Техникалық ТОО

Автор: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2011 в 23:56, реферат

Описание работы

техникалық ТОО-лар

Работа содержит 1 файл

Үш күндік жолдың бүгінгі.docx

— 88.05 Кб (Скачать)

- Ей, Сүйіндік,- деп  киіп кетіп ұрыса сөйледі,- албасты  да қабаққа қарай басатын. Қыры  жоқ, қасиеті жоқ басшы болса,  ыбылыс, жын иектемей нетеді. Адал  десек, аман десек, жан берейік,  ақтайық, ақыретте айыбын өз  мойнымызға алайық. Бірақ менің  екі бірдей жаным жоқ. Майысар  болсаң, жаныңды да берерсін. Беремісің,  жаныңды?!- деп сарт етіп өзіне  жабыса түсті. 

Сүйіндік Құнанбайдың  бағанадан бергі зіліне енді ызалана  бастап еді.

- Е, тастай алмай  жүрген жаным жоқ! Терге демесем,  жанымды ала қой деп кепілге  келіп пе екемін,- деп томсарып  қалды. Мұның қолынан келген  бар қарсылығы осы еді. Баж  еткенмен ықтап кеткен сықылды.  Құнанбай сезді де, енді жүйемен  ұтпақ боп, қуғынға салды. 

- Тергесең, Қодар  сұмдығын аңыз қып, көпке жайып  әкеткен елді терге. Ел тұрсын, кешегі жиында бетІмізге былш  еткізіп, жарып айтқан жатты  терге. Соған да жеткен. Бар  да «өтірік» деп соны иландырып  келші. Ел аузына қақпақ болып  көрші. Бірақ ол қолыңнан келмейді. Ендеше, не ер бол да, ақта! Немесе  илан да, жазала! Тек, жарықтығым, дүмбілезіңді көрсетпе, былқыл-сылқылыңды  аулақ әкет!- деді.

Енді Сүйіндік те үндей алмай қалды. Аз бөгелген соң  бағанадан Құнанбайға сыр алдырмай, салқын ғана қарап отырған Байсал:

- Қара деп жазалаған  күнде, мұның жазасы не болмақ,- деп еді, Құнанбай:

- Жазасы шариғат  жолы., Шариғат не бұйырса, сол  болады. Мұндай сұмдыққа қазақ  айтқан жол жоқ. Кесігін де  айтпапты,- деді.

Құнанбай бұған  шейін ашумен, зілмен кеп, енді осы  тұста күйзелгендік күй көрсетіп, осымен жиынның қабырғасын қайыстырғысы келген.

Бәрі де тіреліп  қалды. Ат тұмсығы бір бітеу, меңіреу  қабырғаға тірелген сияқты. Жалтара  алмады да, үндеспеді.

Аз ойлағанда Бөжей  өз ішінен: «шариғат та жөнге қарайтын шығар, ақай жоқ, ноқай жоқ, көрінгенге бұйда бере бермес» дегендей.

Бірақ, бұл ойын айтса, Құнанбай тағы бойлап тартып кетеді. Сондықтан  үндеген жоқ. Тағы да шапшаң Қаратай:

- Ал, шариғат бұл  Қодар қылығына не бұйырады  екен?- деді. Құнанбай бағанадан төмен  отырған жорға Жұмабайды енді  ғана еске алғандай бұрыла  қарады.

- Мына Жұмабай  қалаға барып, Ахмет Риза хазіреттен  фатуа сұрап келді. Жазасы дарға  асу депті. 

- Дарға?- деп Қаратай  үркіп қалды. 

Бөжей Құнанбайға ажырайып, тіксіне қарап еді, аямас түсі айқын екен.

- Барлық байлау  осы болғаны ма? Ит те болса,  бауыр емес пе еді?- дегенде,  Құнанбай қынжыла түсіп: 

- Оны бауыр дегеннің  бауыры езілсін!, Шариғатпен шарпыспақпыз  ба? Қодар емес, құтпаным болсын, қайтпаспын да, тынбаспын,- деді. Енді  бұғалық әкететін, бойлауық жеріне  жеткен екен. Бөжей іші мұздай  отырып:

- Көзің жетсе,  мейлің білсін,- дей салды да, ойдағысын  ішке бүгіп қалды. Байсал үн  қатпаған күйде жым-жырт. Құнанбайды  ақтамаса, Бөжейді де құптаған  жоқ. 

Сүйіндік те осы  топтың дағдылы мінезіне басты.

- Ел де сенікі, ел ішіндегі тентек те сенікі. Қашқанның да қуғанның да келетіні  өзіңсін. Тек, не бұйырсаң да  тергеп алып бұйырғайсың. Қалғанын  өзің біл,- деді. Бұл Бөжейдің қабағын  баққан болатын. Өзі қалай көшерін  айқын біле алмай, «соның бір  білгені бар шығар» деген есеппен  жалт 

берді.

«Тергеп алып, білгеніңді қыл» дегенді, аяқтап келгенде әрқайсысы  да бір-бір қайырған-ды.

Бірақ бұл сөздері - сүйей салды. Бағанадан бергі  сөзде Құнанбаймен аралары арбасып  боп, айтыспай-ақ іштей жер танысып  қалған.

Бөжей білсе, Қодар  жайы - Құнанбайдың тағы бір қыры. Осал емес, үлкен қыры болғалы тұр. Қайда беттер екен? Неге соғар екен? Не де болса, енді салмағын Құнанбай өзі көтеріп алатын болады. Бұлар жалпылдап қостаған жоқ. Оны Құнанбай білетіндей болды. Түбінде, дәл осы отырған кісілер осы жөнде ұстасса да қисыны бар.

Сүйіндік, Бөжей жағының  ойы осы болса, Құнанбай да өз есебін алдын ала өзі өлшеген бетпенен ішіне ірікті. Жаңағыдан әрі жазылған жоқ. «Пәлен етем» деп кесікті  байлауын да айтпады.

Осы отырған бес-алты адам дәл қазіргі күйінде пәлен  мың үй Тобықтының талай түйін, шытырман жайларын осы араға жиып әкеп отырған  адамдар. Іштерінде: көп қалтаға  көп есептер салып кеп отырған  атқамінерлер.

Құнанбай аға сұлтан болды да, өзгелерінің қатарынан  озғындап кетті. Онда әкімдік бар. Сыртқа да, ұлыққа да жақындық бедел бар. Әрі  қолы ұзын, малды. Сөзге жүйрік, мінезбенен іске де алғыр. Осының бәрі, өз ортасын  бойымен басып жыға беруге себеп  болатын.

Бірақ Құнанбайдың  мықты жері Тобықты іші болса  әлсіз жері де осы Тобықтының ішінде. «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады». Сол қанаты мен құйрығы ел ішінде өзі тұстас ру басылар. Осы Байсал, Бәжейлер.

Осылар соңғы бір  жыл бойында бұрынғыдай ашық-жарқын емес. Іштей Құнанбаймен аңдысып  қалған сияқты. Оны Құнанбай біледі. Бірақ осындай қып қосарына ілестірсе  болғаны. Түбі, бәрінің де бағатын  таразысы - ел. Сол елдің алдында  байлауды, Құнанбаймен бірге байласқан  осылар болған соң жетті. Күйсе Құнанбаймен  бірге күйеді. Ал ішінде не жатыр, оны  білмейді. Олай болса, Құнанбайдың да сырты, бұлардың ішін білмеген, елемеген кісі тәрізді болатын.

Тобықты көп рулы көп ел болғанымен, барлық үлкен  шеңберінің таразысы осы отырған  бес-алты адамның руларымен өлшенеді. Әсіресе, ру басы осы адамдардың өздерімен  салмақталады. Сонда Құнанбайдың  оң жағында отырған Бөжей - қалың  Жігітектің адамы. Бұрын орталарынан  Кеңгірбайдай теріс азу, мықты биі  шыққан ел. Бертінде, ұрыншақ, қолшыл болып  және барымташы жортуылшы жігіті көп шықты. Шетінен сөзуар, сотқар Жігітек. Байсал да сондай мол ру - Көтібақтың тұрғысы. «Тоқпақ жалды торы»  деп атағанда үйірі қалың айғырдай, көптігінен атанған. Бұл, әсіресе, мал  көбейтіп, жерді мол қамтуға тырысатын, көптігіне сеніп, анау-мынаудан онша қысылып-қымтырыла қоймайтын ауылдар. Сүйіндік - осы ағайынды елдер ішінде ең азы Бөкеншінің кісісі. Мал, дүниеге  шағыны да осылар. Бөкеншінің кірмелеу туысы - Борсақ. Жаңағы бұлар сөз  қылған Қодар - сол Борсақ болатын.

Құнанбай болса - Ырғызбай руынан. Бұл - бас жағына келгенде Жігітектен де, Көтібақтан да аз. Бірақ  әрі малды, әрі көптен бері Тобықтыны  билеп-төстеп келе жатқан ауылдар.

Туыс жағын алғанда, Бөжей мен Сүйіндіктен гөрі, Құнанбайға Байсал жақын. Сойыл соғарға келгенде, қолға, санға келгенде Құнанбайдың  мықтап сүйенетіні сол Байсал елі - Көтібақ. Оны әлі күнге өз ырқынан  шығарған емес.

Қаратай болса, бұлардың барлығына алыстау. Ара ағайын тәрізді  Көкше деген рудың атқамінері. Аз да болса пысық және шөре-шөреде жүргендіктен бір мүшеден қалмай ілесіп отыратын.

Осы отырған ру басылардың мінезі, артта жүрген үлкенді-кішілі атқамінер, ақсақал, қарасақалының  бәріне де мінез, тәсіл бола жүреді.

Құнанбай қасындағы  қой көздеу, сұлуша Майбасар, старшын  болды да, өз достарынан да, Құнанбайдың  жақындарынан да ажырай бастады. Қазір, Құнанбай алдында, жастан бергі дағдысы  бойынша, үндемей отырғанымен, бұл  ерен бүлік, сотқар адам. Құнанбайдың  ұлықтығына бақ масы болған Ырғызбайдың  басы осы.

Бүгін Бөжейлердің  Құнанбаймен іштей суысуына себепші  болған да осы Майбасар.

Бұдан екі ай бұрын  зықысы әбден шыққан ел Бөжейді салып, Құнанбайдан: «Майбасарды орнынан  түсір» деп тілеп еді.

Құнанбай Майбасар мінезін білсе де түсірмеді. Ол өзінің қара күші, зілі сияқты болатын осындай  бір Майбасардың жүруін мақұл  көрді. Үлкен бір есебі: «Анау, жұртты шақар айғырдай мойын салып қуып ықтырған уақытта, ел арыз айта өзіме  келеді, өз бауырыма қайырып беріп  отырады» деп топшылаған.

Қодар жайындағы  сөздердің артын Құнанбай ашып шешкен жоқ. Аналардың емеурінін есітті де, қалғанын үндемей бітірді.

Аздан соң сөзді  басқа жаққа көшіріп, осы көктемде мал тойыны қандай, шөп шығымы қандай, көші-қонның мезгілі қандай болатынын  айта бастады. Биыл да, бұл отырған  барлығының кеңесі, Шыңғыс сыртындағы Бақанас, Байқошқарға шейін көшіп  барыспақ. Ол - Керей қонысы болса, сол  Керейге мінбелей барып қонып, екі  езенді тағы да жылдағыдай баурай бермек болысты. Тобықтының осы жуандары малы аз ғана Керейден сол екі өзенді, жылма-жыл қона жүріп, тартып алмақ  ниетте болатын. Бұл әңгімелерге  келгенде барлық бағанағы томсарған  жиын шешіліп, жазыла сөйледі.

Осы кезде Жиренше  Абайға ым қақты да, тысқа шығып  кетті. Абай, Қодардың қылмысы не, өзі  кім екенін білмеген қалпында болатын. Ол жалғыз-ақ «дарға асу» деген жерде, ішінен бір түрлі тіксініп қалды. Әкесіне сене алмай, сескене қарап, «соны істейді-ау» деп бір ойлады. Бірақ байқап, болжап көрсе, дар деген  қырда, бұл елде әсте болмаған нәрсе. Естіп көрген де емес. Ол мұның түсінігінде, Һарон-Рашит халифа заманында, әлдеқайдағы  Бағдат, Мысыр, Ғазнада ғана болатын  жаза сияқтанады. Сондықтан, «дарға асу» деп жай айтылған болар. Ол болмас, болмайды!»- деп байлаған еді. 
Сонымен бірге, әкесі Жұмабай жайын айтқанда да, Абай қайран болды. Қала мен жолда талай күн бірге болған уақытта, бірде-бір сездірсеші!

«Фатуа», «Дарға асу» деген үкімдерді жасырып алып келе жатып Абаймен жарысады. Қалжыңдайды, ойнайды. Енді түк көрмегендей, үндемей  отырған түрі де мынау. Бүгін күн  ұзын Абаймен құрбысындай жарысып  келгеннің де бірде-бір белгісі  жоқ.

Соған қарап Абай үлкендердің, осындай, іші қатпарлы, қиын жататынын ойлады. «Үлкен болсам, осылардың мінезін әрдайым біліп, танып тұратын болсам» деп, сол  үлкендікке тағы да бір қызыққан, асыққан  еді. Абай үлкен болуға тегі көп асығатын, қызығатын.

Енді есіне түсті. Жұмабай қалада бұған түсініксіз біраз мінездер істеген. «Қазіретке сыйға апарам, Құнанбай жіберді» деп, қысырдың бір семіз қара көк құнаншығарын жетектеп жүрген-ді.

Абайдың молдасы  және мешіттің имамы Ахмет Ризаның  үйін сұрап алып, артынан Абайға «молданың үйіне ертіп жүр» деп, бұны бірге де ала барған.

Екеуі асау көк құнанды  жетектеп бара жатқанда, бір төбелесқой, тентек Сағит деген баланың бұларға  істеген қырсығын да есіне алды. Қазір нығызсып отырған Жұмабайға  қарап, жымиып күліп қойды.

Бұлар, қақпасының жанынан  өте бергенде Сағит терезеден  көре сала жүгіріп шығып, тас лақтырып, айғай салған. Асау құнанның үркетінін  көріп алған соң, онан да жаман  құтырып еді. Қақпаға қайта жүғіріп  кіріп шыбық алып шығып, бұғып  келіп асау құнанды шаптан да түртіп қалған.

Сонда көк құнан  ышқына шапшып, безе жөнелгенде Жұмабай  айырылмаймын деп тырысып көріп  еді, тай сүйреп, дедектетіп әкетіп, Жұмабайдың аяғы тарп-тарп етіп қаздаңдап, тымағы, тақиясы да ұшып түсіп қалған-ды. Басының жалтыры да көрініп, Абай еріксіз күлген-ді. Асау тоқтамаған соң, шылбырды беліне орап алған Жұмабай, шалқайып табандап тартып, көше бойының  құмын боратып, тағы да рәсуа болған. Бұл тұста Сағитқа қосылып  Абайдың да ішек-сілесі қатып еді.

Жұмабай көк құнанды  зорға тоқтатып алған соң, Абай Сағитты  маңайлатпай қуып жіберіп, сол бәледен  Жұмабайды да, құнанды да өзі құтқарып шыққан.

Бұлар қазіреттің қорасына кіріп, асау құнанды ат қораға байлағанда қазірет өзі көріп сыйлық екенін іші біліп, үн қатпаған болатын.

Кейін үйге кіргенде, Жұмабай Құнанбайдан сәлем айтты  да:

- Мына баласына - өзіңіздің шәкіртіңізге фатихасын  сұра деп еді,- деген. 

Қазірет:

- Бәрәкалла, бәрәкалла... бирахматика я архамәррахимин,- деп  отырып, Абайға қол жайып бата  берген-ді.

Содан әрі қазіретпен не деп жауаптасудың бабын таба алмаған  және. Тіпті, шүлдіреген, кітапшылаған тілін ұға алмаған Жұмабай  тағы бір ойдағы әңгімесін тұпа-тура, қолма-қол бастап еді. Онысы Құнанбайдың  айтқан сәлемі екен. Сұрап кел деген  бір үлкен сөзі екен. Осы жөндерін айтты да, Жұмабай Абайға бір, қазіретке  бір қарап:

- Бірақ ол жайын  оңаша, құпия сөйлес деп еді.  Балам, сен...- деп Абайға оқтала  бергенде, қазірет те сезіп, Абайға:

- Ибраһим, сіз  хазір мәдрәсәгә қайтыңыз, балам.  Бәс ауылға қайтмас бұрын миңға  кіріп, фатихамны алып кетіңіз,- деді. Абай шығып кеткен.

«Соқалап отырып, ойдағысын жеткізіп, жаңағы фатуаны  сонда алып шыққан екен-ау, бұл» деп  ойлады.

Өзін керек еткен  сөз бен шырайды көрмеген соң, енді Абай да Жиренше кеткеннен кейін, біраздан соң ақырын сусып, тысқа  шықты. Бұл уақытта Жиренше соңғы  атқа шідер салып, отқа жіберіп жатыр  екен. Есік ашылған жерден Абайды көрді  де, ақырын дауыспен:

- Абай, бері кел,  мұнда кел...- деді.

Абай бұған жетер-жетпестен:

Өй, Жиренше, жаңағы осы Қодар кім? О не қылған? Айтшы,- деді.

Қодар - жақыны жоқ, жалғыз үйлі бір Борсақ.

Ол қайда?

Е, ол мына, Шыңғыстың  ет бөктерінде, Бөкенші асуының бауырында.

Ал ол не қылған?

Информация о работе Техникалық ТОО