «су-ф!» деп қойды. Бұл өзінің, биыл осы көктемде Науаи, Физулиді оқып жүріп жазған өлеңі болатын. Отырғандар әлі де дел-салда. Күдік етушіден де шын дұғалық екен деушілер көп. Бала солардың шама-шарқын танып, мысқыл еткендей боп алдаңқырап келді де, енді шынын танытпақ боп, даусын ашық етіп қатайтып алды. Тағы да көзін жұмып, түсін томсартып, құран аударған молдадай, ілгері-кейін теңселе беріп:

Ұшады бозша торғай көдені ықтап,

Басасың аяғыңды  нықтап-нықтап,

Кәрі әжем естімейді, нана берсін,

Берейін өлеңіммен  шын ұшықтап...-

деп кеп, тағы да «су-ф-ф!»  деп қойды. Үйдің іші енді сезіп, ду күлісті. Соңғы өлеңнің тұсында  әжесі де түсінген. Ол, үні өшіп, сүйсініп күліп, баласын арқаға қағып, маңдайынан иіскеді.

Абай күлместен, мысқылдай  қарайды. Әжесіне жабысып отырып:

- Қалай, құлағың  ашылды ма?- деді.

- Е, жақсы боп  қалды. Өркенің өссін, балам!- деп  әжесі алғыс айтты. 

Үлкендер бала мінезіне бір күліп, бір таңданып сүйсініп қалды. Қара сұр бала көптің көзі бір  өзіне қадалғанға енді қысылыңқырап, қызарып еді. Бірақ, көзінде жайнай жанған от білінеді. Өзге балаларының  ажарынан бөлек, қызулы, саналы оты  бар сияқты.

Ұлжан тартымды болумен  қатар, сыншы да ана. Баласының жаңағы мінезіне біраз ойлана қарап отырды. Биыл денесі өскелеңдеп қалған баласы мінез жағынан да ересек тартқан  сияқты. Ұлжан көппен бірге күлген жоқ еді. Енді байқай отырып, ақырын мырс етті де:

- Балам-ау, қаладан  молдалық әкеледі десем, нағашыңа  тартып қайтқанбысың, немене?- деді. Үлкендердің бәріне бұл өте  түсінікті еді. Жаңағы бала  мінезінің дәл шешуі сияқты  болып, қайта күлдірді.

Бәсе, Шаншар?

Битан, Шитан!

Тонтекеңнің жиенімін деп тұр ғой!- десіп, Абайдың нағашыларын  есіне алысты. Өлерінде:

«Жазыла-жазыла қожа-молдадан да ұят болды, енді өлмесек болмас!»- деп кеткен Тонтай сөздері де көптің есіне түсті.

- Апа-ай, енді бақсы-құшынаш  боп, елтірі-сеңсең жинағанша,  Тонтекеңе тартқаным көш ілгері  емес пе?- деп, Абай іле жауап  берді. 

- Жарайды, ендеше, ер жетіп қапсын, балам,- деді шешесі.

Дәл осы кезде  Майбасардың атшабары кеп кірді. Бұл бағана, кеште Құнанбайдың  қасында тұрған қаба сақал, қара Қамысбай еді. Келді де:

- Абай шырағым,  сені әкең шақырып жатыр,- деді.

Үй іші де, Абай да үн қатқан жоқ. Бағанадан бергі  еркін, ойнақы, бала мінездің бәрінен  тартынып, бойын жиып бала шәкірт үндемей  үйден шықты да, әкесі отырған  үйге келді.

Қонақ үйі шешелер  үйіндей емес, сыртынан да салқын, үнсіз. Абай есіктен кіре, үйде отырған  үлкендерге ашық дауыспен, айқын етіп сәлем берді. Үлкендер де мұның сәлемін  дауыстап алды. Кісі көп емес, Құнанбай мен Майбасар, Жұмабайдан басқа осы  өңірдегі Тобықтының белгілі үлкендері: Байсал, Бөжей, Қаратай, Сүйіндік екен. Және осылардың жанына ерткен жас  жолдасы тәрізді Байсалдың немере інісі - бала жігіт Жиренше бар. Абайдан  жасы үлкендеу болса да, ол құрбыша  ашына еді.

Әкесінің бағанағы кешке күткен кісілері осы үлкендер болды. Абайдың бала күнінен сезетін  бір жайы: мұндай кісілермен, әсіресе, дәл осы төрт-бес кісімен бас  қосу ел ішінде басталатын бір үлкен  істің, оқшау істің белгісі болатын. Оларды әкесі ежелгі дағдысы бойынша  әдейі шақыртып алған сияқты.

Информация о работе Техникалық ТОО